ЕЛКЕБАЕВ ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ФУТБОЛЫ

ЕЛКЕБАЕВ ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ФУТБОЛЫ

ЕЛКЕБАЕВ  ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ФУТБОЛЫ
ашық дереккөзі

Шет жақта ұзақ уақыт жүрсе де, ана тілін қадірлеп, қастерлей білген жан. Ол алғашқы өлеңін 1961 жылы 12 сәуірде Юрий Гагарин ғарышқа ұшқан күні «Фрунзешілер» газетіне арнау өлең жазып, содан бастап ақындық талантымен де таныла бастаған еді. Кейін Алматы қалалық, облыстық, Семей облыстық азаматтық қорғаныс штабына қызметке ауысып, адал еңбегінің арқасында құрметке бөленді. Ал зейнетке шыққан соң қолына қалам алып, біржолата шығармашылықпен айналысқан. «Адольф Янушкеевичтің ізімен», «Курскі шайқасының қаһарманы», «Зауал шақ», «Өрге жетелеген өнер» т.б. он үш кітаптары жарық көрген.
Ардагердің әр алуан тақырыптарда зерттеу еңбектері де аз емес. Солардың бірі – қазақ футболының жүз жылдығына байланысты Семей қаласында алғаш рет құрылған «Жарыс» командасы жөніндегі зерттеу мақаласын оқырмандар назарына ұсына отырып, ардагерге шығармашылықта табыстарға жете беруіне тілектестігімізді білдіреміз.
Қазақ еліне бірінші болып футболды әкелген Семей қаласының тұрғыны, ағартушы Рахматулла Минғалиұлы Елкебаев еді. Ол футболды өзі басқарған мектеп оқушыларына 1905 жылы сыйға тартқан. Осы кезден бастап футбол ойыны Қазақстанда бастау алып, дами бастайды. Ол кезде футболдың не екенін білмеген балалар оны «аяқ добы» деп атаған. Балалар футболды 1899 жылы салынып біткен Мусин диірменінің алдындағы алаңда ойнаған. Мектеп пен диірменнің арасы жақын, көшенің бір кварталы ғана бөліп тұр. Бұл жерде ойнау себептері: мектептің алды Ертіске қарай еңіс, біреу допты қатты теуіп қалса болды, тура Ертістің суына бір-ақ түседі. Ал диірменнің алдындағы жер жазық, ғимараты ұзын, үйлер жоқ, сондықтан бұл алаң доп ойнағанға өте ыңғайлы болатын.
Оқырмандарымызға ескерте­ кетейік: ХХ ғасырдың басында Ертістің суы бұрынғы диірмен, қазіргі метиз-фурнитур зауытының қасына жетіп тірелген. Тіпті диірменге пароходтар бидай әкеліп, ұнды әкетіп отырған. Оның өндірген ұны сонау Фрацияға дейін жетіпті деген сөз бар. Қазір Ертістің арнасы ондаған метр жерге тартылып зәулім биік теректер өсіп тұр.
Қазақ еліне Семейде пайда бол­ған футбол ойыны бірінші болып Елкебаевтың мұсылман жетім балаларға арналған мектебінен бас­тау алып, қала балаларының арасында біртіндеп кең өріс ала бас­тайды. Аяқ допты ойнауды бірінші болып Әміржан Ситдықов пен Нәсір Миршановтар бастаған бір топ мектеп оқушылары диірмен алдындағы алаңға допты алып шыққан. Мұны қызық көрген балалар қаланың әр жерінен келіп, аяқпен доп тепкен балалардың ойынын қызықтайды. Аяқ допты Ә.Ситдықов пен Н.Миршановқа допты асырап алған әкесі Рахматулла Елкебаев жақсы оқығандары үшін сыйға тартқан. Бұларға кейіннен 1907 жылы Семейге келіп, 5 кластық қалалық орыс училищесіне оқуға түскен, олармен достасып кеткен Мұхтар Әуезов келіп қосылады. Осылай футбол ойыны Қазақстанда тұңғыш рет басталып кетеді.
Бастапқыда «аяқ добын» Елкебаев басқарған, мектеп жатақханасында тұратын ер балалардың көпшілігі қызық көргендіктен ойнайды. Футбол ойнауға қаланың басқа да оқу орындарынан келіп қатынасады. Осылардың арасынан доп ойынына беріліп, оны жақсы меңгерген балалар көзге түсіп біртіндеп іріктеліп, команда тұрақтана бастайды. Балалар ойынын ұйымдастыруда Елкебаев өзіне көмекші етіп ұйымдастыру қабілеті бар Мұхамед Сайдашевты, пысықтығымен ерекше көзге түскен Юнус Нигматуллиндерді сайлап алды. Жылдар өткен сайын үлкендер және жастар командалары болып екіге бөлініп ойнайтын болды. Доп ойыны ескі Семейден асып Жаңа Семейге де жетті. Осылай футбол ойыны бүкіл Семей жас­тарын «жаулап» алып, балалардың қызық ойындарының біріне айналып кетті.
Бастапқыда олардың спорттық форма киімдері, қақпасы және сеткасы болмады. Ойын тәртібін білмеген балалар допты жай теуіп ойнады. Кейіннен осылай қалыптаса бастаған футбол ойынын балалар қақпа орнына жай белгі қойып, екі жаққа бөлініп ойнай бастады. Жаңа Семей мен ескі Семейдің балалары екі командаға бөлініп қарама-қарсы жарысқа түсетін болды. Балалар ойы­нын бір жүйеге келтіру үшін мектеп директоры (меңгерушісі) Елкебаев балаларға ойнау ережесін үйрете бастады. Оған көмекші болған Мұхамед Сайдашев өзі де командада ойнады және балалар ойынын басқаруды өз қолына алды.
Патша өкіметі ХІХ ғасырдың соңында қазақтар арасында мектептер ашып балаларды оқыта бас­та­ғаны белгілі. Бұл қанау саясатында жергілікті халықтың өкілдерін қол­дана бастағаны болатын. Сондай мектептер Семейде де ашылып жатқан. Солардың бірі мұсылман жетім балаларға арналған мектеп болатын. Бұл жұмысты іске асыруда Рахматулла Елкебаевқа байлардан ақша алуға, құрылыс материалдарын тауып, ғимаратты тұрғызуға арнайы тапсырмамен келіп көмегін тигізген Мұхамед Сайдашев болатын.
Қоғамдық өмірге белсене қатысқан Рахматулла Елкебаев 1906 жылы қалалық Мемлекеттік Думаға кандидат болып сайысқа түседі де, депутаттық мандатты ұтып алады. Ол Думаның сессиялық мәжілістерінде депутаттарды қалаға жаңа балалар ойынының – футболдың келгенінен хабардар етіп, бұл жаңалықты қолдауды қала, мекеме, өндіріс басшыларының көмектесіп, қолдауын өтінді. Оған мұндай лауазым тек жеке меншікті мектепті ұстауға ғана емес, футбол командасын құрып, аяғына тұрғызуға көмегін тигізетін болды. Енді ол қаладағы Мусин, Плещеев, Хамитов сияқты қалталы байлардан көмек сұрай алатын дәрежеге жетті.
Депутат Рахматулла Елкебаев қала басшылығынан балалар ойнайтын алаңды ресми түрде сұрап алды. Сөйтіп балалар базардың қасында, шіркеудің маңында – семейліктер көп келетін жерге барып ойнаған. Жаңа ойынды қолдаған демеушілер табылып қолдарынан келген көмектерін тигізе бастады. Мұнда негізігі көмек балаларға арнайы киім тіккізіп, аяқ киімдерін сатып алу еді. Осылай талапкер Елкебаевтың арқасында футбол ойыны қалада біртіндеп орнықты.
Ол жаңа бастаманы алға бастыруда көмекке Мұхамед Сайдашевті шақыруы тегін емес еді. Ол әскери тәртіпті ұнататын және одан хабардар, келешекте офицер болғысы келетін, жастармен жұмысты ұйымдастыра алатын, өзіне мектеп салудан бері таныс адам болатын. Осы қабылеттерін білетін ұстаз оған көп сенім артатынын білдірген (Елкебаевтың бұл ойы ақталып Сайдашев кейіннен патша әскерінің офицері, Ресей Мемлекеттік Думасының депутаты болды).
Сайдашев бұл ұсынысты бар ниетімен қабыл алып кешікпей жұмысқа кірісіп кетті. Юнус Нигматуллин екеуі ойынға қатынасатын балалар тізімін жасап, оларды екіге бөліп, ойнайтын жерді белгіледі. Оның басқаруымен балалар жазда жеңіл атлетикамен, қыста коньки тебумен шұғылданатын болды. Енді футболшылардың ойнауымен қатар дене шынықтыру сабақтары бірге жүретін болды. Елкебаев Сайдашев, Нигматуллиндермен қосыла отырып футбол ойынын бір жүйеге келтіру мақсатында балалардың өздерін бұл іске қатынастырды, солармен ресми баспасөз беттерінен тапқан материалдарын талқылады, пікірлерін сұрап, керектісін енгізіп отырды. Ол балалармен жиналыс өткізіп ойнау ережесін талқылап, олардың ұсынысымен болашақ команданың атын «Ярыш» деп қойды, өйткені ойынға қатынасқандардың дені татар балалары еді. Команданың «Ярыш» атты қабырға газеті жарық көріп тұрды. Газеттің алғашқы редакторы етіп балалар Мұхтар Әуезовті сайлап алды.
Мұхамед Сайдашев балалардың бұл ұсынысын қолдап:
«Әскерде әр взводта апта сайын қабырға газеті шығып тұрады. Онда солдаттар әскери дайындықтағы бар жетістіктері мен кемшіліктерді көрсетіп жазады. Солдаттар әскери дайындықты шыңдау жолдарын ұсынады. Сол сияқты біздің қабырға газетіміз футбол ойнаудағы жетістіктерді, кемшіліктерді ашып, жақсы ойнау жолдарын талқылауымыз керек», – деген.
Футбол ойынын дамытуда Рахматулла Елкебаев көмекшілерімен бірге «Русский спорт» журналын оқып, балалар арасында талқылап, орыс ағайындармен қарым-қатынас жасап жаңа ойынның қыр-сырын меңгере бас­тайды. Білмегендерін біліп, балаларды жаңа ойынға баулиды.
Рахматулла Елкебаевқа жаңашыл­дық табиғатында. Ол 1907 жылы өзінің кітап қорынан оқу залы – кітап­хана ашқан. «Русский спорт» журналын алып тұрған. Кітап және оқу құ­рал­дарын сататын «Ярдам-Помощь» компания басқарушыларының бірі болатын.
Осы жылдан бастап өмірінің соңына дейін Орыс географиялық қоғамының Семейдегі бөлімшесінің мүшесі болған.
1913 жылдан «Потомственный почетный гражданин Ф.Хамитов и Ко» компаниясына қарасты Сауда үйінің басқарушысы Ф.Хамитов, оның компаньоны М.Хамитова мен Р.Елкебаев жұмыс істеді.
Көріп отырғанымыздай Рахматулла Елкебаев қаладағы абыройлы, беделді, қоғамдық жұмысқа белсене қатынасқан азаматтардың бірі болған.
Күндер өтіп, ойнағысы келмейтін балалар кетіп қалды, олардың орнына Мұхтар Әуезов сияқты жаңадан келген балалар қосылды. Футболды сүйгіштер тұрақтағанда ұйымдастыру жиналысы өтіп онда команданың капитаны болып Юнус Нигматуллин сайланып, жарна төлеу шешімі қабылданып, оның көлемі тағайындалды.
«Біздің жинаған ақшамыз спорттық форма, доп және қақпа мен сетка сатып алуымызға жұмсалады», – деп түсіндірді Сайдашев. Жиналыста бұл жұмыс команда капитаны Юнус Нигматуллинге жүктелді.
Жиналыста балалар команданың эмблемасы туралы ұсыныс көтерді.
«Оған конкурс жариялайық. Ойланып көріңдер. Келесі жиналыста бекітеміз», – деп шешімін айтты мектеп директоры.
Кезекті жиналыста балалар бірне­ше аттарды ұсынды, көпшіліктің ұйға­руы­мен «Ярыш» аты бекітілді.
«Дербес команда болғаннан кейін оның эмблемасы болуы керек», – дегенді ұсынды мектеп директоры.
Бұл да қызу талқыға түсіп, келесі жиналыста команданың эмблемасы бекітілді. Онда «Ярыш» сөзі араб әріптерімен жазылған белгі бекітілді. Бұл 1912 жыл болатын. Келесі, 1913 жылы, «Ярыш» деген сөздің астына қазақша «Жарыс» деген ат қосылып араб әріптерімен жазылды.
Елкебаев, Сайдашев пен Нигматуллиндер командаға қатынасушыларға ойын ережесін сақтау тәртібін күшейтіп, қатынасу талабын жоғары­латты. Енді балалар ойынды көктем шығы­сымен, күзде оқу басталысымен аптасына екі рет ойнайтын болып келісті. Команда талаптарын қолдамаған ойыншылардың көпшілігі кетіп, сандары 12-14 балаға дейін азайып қалды.
Футбол ойынын ұйымдасты­ру­шылар жаңа ойын туралы мәліметтерді «Русский спорт» журналының бірнеше нөмірлерінен оқып, мәлімет ала бастады. Одан ойын тәртібін, ережесін оқып, киім үлгілерін көрді. Енді соларды іске асыру мақсаты тұрды. Кешікпей киім формасы бекітіліп, тігілетін болды.
Бұған керек қаражатты Елкебаев­ тауып ойыншыларға спорттық киім тіккізді, кейбіріне киімдер мен бұйым­дар­ды орыс әріптестерінен сатып алып, команда мүшелерін түгелдей қам­тамасыз етті. Сөйтіп команда­ ойынға әрқашан дайын болды. Бұл үшін Елкебаевтың өзі істеген жерлерінен, меценаттардан қаражат жинады. Сома жетпей бара жатқанда жарнадан жиналған ақшадан қосылды.
Спорттық киімдер, футбол, қақпа мен сетка сатылып алынған соң Елкебаев пен Сайдашев балалармен тәжірибе бөлісуге ойынды жақсы білетін Алексей Михайлович Огородниковты шақырып, жаттықтыру өткізіп, ойынды шыңдай берді. Футбол ойыны шеркеу маңындағы алаңда, базардың жанында өтетін болды.
Бұл ойын орыс балаларының арасында да орын алған болатын. Оған мұрындық болған, кейіннен, 1912 жылы Семейге келген Николай Николаевич Куприянов болды.
Ойыншыларға деген талап бір жүйеге түскен соң қала балалары қайта келе бастады да, олардың саны кей кездері 30-дан артылып жығылды.
«Ярыш-Жарыс» командасы 1913 жылы ресми түрде құрылып Жаңа Семейдің футбол командасымен бірінші рет ойын өткізді. Осы жылдан бастап Қазақстанда бірінші футбол командасының құрылғаны болып саналатын болды. 1914 жылдың 16 нау­рызында фотоға түскен команданың құрамында 24 ойыншы балалар бар. Бірінші «Жарыс» футболшылар командасы ойыншыларының фотосуреті Рахматулла Елкебаевтың қызы Халиданың қолында сақталған. Бұл фотосуретті Халида Рахматуллақызы ағасы Нәсір Миршановтың әйелі жеңгесі Рәзия Миршановадан алыпты.
Айта кетейік, бұл фото отбасының басқа құжаттарымен қоса, Әзімбай Лекеров тұтқындалып үйде тінту жүргізілген кезде оның енесі Нафиса Хасанқызы Елкебаева сырт киімінің арқасын тіліп жіберіп тығып үлгергендіктен, кейіннен шыны банкаға салып жерге көміп қойғандығынан сақталып қалған.
Халида Рахматуллақызы қолын­да­ғы футболшылар фотосуретінің бетін­де­ араб әріптерімен: «Футбол командасы Ярыш. Семипалатинск. Бір мың тоғыз жүз он төртінші жыл, он алтыншы март» деген жазуы бар, – деп кириллица әріптерімен жазып берді. Ол тағы да: «Екінші қатарда сол жақта бірінші болып тізерлеп тұрған менің нағашы ағайым Жаббар Мұхаметшин, қасында менің ағайларым Әміржан Ситдықов және бір баладан соң Әбдінәсір Миршанов тұр. Ал, үшінші қатарда тік тұрғандар оң жақтағы екінші Мұхтар Әуезов – менің әкемнің оқушысы және ағайларымның досы», – деп жас­тайынан білетін ағаларын, таныстарын анықтады. Ағасы Әбдінәсір Миршанов суреттегі басқа балалардың да аттарын айтқан екен, бірақ жылдар өтісімен Халида апаның жадында сақталмай, ұмытылып қалыпты. «Командада негізінен балалар менің әкемнің мектебінен болғаны туралы айтқаны жадымда қалыпты», – деп есіне алады қарт ана. Және «Ярыш» футбол командасының эмблемасының төбесінде арабша «Ярыш», төменгі жағында «Жарыс» деп жазылғанын жазып берді.
Халида Рахматуллақызы ағасы Нәсір (Әбдінәсір) Миршанов пен, жеңгесі Рәзиядан футбол туралы, ойнаған балалар туралы естігенін жиі есіне алады. Әрине, жүзге тақап қалған кейуана сол естігендерінің көбін ұмытып қалған.
«Ярыш-Жарыс» командасы небәрі 3-4 жыл болып жаңа қоғамның келуімен 1917-1918 жылдары тарап кеткен. Келесі, 1919 жылы команданы құрған, қырықтан асқан шағында Рахматулла Елкебаев та дүние салған.

***
Енді Семейде футбол ойынын енгізіп, насихаттаған адамдардың тағдыры туралы қолда бар құжаттарды қолдана отырып айта кетейік.
Рахматулла Елкебаев Қазан қаласындағы медресені бітірісімен Семейге жолдамамен мұғалімдікке келеді. Ол келген бетінде алтын өндірісімен шұғылданатын Хамитовте приказчик, кен орнының меңгерушісі болып істейді, жалақысына алтынмен 125 рубль алып отырады, осыдан бөліп қор жинайды. Ол кен орындарын аралап жүріп жетім балалардың ауыр жұмысын көреді. Оларға қалайда болсын көмегін тигізбек болу шешіміне келеді. Рахматулла осы жылдары ақша жинап, Семейдің қазіргі Абай және Панфилов көшелерінің қиылысындағы екі қабат үйді өзіне тұрғызған.
Өз қаражатымен қоса Семейдегі бай­лардың, әсіресе меценат Хами­тов­тың көмегімен Елкебаев жетім мұ­сылман балаларына арнап мектеп ғимаратын салдырады. Ғимарат қызыл кірпіштен, сыртқы көрінісі Мусин диірменінің архитектурасына ұқсас салынған және екі ғимарат су құбыры жүйесімен қосылған. Осыған қарағанда бұл үйді салуда Мусиннің де үлесі бар ма деген тұжырымға келуге болады. Және солардың құрылысшылары салды ма екен, деген ой тағы туындайды. Олай болса, мектептің үйі ХІХ ғасырдың соңында, ХХ ғасырдың басында іске қосылған. Бұл кезде Рахматулла Елкебаев жиырмадан асқан жігіт. Сол кезде салынған мектептің үйі әлі күнге дейін бар, қазіргі Ильяшев көшесінде. «Метиз-фурнитур» зауыты арасын Панфилов көшесі ғана бөледі. Мектеп үйінің бірінші қабатында жетім балалар жатақханасы мен ас үйі, екінші қабатында терезелері үлкен, оқу клас­тары болған. (Қазандық орнының қалдығы 1992 жылға дейін болды, қазір жеке меншік үй, бұрынғы қызыл кірпішті үй сыртынан сыланып, бояумен боялған).
Рахматулла Елкебаев балалар тәр­биесіне өте мән бере отырып, өмір бойы өз білімін жетілдірумен шұғылданған адам. Семейде тұрған жылдары майлы бояумен сурет салған. Өзінің үйіндегі жұмыс бөлмесінде картиналары ілулі тұрған. Скрипкада ойнаған. Әдебиетпен де шұғылданған. Оның «Халық сөзі» газетінің редакторы болғанын жоғарыда келтірдік. Бізге белгілі бір материал. Ол семейлік сағатшы Ғали Сарбаевтың Ертістен қанатты қайықпен ұшып өтіп қайта оралғаны туралы 1914 жылғы «Шура» журналының 19 нөмірінде жарияланғаны белгілі. Елкебаев өзінің мектебінде, 5 кластық училищеде география мен жаратылыс тану пәндерінен сабақ берген. Жануарды жақсы көрген. Үйінде «Артист» және «Чародейка» деген аттары, сиырлары болған. Қоғамдық жұмыспен белсенді түрде шұғылданған.
Рахматулла Елкебаев 1912 жылы Семейде Міржақып Дулатовтың «Оян қазақ» өлеңі үшін сотта Құлжановпен бірге қорғаушысы болып қатынасқаны тарихтан белгілі.
Солай Елкебаев Қазақстанда бірінші болып жетім балаларға арнап мектеп ашқан, бірінші болып қалаға футбол ойынын әкелді.
Рахматулла Елкебаев ауырып 1919 жылы 41 жасында дүниеден өткен.
Қасымжан Мұхамедов Өзбек ССР Ғылым академиясының ғылыми қызметкері болған.
Салах Шайхутдинұлы Хисматуллин, команданың жартылай қорғаушысы болған. Кейіннен жазушы болып, бірнеше шығармаларын жарыққа шығарыпты.
Юнус Нигматуллин туралы жиені Рамиса жергілікті газетте жариялап, телеарнадан сөйлеген. Ол да патша армиясының офицері болыпты. «Қызылдардың» қолынан қаза тапқан.
Әміржан Ситдықұлы Ситдықов (1898-1984), Рахматулла Елкебаевтың асыранды ұлы, Семей губерниясы Бесқарағай уезінің тумасы. Елкебаев басқарған жетім мұсылман балаларына арналған 5 кластық училищені бітіріп 8 кластық ерлер гимназиясын тәмамдаған.
Ол 1918 жылы гимназия бітіріп жұмыс жолын ауыл мектебінде бастайды. 1924 жылы Москвада Халық ағарту институтын бітіреді. 1925-1928 жылдары Семейдегі педагогикалық техникумда істейді. Осыдан кейін Алматыда ҚазАССР Халық ағарту комиссариатында әдістемеші (методист), Абай атындағы педагогикалық институтта педагогика кафедрасының доценты, кейіннен Ы.Алтынсарин атындағы Педагогикалық ғылыми зерттеу институты директорының орынбасары, директоры болады. Ол «Ы.Алтынсаринның педагогикалық идеялары және ағартушылық жұмыстары» монографияның авторы. Әміржан Ситдықов «ҚазССР еңбегі сіңген мұғалімі», педагогика ғылымдарының кандидаты, қазақ педагогикасының негізін қалаушылардың бірі.
Әміржан Ситдықов Елкебаев­тар­дың үйінде 1931 жылға дейін тұрған. Бұл жылы Халида Әзімбай Лекеровке тұрмысқа шығып Алматыға шешесімен көшіп кетеді.
Әбдінәсір Абдулғаниұлы Миршанов (1896-1964) Семей губерниясы Павлодар уезінде туған. Рахматулла Елкебаевтың асыранды баласы. Жетім мұсылман балалар 5 кластық училищені бітірген соң 8 жылдық ерлер гимназиясына түсіп оны 1918 жылы бітіріп, екі жылдық педагогикалық курс­ты тәмамдаған соң Павлодарда мұғалім болып істеген. Павлодарда бастауыш мектептің меңгерушісі, Павлодар уезінің халық ағарту бөлімінің меңгерушісі, Кеңес партия мектебінің директоры қызметтерін атқарған. Миршановтың Павлодарда жүргенде Рахматулла әкесінің жазған кейбір хаттары әлі де сақталған. Алматыда қазақ мектептерінің бірінші кластарға арналған Әліппенің авторы. Бұл кітап 12 мәрте басылып шыққан.
Миршанов Ә.А. – филолог, лингвист, педагог.
Әбдінәсірдің Мұхтар Әуезовпен достас болғанын Ахметов Әуезовтің «Жас Мұхтар», Алматы, «Жалын» баспасы – 1977, кітабында жазылған.
Әбдінәсір әкесінің үйінде Павлодарға кеткенше, 1920 жылға дейін тұрған.
Жаппар Халелұлы Мұхамет­шин (1900-1952) Семей қаласының тумасы. Нафиса Елкебаеваның әкесі Хасанның інісі Халелдің ұлы, немере бауыры болып келеді. Ол Семейде 8 кластық ерлер гимназиясын тәмамдаған. Ташкентте Мемлекеттік Орта Азия университетін бітірген соң Қарақалпақ АССР, Қазақстанда геологиялық барлау экспедицияларында істеген.
Мінеки, біз Семейде Рахматулла Елкебаевтың Қазақстанда тұңғыш жетім балаларға арнап мектеп ашып, оның 5 кластық училищеге айналғанын, республикада бірінші футбол ойынының басталуына, дамуына мұрындық болғанын баяндадық. Және «Ярыш-Жарыс» командасының құрамында болған балалардың тағдыры туралы қолға түскен құжаттар бойынша дерек бердік.
Қазір солар бастаған футбол­ ойынының дамып, Қазақстан футбо­лы­ның әлемдік дәрежеге жетіп, оның ғасырлық мерзімін атағалы отырмыз.
Аяқ добын Қазақстанға бірін­ші болып әкелген Рахматулла Елке­баев­тың атын үлкен ыждағатпен атап отыру ләзім.

 ***
Суреттерде: Рахматулла Елкебаев.

«Ярыш-Жарыс» футбол командасы, 16 наурыз 1916 жыл.
Онда бірінші қатарда: Сайфутдинов Ғабдрауф, Мирсалимов Мидхат, Молдабаев және Хисматуллин Салах; екінші қатарда: Мухамедшин Жаббар, Ситдықов Әміржан, Құрманов Мухамедулла, Миршанов Ғабделнәсір, Ахмедшин Сабыржан, Сайфутдинов Ғабделбар; үшінші қатарда Кәрімов Ғабделғазез, Насибуллин Омар, Бекметьев, Кәрімов Ахметсәлім, Мухамедов Қасымжан, Ғаббасов Ғабделхақ, Әуезов Мұхтар, Рысбаев Зиятдин; төртінші қатарда Бикмаев Кәрім, Ямбушев Ғұсман, Нигматуллин Юнус, Сайдашев Мұхамед, Фаизов Рифкат, Ғұсманов Ғабделбар тұр.