САУЫСҚАН КЕЛІП САҢҚ ЕТТІ

САУЫСҚАН КЕЛІП САҢҚ ЕТТІ

САУЫСҚАН КЕЛІП  САҢҚ ЕТТІ
ашық дереккөзі

ЖАППАЙ ЖЕМҚОРЛЫҚТЫҢ АҚЫРЫ

 

Естеріңізде болса, осыдан бірер ай бұрын жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Дулат Исабеков Қазақстан халқы ассамблеясының ХХ сессиясында Қазақстан азаматтығына қабылданған 800 моңғолиялық қазақтың Моңғолияның азаматтығын қайта сұрап жатқаны жайында мәлім еткен болатын. Содан бері осы мәселе – БАҚ-тың негізгі тақырыбының біріне айналды. Ең бастысы, жаңағы 800 адамның басым көпшілігі, Моңғолиядан ұзап шықпаған, Қазақстанға аяғы тимеген, алайда, Қазақстан азаматы атанып үлгерген. Осы мәселе талайды таңқалдырып,  таңдайын қақтырғанымен, оның нақты себебіне бойлау мүмкін болмай отыр. Біріншіден, бұл түгелімен жемқорлық жайлаған қоғамның дерті. Түйені түгімен, биені бүгімен жұтып үйренген шенеуніктердің көзінің қызарғаны соншалық, бюджет қаржысын оңай иемденудің талай әдіс-тәсілдерін еркін меңгерді. Меңгеріп қана қойған жоқ, осы жолда қарапайым жұрт арасынан пысықайларды іздеп тауып, солармен сыбайлас болды және олардың да аузын аққа тигіземіз деп жең ұшынан жалғасты. 2009 жылдың наурыз айы­нан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болып тағайындалған Гүлшара Әбдіхалықова мен осы министрліктің құрамындағы Көші-қон комитетінің төрағасы Қабылсаят Әбішевтер көші-қон саласындағы қордаланған былықтардың бетін ашады. 2010 жылғы қазандағы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау ми­нистрінің мәлімдемесі бойынша, жалған құжаттармен 300 миллион теңгенің жәрдемақысы өлі жандардың немесе Қазақстанға мүлдем оралмаған оралмандардың есепшотына аударылып келгендігі анықталған. Қабылсаят Әбішевтің әр кездердегі сұхбатына назар аударсақ, жемқорлықтың бастау алуы немесе «жалған оралмандардың» Қазақстанға орала бастауы 2005 жылдан өркен жайған екен. 2004 жылға дейін оралмандарға жасалынатын көмек, келген елдімекенінен баспанамен қамтамасыз етумен жүзеге асырылса, 2005 жылдан бас­тап әрбір отбасы мүшесіне 1000 доллар көлемінде жәрдемақы төлеумен алмастырылды. Жаппай алаяқтық пен жемқорлыққа осы кезеңде жол берілген. Бір айта кетерлігі, 2005-2009 жылдар аралығында осы Көші-қон комитеті Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің құрамында болды және оның 2004 жылдан 2008 жылға дейінгі төрағасы Жазбек Әбдиев болғаны мәлім. Жемқорлықтың өзі осы жылдарда қатты белең алған. Жазбек Әбдиевтің өзі ешқандай қылмыстық жауапқа тартылмаса да, оның қол астында істеген қызметкерлері – Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстық көші-қон департаменттерінің бұрынғы қызметкерлері түгелімен қылмыстық жауапқа тартылған және біразы жазасын түрмеде өтеуде. Тек Моңғолияның 800 азаматы ғана алаяқтардың құрбанына айналып отырған жоқ, 2009 жылдан бергі  баспасөз мәліметтеріне үңілер болсақ, бұндай алаяқтыққа ұрынғандардың арасында өзбекстандық қазақтар да молдап кездеседі екен. Тіпті, құжаты жасау аса қиын деп саналатын Қытайдан оралғандардың да нәпақасын жолдан алып кеткен алаяқтар болыпты. Айталық,  Оңтүстік Қазақстан облыстық Көші-қон департаментінің бұрынғы қызметкерлерінің үстінен жүзден аса қылмыстық іс қозғалған. Жалпы бюджетке келтірілген шығынның көлемі – 180 миллион теңгеге бағаланып отыр. 2008 жылы Ақтөбе облыстық соты ондаған Қытай және Өзбекстан азаматтарының атына жалған құжаттар әзірлеп, «оралман» мәртебесін алып, 43,3 миллион теңгені қымқырған 4 азаматтың үстінен қылмыстық іс қозғап, олардың әрқайсысын 8 жылдан соттап жіберген. Әрине олардың бұл алаяқтық ісіне көмектесіп отырған жергілікті шенеуніктің болғаны айқын. Өскемен қалалық прокуратурасы алаяқтардың 17 отбасына тиесілі 24 миллион теңгені қолды еткені жайында мәлімдеген. Тіпті осы 17 отбасы иелері өздерінің Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны болғандарынан да бейхабар болған. Дәл осындай мысалдар, Қа­зақстанның түкпір-түкпірінен көрініс тауып отырған және алаяқтықтың сипаты біреу. Бір топ алаяқтар, (олар міндетті түрде Моңғолиядан, не Өзбекстаннан оралған) жалған құжаттар жасаумен айналысады. Бұл ретте олар құжаттарды Қазақстанға оралған, иә оралмаған қазақтардан алдап алады. Әрі өздері қолдарынан жалған құжаттар дайындайды. Көші-қон басқармасындағы шенеуніктердің бір-екеуі олардың қылмыстық ісіне көмек қолын созады. Сөйтіп, кейбір жылдары жалған оралмандардың саны – 300 мыңға дейін жеткен көрінеді.  2012 жылғы БАҚ өкілдеріне берген мәліметінде ҚР Экономикалық сыбайлас жемқорлықпен кү­­рес агенттігінің ресми өкілі М.Жұман­бай: «Миграциялық полиция қызметкерлері өз өкілеттігін пайдаланып Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға құ­жаттар тапсырмаған және тұрақты түрде Өзбекстан аумағында тұратын 180 отба­сының атынан оралмандар мәртебесін алу туралы жалған құжаттарды жасап, оларға мекенжай әлеуметтік көмек квотасы ретінде бөлінген 120 млн теңге көлеміндегі бюджет қаражатын ұрлаған», – деп мәлімдеді. 2010 жылы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің құрамындағы көші-қон комитетінің аяқасты таратылып, оның құқығының Ішкі істер министрлігіне өтуінің сыры осында дейді білетіндері. Өйткені, былыққа белшесінен батқан, Комитеттің бюджеттің қаншама қаржысын делдалдар арқылы желге ұшырғанының ұшығына жету мүмкін болмаған көрінеді. Қабылсаят Әбішев өзінің «Түркістан» газетіне берген сұхбатында «Жұмысты «өлі жандармен» күреспен бастадық» дейді. Оның айтуынша, 1997 жылғы қабылданған «Халықтың көші-қоны туралы» заңда сенім хаттар арқылы құжаттарды қабылдауға мүмкіндік берілген.

МОҢҒОЛИЯ ПРЕЗИДЕНТІ 200 ҚАЗАҚТЫ ҚАЙТА ҚАБЫЛДАДЫ

Жақында Моңғолияда болған сапарымда осындай алаяқтардың құрбаны болған қазақтардың бір-екеуімен тілдесудің сәті түскен еді. Еркетай Қуанған Баян-Өлгий аймағының Алтай ауылында мемлекеттік қызметкер болып жүрген жерінде өзінің азаматтықтан шыққандығы жөнінде естіп біледі. Төрт баласы бар Еркетай Қуанған Моңғолияның азаматтығынан шығарылғандығы себепті, қызметінен аластатылады: – Бұл ақпарат мен үшін төбемнен жай түскендей болды. Өйткені, мен осы ауылдан жүз метр ұзап шыққан емеспін. Құжатымды да ешкімге берген емеспін. Бірақ, жалғыз күнде азаматтықтан шыққандығым жөнінде ақпарат алдым. Қазір соның салдарынан бала-шағамның жеп отырған нанынан айрылдым. Амал жоқ бөлшек саудамен айналысуға тура келді, – дейді ол. Бізге кездескен тағы бірі аты-жөнін айтудан бас тарта отырып: – Біз Моңғолияның азаматтығынан шығып қалғандықтан, Қазақстанға қоныс аударуға мәжбүр болдық. Осында келіп құжаттарымды өткізген едім, менің атымнан көші-қон квотасын біреулердің алғандығы мәлім болып, әуелі өз басымызға бұлт үйіріле жаздады. Біздің үш баламыз бар, ал ондағы құжатта 6 бала деп рәсімделіпті. Өзіміз де аң-таң, өзге де аң-таң күй кештік. Құқық қорғау органдары біраз тергеуге алып, біздің ісіміздің ақ екенінен көздері жетті, – дейді. Мәншүк есімді қыз Өскеменде оқып жүргенінде өзінің кураторының алдауына түсіп қалғанын айтады. Демек, алданғандардың өзін үш сипатқа бөлуге болады. Біріншіден, құжатын да ешкімге бермеген, өзі де ешқайда аттап баспаған, момын шаруа адамдары. Екіншіден, құжаттарын алаяқтар мен делдалдарға аз-мұз қаражатқа сатқандар, үшіншіден, алаяқтардың құрығына түскен студенттер. Қалай дегенмен де, жемқорлық жайлаған қоғамның бет-бейнесі, сиқы осы. Ең өкініштісі, мұндайда қарапайым халықтың зардап шегетіні. «Айран ішкен құтылып, шелек жалаған тұтылып жүретін» өмірдің жазылмаған заңымен қазір екі ел арасында сабылып жүрген тағы да қарапайым қазақтар. Енді олар Моңғолияның азаматтығын қайта алуы үшін, Қазақстан азаматтығынан шығуға міндетті. Ол үшін қаншама өткелектен өтерін бір құдайдың өзі білсін!