Түйеқұс еті таңсық емес
Түйеқұс еті таңсық емес
Мәселен, Алғабас алқабына былтыр тропикалық майкене дақылы егілсе, Түйетас елді мекенінде кәдімгі теледидардан ғана көретін африкалық түйеқұс өсірілуде.
Тарихи түп-төркіні Африка құрлығынан өрбитін түйеқұсты ауданға әкелген Айтпай Рысалиев есімді азамат. Климаттың ылғалдылығы мен жылылығына үйренген бұл құсқа Қазақстанның климаты басында қолды болмағанымен, фермер оның бабын тапқан сыңайлы. Көпшілікке таңсық, бұрын-соңды өңірде болмаған түйеқұсқа алғашында халық тосын қарағанмен, біраздан соң көздері де, бірте-бірте бойлары да үйреніпті.
Сұсты болып көрінетін бұл құстың пайдасы шаш-етектен көрінеді. Бойы 2-3 метр келетін түйеқұс аталығының еті 100-150 килограммға дейін жетеді. Қауырсындарын бас киімге, сахналық костюмдерге пайдалануға болады. Жұмыртқасының үлкендігі кәдімгі доптай. «Түйе-Тас» шаруа қожалығының төрағасы Айтпай Рысалиев түйеқұс шаруашылығын қалдықсыз өнім ретінде қарастыра отырып, одан үлкен табыс күтіп отыр.
– Ең әуелі 5 түйеқұсты әрқайсысын 2,5 мың доллардан Алматыдан сатып алдық. Тарихи отаны Африка құрлығы болып табылатын бұл құсты қазір елімізде өсіруді қолға алған шаруашылықтардың ісі оңынан туып жатыр. Өйткені өзіндік өнімі жақсы сұранысқа ие. Еті жесең ем, әсіресе, қан қысымы және қант диабетімен ауыратындар үшін мың да бір дауа. Сондықтан, түйеқұсқа қызығушылық уақыт өткен сайын артуда. Басын құмға тығып қойып, өзіне төнген қауіп-қатерді елемеуге тырысатын түйеқұстың әдеті көпшілікке қызық көрінгенмен, бір қасиеті аса күтімді, қамқорлықты қажет ете бермейді. Шаруашылығымда бір баптаушы бәріне үлгеріп жүр. Жауын-шашын, күн суық болған күндері олар жылы жерде тұрады. Көбінесе ашық алаңқайда, табиғат аясында жүрген пайдалы деп саналады. Түйеқұстардың өсіп-өнуіне барынша қолайлы жағдай жасадық. Шаруашылықта арнайы жататын, қыздырылатын, жемдейтін орындар, инкубатор құрылғысы бар. Керекті азық – жем осында дайындалады. Негізінен түйеқұстарға шөп, жүгері, бидай береміз. Сондай-ақ, уақытында суарылып отырса басқа қиындығы жоқ. Түйеқұстарды өсіріп, санын көбейтіп, өнімдерін таратумен айналысамыз. Әрине, бірінші кезекте отандық өнім ретінде қарастырып, кейін ісіміз өрге домаласа, сыртқы нарықта шамамызды неге байқамасқа?!
Негізі түйеқұстың өнімдері өте пайдалы. Бұл шаруашылық қалдықсыз өнімге негізделген. Терісі, тұяғы, тұмсығы, еті, жұмыртқасы, бәрі кәдеге жарайды. Бір түйеқұс бір қоймен пара-пар. Тез өседі, тез көбейеді. Тірі салмағының 60 пайызы еттен тұратын еті мейрамханаларында диеталық тағам ретінде ұсынылады. Ал оның терісінің беріктігі піл мен қолтырауынның терісімен бірдей. Оны аяқ киімдерді қаптауға, басқа да сәндік бұйымдарды жасауға пайдалануға болады, – дейді шаруашылық төрағасы.
Мұндағы күтушілердің айтуынша, түйеқұстар негізінен сәуір мен қазан айында жұмыртқалайды. Ол кезде бір түйеқұс аптасына бір-екіден жұмыртқа береді. Бір қызығы, салмағы 1,5-2 килограмдай жұмыртқасын қуырып, 12-14 адамды тамақтандыруға болады. Бүгінде түйеқұс етіне сұраныс жоғары. Соған сай өзіндік құны да қымбат. 1 келісі үш мың теңгенің о жақ бұ жағында.
Айтпай секілді түйеқұсты жерсіндіріп, шаруашылығын дамытып жатқан фермерлердің қатары көбейгенін жаңалықтардан көп көреміз. Ендеше қарапайым азықпен қоректеніп, өнімді мол беретін, аса қамқорлықты қажет ете бермейтін, өнімі қымбат түйеқұсты неге біз де өсіріп көрмеске? Сұраныс бар жерде ұсыныстың қашан да болатынын ескерсек, алдағы уақытта бұл бағытта бірталай жұмыстар атқарылып, түйеқұстың етін күнде болмаса да күнара жейтін уақыт келетін секілді.