ДАҒДАРЫС: БІРЕУГЕ – ШАТТЫҚ, БІРЕУГЕ – ШОҚПЫТ

ДАҒДАРЫС: БІРЕУГЕ – ШАТТЫҚ, БІРЕУГЕ – ШОҚПЫТ

ДАҒДАРЫС: БІРЕУГЕ – ШАТТЫҚ, БІРЕУГЕ – ШОҚПЫТ
ашық дереккөзі
276

Соңғы айларда макроэкономикалық көрсеткіштердің жағдайы да мәз емес. Мұның салдары Жер шарындағы экономикалық алпауыттар – АҚШ пен Қытайдың қарым-қабілетін бәсеңдетті. 

Дүниежүзілік бөлшек сауда көлемі 2013 жылдың наурызында 0,1 пайызға төмендесе, арада бір ай өткенде 0,5 пайызға тағы азайыпты. Бұл жағдай әсіресе, Финляндия, Ұлыбритания, Франция, Ирландия мен Германияда ушыққан. Бүкіл әлем осылайша шала бүлініп жатқанда, келеңсіздіктер мен кері әсерлерден Қазақстанның да сырт қалмайтыны белгілі. Бұл туралы ҚР Президенті Н.Назарбаев мамыр айындағы

VI Астана экономикалық форумында ескертті. Елбасы жай ескертіп қойған жоқ, әлемдік экономиканы тығырықтан шығаратын жолды ұсынып, форумға Жер шарының түкпір-түкпірінен жиналған сарапшылар қауымынтонды келісе отырып, пішуге шақырды. Қазақ билігі тарапынан шақырту алған шетелдік сарапшылармен форум барысында біз де сұхбат өткізіп, көкейде жүрген сауалдарды қойған едік.


«Бәріне бақталастық кінәлі»

«Түркістан»:

  – Қанша жылдан бері «G20» да, бүкіл әлем де түрлі шара ұйымдастырып, келіссөздер жүргізді. Бірақ шыққан нәтиже шамалы. Дағдарыстан құтылудың жолы неге табылмай келеді?

Лоренцо Карраско:

– Дүние­жү­зілік үкіметтер төнген қауіпті әлі толық сезініп үлгерген жоқ. Осы себепті, нақты әрі тиімді шешім қабылданбай отыр. Алдымен қандай дағдарыс келе жатқанын анықтап алу шарт. Оған тойтарыс беру жолдарын да көрсеткен абзал. Біз Жер шарының қай бөлігі дамытуға мұқтаж екенін көруіміз керек. Бұл Ресей, Африка, Оңтүстік Америка, Латын Америка т.б. Жер шарының кез келген еліне тән құбылыс. Өндіріс орындарын, индустрия мен технология, инфрақұрылымдарды дамыту аса маңызды. Бұл өте оңай нәрсе. Соған қарамастан, іс алға баспай отыр. Оның себебі, билік құруға, үстемдік етуге деген бәсекелестік пен бақталастық кінәлі.

«Түркістан»:

 – Экономикасын, өндірісін күшейтуге мүдделі елдердің дамуы үшін қанша уақыт керек?

Лоренцо Карраско:

– Ең бастысы, бүгіннен қалдырмай шешімін табуы тиіс мәселе екенін түсінген жөн. Өкінішке қарай, бұл сұрақпен бас қатырғандар кемде кем. Қазіргі дағдарыс ағзаны тез меңдеп, әлсірете түсетін қатерлі ісік сияқты. Дерттен құлан-таза айығу үшін емдеуді тез қолға алу қажет. Жалпы ережелерді өзгерте отырып, әрекет ететін кез жетті.

Гвидо Фоллони:

– Бұл пікірмен келісемін. Алғашқы қойылған сұрақ «G20»-қа қатысты болды ғой. Меніңше, «Үлкен жиырмалыққа» мүше елдердің барлығы дерлік дағдарыстың себебі мен салдарын, тығырықтан не үшін шыға алмай отырғандарын жақсы түсінді.Әлемдік қаржылық жүйе бұрын-соңды болмаған дағдарыспен бетпе бет келді және одан шығатын жол да өзгеше. Енді халықаралық деңгейдегі жаңа қаржылық жүйені құра отырып, оның басты қағидаларын бекіткен дұрыс. Сонымен қатар, нақты шешімдерді қабылдамай тұрып, келешекте атқарылатын жұмыстарды кеңесіп алу керек.

Паоло Раймонди:

– Әріптестерім­нің маған дейін айтқан ұсыныс-пі­кір­ле­рімен толықтай келісемін. Қосым­ша айтарым, бұған дейін жұмыс іс­теп келген қаржылық жүйенің уа­қыты бітті. Осының салдарынан, «Үл­кен жиырмалықтағы» елдердің ісі берекесіз сияқты көрінуде. Олар бей­не тығырықтан шыға алмай жатқан сияқ­ты көрінеді. Осыны сезінудің арқа­сында соңғы 20 жылда қаржылық жүйе­ге қатысты барлық-іс әрекет алып­сатарлыққа құрылғанын ұғындық. Эко­номиканы дамытудың орнына құр­дым­ға қарай сүйреген бұл жүйені «жұ­мырт­қадан жүн қырқатындар» шебер пайдаланды. Яғни, әлемдік қаржылық нарықта алыпсатарлыққа жол берілді. Екіншіден, қаржы жүйесімен бірге несиелеу жүйесін де қайта құрған абзал. Астана экономикалық форумына жиналған мамандар осы түйткілді шешуге ықпал етпек. Өз басым өсуге қатысты айтылатын ұсыныстарға қарсымын. «Негізгі көрсеткіш – эко­но­­­микалық өсімнің айғағы» деген жаңсақ ұғым белең алған бүгінде. Әлбетте, мен экономиканың өсуіне қарсы емеспін. Бұл өте жақсы. Алайда, көлікті көп шығарсақ, астықты көптеп өндірсек, тауарды көптеп өңдесек, экономиканы дамып кетеді деуге болмайды. Тағы бір маңызды мәселе, білім беру саласында серпіліс қажет. Қазіргі заманның талабына сай өзгере отырып, жаңашылдыққа ұмтылу қажет. Осы қағидаларды әлемнің кез келген мемлекетінде жүзеге асыруға болады. Яғни, Қазақстан мен Ресей де, Латын Америкасы мен Африка да жатсынбайды. Біздің панельдік отырыстың тақырыбы «Қазақстан мен Ресей әлемді дағдарыс пен рецессиядан құтқара ала ма?» делінуінің себебі де осы.

Эдуардо Ревильо:

– Меніңше, «Үлкен жиырмалыққа» Ресейдің биыл төрағалық етуінің арқасында ұзақ­мер­зімдік стратегия, ұзақмерзімдік жос­пар­лау, ұзақмерзімдік қаржыландыру си­яқ­ты мәселелер күн тәртібіне шық­ты. Бұл көңіл қуантарлық жайт. Өйт­кені, осының арқасында менің әріп­тес­терім көлденең тартқан ұсыныстар жүзеге асырылуы әбден мүмкін. Бұған дейін әлемдік экономика алыпсатарлық тәсілмен дамып отырса, енді нақты экономика мен нақты өндіріс арасындағы өзара байланыс сөз болуда. Ұзақмерзімдік жоспарлау мен ұзақмерзімдік қаржыландыру қолға алынғандықтан, тәуекелге бел буатын сәттерде қауіпсіздік шараларын қарастырады.

«Еуропада бірлік жоқ»

«Түркістан»:

 – Германия­ канцлері Ангела Меркель эко­но­микалық және қаржылық қиын­дық­тарды шешуге саяси одақ сеп болатынын айтады. Сол себепті, еуро­палық елдердің саяси одағын құруға ұсыныс айтты. Сіздіңше, бұл қаншалықты мүмкін?

Гвидо Фоллони:

–Меніңше, Меркельдің саяси бағытқа назар аударуы қуантарлық жағдай. Бірақ Еуропалық Одақ аса маңызды мәселелерді шешуде, яғни, біртұтас саяси платформа құруда тым баяу. Бүгінде Еуропалық Одаққа мүше елдерге ортақ валюта бар. Ол – еуро. Бірақ еуроның өзі барлық мемлекетті біріктіре алмайды. Қазір біртұтас саясатты қалыптастырып, ЕО құрамындағы барлық ел бой түзейтін ортақ саяси бағыт болуы тиіс. 1956 жылы Еуропалық Одақты құру туралы құжатқа қол қойылған кезде бала едім. Сол сәтте жүзеге асыруға уәде берген шарттардың орындалғанына жақын арада куә боламын деген үміттемін.

Эдуардо Ревильо:

– Меніңше, еуро­палық интеграция – өте күрделі процесс. Оның құрылымдық жүйесін қалыптастыруға белгілі бір уақыт керек. Оны күтуден басқа амал жоқ. Тек әрбір дағдарыс осы бағыттағы әрекеттерді белсенді түрде жүргізуге ықпал етеді. 2007 жылы басталған бұл дағдарыс та біздің ерекше қарқынмен әрекет етуімізге сеп. Дағдарыстың арқасында еуробонд немесе еурооблигация айналымға енгізілмек. Бұл қаржылық саладағы бірегейлену процесінің шарықтау шегі болмақ.

«Түркістан»: 

– Әлемдік са­рап­­­шылар дағдарыстың әлі де аяқтал­­­ма­ғанын, керісінше, биыл 2008 жылғы қиындық қайталанатынын ескертеді. Не істеу керек?


Лоренцо Карраско:

Сіздің айтқан­да­рыңызбен толық келісемін! Мәселен, біз Германияны талқыға салдық. Герма­ния дағдарысқа өтпелі құбылыс ретінде қарайды. Алайда, дағдарыс әлі біткен жоқ қой? Керісінше, ол ушыға түсті. Астана экономикалық фо­румының ашылу салтанатында Қазақ­стан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бізді алда дағдарыстың жаңа кезеңі күтіп тұрғанын, сондықтан оның алдын алуға қам-қарекет жасау керектігін айтты. Қазіргі жағдайды тап басып тани білген адамның сөзі бұл. Еуропалық Одақтың белді де белсенді мүшесі Германия Қазақстан, Ресей сияқты дамушы елдердің технологиясын, инфрақұрылымын дамытуға қабілетті бола тұра, бұл әрекеттен бас тартты. Неліктен? Меніңше, ІІ Дүниежүзілік соғыс кезінде Германияның КСРО-дан ұтылып қалуы ықпал етті, яғни, саяси астар бар. Бүкіл әлем дағдарыстың жаңа толқынын күтуде. Тек мұны Ангела Меркельдің түсіне алмағаны өкінішті.

Паоло Раймонди:

Егер сіздің жүрегіңіз айныса немесе суық тисе, аспирин ішесіз. Бірақ ағзаны әлсіреткен дерттің себеп-салдарымен бас қатырмайсыз. Әлемдік экономиканы тығырықтан алып шығу үшін аспирин қабылдау жеткіліксіз. Аурудың себебін табу қажет.

Эдуардо Ревильо:

Біз орасан зор өзгерістің алдында тұрмыз. Ол өзгеріс біздің санамыздағы ғасырлар бойы сіңіп, әбден қалыптасқан қағидаларды түбегейлі жоққа шығармақ. Егер әлемді, дүниежүзілік экономиканы келешек ұрпаққа тым болмаса ХХІ ғасырдың соңына дейін аман сақтап қалғымыз келсе, өзіміз өзгеруіміз керек.


«Түркістан»: 

– Қазақстан мен Ресей Еуропалық Одақтың экономикасын дағдарыстан алып шығады деген сауал қаншалықты шынайы?

Гвидо Фаллони:

– Еуропаның экономикасы дегеніміз не? Бұл бір жағынан жүйелі түрде реттеліп отыратын сала, екінші жағынан, аумағы шағын болғанмен, экономикалық сыйымдылығы өте кең. Есесіне, Қазақстан мен Ресейдің жері – ұшы-қиырына көз жетпейтін шексіз кеңістік. Келешек ұрпақ өсіп, дамуы үшін инфрақұрылымдарды осы аумақта дамытуға мүмкіндік бар. Еуропа қолындағы заманауи технологиясын осы елдерде орнықтырып, дамытуға күш салғаны жөн. Оның үстіне, бұл Еуропадағы жұмыссыздық деңгейін төмендетуге сеп болары анық.

Эдуардо Ревильо:

– Мен қара­пайым тілмен айтсам, егер болып жат­қан оқиғаларға Қазақстан Прези­ден­ті Нұрсұлтан Назарбаев ұстанған көзқараспен қарасақ және ол айтқан ұсыныс бүкіл Еуропада үстемдік құрса, әлемдік экономиканы дағдарыстан айықтыру процесі әлдеқашан бас­та­лар еді. Бұл Жер шарына тиімді эконо­ми­калық және саяси ұстаным.

Лоренцо Карраско:

– Кез кел­ген дағдарыс – әулиелер мен көсем­дерді қажет ететін кезең. Бізге жаңа әулие­лер мен көсемдер керек. Бүгін таңер­тең Астана экономикалық фо­ру­мының ашылу салтанатында пре­зи­дент Назарбаев біраз күрделі мәселе туралы сөз қозғады. Меніңше, ол – дүниежүзілік деңгейдегі көсемдер арасында қаржылық, қарыздық дағдарыстардың әлі де ушыға түсетінін, сондықтан жаңа соққыларға дайын болу үшін алдын алу шараларын ұйымдастыру керектігін айтқан санаулы тұлғалардың бірі. Ғаламдық көр­сеткіштермен салыстырсақ, Қазақ­стан – шап-шағын мемлекет. Тауар өндіру, жалпы ішкі өнім, эко­но­микалық көрсеткіштер жағынан алғанда, алпауыт ел саналмайды. Алайда, Қазақстан әлемдік деңгейде ой айта алатындар мен озық тәжірибе, тиімді ұсыныстарды өз айналасына топтастырып, күн тәртібіне шыққан аса күрделі мәселенің шешімін табуға үлес қосуға ұмтылады. Біз қатысатын пікірсайыстың «Қазақстан мен Ресей әлемдік экономиканы рецессия мен дағдарыстан шығара ала ма?» деп аталуы сондықтан. Дәл қазіргі жағдайдан Еуропа жалғыз өзі аман-есен құтыла алмайды. Инвестиция салып, еуразиялық мемлекеттердің күшін біріктіре отырып, экономикалық және әлеуметтік қиындықтарды шеш­пейін­ше, ешқандай дағдарыстан шыға алмай­ды.

***

Эдуардо Ревильо (Италия)

Италиядағы «Cassa depositi e prestiti» (CDP) аталатын экономкалық және статистикалық зерттеулер жөніндегі топтың жетекшісі, Италияның экономика және қаржы министрінің экономикалық мәселелер жөніндегі кеңесшісі. Римдегі LUISS Guido Carli Халықаралық университет пен Турин колледжінің профессоры. Италия Азаматтық кеңесінің жанынан құрылған Қоғамдық мүлікті реформалау комиссиясының бас хатшысы. Париждегі ұзақмерзімдік инвестиция бойынша бірнеше (OECD, EIB, KFW, CDC және CDP) ғылыми кеңестердің мүшесі. Ондаған еңбектің авторы, оның ғылыми мақалалары итальяндық және халықаралық басылымдарда жарияланып тұрады.

***

Паоло Раймонди (Италия)

Экономист, «ItaliaOggi» экономи­калық газеттің авторы, халықаралық қаржылық мәселелер жөніндегі кеңесші және сарапшы. 2008-2009 жж.Италия Қаржы министрлігі жа­­нынан құрылған «Equitalia Fro­sino­ne» салықтар бойынша жүйелеу ұйы­мының басшысы. «La Gazzetta del­ Mezzogiorno», «Europa», «La Finanza» экономикалық және қаржы тақы­рыбына арналған журналдардың тұрақты сарапшысы. «I gattopardi di Wall Street» еңбектің авторы.

***

Гвидо Фоллони (Италия)

Италиядағы Азия және Жерорта­те­ңізі аумағы мәселелері бойынша ISIAMED институтының президенті. Елдегі ең танымал партиялардың бірі – Patto per l’Italia атынан екі рет Италия Сенатына сайланып, ондағы Халықаралық қатынастар комитетін басқарған. 1998-1999 жж. Парламентпен өзара байланыс орнату жөніндегі министрі болған. «World word’s» («Polistampa») атты кітаптың авторы.

***

Лоренцо Карраско

(Мексика, Бразилия)

«Solidariedade Ibero-americana» газеті редакция алқасының төрағасы. Иберо-америкалық экономикалық интеграцияға байланысты 300-ден астам мақаланың авторы саналатын ол жаһандық стратегия, экономикалық және қаржылық дағдарыс, Бра­зилия экономикасы, саясаты мен дип­ломатиясы, экономикалық саясаттың америкалық жүйесі, Иберо-америкалықэкономикалық интеграциясының британдық геосаясаты тақырыбына қалам тербейді. «Máfia Verde: o ambientalismo a serviço do Governo Mundial» (Green Mafia: environmentalism in the service of the World Government) еңбегін жазған.


Сарапшылармен сұхбаттасқан

Нәзия Жоямергенқызы

Серіктес жаңалықтары