КИЕЛІ ДАЛАНЫ КҮЙДІРГЕН ГЕПТИЛ

КИЕЛІ ДАЛАНЫ КҮЙДІРГЕН ГЕПТИЛ

КИЕЛІ ДАЛАНЫ  КҮЙДІРГЕН ГЕПТИЛ
ашық дереккөзі
538

Ал күні кеше «Байқоңырдан» улы бұлт боп үйірілгенде ресейліктер Қазақ даласына, Қазақстан азаматтарына келген орасан зор көлемдегі зиянды емес, қалталарынан өтемақы ретінде шығатын шығынды есептеп әуреге түсті. Ал біздің шенеуніктердің көпшілігі «қоршаған ортаға да, азаматтарға да төнген қауіп жоқ» деуден танбай отыр.

«Химиялық шабуылмен тең» 

Үстіміздегі жылдың 2 шілде­сінде «Протон-М» зымыран тасы­ғышының апатқа ұшырауы сал­дарынан 600 тонна жанар-жағар май төгілгені белгілі. Оған ғарыш айлағындағы жауапты қызметкерлердің олағайлығы себеп болған. Анығырақ айтқанда, Қазақ даласына құлауды әдетке айналдырған «Протон-М» зымыран тасығышын құрастыру барысында бұрыштық жылдамдыққа жауап беретін блок байқаусызда теріс орнатылған. Яғни, «плюс» полюсының орнына «минус» қойылған. Сырт қарағанда, көңілі далада жүретін баланың ойыны тәрізді. Бірақ осы өрескел қателік талай адамның тағдырын тәлкек етіп, қоршаған ортаға, табиғатқа орасан зор зиян келтірді. Өйткені көкке көтерілудің орнына, небары 18 секундтың ішінде жер құшқан зымыран тасығышындағы 600 тонна жанар-жағар май бұлт болып үйіріліп, соңында топыраққа сіңген. Бұл апатты Циалковский атындағы Ресей ғарыш академиясының сарапшысы Юрий Караш: «Протонның» құлауын жалғызауыз сөзбен суреттесек, өте қорқынышты. Жүздеген тонна гептилдің Қазақстан аумағына құ­лауын осы елге жасалған хи­миялық шабуыл ретінде қарас­ты­руға болады. Улы бұлтты Байқоңыр шеңберінен шықпайды деп­ үміттенейік. Бірақ бұлтты шекара сызығымен шектеудің әсте мүм­кін еместігі белгілі», – деп ба­ғалады. Қорқыныштысы мен қауіптісі сол, оның құрамындағы гептил – тіршілік біткенге қатер төндіретін улы зат. Суда тез еріп кететін гептил бірнеше жыл бойы адам мен мал ағзасына аса қатерлі. Дәрігерлердің айтуынша, құрамында гептил бар суды ішкен не өнімді жеген адам қатерлі ісік ауруына ұшырайды екен. Ресейлік «Московский комсомолец» газетіне ақпарат берген сенімді дерек көзі зымыран тасығыштың мұндай өте қарапайым ақауы зауытта да, «Байқоңыр» ғарыш айлағында да орнатылмай тұрып көзге бірден байқалатынын айтыпты. Ал тағы бір дереккөз: «Зымыран ұшырылмай тұрғанда бақылау жұмыстары дұрыс жүргізілген жоқ. Ұшу алдында техникалық ахуалды терең талдаудан өткізуі тиіс мемлекеттік комиссия болмаған немесе тексеру жұмыстарын қағаз жүзінде «өткізе салған», – депті. Сонда бұл қалай болғаны? Жерін жалға алып отырған өзге мемлекеттің мүддесіне ресейліктер немқұрайды қарады ма? Әлде екіжақты келісімдегі «ғарыш айлағының шеңберіндегі апаттар – Ресейдің ішкі шаруасы» деген сөз немқұрайдылыққа себеп болды ма? Зымыран көкке көтерілмей тұрып, ақау неге жөнделмеді? Көрші ауылға емес, көкке, яғни, ғарышқа ұшырылатын аса маңызды нысанға бақылаудың болмағаны қалай? Бүгінде әлеуметтік желі­лерде «Байқоңырдағы» апат әдейі ұйым­дастырылған жоқ па?» деген кү­дік желдей есіп жүргені тағы бар…

Келісім демекші, апат болғаннан кейін Үкімет алдында есеп берген «Қазғарыш» агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев мырза: «Бұл апат емес. Ресейдің ішкі шаруасы», – деп салды. Үкіметтік комиссия құру туралы мәселе көтерген ҚР Премьер-министрі Серік Ахметовке Мұсабаев: «Үкіметтік комиссия құрудың қажеті жоқ. Ресей мұны қаламай отыр», – деп жалтақтық танытқаны тағы бар. Ауасы мен суы онсыз да зымыран ұшқан сайын уланып жатқан Қазақ даласына төгілген 600 тонна улы затты бұйым көрмеген Мұсабаевтың «салқынқандылығы» талайларға жаға ұстатты сонда. Ол ол ма, Ахметовтің алдынан жөн-жосықсыз ашуланып шыққан агенттік төрағасы мәселенің мән-жайын білмек болған бір журналисті кеудесінен итеріп жіберіп, «басыма шығасың ба?!» деп ақиды. Халықтың, мемлекеттің мүддесін көздеуі тиіс Талғат Мұсабаев ресейліктердің сойылын соққаны қалай? Оның: «Бұл апат емес, Ресейдің ішкі шаруасы», – деп шыр-пыр болуын қалай түсінеміз? «Ресей Федерациясының Халық Батыры» деген атағы бар Мұсабаев әлгі атақты осылай ақтағысы келді ме?

Сонымен, «Протон-М» құлаған жер­ге жүздеген тонна гептил тө­гілді. Осы оқиғаға қатысты РФ Қылмыстық кодексінің «Тау, құрылыс немесе басқа да жұ­мыс­тарды жүргізуде қауіпсіздік ере­жел­ерінің бұзылуы» деп аталатын 216-бабына сәйкес, қылмыстық іс қоз­ғалды. Ресей жағы апатқа орай бір­ден екі тексеру комиссиясын құ­­рыпты. Бірі, «Роскосмос» құрамындағы мемлекеттік комиссия болса, екіншісі ішкі аудит жүргізетін үкіметтік комиссия. РФ вице-премьері Дмитрий Рогозин технологиялық инспекторлық топ құрылатынын мәлімдеді. Алайда, ол топтың құрамына зымыран құрастырумен айналысатын Хруничев атындағы орталықтың мамандары әдейі тартылмапты. Сөз ретінде айта кетейік, 2008 жылы ұшты-күйлі жоғалып кеткен «Kazsat» жер серігін де осы орталықтың мамандары құрастырған еді. Жалпы құны 63 млн. долларға бағаланған жер серігі ғарыштағы міндетін өтеуге қабілетсіз болып шықты. Бұл келеңсіздік халықаралық деңгейдегі дауға себеп болғаны белгілі. Бір қызығы, Қазақ Үкіметі бұл жолы да аса қаталдық таныта қоймады, керісінше, ежелгі әдетіне басып, «кешіріммен әрі түсіністікпен қарады». Шыққан шығынға келсек, бастапқыда 200 млн. доллар делінген меже, 250-300 млн. долларға дейін өсті. Әртүрлі дерек берілгендіктен, өтемақы көлемін арнайы құрылған комиссия анықтамақ.

«Байқоңырдағы» апаттың себеп-сал­­дары шілде айының соңына дейін анықталуы тиіс. Бірақ сол ай­мақта ресейліктермен бірге тексеру жұмыстарын жүргізіп жатқан отандық тексеру комиссиясының мүшелері «Протон-М» зымыран тасығышы құлаған 4,9 гектар аумақта пайда болған шұңқырда гептилмен ластану деңгейі шекті мөлшерден 527 есе артық» деген мәлімдеме жасады. «Байқоңыр» кешені бойынша жұмыс комиссияның отырысында «ҚазҒарыш» ұлттық ғарыш агенттігі төрағасының орынбасары Еркін Шаймағамбетов: «Қазақстандық сарапшылар ұңғыманың ортасында гептилмен ластануды растап отыр. Біздің мәліметтер бойынша, пайда болған шұңқырдың ортасында ұйғарымды концентрациясының шекті деңгейінен 527 есеге артық, оның шығыс жиегінде – қоршау нүктесінен 10 метр жерде шекті деңгей 395 есеге асып отыр, ал 10-нан 20 сантиметрге дейінгі тереңдікте гептилдің құрамы ұйғарымды концентрациясының шекті деңгейінен 3039-ға тең», – деді. Ресми деректерге сүйенсек, зымыран тасығыштың қалдықтары түскен жерлерден гептил табылмапты. Ал зымыран тасығыш құлай салысымен-ақ, өтемақы ретінде шығатын шы­ғын­дарын есептеуге кіріскен ресейліктер геп­тил төгілген топырақты өңдеуге кіріскен-міс. «Міс» дейтініміз, ғылыми тұрғыда анықталған жайт, гептил сіңген топырақ жүз жылдан кейін ғана қалпына келе бастайды екен. Сонда санаулы уақытта Ресей у сіңген топырақты қалай тазартпақ?!

«Байқоңыр» – Ресейдің бір бөлігі ме? 


Өткен аптада «Байқоңыр» кеше­ні бойынша үкіметаралық ресей­лік-қазақстандық комиссияның сарап­шы­ларымен өткізілген кеңестен соң­ отандық БАҚ өкілдеріне сұхбат бер­ген Қоршаған ортаны қорғау вице-ми­нистрі Бектас Мұхамеджанов «Байқоңыр» ғарыш айлағының ау­ма­ғында гептилдің ұйғарымды кон­центрациясының белгіленген мөл­шер­ден аспағанын, ғарыш айлағына жақын маң­дағы елді мекен тұрғындарының ден­саулықтарына ешқандай зиян кел­мегенін ресми түрде мәлімдеген бола­тын. 

Бұрнағы жылдары Жезқазған маңына «Протон-М» зымыран тасығышы құлағанда Қазақстан жағы шығын көлемін 60,6 млн. долларға (7,327 млрд. теңге) бағалағанда Ресей небары 2,4 млн. доллармен шектелген еді. Күні кеше сол «Протон» тағы құлағанда қазақтар жағы адамдардың өмірі, қоршаған орта мен табиғатқа келген залал туралы айтып, дабыл қақса, ресейліктер керісінше, өтемақы ретінде төленетін шығынды есептеп әлек болды. Кремль мен «Роскосмостың» басшылары орасан зор көлемде зиян келген Қазақ даласына төккен улы заттары үшін, халықтың денсаулығы мен өміріне төндірген қауіп-қатері үшін, жалпы апат үшін Қазақстан азаматтарынан кешірім сұраған жоқ. РФ-ның Алматыдағы консулдығына наразылық хатын тапсырған бір топ қазақ азаматының шағымы мен талап-арызын тыңдауды ресейлік дипломаттар қажет деп те таппады. Ал бейресми дерек көздері Ресей ерте ме, кеш пе Байқоңырдан кететінін біледі. Ғарыш айлағын салу туралы жоспары да бар. «Байқоңырды» 2050-ге дейін жалға алуының себебі, осы уақытқа дейін қоймаларда сақтаулы тұрған «Протондарды» көкке ұшыру арқылы пайдаға шаш-етектен кенелуді көздейді. АҚШ-та КСРО кезіндегі «СС-20» зымыран тасығышының баламасы саналатын «Протон-М» зымыран тасығышын қоршаған ортаға, адамдардың денсаулығына тигізетін зияны үшін «Шайтан» деп атап кеткен. Олардың «ядролық» қосындысы жоқ демесеңіз, сол баяғы ядролық гептилді зымырандар. Кезінде орыс ғалымы Сергей Королев ғарышты бейбіт жолмен игеру мақсатында гептилді пайдалануға үзілді-кесілді қарсы болған. Сондықтан әскерилер арасында оны «тек дұшпанға қарсы соғыста пайдалану керек» деген ұғым қалыптасқан. Бейресми деректерге сүйенсек, бүгінде сол «шайтан» зымыран тасығыштардың жүздегені бар. Сақтау мерзімі 20-30 жылмен шектелсе де, олардың көпшілігінің мерзімі әлдеқашан біткен көрінеді. Кейде діттеген нысанаға жетпей жатып, құлайтындары да сондықтан. Ескірген «Протондардың» арқасында пайда табуды мақсат еткен ресейліктер оларды тек жерсеріктерін ұшырғанда ғана қолданады екен. Ал ғарышқа адам аттанарда басқа қауіпсіз зымыран тасығыштар іске қосылады. 

Байқоңыр қаласы, Төретам, Жо­са­­лыда болып, ондағы жағдайды өз­ көзімен көріп қайтқан қоғам қай­рат­кері Мұхтар Тайжанның ай­туын­ша, адамдардың басы айналып, жү­ректері айныған, құсып, мазалары кеткен. Бірақ көпшілігі дәрігерлердің көмегіне жүгінбепті. Өйткені халық медициналық көмектің басым бөлігі ақылы болғандықтан, өз беттерінше емделуді жөн көреді. Денсаулыққа зиян әрі қауіпті болғанмен, арзанға түсетіні анық. Есесіне, ғарыш айлағының іргесінде жатқан Төретамда жағдай басқаша. Бір күнде «Жедел жәрдемді» 25-30 шақыртуға дейін болған. «Байқоңыр қаласында СЭС басшысымен кездестім. Ол жақтағы зиянды заттардың нормадан артып кетуі 1,5 мың есеге дейін. Тексеруді әрбір 2 сағат сайын жүргізгенмен, улы заттардың болғаны анық. Байқоңыр қаласы тұрғындарының үштен екісі қазақтар болса да, олар ғарыш айлағының жабылуына қарсы. Бірақ гептилді пайдалануға түгел қарсы шықты. Қазір ол жақта РФ азаматы саналатындарға жақсы жағдай жасалған. Мәселен, РФ азаматтығын алған бір қазақ милиционер болып жұмыс істегені үшін теңгеге шаққанда, 250-300 мыңға дейін жалақы алады екен. Ақыл-есі кем балаға жәрдемақы ретінде РФ бюджетінен орасан зор көлемде ақша бөлінеді. Қазақстан азаматтарына біз неге осындай жағдай жасай алмаймыз?», – дейді.

Ресейліктер жалға алған Байқо-ң­ыр­дағы тағы бір «әттеген-ай», мектептер қазақша болғанымен, оқулықтар қазақ тіліне ауда­рыл­ғанмен, онда «Біздің астанамыз – Мәскеу», «Біздің президентіміз – Владимир Путин» деп оқытылады. Қазақтарға екінші сортты ұлт ретінде қарайтын кемсітушіліктер тағы бар. Яғни, ғарыш айлағын ғана жалға алған орыстар бейне Қа­зақ­стан­ның бір бөлшегін басыбүтін ием­деніп алғандай. Әрі кеңестік им­перияның кезінен қалған әдет – орыстардың он бес одақтас рес­пуб­ликаның азаматтарына өзін «аға ұлт» сезінетіні ешкімге жасырын емес.

Тағы бір маңызды жайт, «Про­тон-М» құлағанда жарылған 600 тоннаның құрамында гептилмен бірге амин де болған. Бұл улылық деңгейі өте жоғары зат. Әлемдік тәжірибеде гептил жанар-жағар май ретінде қолданылмайды. Бір сағатта барып байқалатын гептилдің зардабы ғасырға дейін созылуы әбден мүмкін. Ғарышты игеруге бірде бір ел гептилді пайдаланбайды. Ресейден басқа, әрине. АҚШ геп­тилді өзі пайдаланбайды, есесіне, ға­рышқа жүк жеткізу үшін «Рос­космосқа» ақша төлейді. Ал Ресей болса, қызмет арзанға түсу үшін геп­тилді пайдаланады. Құласа да,­ сынса да бөлінетіні – Қазақ жері. Қазақша айтсақ, «сынса – бай­дың көзесі, төгілсе – байдың көжесі». Өкініштісі, зымыран тасығыш апатқа ұшыраған бойда ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігі, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі «Қазғарышпен» бірге аттан салып, дабыл қағуы керек еді. Өкінішке қарай, «Ресейдің ішкі шаруасы, адамдарға есік-терезені жауып, үйлерінен шықпауға пәрмен берілді» дегеннен асып, ештеңе айта алмады. «Протон-М» жарылғаннан кейін пайда болған қап-қара бұлт үшке бөлініп, Қызылорда қаласына, Қармақшы мен Қазалы аудандарына қарай кеткенін Мұсабаев сол күні-ақ ашық айтты. Халықтың басына бұлт болып үйірілген улы заттан зиян келген жоқ деп кесіп айту шындыққа қаншалықты жанасады? Оның үстіне, жаңбырдың арқасында жерге сіңген гептил бір ғасыр бойы адамдардың өміріне қауіп төндірері анық. Топырақ арқылы суға сіңген у адамдар тұтынатын шөпке, өнімдерге, тіпті, мал екеш малға да зиянын тигізеді. 

Қазақ жеріндегі полигондар – ұрпақтың соры 


Негізі «Роскосмос» қазір ға­рыш­қа қатысты маңызды жобаларда «Протонның» орнына «Союзды» құп­ көреді. Алайда, ауыр жүктерді тозығы жеткен, пайдалану мерзімі аяқталған «Шайтанмен» ұшыруды әдет­ке айналдырған. Кейбір дерек­тер­ге сүйенсек, 2 шілде күні бол­ған апат – Қазақстан жеріне «Про­тон­ның» 32-ші рет құлауы. Әрі 10 млн. гектарға тең Қазақ жерін сынақ алаңына айналдырғаны үшін ресейліктер елімізге небары 27 млн. доллар төлейді. Табиғатты, қор­шаған ортаны, бабадан балаға мирас болған қасиетті топырақты тоздырған полигондардан түскен пайдаға күн көретіндей не басына күн туды Қазақтың?! 10 млн. гектар жерді қалай, қайтіп пайдаланып жатқанын да білмейміз, тек болмашы тиын-тебенге мәзбіз… Біздің 82 мың шаршы шақырымға созылатын Сарышағанның жері Бельгия, Голландия, Люксембургті тұтастай алғандағы аумағына тең. Батыс Қазақстан облыстарының бір­неше ауданына қарасты «Ка­пус­тин Яр» полигонының да жағ­дайы тым мүшкіл қазір. Атырау об­лысындағы Сарыөзек, Ембі, Тай­сойған, Азғырдағы сынақ алаң­да­рының ахуалына алаңдаған кім бар? Кеңестік кезеңде ядролық қару Семейде ғана емес, Атыраудың Азғыры мен Тайсойғанында да сыналғанын көпшілік біле ме? Аталған аймақтардағы адамдардың, қор­шаған орта мен малдың ау­ру­ға ұшырағанын, жарымжан ұр­­пақтың дүниеге көптеп келіп жат­қаны алаңдата ма Қазақ қо­ға­мын? Төбелеріне қайта-қай­та «Протон» құлай беретін Қы­зыл­орда облысының халқы у жұтып отыр­ғанына қайғырған кім бар? Елдің ертеңі жарқын болсын десек, жан мен тән тазалығын қамтамасыз ету керек емес пе еді? Қазақ билігінің не ойлағаны бар? Әлде сол баяғы «сен тимесең, мен тимен бадырақ көздікке» салынып, үнсіз отыра бере ме?!

Қазақ қоғамына тән тағы бар келеңсіздік, олқылық – мемлекеттің «қазақтілді» және «орыстілді» болып екіге бөлінуі. Қазақтың ұлттық құндылықтары, тілі мен діліне қатысты мәселелерде бүйректен сирақ шығаратын, мысықтілеулердің бар екенін жасыра алмаймыз. Қызылордалықтардың төбесіне «Протонның» уы бұлт болып үйірілгенде де орыстілділердің басым бөлігі үнсіз қалды. Тіпті, «Ресейден «Байқоңырды» тартып алмау керек, бұл дұрыс емес» деп аттанға басқандардың үні қатқыл шықты. Сорақысы сол, олардың арасында қағынан жеріген қандастарымыз да бар. Ел басына күн туғанда бір елдің азаматтары ауызбіршілік танытса керек-ті. Бірақ бұл жолы да олай болмады.

Серіктес жаңалықтары