849
Әр ұлт өз тілімен марқаяды…
Әр ұлт өз тілімен марқаяды…
Әлемнің жаратылысы, Алла мен адамдардың арасындағы тығыз байланысты оқып, рухани дүниесі байыды. Алла сөзі арқылы адам баласына адамгершілік пен ізгілік себілген еді. Күнәдан сақтандыру мақсатында тура, әділ жол да көрсетілді. Алла тағала адамзатты жаратқаннан кейін олардың өмір тәртібін, мекен-жайын, өмірдің нақты мерзімдерін де белгілеп берген.
Алла әмірімен түскен Құран Кәрімнің хұжрат сүресінде: «Бір-біріңді танып ажырата білулерің үшін, сендерді әртүрлі ұлтқа, тайпа-тайпаға бөлдік», – деп жазылған.
Адамдар пендешілікпен: «Біз бәріміз бір тілде сөйлейміз. Аспанмен таласқан кірпіштен мұнара қала саламыз», – деп, өздерінің құштарлығына қарай әрекет жасаған. Бұған Алла тағала қарсылық білдіріп, оларды жердің түкпір-түкпіріне бөліп жібереді. Сөйтіп, ұлт-ұлтқа, ру-руға, тайпа-тайпаға бөлініп, әр ұлттың өзіне тән тілін берген. Әлемде әр ұлт өз тілінде сөйлесіп, мәдениетін, дәстүрін дамытқан. Осы сөзімізге дәлел ретінде қоғам қайраткері, ақиық ақынымыз Мұхтар Шахановтың «Ұлт анасы – тіл» деген 2010 жылғы мақаласында «Тілдердің әрқилылығы, түріміздің, дініміздің, тіліміздің басқа-басқа болуы, құдай санасымен, қолымен құрастырып, әдейі жасалған рухани-физиологиялық байлық» дегенін келтірсек болды. Әр ұлттың озық ойлы білімпаз ғалымдары мен данышпандары өз заманында ұлт пен тілге мән беріп, оның дамуын бірінші орынға қойған. Демек, әр ұлттың дамуы, тілінің қанаттануы, салт-сана, дәстүрлері мен діндердің өркендеп дамуына жол ашылған.
Қазіргі таңда дүние жүзінде 6,5 миллиардтан астам халық болса, олар белгілі бір жүйемен ұлтқа, тайпа-тайпаға бөлінген. Әр ұлт өкілдері өз ұлтының тағдыры туралы ойлайтыны мәлім. Ұлт дейтін ұғымның ішінде ұлтты қалыптастыратын белгілі бір шарттары бар. Оған жататындар: бірі – тіл, екіншісі – дін, сол ұлттың тарихы, дәстүрі, ата-мекені. Осы аталғандардың бірі кем болса, ұлт ұлттығынан айырылатын көрінеді.
Қазақ халқы ежелден өз алдына ұлт болып, Еділден Ертіске, Оралдан оңтүстікке дейін тұтас тұрған халық еді. Отарлау саясатына орай, қазақ даласына әртүрлі ұлт өкілдерінің келуіне қарай, қазақтың сөз бастар шешені, топ бастар көсемі ел іргесінің бүтін болуы үшін тіліміздің, дініміздің, ұлтымыздың салт-дәстүрі сақталуы үшін күресті. Отарлау саясатын терең түсінді. Ресей патшасы ІІ Александр 1865 жылы басқа халықтарды шоқындыру мақсатында құжат қабылдаған. Ұлтты жою үшін ең бірінші тілін жоюды мақсат еткен. Демек тіл туралы күрес тым әртіннен басталып, патшалық кезеңнен Кеңес одағына жалғасты. Ал, кеңестік қызыл империя өзінің 70 жылдық тарихында жымысқы саясатымен ұлттар мәселесіне қырын қарап, ұлттық мектептерді жойып, ұлттық салт-дәстүрге, әдет-ғұрыпқа қарсылық білдіріп, ұлтшыл дегенді ойдан шығарып, өз ұлтының мұңын жоқтаған зиялы, білімді адамдарды қуғын-сүргінге салып, абақтыға жапқаны көзіміздің алдында. Халқымыздың ұлтжанды азаматтары Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Халел Досмұхамедов, Әлихан Бөкейханов, т.б. замана райына қарай ана тілінің тағдыры үшін күресті ешқашан тоқтатпаған. Оған дәлел –1905 жылы Қоянды жәрмеңкесінде жазылған «Қарқаралы петициясында» ұлттық мүдденің бірі ретінде: «Ауылдарда сабақ орыс тілімен бірге қазақ тілінде де жүргізілетін мектептер ашу, мемлекеттік аппаратта, сот орындарында іс қағаздарын қазақ тілінде жазу, олардың тілінде қос тілділікті жолға қою», – деген талап қояды.
Сәкен Сейфуллин 1923 жылы үкімет қаулысымен қазақ тілін мемлекеттік тіл деп есептеген. Бірақ қос тілділіктің әсерінен, мемлекеттік мәртебеге ие болған қазақ тілінің хал-ахуалы мүшкіл болған. Осыған орай Сәкен Сейфуллин баспа бетіне 50-ге жуық сыни мақалалар жазған.
ХХ ғасырда қазақ елі небір жантүршіктірер зұлматты басынан кешірді. Халқымыз азаттықтан қол үзді. Жазу үлгісі өзгеріске түсті. Жәдидтен латынға, латыннан кейін орыс әліпбиіне көшті. Көнеден келе жатқан жазба әдебиет үлгілеріміз жойылды. Қазақ халқының тарихы, мәдениеті, мұрасы керексіз дүниелер қатарында саналып, ұрпақтарымыз ата-баба тарихынан хабарсыз, советтік идеология салтымен тәрбиеленді.
И.В.Сталиннің «Должен быть единый советский народ и единый государственный язык, каковым должен быть русский» деген ұстанымы талай ұрпақтың табиғатына сіңіп, болмысын жаулап, әлеуметтік, психологиялық дәстүрлі сипатқа айналды. Қызыл империяның идеясы басқадай насихатталғанмен, ол отаршыл империяның ісін жалғастырушы болды.
Осындай жымысқы саясаттың әсерінен Кеңес одағында 1926 жылы 194 тіл болса, ал 1988 жылдың 1 қаңтарында 101 тіл қалған. Яғни 62 жылда 93 тіл өлі тілдер қатарына қосылған. Тіл трагедиясы – әрбір ұлттың трагедиясына айналды.
Қазақта «Қарға тамырлы қазақ» деген сөз тіркесі бар. Осы тіркесте көп мағына жатыр. Қазақтар ат тұяғы жететін жерлермен қарым-қатынас жасап, туыстықты, бауырластықты құдалық ілік-жұрағаттармен байланыстырып, тұтастықты, бірлікті, нығайтып отырған.
Патшалық Ресей қазақ даласын иемдену мақсатында шабуылдар жасады. Қазақтың ер жүрек батырлары елін, жерін қорғап қалу мақсатында тойтарыс беріп, бірден беріле қоймады. Кенесары бастаған бір топ батырлар ұзақ жылдар бойы сайын даламызды қорғап, халқымыздың тұрмыс-тіршілігін, салт-дәстүрін сақтаумен болды. Қай заманда болмасын халықтың көсемі, ер тұлғалы зиялы қауымы өз халқын қорғаумен болған. Солардың бірі – кешегі Алашорда ақиықтары. Елі үшін, халқы үшін күрескен Алаш азаматтарының арқасында халқымыз салт-дәстүрінен, тілінен, дінінен айырылмай, ілдәлап бүгінгі тәуелсіздікке жетті.
Тәуелсіздік – қасиетті сөз. Бір Алланың демеуімен еркіндікке, бостандыққа қол жеткізіп, үлкен қуанышқа бөлендік. Тіліміз мемлекеттік тілге айналып, қазақша сыныптар, қазақ мектептері ашылып, дініміз еркіндік алып, мешіттер салынып, көпшілік Алла жолына түсіп, халқымыз имандылыққа бет бұра бастады. Қазақ тілі қоғамы құрылып, ата-аналармен тығыз байланыс жасалып, ана тілі, салт-дәстүріміз жайлы пікір алысып, халық ардақтаған арыстардың мерей тойын өткізу, дұға оқыту мәселелерін көтеріп, игілікті істерді орындауға халық белсене кірісті.
Көптеген ауыртпалықтарға қарамай халқымыз күрмеуі қиын істерді атқарды. Мысалы, Қостанай облысы, Сарыкөл ауданында Бекет Өтетілеуов атындағы Қараоба орта мектебінің қабырғасына қоғам қайраткері Ильяс Омаровқа арналған еркерткіш тақта қойылды. Ауданымызда жерлесіміздің 80 жасқа толған мерей тойына арналған конференция өтті. Ас беріліп, дұға оқылды. Қараоба мектебіне Бекет Өтетілеуовтың аты берілді. Мектепте ұлттық тілде әдеби кештер өткізіліп, ән мен күй асқақтады. Халық балаларын қазақша оқытуға ықылас білдірді. Ол кезде осындай игі жұмыстар көптеген облыс, аудандарда үздіксіз жүргізіліп, халқымыздың тәуелсіздікке деген қуанышында шек болмады. Дегенмен, ел экономикасының дағдарысқа ұшырауына байланысты көптеген ауқымды жұмыстарды іс жүзіне асыруға мүмкіндік болмады. Осыған орай халықтың көңіл-күйі босаңсып, көптеген адамдар балаларын қайтадан орыс мектебіне беріп, оқытуға ыңғай танытты. Өйткені мемлекеттік тілдің дамуында 2000 жылға дейін іркіліс болды. Ата-аналар арасында әртүрлі пікірлер туындады. Үкімет тарапынан белсенділік көрсетіп, мемлекеттік тілде сөйлеп, бұқара халықтың сеніміне кіретіндей лауазымды тұлғалар мемлекеттік тілге шорқақтық танытты. Үкімет тарапынан шығатын акт, қаулы, хаттама бәрі орысша жазылып, шала-пұла қазақшаға аударылатын. Осындай жағдайлар мемлекеттік тілдің дамуына кері әсерін тигізді.
Қазіргі таңда еліміздің экономикасы дамып, халқымыздың әлеуметтік жағдайы жақсара түсуде. Қоғамдық салада өркендеу, өсу, даму үрдістері үздіксіз байқалуда. Елімізде әлем таң қалатын ғажайып, ірі істер атқарылып, әлем халықтары мұны зор ілтипатпен бағалауда. Соның бір куәсі ретінде 2017 жылы елімізде болатын «Экспо Астана- 2017» дүниежүзілік көрмесін ұтып алдық. Бұл үлкен қуаныш. 5 миллиондай шетелдіктер мен туристер келіп, қол жеткен табыстарын көрсетуде. Демек, тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдары мен бүгінгі күннің айырмасы жер мен көктей.
Елімізде қазақша мектеп, балабақша, мешіттер, театрлар, кітапханалар көптеп салынып жатыр. Мұның өзі еліміздің болашағы – мемлекеттік тіл екенін айқындап тұр. Елбасының ана тілін ардақтай отырып, «Қазақтар бір-бірімен қазақша сөйлессін, сонда ғана біз қазақ елі атанамыз» деуі, әр қазаққа ой салады. Ұлағатты сөзде көп мағына бар. Қазақта мынадай сөз бар: «Өзіңді жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін!». «Тілін білмеген – тегін ұмытады» деген де сөз бар.
Еліміздегі бар қазақтар бір-бірімен қазақша сөйлесетін күйге түссе, басқа ұлттың өкілдері де мемлекеттік тілімізді екі-үш айдың ішінде үйреніп те алар еді. Мемлекеттік тілге деген қажеттілік деңгейі төмендеу болғандықтан, үйренуге деген ынта да бәсеңситініне куә болып жүрміз.
Алла сыйлаған ана тілді қадірлеп, ардақтамау жақсылыққа апармайды. Өз ұлтыңа балта шабуға жетектейді. Тілің жойылса – ұлтың да жойылады. Әр ұлт өз ана тілінде ойлайды.
Бойға сіңген дерттен құтылу оңай дүние емес. Бұған уақыт керек. Ол үшін әр орыс тілді қандастарымыз өздерін өздері қамшылап, ана тілін үйренуге құштарлық танытуы қажет. Бір-бірімен үй ішінде, көшеде, қоғамдық ортада ауызша сөйлеу аясын қалыптастырса, оп-оңай үйреніп кетеді. Көз бояушылыққа салынып, аудармаға сілтей салса – іс оңға баспайды. Тілге деген қамқорлық, басшылық көлеңкеде қалады. Фонвизиннің «Тоғышар» комедиясындағы кейіпкердің: «Географияны оқып керегі не? Күймеге жегілген ат айдаушы қалаған жағына алып барады»,– дегеннің кебі болады. Аударма арқылы бар істі бітіре алмайсың. Өзіміз көріп жүргендей, кейбіреулер телеарнада сөйлегенде ойларын дұрыстап жеткізе алмай, ежіктеп, қағаздан қарап оқиды. Енді бірі – «Мен орысша сөйлейін, көпшілікке түсінікті болсын» деп, сылтауратып орысша сөйлейді. Тыңдаушылар да басын изеп, тыңдаудан жалықпайды. Мұның бәрі бойымызда ұлтжандылық сезім ұшқыны жоқтықтан, намыссыздықтан. Ана сүтімен келген ана тіліне жаны ашымаушылықтың көрінісі. Өз тілінен басқа тілді артық көру. Қазақшылықты қор санап, менсінбеушілік. «Қазақ, жүрген жерің мазақ» деп, кеңес дәуірінде ойын жеткізе алмағандарды келемеж қылатын. Осындай келемежден айырылмай, мұрын шүйіріп қараушылық, бейшаралық.
Өз елімізде жүріп, өз тіліміздің мәртебесін көтере алмай, өгей тілдің күнге кеңейту халқымызға, елімізге үлкен сын. Итальяндық жиһангер Реналью Гаспирин былай депті: «Мен әлемнің 141 елін аралаған адаммын. Солардың ішінде өз мемлекетінде, өз тілінде өмір сүре алмай отырған бейшара халықты көрдім. Ол – қазақтар!» – деп, сын семсеріне алыпты. Айтылған сын орынды, ешкім жоққа шығара алмас.
Аумалы-төкпелі, алмағайып кезеңде, қай ұлт болмасын, өзін бір сара жолға түсіргенше кемшіліктері көп болады. Әлемде отарлау саясатынан құтылып, тәуелсіздікке қол жеткізген елдердің басынан талай қиыншылықтар өткен. Бұл жөнінде Индия президенті Неру де өз халқының санасын ояту мақсатында, ұлттық тілге, мәдениетке жету үшін көп уақыт қажет екенін айтып кеткен. Демек, жаңа қоғамда, жаңа заманда әртүрлі пікірлер, жаңа мифтер пайда болуы мүмкін. Кешегі кеңестік кер заманның білімін, тәрбиесін алғандар ұлттық белгілердің сипатын, қадыр-қасиетін, оның мән- мағынасын жете түсіне білмейді. Кеңестік білімге арқа сүйеп, биліктен дәмесі бар. Билікке ұмтылудың орнына кемшіліктерін өздері біліп, халық сеніміне кіруі қажет сияқты. Сонда ғана олар ұлтжанды болып, қазақ тілінің мәртебесі көтеріледі. Адам өмірі – қасиетті дүние. Әр ұлт өз тілімен, рухани байлығымен марқайып, дамиды. Кешегі лаңкестік заманда қазақтың үлкені бар, кішісі бар орысша сөйлеуге ұмтылып, өмірлерін өксітіп өткізгендерін ұмытуға болмайды. Өз тілінде сөйлеп, ойын жеткізуге мүмкіндік болмағандықтан қазақша оқып, мамандық алғандар өз деңгейлеріне көтеріле алмай, баспақшыл қалыпта өмір сүрді. Талай білімді, иманды, адамгершілігі мол қазақ жастары құсалықпен өмір сүріп, дүниеден озды. Осындай қасіреттерді ескеріп, өткенді саралап, оны болдырмасқа атсалысып, өткендегі кемшіліктердің орнын толтыруға бір кісідей жұмыла алмай жүрміз. Елімізде ұлтжандылық танытып, ана тілі үшін жанын шүберекке түйіп, ойын ашық айтып жүрген азғана зиялы қауым өкілдері. Қалғандары қулыққа салынып, сөз жүзінде әп-әдемі айтады да, іс жүзінде басқаша болып шығады. Халықты алдаудың да бір есебі бар шығар, ол бізге беймәлім. Түгенделетін жұрт өткеніне қарайды. Қазақ қазақ ісіне қазақ болып кіріскенде ғана ісі оңға баспақ.
Қоғамымызда болып жатқан кемшіліктерге жол бермейтін жаңа буынды тәрбиелеп, өзін-өзі тани білетін, өз арын, ұлтын, болмысын, ұлттық намысын сақтап, құрметтей алатын, ұлт мүддесіне еңбек ететіндей білімді, өнерлі ұрпақ өсіру бүгінгі күн талабы. Ұлттық мүддеміздің мықты болуы үшін ұрпағымыз ұлттық қасиетіне берік болуы тиіс, тазалықты, имандылықты, рухани құндылықтарды сыйлап, ата-баба салтына сақтауға деген табандылық танытуды көрсетуі қажет. Сонда ғана бесігімізді түзеп, қазақ елі атанамыз.
Ләйім, солай болуға жазсын!
Көпке топырақ шашуға болмайды. Біраз жастарымыз орысша сөйлеуге әуес. Қазақ мектептерін бітірген ұл-қыздарымыз үйінде де, көшеде де, қоғамдық орындарда да орысша сөйлесуге көшті. Мектепте қазақша оқығанымен үзілісте орысша сөйлеуге бейім.
Қазақ халқы қыздарын мәпелеп, сыйлап, үкілеп өсірген. Сол қыздарымыз бұл күнде орысша сөйлейді. Аналарымыз сәбилерімен орысша сөйлеседі. Атасы мен әжесі немересімен қазақша сөйлегісі келгенімен, анасының орыс тілінде сөйлегені басым. «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» дегендей, кейбір осындай келеңсіз жағдайлар орын алуда. Ата-бабамыз сөз қадірін жоғары бағалап, «Ана тілден биік ешнәрсе жоқ» деген болатын. Демек, ұлт тілі – ұлттың жаны, жан дүниесі.
Бір кезде орыстар француз тіліне еліктеп, французша сөйлеуді сәнге айналдырған кезде Лев Толстой: «Ана тілің қайткен күнде де ана тілің болып қала береді. Жан-тәніңді салып сөйлеген кезде басыңа бірде-бір француз сөзі келе қоймайды. Ал жарқылдап сөйлеуді қаласаң, оның жөні бір басқа»,– деген болатын.
Тәуелсіздігімізге 20 жылдан асса да, отаршылдықтан құтылсақ та, оның салдарынан бүтіндей арыла алмай жүрміз. Ұлттық санаға түскен дақты жою қиынның қиыны болып тұр. Сондықтан да мемлекеттік тіліміздің дамуына, ұлттық құндылықтарымыздың жан-жақты өсіп-өркендеуіне кедергілер көп. Алаш зиялысы Әлихан Бөкейхановтың: «Большевиктер ылаңы көпке жетер, әлі талайды былғап кетер», – деген сөзі тұп-тура келіп тұр. Әлі күнге дейін ұрпақтарымыз сол ылаңнан арылып кете алмай жүргені көпке аян.
Осындай халық басына түскен қасіретті жою үшін әр отбасы, қоғам болып жұмылу керек. Құранда «Бір қауым өзі түзелмейінше, оны құдай түзетпейді» деп жазылған. «Сақтансаң ғана сақтаймын» деген сөзі тағы бар. Демек, пенде өзі жіберген кемшілігін өзі түзетіп, өз кемшілігін мойындауы қажет дегенді ескертеді.
«Адамның іс-қимылы – ниетінде» деген хадисте. Мәселен батырларымыздың ұлы даланы білектің күшімен, найзаның ұшымен қорғап қалғанына қалай бас имейсің? Осындай жауынгерлік рухта тәрбиеленген тәуелсіз елдің ұланынан бақытты ешкім жоқ. Демек, ата-бабалар аманатын қорғау – әрбір перзенттің парызы. Қазақ бар жерде, қайсарлық, рух, намыс бар.
Осы қасиеттерді болашақ ұрпақтың санасына сіңірсек, қоғам санасына өзгерістер әкеліп, елімізді мықты елдердің қатарына қосарына сенім мол.
Біз мұсылман елі болғандықтан тазалық, имандылық жолында жүруіміз қажет. Бірлікте өмір сүрген жақсы. Бір-бірімізді дос көрмесек, ұлтымыздың ұпайы кемиді. Сондықтан ауызбіршілік керек. Тату-тәтті өмір салтын пайғамбарымыз өз амалымен, өмірімен өнеге етіп кетті. Осыны жастарға жеткізе білу – басты міндет. Сонда ғана жастарды азғындықтан аман сақтап қаламыз. Алла сыйлаған мүмкіндіктерді пайдалана отырып, ұлтымызды ұлықтап, ұрпағымызды өз тамырынан ажыратпай, салт-дәстүрімізді, тарихымызды, мәдени мұраларды жас ұрпақтың зердесіне құйып, ұлтжанды ұрпақ өсірейік! Тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын!
Астана қаласы