Әулиеағаштың саясында өсіп ек...

Әулиеағаштың саясында өсіп ек...

Әулиеағаштың саясында өсіп ек...
ашық дереккөзі

Біздің ауыл әулиелер өмір сүріп, хандарды таққа көтерген тарихи мекен емес. Сонау Баркөрнеу шыңының бұлақтарынан бастау алатын өзеннің алабындағы ауыл, сол өзеннің алабында тамыр жайған – Әулиеағаштың ауылы. Ауыл қариялары ағаш туралы таңғажайып аңыздар мен әңгімелерді майын тамызып әңгімелеп береді. Ағаштың өмір сүргеніне жеті ғасыр толды дейді, ХІІІ ғасырда пайда болған деп жорамал айтады. Бұл қазақ хандығының әлі құрылмаған тұсы. Сондықтан аңыздардың қайсысы шындық, қайсысы өтірік екенін айыру қиын.

Өзенге күн батқанша шомылып, дірдектеп қайтқанда бір соғып, саясын паналайтын ауыл балаларының ермегі – алып ағаш. Жуандығы жеті ересек адамның құшағын толтыратын айдаладағы жалғыз ағаштың көлеңкесінде тай-құлындай тебісіп, қой баққан балалар Әулиеағаштың киесін де, қасиетін де білмесе керек. Анда-санда ағаштың діңіне атын ойып жазып, сүйген қызының да есімін мәңгілік етуге тырысқан. Жалаңаяқ балалар кейбір жолаушылардың ағашқа орамал байлап, тәу еткендерін түсінбейтін. Өйткені бұл кәдімгі қарағаш. Ауыл халқы ағаштың әулиелігін білсе де кеңестік саясаттың таптауында үндемеген сыңай танытты.

Мен ес білгелі ауылдың атауы өзгеріп, осы ағаштың құрметіне Әулиеағаш (Үлкенағаш ауылдық округі) аталды. Тарихы ғасырларға сүңгитін ағаш маңынан туристер мен емделушілер үзілген емес. Бертінде, 90-жылдары ағаштың маңайы қоршалып, шырақшы қойылды. Оған дейін ашық алаңқайда тоғайдың қақ ортасында жайқалып, жан-жағына саясын түсірген ағаш жаз жайлауға, күз күзеуге көшкен малшылардың аялдап, дамыл алатын жері болған. Солтүстіктегі Жоңғар Алатауының Китің, Орбұлақ жайлау­ларына жол тартқан халық міндетті түрде осында тоқтап, Әулиеғаш тамырынан сылдырап аққан бұлақ пен бастаудан шөлін қандыратын. Кейінірек ағаш тамырынан ағатын бұлақ тартылып, ылғалды сазы ғана қалды.

Тамырын тереңге жайып, салалы бұтақ­тары жайқалған Әулиеағаштың өсу тарихы өзгеше. Ауыл ақсақалдарының Әулиеағаштың пайда болуы туралы аңыз әңгімелері сан қилы. Солардың бірінде қажылыққа аттанған жеті жігіт туралы айтылады. Олар түнеуге суға жақын жерді таңдайды, сөйтіп біреуі түнде таяғын жерге қадайды. Таң ертеңгісін таяғының гүлдеп, өсе бастағанын байқаған. Қажының өзі қайтыс болғанда жаны осы ағашқа қонған деседі. Тағы бір аңыздарда Шамашұрып әулие (кейбір аңыздарда сахаба болған деседі) солтүстікке жол тартып, жолай осы маңайға түнесе керек, қолындағы аса таяғын сонда қадаған. Осы таяқ тамыр жайып, көктеп өсіп кеткен көрінеді. Бұл – шындыққа жанасады. Өйткені ағаш ауылды қақ жарып өтетін Қу өзенінің арнасынан алыс емес, тіпті өзеннің алабында жатыр десек те болады. Бірақ бертінге дейін айналасында өркен алған шыбық талдары да бүгінгідей тоғай болмаған. Ауылдың жоғары жағындағы «Жалғыз ағаш» аталып келген Әулиеағашқа бас иген жас бұтақтар кейіннен өсіп-жетіліп, киелі ағашты қаумалай өсті. Біз кез келген өсімдік күнге қарап өседі деп оқыдық, бірақ Әулиеағаш маңындағы ағаштар табиғат заңдарына қарсы күнге теріс қарап тұр. Ағаштың қасиеттілігі мен киелілігі осыдан басталады десек қателеспейміз. 

Ағаштың киесі бар деп отыратын әжем. Ол – жылан бейнесінде келеді-міс. Кез келген адамға көрінбейді. Ем қонатын немесе таза ниетпен келген адамдарға көрінеді, тіпті түнесе аян береді деседі. Бала кезімізде сабақтан шыққан соң оқушылармен топтасып жиі баратынбыз. Өйткені Әулиеағаштың төменгі жағы – алма бақ. Күзде осы бақты аралап, алма теріп жүріп ағаштан бір-ақ шығатынбыз. Осындай кездерде міндетті түрде ағашқа соғатынбыз. Жастар тілектерін айтатын, қыздар мен жігіттер ғашықтарының атын атап, бір ғажайыпқа үміттенетін. Кім көрінгенге көрінбейтін жыланды біз осындай кештерде талай көретінбіз. Ағаш діңіне сүңгіп жоқ болатын, әсілі мазасын алған шығармыз. Бірақ оған мән берген ешкім жоқ, балалықты жылан да түсінсе керек. 

Бүгінде емделушілер мен тілек айтушылар ағаштың киесіне емес, табиғаттың тылсым жаратылысы арқылы Алланың барына кәміл сенеді. Тілегін соған айтады, арманын ағаштан емес, көктен күтеді. Бірақ «әр кәллада бір қиял» дейді шығыс халықтары. Бір-екі жыл бұрын ислам дінінің бір бағытын ғана ұстанатын бір топ Әулиеағашқа өрт қойды. «Халықтың санасын улап, Аллаға серік қостыңдар! Бұл ағаштың ешқандай да құдіреті жоқ, ол қарапайым қарағаш. Оған сыйынуды доғару керек», – деп ұрандатқан діншіл қауым Әулиеағаштың бір бұтағын өртеп үлгеріпті. Шырақшы Рая апайдың айтуынша, бұлар бұған дейін де келіп, осы ескертпесімен қоқан-лоққы көрсеткен екен. Алайда табиғаттың тылсым күші өртке де бой бермеген, жеті жүз жыл жайқалған қарағаштың бір бұтағы ғана жалындап, бір босағасы опырылған шаңыраққа айналыпты. Бұл оқиғадан кейін танымалдығы артқан киелі мекенді көрушілер саны көбейе түсті. Өйткені алып ағаш дүниежүзінде үш-ақ жерге тамыр жайған. Бірі – Қытайда, екіншісі – Қазақстанда, үшіншісі – Меккеде көрінеді. Бұл ағаштардың барлығы бір ендікте орналасқан. Сондай-ақ киелі ағаштың жанында бір тамырдан бой көтерген «Жеті ағайынды» деп аталып кеткен жас ағаш бар. Оның тамырының жеті ғасырлық тарихы жоқ. Бірақ жеті діңнен жеті түрлі дыбыс, судың, желдің сыбдырын естуге болады. Оның да тамырынан емдік қасиеті бар су шығады. 

Ауданда отау көтерген жас жұбайлар жаңа өмірін осы ағаштың ризашылығымен бастауды жөн көріп, міндетті түрде келіп тәу етеді. Ал тестілеуге баратын, сынақ тапсыратын оқушылар Әулиеағашқа соққанды жөн көреді. Сондай-ақ ауыл адамдары тасаттық беру және құрбандық шалу ырымдарын осы ағаштың саясында өткізеді. Бедеулік, сал ауруларына ем іздеген жандар осы киелі мекеннен дауа табады. Ағашты менсінбей, атына кір келтіретін пенделер жол апатына ұшырап, беті-қолы қисайып немесе айықпас дертке шалдығады. 

Елімізде таңғажайып аңыздар мен ертегі елінен елес беретін тылсым жаратылыстар көп. Осындайда «мың естігеннен бір көрген артық» дейді халқымыз. Жазғы демалысқа шығып, сейіл құратын жер іздеген отандастарымыз Әулиеағашты көріп, шипалы ыстық су «Керім ағаш», шегесіз тұрғызылған Уәли бай мешітімен танысып, рухани ләззат алса, құба-құп болар еді.