КӨГІЛДІР ОТЫН – КӨПТІҢ ИГІЛІГІ
КӨГІЛДІР ОТЫН – КӨПТІҢ ИГІЛІГІ
Ендігі кезекте облыс аумағынан «Бейнеу-Шымкент» газ құбырының өтуі, облыс халқының көгілдір отынға қол жетімділігін еселеп, барлық елді мекендердің қамтылуына жол ашып отыр.
Магистральды газ құбырына қосу арқылы облыстың елді мекендерін газдандырудың І кезеңінде алдағы екі жыл ішінде 21 елді мекенді газдандыру жоспарланған. Бұл жұмыстар тиісті дәрежеде атқарылған жағдайда, яғни, бірінші кезеңде Қызылорда облысы халқының 70 пайызын газбен қамтуға мүмкіндік туады. «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральды газ құбыры құрылысының жүргізілуі үстіміздегі жылдың соңына дейін белгіленген. Соған байланысты аймақтың елді мекендерін газдандыруға толық дайын болуды қамтамасыз ету мақсатында биыл техникалық-экономикалық негіздемелер мен жобалау-сметалық құжаттамаларды әзірлеу үшін барлығы 921,8 млн. теңге қаржы қажет болса, қазіргі таңда соның 623,6 млн. теңгесі бөлінген.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының деректеріне жүгінсек, бөлінген 623,6 млн. теңге қаржыға келесі жұмыстар атқарылмақ. Оның алғашқысы 13 автоматтандырылған газ тарату стансаларын (АГТС) салып, оларды магистральды құбырға қосудың техникалық-экономикалық негіздемелерін әзірлеу. Сонымен қатар, Арал, Байқоңыр, Қазалы қалаларының қалаішілік газ құбырлары құрылысының техникалық құжаттары әзірленеді. Сол секілді сегіз елді мекенді газдандырудың жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеу қарастырылған. Қазір бұл жұмыстар бойынша мемлекеттік сатып алу рәсімдері өткізілуде. Қалған 298,2 млн. теңге қаржы бөлінуімен келесі 10 елді мекенді газдандырудың жобалау-сметалық құжаттамасын дайындау көзделген.
Алдын ала есептеулер бойынша аталған елді мекендерді газдандыру үшін құрылыс-монтаж жұмыстарына 2014-2015 жылдар аралығында республикалық бюджеттен шамамен 40 млрд. теңге қарастырылуы қажет. Қазір Қызылорда қаласының тұрғындары түгелдей дерлік көгілдір отын игілігін көріп отыр. Алайда, түрлі себептермен қаланың әр түпкірінде газ құбырлары жетпей қалған үйлер де бар. Олардың жалпы саны – 367. Бұл турасында облыс әкімі тиісті атқарушы органға тапсырма берген болатын. Қазірде дайындық шаралары қолға алынып та кетті.
Қысқасы, Қызылорда облысында көгілдір отынға қол жетімділік жыл сайын еселене түспек. Бұл дегеніңіз, халықтың тұрмыс жағдайы ғана емес, өндірістің өрге басуының, кәсіптің кең қанат жаюының кепілі болса керек.
Қызылорда облысы