ҚАЗАҚ КҮРЕСІ — ҰЛТТЫҚ НАМЫСТЫҢ ҚАЙРАҒЫ

ҚАЗАҚ КҮРЕСІ — ҰЛТТЫҚ НАМЫСТЫҢ ҚАЙРАҒЫ

ҚАЗАҚ КҮРЕСІ —  ҰЛТТЫҚ НАМЫСТЫҢ ҚАЙРАҒЫ
ашық дереккөзі

 Бұл, әрине қоғамда қазақ күресі беделінің әлдеқайда артқанын айғақтаса керек. Алайда, айтулы дода барысында кертартпалық әрекеттердің де орын алғанын жоққа шығаруға болмас. Біз үшінші мәрте өз мәресіне жеткен «Қазақстан барысы» төңірегіндегі кейбір мәселеге қатысты сауалдарды «Қазақстан барысы» турнирі идеясының авторы Арман Төлегенұлына қойған едік.

– Арман мырза, «Қазақстан барысы» турнирінің жоғары деңгейде өткеніне халық куә. Алайда, бұл жолғы балуандардың белдесуі көрерменнің есінде ұзақ сақталатын сияқты. Үшінші турнир көңіліңізден шықты ма?
– Үшінші турнир сөзсіз көңі­лім­нен шықты. Ұйымдастыру жағында кемшілік болған жоқ деуіме толық негіз бар. Әлгіндей дау-дамай төрешіліктің шалағайлығынан, оралымсыздығынан орын алды деп баға бере аламын. Өзі бір ыңғайсыз жағдайға тап болдық. Оның алдындағы белдесуде Демьяненко деген балуан жеңіп жатты. Оған таза жеңіс беруге де болатын еді. Бірақ та төрешілерге біреуден «кіші Шынкеевті өткіземіз» деген тапсырма келді ме, білмеймін. Сол кезде 12 мың көрерменге риза болдым. Виктор Демьяненко басқа ұлттың өкілі болса да, жанкүйерлер дүр сілкінді. Соның нәтижесінде төрешілерге әділ шешім шығаруға тура келді. Яғни, халық өзінің позициясын ашық жарияласа, әділеттілік жеңеді дегенді түсіне бастады. Сөйтіп, айналып келгенде төреші халықты қоздырып қойды. Ал нағыз дауға қалған Бейбіт пен Ержанның күресіне келсек, бұл жерде Бейбіттің де кінәсі бар. Ол «Қазақстан барысы» деген атаққа ие бола тұра бес минуттың ішінде бірде-бір әдіс жасаған жоқ. Сылбыр күресті. Бұл да оның шалағайлығы. Ал Ержанның ешқандай жазығы жоқ. Әдіс жасауға талпынып, оны жартылай жасады да. Халық бәрін көріп отырды. Оған да төрешілер ешқандай баға берген жоқ. Содан кейін халық дүрлігіп кетті.
– Дүниежүзілік қазақ күре­сі федерациясы ұсынған төрешілер өз саласының білгір мамандары емес пе?
– Тағы қайталап айтам, кінә солардан. Бастапқы жауапкершілік сол федерацияны басқарып отырған Серік Түкеевке артылады. Ол қайда қарады?
– Әуелгіде Ержанның әдісін есепке алмай, Бейбіттің жеңгенін жария­ладыңыздар. Бірақ іле-шала шешім өзгеріп, жеңіс қай­­тадан Шынкеевке берілді. Бей­біт­тің «Қола белбеу» үшін белдесу­ге шығуға жігіттік намысы жібер­ме­гені түсінікті ғой.
– Төрешілердің қателік жібе­руі­нің кесірінен әділқазылар алқасы алдыңғы шешімді жоққа шығаруға тура келді. Әрине, әділқазылар қатарында Бейбіттің де жерлестері болды, сондай-ақ абыройын ешқашан сатпайтын азаматтар отырды. Шын мәнінде, Бейбіттің жазығы бар. «Қазақстан барысы» екенін дәлелдей алмады.
– Бәлкім, бар күшін соңғы ақ­тық белдесуге сақтаған шығар. Сіз де өз даусыңызды Бейбітке бе­ріп­сіз ғой…
– Ол дұрыс емес. Әр белдесуге шыққан сайын батыр екеніңді көрсетуің керек. Бейбіт әу бастан бір аяғыммен ақтық кезеңдемін деп ойлады. Бұлай болмайды ғой. Әділқазы мүшелерінен үш-ақ адам Бейбітке дауыс берсе, қалған бес азамат Ержанға берді. Бұл жерде саяси тұрғыдан дұрыс шешім қабылданды. «Қазақстан барысы» турнирі төрт жылда бір мәрте өтетін олимпиада емес. Құдайға шүкір, жыл сайын өтеді. Жыл дегенің әп-сәтте өте шығады. Сондықтан Бейбіт барыс екенін дәлелдегісі келсе, келесі жылы көрсетер. Міне, қазір есептеңізші, небәрі он бір ай ғана қалды.
– Бейбіт жанкүйерлері алдында үш мәрте «Қазақстан барысы» атанамын деп уәде берген еді. Сіздіңше, оның дайындығы нашар болды ма, әлде дандайсып кетті ме? «Семіздікті қой ғана көтереді» деген осындайдан айтылған шығар…
– Көбінің дайындықтары өте жоғары болды. Кейбіреулері әлсіздігін алғашқы айналымда көрсетіп, өте алмады. Ақтық сынға «мен» деген мықтылар ғана шықты. Ержан Шынкеев те қатардағы жәй балуан емес. Айбек Нұғымаров та былтыр үшінші орын алды. Бейбіт те осал емес. Бірақ қазақ күресі Бейбіттің меншігі емес. Ол үш рет «Қазақстан барысы» боламын десе, оған мүмкіндігі жетеді. Әлі күш-қуаты мықты жас жігіт қой.
– Бір сұхбатыңызда «Бейбітке шара қолданамыз…» деген екенсіз. Ол қандай шара? Егер ережені бұзса, келесі жолы жарысқа қатыстырмауға құқыңыз бар ма?
– Бейбіттен кешірім сұрауды талап еткен жоқпын. Шын мәнінде, мұндай қателікке жол бергендерді қазақ күресіне қатыстырмайтын боламыз. Ең әділетті, ар-намысын сатпайтын төреші азаматтарды жинаймыз. Оларды балуандарға таныстырамыз. Келіссе қатысады, көнбесе шет қалады. Біздің балуандардың көбі ақылды, намысты, салмақты жігіттер. Сондықтан ендігі жылы мұндай келеңсіздік болмайды деп ойлаймын. Айтулы додадан кейін Бейбітпен сөйлестік. Ешқандай реніш жоқ. Бейбіттің айтуынша, үшінші орынға таласу үшін бозкілемге шыққысы келген. Бірақ бозкілемге жаттықтырушысы Елдос Далабай мен маңайындағылар жібермей қойыпты. Негізі бізден бір қателік кетіпті. Өздеріңізге белгілі, біз «Алтын белбеу» алған балуанға берілетін қомақты сомадан бөлек, оның жаттықтырушысына да 50 мың АҚШ долларын беріп келдік. «Алтын көрсе, періште де жолдан таяды» демекші, Елдос Далабай мырзаның ойын­да сол ақша тұрды. Соны қимай, шу шығарды. Соның кесірінен келесі жылы жаттықтырушыға берілетін сыйақыны үш есеге азайтатын боламыз. Енді басқа жаттықтырушылар бізді емес, сол Елдос Далабай мырзаны кінәласын.
– Шынында да, бірінші орынды иемденген балуан 150 мың АҚШ долларымен қоса, су жаңа көлік мінсе, оның бапкері де 50 мың долларды қанжығасына байлайды. Ал бозкілемде белдесіп, күшін сарқа жұмсап, үшінші орын алған балуанға он мың доллар беріледі. Бұл әділетсіздік емес пе?
– Дұрыс айтасыз, бірінші орынның жүлдесі қомақты. Олимпиада чемпионы алтын медаль алса, оған 250 мың АҚШ долларын береді. Біз тым болмаса, соның жартысына жеткізгіміз келді. Мысалы, Айбекке біздің берген сый-сияпатымыздан бөлек, Шығыс Қазақстан облысы үш бөлмелі пәтер, көлік тарту етіпті. Мұнымен қоса жерлестері Астанадан тағы да пәтер мен «Джип» сыйлады. Шынында да, 150 мың АҚШ долларына қосымша көлік бергеніміз артық сияқты деген ой келді. Одан да көлікті көрермен көзайымына айналған балуанға берсе де жарасады екен. Мысалы, биыл бұл атаққа Демьяненко сөзсіз лайық еді. Сосын келесі жылдан бас­тап үшінші орынды екі адамға беруді қарастырып жатырмыз. «Қазақстан барысы» турнирін біршама өзгерістер күтіп тұр. Алайда, бірінші орынның жүлдесі 150 мың АҚШ доллары күйінде қалады. Себебі, жеңген барысымыз ештеңеден таршылық көрмеуі тиіс. Басқа балуандар да соған тырысып бағуы қажет. Бұл әлеуметтік лифт.
– Бозкілемде кімнің ақ, кімнің қара екенін төрешілер шешеді. Бірақ та спорт кешеніне жиналған кө­рер­мендер де мәдениетсіздігін көр­сетті. Кейбір басылымдар «Олар Шынкеевтің қарағандылық жерлес­тері. Әділқазы алқасы шу шығып кет­песін деп шешімді өзгертті» дейді. Сіз не дейсіз?
– Әрине, көрермендердің әділқазы отыр­ған қапталға су құтыларын лақ­тыруы мәдениетсіздік. Келесі жылы құ­тылармен су сатылмайды. Мұны күзетшілер қатаң қадағалауға алады. Ал спорт кешенінде тек қарағандылықтар ғана болған жоқ. Айбек Семейдің жігіті болса да, оның жанкүйерлері Оңтүстік Қазақстанда да, Жамбыл облысында да бар. Бұл жерде елге, жерге бөліну дұрыс емес. Ержанның да жанкүйерлері басқа облыста көп. Мәселен, Демьяненко қай руға, қай жүзге жатады? Бірақ та бүкіл қазақ оған жанкүйер болды. Әрине, әр облыс өз батырымен мақтанады. Бейбіт үшін Жамбыл облысы мақтанса, Ұлан Қызылорда облысының мақтанышына айналды. Сондықтан кім жеңсе де, қазақтың жеңгені ғой.
– «Қазақстан барысы» турнирі әлеуметтік желілерде үлкен талқыға айналды. Көпшіліктің пікіріне құлақ ассақ, «Ержанның жеңісі шынайы емес… ал Бейбітке әділетсіздік жасалды» делінген. Ал тағы бір пікірде Астананың 15 жылдығына орай әділқазылар қалай да Ержанды алып шығу керек болды дейді. Бұған не айтар едіңіз?
– Бұл пікірлерге қосылмаймын. Астананың 15 жылдығына Ержанның немесе Бейбіттің қатысы қанша? Ал Ержанға таразының басын бұрып жіберді дегенге келсек, шешімді бұруға тағы да сол төрешілер талпыныс жасады. Бірақ оларды өз орнына қойдық. Қазірдің өзінде атын атамай-ақ қояйын, төрт-бес төрешіні қара тізімге кіргізіп қойдым. Енді олар ешқашан «Қазақстан барысы» турниріне төрешілік жасай алмайды, қатыса алмайды. Бұған дейін бұл мәселені Қазақ күресі федерациясына тапсырып келсем, енді өзім қадағалаймын. Келесі жылы төрешілер тек қана менің келісіміммен тағайындалатын болады. Өйткені, бас ұйымдастырушы Серік Түкеев мырза емес, өзім. Сондықтан жауапкершілік те менің мойнымда. Жаман ат та, жақсы ат та маған келеді. Қазақта «Бақташы көбейсе, мал арам өледі» деген бар ғой. Сондықтан бақташылық жасауға тырысқан адамдарды шет қалдыру ойым­да бар.
– Ал қазақ күресінен Жамбыл облыстық федерациясы «Қазақстан Барысы» турниріндегі күрес ережелерінің бұзылуына қарсылық білдіріп, жазбаша наразылық хатын жолдады. Бұл тұрғыда пікіріңізді білсек.
– Жамбыл облыстық федерациясы Қазақ күресі федерациясының құрамына кіреді. Олар қандай да бір талаптары мен өтініштері болса, Түкеев мырза бастаған мекемеге айтсын, шағымдансын. Сол ашық хат жазғандар Түкеевке бағынатын адамдар. Оған: «Айналайын, өзің бақташысың ғой, қойларыңа ие бол. Бұған менің еш қатысым жоқ. Өзің жауап қайтар», – деп кесіп айтқанмын.
– Әділқазылар алқасының тө­ра­ғасы Жақсылық Үшкемпіров басы­лым­ға берген сұхбатында: «Енді бұл жа­рысқа бармаймын», – депті. Турнир аясында болған даулы мәселе аға­мыз­дың көңілін қалдырған сияқты.
– Ол кісі бастапқы кезде «бармаймын» деп айтып қалған шығар. Өзіме «көрермен ретінде келемін, бірақ төрешілік жасай алмаймын» деді. Жақсылық аға ешкімге зияны жоқ қарапайым кісі. Оның үстіне жарыс қайнаған саясатқа айналып кетті. Сондықтан ол кісінің бұл шешіміне түсіністікпен қараймыз. Ал көрермен ретінде келемін десе, әрқашан төрден орны дайын.
– Жақсылық аға тағы да: «Тө­ре­шiлердiң айтқаны елеусiз, шешi­мi құнсыз болса, несiне кiлемге шы­ға­рады? Одан да балуандарды күрес­тiр­сiн де, халықтың айқайымен шеш­сiн мәселенi…» деп ашыныпты. Орын­ды сын емес пе?
– Әрине, бұл пікірдің жаны бар. Мысалы, футболда, теннисте болсын, төрешіге де, көрерменге де аутсайд белгілі. Ал қазақ күресінде балуан әдіс жасаса, оған бүк, жартылай жеңіс және толық жеңіс беруге болады. Өкінішке қарай, ереженің жетілдірілмегендігінен кемшілікке бой алдырдық. Төрешіден «Неге Демьяненкоға таза жеңіс бермедің?» деп сұрағанымызда, ол «жартылай жеңіс те, таза жеңіс те беруге болады» деп шыға келді. Олай болмау керек. Не жеңді, не жеңілді деп ақ-қарасын ажырату керек. Жапонияның сумо күресінде балуан кілемнен шығып кетсе, жеңілді деген сөз. Дәл сол сияқты біз де күрес ережесіне өзгерістер енгізіп, толықтыруымыз керек. Сондықтан қазан айында ғылыми-практикалық конференция өткізуді жоспарлап отырмыз. Қазір дайындыққа кірісіп кеттік. Тарихшылар мен ғалымдарды шақырып, ережеге біраз өзгеріс енгіземіз. Егер бұған Қазақ күресі федерациясы келіспесе, онда өз ережеммен қосалқы федерация ашамын. Өйткені маған абырой керек. Анаған, мынаған жүлдені бере салу керек деген болмайды. Дау-дамайдың бәрі ереженің жетілдірілмегендігінен болғанына көз жеткіздік. Мұны Түкеев мырза мойындауы тиіс. Егер мойындамаса, оларды «Қазақстан барысы» турнирінен шет қалдырамын. Керек болса, әлем чемпионаттарын Үндістанда, Латын Америкасында, Африкада, т.б. елдерде өткізе берсін. Бірақ «Қазақстан барысына» жақындатпаймын. Айтарым осы.
– Ержан мен Бейбіттің белдесуіне күмәнмен қарағандар көп болды. Осы жерде белгілі саясаттанушы Айдос Сарым мырзаның: «Шынкеев пен Ыстыбаевты Алматыға ша­қы­рып, тағы да белдестіру керек еді. Сонда халық кімнің мықты екеніне көз жеткізетін болады» деген ұсынысы еске түсіп отыр. Шынында да, неге сөйтпеске?
– Иә, Айдос хабарласты. Өте жақсы идея. Бұл ұсынысты Бейбітке айттым. Ержанды жекпе-жекке шақыр дедім. Бірақ Тараз бен Қарағандыда емес, басқа бейтарап қалада өткіземіз деген ойымды жеткіздім. Неге екенін білмеймін, Бейбіт үндеген жоқ, ойланып қалды. Өзі білсін. Бірақ жекпе-жек болса, біз өткізуге көмектесеміз, қолдаймыз. Әлі уақыт бар, ойланып көрсін. Бәлкім, жарты жылдан кейін, үш айдан кейін өткізсек те, үлгереміз.
– «Қазақстан барысы» турнирін «Боец» телеарнасы арқылы 35 мемлекет тамашалапты. Ұлттық спорт ойынының соңы осындай шуға айналып кеткеніне іштей ренжідіңіз бе, әлде бұл үлкен жарнама болды ма?
– Бұл жаңалық емес. Ондай жиі болып тұрады. Өткенде футболда «Қайрат» пен «Шахтер» ойынында жанкүйерлер бір-бірін сабады. Құдайға шүкір, бізде мұндай жағдай болған жоқ. Ешкім зардап шекпеді. Жедел-жәрдемнің көмегіне жүгінген жоқ. Сондықтан мұндай болып тұрады. Келесі жылы да дәл осындай шу болмайды деп айта алмаймын. Өйткені бұл біздің турниріміздің беделі әлдеқайда өскенін аңғартады. Қарасаңыз, велоспорттағы шетелдік спортшылар осыдан он екі жыл бұрынғы Олимпиада медаліне қайта қол жеткізіп жатыр. Ондай шу дода болған жерден шыға береді. Спорт кешеніне жиналған он екі мың адамды көрген Премьер-министр Серік Ахметов те: «Мұншама адамды Азиада ойындарының ашылу рәсімінде ғана көріп едім»,– деп таң қалды. Шынында да, үш жылдың ішінде ұлттық күресімізді үлкен дәрежеге жеткіздік.
– «Қазақстан барысы» турнирі идеясы авторы ретінде алға қойған мақсатыңыз қандай? Ұлттық спорт түрін олимпиадалық ойындар қата­рына енгізу ме, әлде?
– Менің мақсатым – қазақ күресін Жапонияның сумосының деңгейіне жеткізу. Сумо ешқандай олимпиада ойындарына кірмесе де, көрермені көп спорт түрі. Осы жолы «Боец» телеарнасы арқылы 35 мемлекетпен қоса, Грузия, Украина мемлекеті тамашалады. «Боец» арнасы жіберген мәлімет бойынша, Ресейдің өзінде басынан аяғына 1,5 млн. көрермен көріпті. Ал басқа ТМД мемлекеттерінен тағы 1,5 млн. халық тамашалаған. Еліміздің халқын қоспағанда, сырттан 3 млн. көрермен көз тіккен екен. «Боецқа» комментаторларды осы жерден жібердік. Құдай қаласа, келесі жылы Еуропа, АҚШ-та көретін болады. Айтпақшы, Қазақстанда да рейтингісі жоғары болды. «Қазақстан» мен «КТК» телеарнасын жеті сағат бойы 6 млн.-дай азамат тамашалаған. Әлбетте, мұның бәрі қазақ күресін насихаттаудан туған ой. «Боецтан» да, ешкімнен ақша талап еткен жоқпыз. Қазақ күресін тегін насихаттаса, басқа мемлекеттер көрсе екен деген мақсат қана. Бәлкім, бес-алты жылдан кейін сумоның деңгейіне жеткізсек, ақылы жасауға болатын шығар. Соған үмітпен қараймыз. Қазір бізді үкімет, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры, «Форбстағы» қазақ азаматтары қолдап отыр. Солардың көмегінің арқасында бес жылдың ішінде қазақ күресі бүкіл әлемге танымал болады деп сенемін.
Осы жобаның арқасында «Астана моторс» компаниясының басшысы Нұрлан Смағұлов, сондай-ақ Қайрат Мажыбаев, Қуанышбек Есекеев, Кеңес Рақышев сынды азаматтармен жақсы дос болып қалдым. Әрине, қаржыны өзің үшін сұрауға қиналасың. Ал бұл жерде ұлттық құндылығымыз – қазақ күресін дамыту, көтеру мәселесі жатыр. Азаматтар әрқашан қолдау білдіруде. Ешкім бетімізді қайтарған жоқ. Сондықтан қазақ күресінің дамуына атсалысып, қаржылық демеу беріп жүрген намыс­ты жігіттерге алғыс айтамын. Себебі, бұл доданың бюджеті өте жоғары. Мәселе ақша шашқанда емес. Бұл ұлттық жоба. Қазақ күресі – ұлттық намыстың қайрағы. Бұл балуандарға ғана емес, көрермендерге, кішкентай бүлдіршіндерге жақсы тәрбие береді. Бейбіт, Ұлан, Айбектей болсам дейтін жас ұрпақты тәрбиелеуге тырысып жатырмыз. Олар қазір бір кездегі арман-қиялымыздағы деңгейіне жетті.
– Балалар арасында «Жас барыс» атты турнир өткізуді қолға алғандарыңызды естіп едік. Осы жайында айта кетсеңіз.
– Бұйырса, «Жас барыс» турнирі қазан айында Қызылорда қаласында өтеді. Осы тұрғыда қазақ күресін мектеп бағдарламасына енгізуді қарастырып жатырмыз. Жапонияда у-шу, каратэ, айкидоны енгізіп жатса, біз неге қазақ күресін оқыта алмаймыз? Бұл мәселені Премьер-министр Серік Ахметов мырзаға айттық. Амандық болса, бес-алты жылдың ішінде қазақ күресін мектеп бағдарламасына енгіземіз. Қазақ күресінің әдістерін қыздар білсе де, артық емес. Қазір қылмыстық оқиға өршіп тұрған уақытта өздерін қорғай білу үшін керек. Қазақ күресі намысты қайрайды. Ұлттық спорттың бұл түрі балаларды түзу жолға салады. Бүгінде тойларда бір-бірінің тұмсығын бұзып жүрген қара күш иелері бар. Одан қала берді қолы бос жастар түрлі бұзақы әрекеттерге барып, өмірін қорлықпен өткізуде. Міне, олардың да заңды түрде ақша табуына құқы бар. Оған «Қазақстан барысы» турнирі жол ашады.
– Әрине, қазақта «Біткен іске сыншы көп» деген бар. Алайда, көпшілік көрермен турнир барысындағы кемшіліктерге де көзжұмбайлықпен қарамаған сияқты. Таяқтың бір ұшы комментаторларға да тиіп жатыр.
– «Қазақстан» телеарнасы футболға комментаторлық жасап жүрген жігіттерді беріпті. Олар кейбір жайтты футболдың тілімен жеткізгісі келеді. «Қазақстан» ұлттық арнасы комментаторларының шалағайлығы осыдан-ақ білініп қалды. Осы жарысқа мұрындық болып, қазаншы азамат ретінде «мына жігіттер комментатор болсын» деп ұсыныс жасап едік, олар мұны құптаған жоқ. «Қазақстан» ұлттық телеарнасына құлаққағыс, біз келесі жолы ойланатын боламыз. Ал «КТК» арнасы комментаторлыққа былтыр «Қазақстан барысы» турнирінде екінші орын алған балуан Шалқар Жоламановты шақырды. Бұйырса, Шалқардың болашақта №1 комментатор болатын түрі бар.
– Көрерменнен тағы бір са-уал. Неге балуандар иықта­ры­на барыстың емес, арланның терісін асып келеді?
– Иә, осыны интернеттен оқып, біраз күлдім. Барыстың терісімен шығатын болса, екі-үш жылда барыс қалмайды ғой. Онсыз да бұл жануар «Қызыл кітапқа» енген. Мұндайға бара алмаймын. Керегі де жоқ. Негізі табиғатта барыс арланды жеңеді. Әр балуанның арлан терісімен шыққанын, ол арланды жеңіп, алып кетіп барады деп түсіну керек. Арлан адам баласына бірде жау, бірде дос. Меніңше, бұл да қазақтың тотемі. Жалпы, тарихта балуандар арланның терісін жамылып шыққан емес. Бұл біздің ойлап тапқан дүниеміз. Сырт көзге әдемі көрінеді. Жоқтан бар жасап, дәстүрге айналдырсақ деген ой ғана. Сондықтан қандай пікір болмасын, бәріне рахмет. Сын болу керек. Сыннан бас тартқан емеспіз. Қателіктер мен кемшіліктерді келесі жылы ескереміз. Кейде осындай олқылықтың бастапқы кезде ұшырасқаны дұрыс шығар деп ойлаймын. Себебі, бұл болашақта келеңсіздікті жоюға, қайталамауға ұмтылдырады.
– «Қазақстан барысы» турни­рін ұйымдастыру идеясы сізге қай­дан келді?
– Маған ешкім айтқан жоқ. На­мыстан туындаған нәрсе. Моңғолия­ның өз күресін жоғары деңгейге көтер­генін көріп, намыстандым. Біздің олардан қай жеріміз кем? Біз де моңғолдар сияқты көшпенді халық болдық емес пе?! Біздің де қазақ күресіміз бар. Неге оны үлкен дәре­жеге көтермейміз? Балуандар бір байдың, әкімнің тойында көлік үшін күресіп жатады. Олар белгілі бір аймаққа ғана танымал. Неге олар танымал болмауы керек? Міне, Алла қолдап, халық қостап, үлкен дәрежеге жеттік. Бұл біз үшін үлкен мақтаныш. Осы өмірде «Қазақстан барысын» дүниеге келтірсем, басқа арманым жоқ деп айтып едім. Міне, үш жылдан кейін арманым орындалды деп айта аламын. Әрине, жарысқа бір ай қалғанда уайымдап, түн ұйқым төрт бөлінді. Турнир мәресіне жеткеннен кейін де екі жұма дәл солай жүрдім. Әлгіндей шудың шығуы, оның БАҚ-та талқылануы біздің жобамыздың ең жоғары деңгейге жеткендігінің дәлелі. Бұл кәдімгі жарнама болды. Қазақ күресін көрмейтін адамдардың да қызығушылығы артып, жазып алынған бейнетаспаны тамашалады. Ол ол ма, «Сарыарқа» спорт кешенінде ине шаншар орын болмады. Бәлкім, бес-алты жылдан кейін доданы отыз мың адам сиятын «Астана-арена» спорт кешенінде өткізерміз деген ой келді.
– Қазақ күресіне қатысуға бас­қа мемлекет балуандары да кетәрі емес көрінеді. Бұл да қуанышты жа­ңалық емес пе?!
– Биыл «Стенка на стенку» жекпе-жегі бойынша Алматыда Украинаның бес жігіті біздің балуандармен белдеседі. Бір қуантарлығы, Киевте де олар қазақ күресінің әдісімен белдесуге келісіп отыр. Құдай қаласа, «Қазақстан барысынан» бөлек, келесі жылы «Еуразия барысын» өткіземіз. Ресейліктер де бізбен хабарласуда. ТМД, бұрынғы КСРО құрамындағы елдердің балуандарын жинап, жарыс өткізу жоспарда бар. Бәрі қазақ күресінің әдісімен белдеседі. Бірақ еліміздегі бірінші дода – «Қазақстан барысы» болып қала береді. Оған тек Қазақстан азаматтары ғана қатыса алады. Бұл қазағымыз үшін жасалған жоба. Осындай дүниені қолға алғаным үшін өзіме-өзім риза боламын. Бәлкім, «КТК» болмаса, бұл жоба дүниеге келмес пе еді, кім білсін? Телеарна – үлкен күш. Бұл жалғыз менің ғана жеңісім емес. Жанымда жүрген мықты азаматтардың үлесі басым.
– Әңгімеңізге рахмет! «Қазақ­с­тан барысы», қазақ күресі жасай бер­сін!

Сұхбаттасқан
Динара Мыңжасарқызы