АНА АМАНАТЫН АРҚАЛАҒАН АКТРИСА

АНА АМАНАТЫН АРҚАЛАҒАН АКТРИСА

АНА АМАНАТЫН АРҚАЛАҒАН АКТРИСА
ашық дереккөзі
544

 Әке мен шешеден ерте айрылып, зұлматты жылдардың тауқыметін тартса да, тағдыр оны талай күресінге лақтырса да, мойыған жоқ. Азапты күндерден аман шықты. Ана аманатын арқалап, табандылығының, жігерлігінің арқасында бойжетті. Өнер жолында өзінің қайсарлығымен, табиғи дарынымен аға-апаларының көзіне түсті. Көрермен де дарынды қыздың талантын тани білді. Сәбира Майқанова театр сахнасында жасындай жарқырады. Табиғатынан талантты қыздың өмірі қазақ театр өнерімен бірге өрілді. Ұлы актрисаның әрбір ролі баға жетпес құнды кейіпкерлер еді. Театр өнері – Сәбира Майқанова сияқты алыптармен толықса, Сәбира Майқанова театр атты киелі өнердің көшін биікке сүйреді. Театр мен Сәбира Майқанова егіз ұғымға айналды. Қазір Ұлы актриса ойнаған рольдердің бәрі Театр атты тарихтың Алтын қорында қалды.
Қиын да күрделі, зұлматты жылдардың азабы туралы көрген-білгендерін, өмірі туралы, өнері туралы жазылған қолжазбасын белгілі театр сыншысы Әшірбек Сығайға аманаттап қалдырған екен. Бүгінде ол қолжазбаның бәрі сыр боп өріліп, жинақ боп жарық көрді. «Ғибратты ғұмыр» атты жинақ «Қазақстан» баспасынан жарық көрді. Алпысыншы-жетпісінші жылдардағы көрерменнің жадында қалған, бүгінгі көрерменнің есінен шыға бастаған аса талантты актрисаның өмірін, ғибратты ғұмырын тағы бір рет оқырманның есіне салғымыз келді. Ел барда ұлтын сүйген жүректердің аты өшпейді. Бұған біздің де көзіміз жетеді. Сәбира Майқанова кешкен ауыр да азапты ғұмыр қанша қиын болғанымен, актрисаның артында елі ұмытпайтын із қалды. Ол із кешеден бүгінге жалғаса бермек.

…Менде балалық, жастық шақ болмай өткен жанмын. Әке-шеше тәрбиесі, еркін өмір дегеннің не екенін білмей өскен адаммын. Балалық шағымда жақсылық көрмеппін десем де болады… Бұл кездер – менің жеті-сегіз жастардағы сәби шағым, панасыз, жалаң аяқ, жалаңбас, аш жүрген жылдарым… Қалай өлмей тірі қалғанмын?!

***
…Сол кездегі адамдар не деген тас жүрек, надан болған. Жас босанған сырқат әйелді сүйрелеп, күні-түні көшу неткен сұмдық? Апам тіл қатпайды. Сөйлемейді. Күн ыстық, күйіп тұр. Ептеп болса да, апамның халінің жақсы еместігін түсінетін сияқтымын. Сіңлім не білсін, екі жасар сәби ғой. Анамның ахуалы тіпті ауырлай түскендей. Жаңа тігілген үйде ешкім жоқ, оқтын-оқтын біреулер келіп-кетіп жатыр. Зағипа үй сыртында ойынымен әлек. Ірге түрулі. Сәбидің аты сәби ғой. Жерді шұқылап қазып, оның бетін ағашпен жаба алмай әуреленуде. Анам оны шапалақпен бетінен тартып жіберді. Әлсіз жатқан кісіге мұндай күш қайдан бітті, әлі күнге дейін түсіне алар емеспін. Сіңлім жылап, үйден шығып кетті. Мен анамның жанында қалдым. Апам әбден аласұрып қиналды. Кенет, қолымнан тартып, мені бауырына қысты. «Ей-й, құлыным-ай, жат жерде қалдың-ау» деп қатты қамығып, емірене құшақтады. Жанарынан ыстық жас жылт-жылт етіп, маған ынтыға қарайды. Мен анамның төсінде жатырмын, кеберсіген ернін жыбырлатып, қайта тіл қатты. «Жалғызым, мен өлемін енді, айтар өсиетім, ешкімнің ала жібін аттама, өтірік-өсек айтпа, анда-мұнда сенделіп бос жүрме, жаман нәрсенің бәрінен аулақ бол» – деп, бұрынғыдан да қаттырақ кеудесіне қыса түсті. Ал мен болсам, өксіп-өксіп жылайын кеп. Бір кезде есіл анам ес-түссіз қалғандай болды.

***
…Жерге де қырау түсті. Қарнымыз аш, лашығымыз болса суық, ендігі тіршілігіміз әр үйдің есігін аңду. Етіксымағымның ішіне қар толып кеткеніне қарамай, қатар жатқан қыстаулардан пана іздейміз. Қайда барсақ та біздің орнымыз босағаның маңы. Көңілдері келсе, бірер жапырақ нан береді, жақтырмаса, үйлерінен айдап шығады.
Бір күн бір күннен асып түседі. Қатты боран басталғаны жадымда. Үйден шығу мұңға айналды. Өгей әкемнің інісінің үйі бізге жақындау болғандықтан енді сол үйдің есігін «күзете» бастадық. Алыстау үйлерге бара алмаймыз. Арылдай ұлыған қара суық қу боран жан алғалы жатқандай-ақ құтырына ұйытқи соғады. Қақырамыздың терезесі бейне бір мұз тәрізді, сықырлай жөнелгенде зәре-құтымыз қалмайды. Қар басып қалған есікті, қайтсек те тірі жанбыз ғой, жығылып-сүрініп жүріп, әзер ашып тазалаймыз. Нәп-нәзік сәби саусақтарымыз қып-қызыл болып үсіп кетеді. Бірақ амал не, өмір сүру керек. Біз үшін екі-үш қасық ыстық бірдеңе жұтудан өзге еш арман жоқтай. Қазір ойлаймын, сол кездегі адамдар неге сонша қатыгез болды екен деп. Үйлеріне барғанда көретініміз – балалары әке-шешелеріне еркелеп-есіріп жатады. Ал бізге, тырнақтай екі қыздың пешенесіне тап бір жетімдіктің бар тауқыметін шегелеп-ақ тастағандай бұл неғылған әділетсіздік еді? Біздің еркелеуге, киім киюге, тоя тамақ ішуге қақымыз жоқ па еді? Әлде, әу баста маңдайымызға осылай жазылған ба?

***
…Халі келгендер май қатып, тары көже жасайды. Не болмаса, көбінің күнелтетіні – атала көже. Иісін сезген бетте аңдып жүріп, есіктерден сығалаймыз. Көңілі түскендері кішкене кесеге бірер қасық құйып береді. Олары күн ұзын аш құрсақ жүрген екі ғаріпке не бола қойсын? Өліп-өше суын ішіп, тарысын тауық тәрізді қолымызбен енді теріп жеп бола бергенде, «Кетіңдерші, кетіңдер, неге күнде келе бересіңдер?» деп далаға қуып шығады. «Бұларың кім?» деп сұраған үйіндегі бейтаныс біреулерге: «Ой, әлгі Дәнегүлдің жетім қыздары ғой» деп жатады. Жетім деген суық сөз тәңірдің бізге тас қып бекітіп берген атау-айдары болды, өз есімімізбен ешкім атамайды. Бұдан өткен мүсәпірлік, бұдан асқан қорлық, сорлылық бар ма екен? Басымнан кешкен сол қиындығы мол, көз жасымды көл қылған мехнатты, қайырымсыз да қасіретті күндерімнің көбісін ұмытып та қалған сияқтымын. Сол шақтар ата-анама еркелеп-ақ жүретін кездер емес пе еді? Кішкентай Зағипаны сүйрелеп, әркімдерге жалтақтаумен өткен сол бір менің аяусыз балалық шағым-ай. Аяғымнан өткен су, өңменімен өткен желді қалай ұмытармын? Қуанышпен еске алар титтей де сәттердің болмағанына әлі күнге дейін қатты қапаланамын.

***
…Қаншалықты ауыр жағдайда жүрсем де мен үшін шешемнің өлер алдындағы айтқан нақыл сөздері жүрегіме мәңгі жазылып қалғандай. Анамның сондағы айтқан өсиеті мені нақ осы күнге шейін адал жолға бастаумен келеді. Қайран да, менің асыл анам! Мәңгілікке көз жұмарыңда мені дұрыс бағытқа жол сілтеп кеткенің үшін мен саған өмір бойы қарыздармын. Тіршілікте қандай азап көрсем де, тағдыр талқысы мені қаншама бұралаңы көп белгісіз сүрлеулерге икемдесе де анамның адал өсиетін орындап, күні бүгінге шейін әділет соқпағынан таймай, адамдықтан айнымай келемін. Осындай қия жолдар кісіні шынықтырып, оған күш-қайрат қосып, жігерлендіре түседі екен. Мен мұқалған емеспін, қайта толқынға қарсы жүзіп, құлшына түсетін сияқтымын. Анамның өсиетімен өмір сүріп, ешкімнің ала жібін аттамауды мұрат тұтып келемін. Өзіңіз байқадыңыз, мен көрген азап аз емес, бірақ адамзаттың алдында арым таза. Басқа немен ақтармын өсиетіңді, асыл анам! Бір өксіп-өкінерім, ең болмаса, қабіріңнің қайда екенін де біле алмадым ғой. Ананың балаға деген сүйіспеншілігін тілмен қалай жеткізерсіз? Перзенттеріңнің қызығын көруді саған тағдыр жазбады ғой. Сонау қызықсыз өмірден көкіреккеудең қасіретке толып, жарық дүниеден тым…тым… ерте кеттің. Сәби көңілімде қалған көмескілеу жүзің ойыма оралғанда жүрегім атқақтап кетеді. Мен әкемнің жоқ екенін, маңдайымнан сипар жанашыр жанның жоқ екенін ерте түсінген адаммын, аяулы анам! Ең болмаса, өз әкемнің елінде өсіп-өнсем, жағдайым, мүмкін, басқаша болар ма еді? Соны өзің де өлер кезіңде көп ойлап, қатты қайғырдың ғой. Бірақ қанша қиналсам да, мұқалмай-можымай ержеткенімді білсең, о дүниелік рухың тыныш табар ма еді, жан ана!

***
…Сәті түсіп, Қызылорда театры мені өз сахнасында он күн ойнап қайтуға шақырды. Театр ұжымы өте жақсы қарсы алды. Қала орталығындағы алғашқы күнімді «Қарагөздегі» Мөржанмен аштым. Мөржаным, өзімнің баяғыдан ойнап келе жатқан сыралғы рөлім…Туған жердің тәтті тебіренісі қойсын ба, бар шабытымды салып, бойымдағы бүтін зауығымды арнап, аянбай-ақ сілтедім ғой деймін. Жерлес көрермендерім де дән риза секілді. Бір мақтануға болатын шығар, ертеде елден шығып кеткен, бір кездері жетімек қыздарының шеберлік өресін, сахналық қажыр-қайратын бір байқасын, қалың ел-жұртым деген іңкәр көңілмен төгіле, түгесіле, таусыла әрекет жасадым білем… Зәулім зал іші күңіреніп кеткендей болды. Құлағым бітіп, көзім қарауытып кеткендей бір сәт! Шымылдық сан мәртебе ашылып-жабылғаны еміс-еміс есімде.
Құлағыма Қорқыт ата күйлерінің сарыны келді. Көкірегімде атақты Сыр сүлейлері: Қарасақал Ерімбет, Майлықожа, Мәделі қожа, Жиембет, Рүстембек, Нартай жыраулардың саз аңқыған ғажап мақамдары атой салғандай… Адуын кейуана Мөржан кейпінен шыға алмай көп бұлқындым сол жолы. Мөржан…Асыл Мөржаным… Қатал да, қатты да болсаң, адалсың-ау ағайыныңа, туған ел-жұртыңа! Жабай мен Қарагөзге: «Ата жолынан адаспаңдар» – дегеннен басқа не тілегі бар еді оның….Сырымға да айтары сол, «Адал жүріп, адам бол, ата жолын бұзба» – деген үлкендік, даналық ұлағатты сөзі ғана жазғанның! «Жеті аталарыңа жетпей бата бұзбаңдар» – деген көнекөз ананың кінәсі қайсы?

***
…Шынымды айтсам, қиындықты көп көрген адамға бәрібір екен. Тасымаймын да, төгілмеймен де. Қалтамызға бір сом түссе, шұбырып театрға барамыз. Есік аузындағы әбден көзтаныс болып алған Будникова деген әйел еш бұлданбай-ақ ішке кіргізеді де жібереді. Келе-келе театрсыз тұра алмайтын болдым. Маған қатты ұнайтыны – дос қыздарымның «сен артистка болуға лайықтысың» деп көтермелейтіндігі. Карл Маркс көшесіндегі қазақ театрының әнші-артистері шеттерінен сұлу көрінер еді. Бұрындары театрдың не екенін білмей өскен маған, өлшемі жоқ ғажап өмір басталып кеткендей.
Ойын басталғалы жатыр. Бір соммен театрға кірген он шақты адам ең артқы орындықтардың бірінде отырмыз. Соған да дән ризамыз. Залда халық лық толы. Бір кезде сахнаға жасындай жарқылдаған сұлу жігіт жайраңдап шыға келді. «Құрекең, Құрманбек» деп жатты сыбырласып бірлі-жарым оны білетіндер. Шынында да, концерттің жүргізушісі Құрманбек Жандарбеков болып шықты. Сырбаз да сері Қаллеки Қуанышбаев шықты. Үстіне киген үлкен жолақты әдемі де сәнді костюмі қандай! Сол кездері Қаллеки отыздың ар жақ, бер жағында. Тақпақты төпелетті-ау бір. Күләш шықты бетінен нұры төгіле, тоты құстай таранып…Тақпақтатып Серке аға шықты сахнаға. Елағаң да керемет әнші кісі екен. Камалдың жарқылдаған жас кезі, өлеңді кемеліне келтіре айтады. Жас Сейфолла – ол да қалысар емес ешкімнен. Бір кезде өзбекше шапан киіп, басындағы тақиясын ойнатып Құрекең кетті дөңгелеп. Атлас көйлегі жер сызған Шара сұлу қандай әдемі. Екеуінің жарасымын айтсаңшы. Жер тепкілеп, у-шу болып қол соғып жатқан ел-жұртта ес жоқ. Мынадай сұлу жұп көрсем, не қыл дерсіз? Халық қошеметінде шек жоқ. Театрда өтер осындай қызықтардан қалай шет қаларсыз?! Ынтызарлығым асқына, театрға келуім жиілей түсті. Күндіз-түні ойлайтыным – сахна. Оқу ойдан шығып бара жатты. Орайын қалай тапсам екен деп жүрегім лоблып жүргенде қыздар да мені қайрай түсті. «Текке толқып не керек, одан да театрға барайық та оның басшыларымен тікелей сөйлесейік», – деп өрекпіді олар. Ақыры, айтқандарын істеді. Алда не боларына көзім жетпей, мен аласұрамын. Сонымен, аңсарым әбден қатты ауған шақта еріксіз келіп театр басшысының есігін қақтым. Өзімде өң жоқ, түс жоқ. Бұл 1932 жылдың ақпан айы болатын. Театр директоры өте сыпайы, кісіге қарағанда көзінің қиығын ғана тастайтын, аузынан насыбайы кетпейтін түсі жылы өте жақсы адам екен. Бұл – атақты Орынбек Беков ағай екен. Басы артық көп ештеңе сұраған жоқ, кәдімгідей үлкен адаммен сөйлескендей (менің қысылып отырғанымды сезді-ау, шамасы), аса салиқалы мінез көрсетті. Мен де пәлендей тәрбиелі ортадан шықпасам да, үлкен кісінің алдында өзімді барынша бекем ұстауға тырысып бақтым. Соңында ол кісі Серке ағайды шақыртып, мені оған мұқият тапсырып, оның тексеріп көруін өтінді. Әлі көз алдымда, Серке ағаның кигені галифе шалбар, аяғында өкшесі биік, қонышы ұзын қырым етік, бұйра шашы дудырап мені басқа бір бөлмеге ала жөнелді. Көңілімде үрей. Серке аға ананы-мынаны сұрап жатыр, мен шамамның келгенінше жауап беріп жатырмын. Этюд жасатты. Өлең айтқызды. Баяғы «Қараторғайды» ортасынан бастайтын әдетімнен бұл жолы да жаңылғам жоқ. Керемет болмағаны өзіме мәлім. Қойшы, әйтеуір, терлеп-тепшіп жанталаса, жағаласа жүріп, Серағаңа ұнасам керек, театрға қабылдандым. 120 сом айлық белгіледі. Шын өмір енді басталғандай. Мен келісімен 8 нау­рыз мейрамы да тойланып жатты. «Қандай бақыттымын!» деймін іштей шаттанып. Бақыт құшағына күмп ете түстім. Кешкілік көпшілік сахналарына қатысамыз. Екі езуім екі құлағымда. Баяғы сүреңсіз күндерімнен алыстай түскеніме ессіз қуанамын. Жаратқан қашанғы қинасын?

***
Орыс драматургиясы сахнамызда жиі қойылатын. Ал Шекспирмен кездесу – ұжым үшін жаңалық. «Отеллоға» қызу кірісіп кеттік. Отелло – Өмірзақов, Бадыров, Яго – Қармысов, Кассио – Айманов, Дездемона – Бекмағамбетова, Абдуллина, Эмелия – Шамова, Бьянка – Майқанова…
Қапанның жасындай жарқылдаған жас кезі. Отелло – Қапанның өте жақсы кейіптеген кейіпкері. Оның Отеллосын халық жоғары бағалады. Нәтижесінде Камал, Қапан жасаған бейнелер ерекше шықты. Бьянка да пәлендей үлкен рөл болмағанымен пьесаның арқауы іспетті кейіпкер ғой.
Шәкен Кассионы ойнауда тамаша шеберлік танытты. Оның арқасында мен де ауызға ілініп қалдым. Осы «Отеллоға» қатысқан жастардың бәрінің де жолы болып еді. Үлкендер жағы қандай? Әрқайсысы бір-бір төбе.
Үлкен жұмыс кезінде күшті ауызбіршілік байқатқандай болдық. «Отелло» жұмысымызға зор серпін берді. Театр тағы да бір биік белес­ке көтерілді. Он үш-он төрт жылдық қана тарихы бар жас театр Шекспир әлеміне осылайша батыл қадам басты.
Соғыс басталып кетті. Соколовский театр­дан қол үзіп, тағы да режиссерсіз қалдық. Бас режиссер болып Қапан Бадыров тағайындалды. Менің едәуір ысылып, тәп-тәуір образдар жасаған кездерім еді. Любовь Яровая, Мария Антоновна, Рәш, комсомол хатшысы Зотова және Көклан секілді рөлдерді әжептеуір меңгеріп, назарға іліне бастаған шағым.

***
«Моссоветтің» бір режиссері (аты-жөнін ұмытыппын) бізге спектакль қойды. Жасы ұлғайған кісі еді, ол маған зауыт директорының хатшы қызын ойнауды ұсынды. Үш-төрт-ақ ауыз сөзі бар. Соған да қатты қуандым. Қызметтің үлкен-кішісі жоқ, мен оған шын жүрегіммен кірістім, өйткені, режиссер өте жақсы адам. Ролді менсінбегендей кейіп танытсам, менің ондай арзан көкірекке салынуым кімге керек? Жиырманың ішіндегі жас кезім, хатшы қызды жан-тәніммен орындап жатырмын. Режиссердің мінезі өте қызық. Көлдей қол орамалымен бетін әлсін-әлсін сүрткіштеп отырады, жай сөйлейді. Адамның атын дұрыс атамайды. Сәлменовті Сал деп ұрсып жатады, бәріміздің де атымызды қисық атауды әдетке айналдырған.
Сонымен, ойынды қойдық. Премьераны үлкен шабытпен ойнап шықтық. Көзімде көзәйнек, жылмаңдаған секретарьшамын. Театрдың бас режиссері Моисей Исааковичтің әйелі Ева Исааковна мені қызу құттықтады. Бұл кісінің өзі де кезінде артистка болған, ол шын жүрегінен: «Сәбира, ты настоящая артистка» деп, арқамнан қағып, мені біраз көтеріп тастады. Сол күні менен асқан бақытты адам болмаған шығар, сірә?!

***
Айманов пен Штейн қойған «Абай» спектаклінде ұлы Абайдың анасы – Ұлжанды ойнаймын. Бұл ролім театрды бір сілкіндіріп тастады. Менің Ұлжан жайындағы көрермендерден алған бағам өте зор болды. Бұл – үлкен аналардың роліне бірінші баруым. Сондықтан да өз қуанышым шексіз болды. Бүкіл отбасымызбен қатты шаттандық. Сол кездерде шын ниетіммен ойлаушы едім – «Адамға адам қалайша қиянат жасайды» деп. Ол ойым өте қате екен. Сонымен, «Абай» қойылымы Сталиндік сыйлыққа ұсынылып, лауреат атағына жеті адам үміткер болды: Қожамқұлов, Қуанышбаев, Айманов, Өмірзақов, Бадыров, қойылымның суретшісі (есімін ұмыттым) және мен – Майқанова. Әлбетте, кейбіреулердің Мәскеуде де, Алматының өзінде де қамқоршылары көп болды. Мен қаннен қаперсізбін. Басқаларда, байқаймын, жүгіріс көп. Мәскеуден, Тәшкеннен комиссия келіп көріп жатыр, кетіп жатыр. Көп нәрсе естимін, бірақ нақ осындай әділетсіздік болар-ау деген күдік ойыма кіріп шықпапты. Басқалардан «сүйінші» сұраушылар табылып, «сүйінші» берушілерді де көріп байқап жүрмін. Сонда да әлденеден дәмелімін. Не керек, сол сыпсың сөздер рас болып шықты. Мені тізімнен алып тастапты. Лауреат болуға басқадай лайық адамдар шыққан. Шынымды айтсам, қатты күйзелдім. Балаларымның да көңілдері қабаржып қалды. Қатты үміттеніп жүргенде мұндай шешімнің шыға келуі кісі жүрегіне ауыр тиеді екен. Амал қанша? «Жалғыздың үні шықпас» деген.

***
Сонымен Әбекеңнің «Жомарттың кілеміне» қызу даярлық жүріп берсін. Мен екінші құрамда жүргенде Мәкең (Шамова) аяқ астынан ауырып қалып, мен бірінші кезекке шыға келдім. Екіншіден біріншіге өттім. Онда да Мәкеңнің науқастануына байланысты, әйтпесе, ол кісінің өзі ойнайтын еді. Мәкеңнен бұрын ойнағаныма қатты қысылып та жүрдім. Өйткені, оны актриса ретінде де, адам ретінде де қатты сыйлаушы едім. Мәкең мені түсінді, ренжіген жоқ. Менің арым таза, бетіне тура қарай алдым. Біздердің үлкендерге деген сый-құрметіміз ерекше еді.
Күн-түн демей, Гауһарға қызу кірістім. Әрбір іс-қимылдарына қатты көңіл аудардым. Рошаль да ерінбей қызмет істеді. Байқауымша, Гауһар режиссердің ойынан шығатын сияқты. Шәкен Аязды ғажап ойнады. Аязға Гауһардың жанталаса беретін бұйрығы бар, сонда Аяз-Шәкен оның қолын иіскеп, мәселені бірден түсіне кетеді. Қайран Шәкен, алып актер еді ғой! Қайталанбас биік тұлға еді ғой!
Халықтың пікірі бойынша, «Жомарттың кілемі» табысты ойналды, әсіресе, жез­тырнақ­тар тобы басымырақ шықты деген баға үстемірек болды. Халық – сыншы, одан биік ешкім жоқ. Рошальдың мына бір айтқан сөзі ешқашан да есімнен шықпайды: «Сазға батып кеткен артистканы судың бетіне шығарып алдым», – деп еді ол. «Оны шеберлер қатарына қостым» деп еді. Шынында да, солай болды. Артистка, байғұс, осындай үлкен жақсылық жасаған режиссерді қалай ұмытсын?! Мен Рошальға, ауыр кездерде қолтығымнан демеген талантты орыс режиссеріне мәңгі рахметімді айтумен келемін. Ол менің алға қарай ілгерілеуіме көп көмек көрсетті.

***
Бір кезде бір топ кісі кіріп келді. Өнер иелері орындарынан тұрып, қонақтарды қол шапалақтап қарсы алды. Мұхаңды бірінші рет көруім. Келген кісілердің бәрі де байсалды. Мұхаңды халыққа таныстырды. Үлкен ағаларымыз қатты қуанышты. Бәрі де Мұхаңды құрметтей мадақ сөз сөйлеп, ол кісіні жылы қарсы алып жатыр.
Дуылдаған халықты тыныштандырып, театрдың директоры Орынбек Беков ағай сөз сөйледі. Ең аяғында сөз кезегі Мұхаңа тиді. Мұхаңның жігіт кезі. Сөзі қандай парасатты, өзі қандай сыпайы. Бұл кісідей мәдениетті, білімді адамды бірінші көруім. Сол күннен бастап, Мұхаң ортамызда жүрді десек те болады. Қол жетпейтін кісімен істес болдық деп біз қуандық. Не деген бақыт десеңізші! Театрдағы жастардың бағы жанды. Қамқор сөз, рухани көмекке жарып қалдық. Мұхаң қандай үлкен адам болса-дағы қарапайымдылығынан, кішіпейілділігінен айнымайтын кісі екен. Ол, шынын айтқанда, бала сияқты сенгіш, жүрегі жұмсақ кісі еді. Мұхаңның бойында кез келген жанға тән емес өзгешеліктер көп еді. Мұхаңмен бір шаңырақтың астында өткен біраз жылдар біздерді едәуір есейтіп тастады.
Есімде қалған бір ғажап – бұл кісінің қол орамалға мұқияттылығы. Басқа кісілерде бір ғана қол орамал болса, Мұхаңда ол бірнешеу. Күнде көрсең – сол қалпы. Аппақ қағаздай қол орамалдарын қалтасынан сәнімен алып жатқаны. Нақ бір патша сияқты – киімінен титтей де қылау көрмеуші едік. Үнемі үстінде жағасы кіршіксіз ақ көйлек, шалбарының бір жерінде қыртыс деген атымен болмаушы еді.

***
Жолға шықтық. Мәскеуге жеткенше, ұзын жол бойында, станса сайын дүбілген қарақұрым халық. Гүмпілдеген музыка үнінен құлақ тұнады. Жергілікті басшылар құттықтау сөз сөйлеп, біздерге оң сапар тілеп, хош айтысып, шығарып салып жатады. Өте көңілді сапар. Ол уақыттары Мәскеудің жолы алты-жеті күндік. Көпшілікпен жүргенде, жолдың ұзыны жақсы екен. Күліп-ойнап, Мәскеуге де жеттік. Керемет қарсы алып жатыр. Әрине, үлкен артистерді, атақты жазушыларды… Біз Айша Абдуллина екеуміздің жұбымыз жазылар емес. Жатын орнымыз да, жүріс-тұрысымыз да бір. Киімді де бірдей киеміз. Ажырамас достар едік. Әрине, біз екеумізде айта қаларлықтай керемет киім де жоқ. Барымызбен базармыз. Біздерді басқарып жүрген – Нарком Темірбек Жүргенов ағай. Бұл кісі сонау Алматыдағы даярлық кезеңінен барлық істің басы-қасында. Күндіз-түні театрда жүрді және де әрбір жетпей жатқан ұсақ-түйек нәрселерге дейін көңіл бөлумен болды. Өте айбынды, сұсты кісі еді. Білім-парасатында дау жоқ. Темірбек ағайлар дүниеге сирек келетін жандар санатынан ғой.
Мәскеудің Үлкен театрында онкүндік басталып кетті. Бірінші қойылым – «Қыз Жібек». Аққудай сылаң қаққан Күләш, қылыштың жүзіндей жарқылдаған Құрекең мен Қанабек, сұлу Шара. Жарқ-жұрқ еткен бір ғажап дүние! Көпшілік сахнасында жүрген біздердің өзіміз құлпырып кеткендейміз. Жүргенов, Исаевтар ойын басталар алдында тексеріп шығады. Бір адамда артық дыбыс жоқ, тәртіп темірдей мықты. Үлкендердің алдынан кесіп ешкім өтпейді. Олардың әр ескертпесі бұлжымас заң. Онкүндік керемет табысты аяқталды.

***
Ілияс аға, Сәкен аға, Би аға… Менің арманым жоқ дейтінім – осы есімдері аталған кісілердің пьесаларының бәрінде де ойнадым. Олармен әңгімелестім.
Ілияс ағаның «Семафор ашық» деген шығармасында Оразғали Кожевниковты, мен Гүлжәмиланы ойнадым. Фатима жеңгеміздің қолынан талай рет шәй іштім. Ілияс аға өте салмақты кісі еді, ірі адам болатын. Қазір оның Эльфа деген қызын көргенде Ілияс аға есіме түседі. Жақсыдан қалған ұрпақтар ғой.
Ал Бейімбет ағаның мынадай әдеті болушы еді – өмір бойы маңдай шашын шиыршықтап, бұрап отырушы еді. Бұл кісі сөзге сараң, көбінше үндемейтін. Мен ол кісінің «Майдан», «Талтаңбайдың тәртібі», «Малқамбай» сияқты бірнеше пьесаларында ойнадым.
Сәкен ағаның пьесалары саны жағынан аздау еді. Ол кездері бұрқыратып көп жазып жататын – Мұхаң. Олардан кейін Ғабең, Сәбең, Ә.Тәжібаев, Ш.Құсайынов, Ә.Әбішевтер шықты. Сәбеңнің «Шоқанында», Ғабеңнің «Қозы Көрпешінде», «Амангелдісінде», Әбекеңнің «Жалғыз ағаш орман емесінде», Ш.Құсайыновтың «Марабайында» ойнадым. Неге екенін білмеймін, Әлжекеңнің бір пьесасында да ойнамаппын. Автордан ба, әлде театрдан ба? Білмедім. Автор жазғанда бір шығармасын белгілі бір артистке арнап жазатын дәстүр бар. Өкінішке қарай, сондай замандас драматургтердің бір пьесасында да ойнамай құралақан қалғанымды арман етіп жүргенде, құдайға шүкір, қазақ әдебиетіне жоғарыдағы ағаларынан көп кейін келген талантты жазушы-драматург Дулат Исабековтің «Мұрагерлер» атты маған арнап жазған туындысында Салиха кемпірдің ролін жаман шығармағанымды көңіліме әжептеуір медет тұтамын.

Дайындаған
Гүлзина БЕКТАС

Серіктес жаңалықтары