«ҚАЗАҚ КӨШІ» ҚОЗҒАҒАН ОЙ

«ҚАЗАҚ КӨШІ» ҚОЗҒАҒАН ОЙ

«ҚАЗАҚ КӨШІ» ҚОЗҒАҒАН ОЙ
ашық дереккөзі
204
Қазақтар әлем тарихында көшпенді халық деп танылады. Қазір әлемнің 40 шақты мемлекетінде 15 миллионнан астам қазақ сол өздері тұрып жатқан елдегі саяси,әлеуметтік жағдайға бейімделіп, көшпенділік өмірден өзгеше жағдайда өмір сүре бастады. «Қазақ көші» кітабының арқауы болған Моңғолия қазақтары осыдан 150 жылдай уақыт бұрын қазіргі Қытай еліне қарасты Шыңжаң өлкесінің Алтай аймағын мекен етіп тұрыпты. Олар сол жылдарғы саяси жағдайға байланысты Өр Алтайдан Алтайдың күнгей беті, яғни Қобда бетіне көшіп қоныстанған. Осы көші-қон үдерісі кезінде қазақтардың басынан талай қиындықтар мен зобалаңдар өтті. 1940 жылы Моңғолияның батысында қазақ аймағының жеке шаңырақ көтеруі, Моңғолия қазақтарының рухани, мәдени, экономикалық тұрғыдан өз алдына дербес аймақ болып дамуына және атажұрт Қазақстанмен рухани, мәдени салаларда жақындасуына жол ашты. Әлемде көші-қон мәселесі аса күрделі, ұзаққа жалғасатын, шешілуі қиын құбылыс ретінде белгілі. Ал Қазақстанға келер болсақ, Қазақ елі өз тәуелсіздігін жариялаған сол сәттен бас­тап көші-қон мәселесі туындады. Оған себеп «Қайт, қазақ, Отаныңа!» деген қазақтың белгілі ақын-жазушылары және ғалымдарының шетелдегі қандас бауырларын шақырған үндері, оған ілесе Президент Н.Назарбаевтың қазақ баспасөзі арқылы «Алыстағы ағай­ынға ақ тілек» атты әйгілі хаты еді. Моңғолия қазақтары ең ал­ғаш Қазақстанға қарай осыдан 22 жыл бұрын көш керуенін бастады. Алға­шын­да «Еңбек шарты» деген атпен 1991-1992 жылдары 40 мыңдай қазақ Моңғолиядан атажұртқа оралды. Қазақстан үкіметі сол жылдарғы елдегі күнкөрістің қиыншылығына қарамастан осыншама қазақты көшіріп алуда шынымен ерлік қадамдар жасады. Сондай-ақ осы 20 жылдан астам уақыт ішінде Моңғолиядан 100 мыңдай қазақ атажұртына көшіп келіп, қоныс тепті. Олар бүгінгі күні Қазақстанның барлық облыс, аудандарында ел қатарлы өмір сүріп жатыр. Моңғолиядан әлі көшіп келсем деп буынып-түйініп отырған қазақтар баршылық. Моңғолиядан басталған осы көшті әлемнің басқадай елдеріндегі: Қытай, Түркия, Ауғанстан, Өзбекстан, Сауд Арабиясы, Ресей, Иран, Түрікменстан, Қырғызстан қазақтары жалғастырды. Моңғолия қазақтарының көші туралы бұл кітаптың бірінші бөлімінде алғаш Керей қазақтарының Алтайдың Қобда бетіне қашан, қалай асқаны туралы, бұл көштің себептері туралы Г.Е.Грумм-Гржимайло, Г.Н.Потанин, А.М.Позднеев секілді орыс ғалымдары мен саяхатшыларының жазып қалдырған еңбектері және Моңғолия қазақтары арасынан шыққан Ә.Мініс, А.Сарай, Қ.Ислам, Қ.Зардыхан, М.Құрметхан қатарлы тарихшы ғалымдардың Моңғолияда қазақ аймағының алғаш құрылғандығы туралы жазған еңбектері негізінде тарихи шолу жасалды. Кітаптың екінші бөлімінде Моңғолия қазақтарының Қазақстанға қарай көші, ол көштің тауқыметі мен қиындықтары туралы автордың өзі көріп білгендері және басынан кешкендері айтылады. Кітаптың үшінші бөлімінде қандастарын қабылдаған атажұрт және ондағы жағдай жөнінде автор­дың мерзімді баспасөзге берген сұх­баттары ал кітаптың төртінші бө­лі­мінде атажұрттан алыста қалған Моңғолия қазақтарының бүгінгі басынан кешіп жатқан тұрмыс жағдайы және атажұрт Қазақстанмен арадағы қарым-қатынасты жандандыру мәсе­ле­лері сөз болады. Ал кітаптың бе­сін­ші бөлімінде атажұртқа көшіп келіп елмен бірдей қазық қағып, ел қа­тар­лы өмір сүріп жатқан және жаңа кәсіп иегерлері атанған моңғолиялық қандастарымыз жайлы айтылады. Тарихи деректемелер және ес­те­лік­тер негізінде жазылған бұл еңбек қазақ диаспорасын зерттеушілерге, көші-қон саласының мамандарына және жалпы оқырман қауымға арналады. Е. Құмар

Серіктес жаңалықтары