Өзара сенім, тиімді әріптестік

Өзара сенім, тиімді әріптестік

Өзара сенім, тиімді әріптестік
ашық дереккөзі
248
Әдепкі салтанат дәстүрлерге сәйкес Иранның әнұранымен және Парламент спикерінің ұлықтау бағдарламасын жариялауымен басталды. Бұдан кейін Құраннан сүрелер оқылып, Парламент спикері мен Жоғарғы сот төрағасы сөз сөйлеп, Хасан Роухани Президент антын берді. Иранның жаңа президенті Иран мен өзге елдер арасында өзара жақсы сенім қалыптастыру мен ұлттық және төңіректегі қауіпсіздікті күшейтуді Иранның жаңа үкіметінің басты бағдарлары деп жариялады. «Иранның жаңа үкіметі халықаралық әріптестіктер айдынында Иран мен аймақ және әлем елдері арасында өзара жақсы сенім қалыптастыру мен ұлттық және төңіректегі қауіпсіздікті өрістетуге талпыныс жасайды. Текетіресті айы­ру, өзара сенім қалыптастыру және тиімді әріптестік Иранның жаңа үкіметі әрекетінің жолын жарқыратады», – деді. «Kazakh.irib.ir» Иран радиосының сайтында президенттің ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзі берілген. «Иран ешқашан әлеммен соғысу туралы ойлаған жоқ. Бұл ел үнемі соғысқұмарлар мен соғыс ашуларды ауыздықтауға талпыныс жасап келді. Өз бауырын өлтіру, секталық және тайпалық қатыгездіктер мен әділетсіздіктерді доғару бүгінгі әлемдік қоғамдастықтағы барлық ұлттардың талабы болып табылады. Ұлттық тұтастық пен тыныштық және қауіпсіздікте сайлауға қатысатын халықты санкциямен бас июге мәжбүрлеуге немесе соғыспен қорқытуға болмайды. Демек Иранмен тіл табысудың жалғыз жолы тең жағдайда сұхбаттасу, өзара сенім қалыптастыру, екі жақты құрмет және өшпенділіктерді азайту», – деді ол. Президенттің бұл сөздері әлемге кеңінен таралды. Бұл орайда Ақ үйдің алғашқы реакциясы да белгілі болды. «Егер Иран Ақ Үйдің халықаралық міндеттемелерге берік болуы тиіс деген мәселе бойынша келіссөзге кіріскісі келсе, АҚШ үкіметі осындай келіссөзге қатысуға қарсы емес», – деп мәлімдеді. АҚШ президенті бюросының мәлімдемесінде «Роухани мырзаның қызметіне кірісуі Иранның атомдық бағдарламасы туралы алаңдаушылықтарды жедел шешу үшін мүмкіндік тудырады» деп қуатталған. Хасан Роухани өзінің мәжілістегі сөзінде Иранның өзге елдермен қарым-қатынасының негізі «өзара құрмет пен ортақ мүдде тиімді әріптестікке негізделеді және оның үкіметі өз әрекетін қарсы тараптың қатынастарымен ыңғайлас реттейді» деп мәлімдеген жағдайда таратылды. Бұл салтанатты рәсімге ҚР Президенті Н.Назарбаев та қатысты. Елбасымыздың Иранға бесінші сапары екенін айта кеткен жөн, өйткені бұл рәсімнен кейін екі елдің президенттері кездесіп, екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды бағыт­тары бойынша даму перспективаларын қарады, сондай-ақ халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелерін қозғады. Нұрсұлтан Назарбаев пен Х.Роухани екі елдің транзиттік-көліктік мүмкіндігін белсенді пайдалану қажеттігін атап көрсетті. Жаңаөзен-Қызылқия-Берекет-Этрек-Горган бағыты бойынша теміржол желісінің қолдағы бар әлеуеті айрықша атап өтілді, ол аймақтық сауда-экономикалық өзара іс-қимылды едәуір жандандыруға және өңірдің көлік-коммуникациялық құрылымының тиімділігін арттыруға қабілетті. Тараптар Иранның ядролық бағдарламасы төңірегіндегі жағдайды тезірек реттеу мәселесін де талқылады. Қазақстан оған белсене қатысуға, соның ішінде «5+1» форматында жаңа келіссөздер жүргізу орны ретінде алаң ұсыну арқылы атсалысуға дайын.

Ақниет ОСПАНБАЙ 

Серіктес жаңалықтары