УЛЫ ГЕПТИЛДЕН ҚАЛАЙ ҚҰТЫЛАМЫЗ?

УЛЫ ГЕПТИЛДЕН ҚАЛАЙ ҚҰТЫЛАМЫЗ?

УЛЫ ГЕПТИЛДЕН  ҚАЛАЙ ҚҰТЫЛАМЫЗ?
ашық дереккөзі
204

 І вице-премьер, Өңірлерді дамыту министрі Бақытжан Сағынтаев бастаған делегация Қызылорда облысына табан тіреді. 

ВЛАДИМИР ПОПОВКИН, федералдық ғарыш агенттігінің жетекшісі: 

«ӨТЕМАҚЫ ТӨЛЕУ ҮШІН ХАЛЫҚТЫҢ ДЕНСАУЛЫҒЫНА ЗИЯН 

КЕЛГЕНІН ДӘЛЕЛДЕУ КЕРЕК»

Әуелі өңірдегі проблемалармен танысып, гептилден уланған аймақтың тұрғындарымен кездескен делегация Ресей Федерациясы «Роскосмос» өкілдерімен бірлесе отырып, арнайы жиын өткізді. Жиын барысында І вице-премьер Ресей тарапынан улы гептилден келген зиянның орнын толтыруды талап етті. Бұған дейін Қазақстан халқына келтірген залалы үшін ел алдында кешірім сұрауға дәті жетпеген стратегиялық әріптесіміз, тату көршіміз Ресей әйтеуір келтірілген зиянды өтеуге келісімін беретінін айтты. Екі елдің өкілетті органдарының қатысуымен өткен жиынға келген қазақстандық делегацияны Сағынтаевтың өзі басқарса, ресейлік делегацияны федералдық ғарыш агенттігінің жетекшісі Владимир Поповкин басқарды. Ресей ғарыш саласының мамандарының айтуы бойынша, «ПротонМ» зымыран тасығышының құлауына өзге емес, «Роскосмос» қызметкерлері кінәлі. Олар берілуге тиісті отынды дұрыс есептемеген. Әзірге Байқоңырдан ұшырылуы тиіс «Протондар» тоқтатылған. Алайда одан Қазақстанға келген зардаптың жеңілдей қояр түрі жоқ. Улы гептилді «Протондарды» ұшырған 15 Жылдың ішінде дәл осындай ірі деңгейдегі апаттардың саны – беске жеткен екен. Соған қарамастан, Ресей Қазақстан тарапынан адам денсаулығына зиян келгенін дәлелдеуді талап етеді. 

Аталған жиында сөз алған Владимир Поповкин: 

– Адам денсаулығына келтірілген зияндарға өтемақы төлеу үшін, оны дәлелдеу қажет. Аталған апаттан адамдардың зардап шеккені рас болса және ол дәлелденсе, әрине, біз өтемақы төлеуге дайынбыз. Отандық медиктер мен экологтарға бұл апаттан зардап шеккендердің өтініштерін ресми түрде рәсімдеп, «Роскосмостың» атына жазуға тапсырма берілді, – дейді.  

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ КОДЕКСІ «БАЙҚОҢЫР» КЕШЕНІНДЕ КҮШСІЗ


Дегенмен Қазақстан тарапы бұл мәселеде өз талаптарынан бас тартпайтынын байқатты. Байқоңыр мәселелерін зерттеу үшін құрылған комиссия «ПротонМ» зымыран тасығышының құлауы екі түрлі мәселені қолға алу қажеттігін байқатқандығын мәлімдеді. Біріншіден, Төтенше жағдайларды ескертетін жаңа жүйе қажет. Екіншіден, Қазақстанның экологиялық кодексі Байқоңыр ғарыш кешенінде де күшіне енуі тиіс. 

Бақытжан Сағынтаев жиын соңында ҚР мен РФ арасында «Байқоңыр» кешенінің аумағында экология және табиғатты пайдалану жөніндегі келісімнің хаттамасына қол қоюды жеделдетуді тапсырды. 

«Байқоңырдағы апат «Байқоңыр» кешенінің қызметіне орай экологиялық мәселелерді кешенді түрде екіжақты шешу қажеттігін тағы бір дәлелдеді», – деген ол. 

Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев зымыран-тасығыштардың апатқа ұшырауы облыс тұрғындарының денсаулығына кері әсерін тигізгенін айта отырып, бірнеше нақты шараларды қолға алуды ұсынды. Мәселен, экологиялық жағдайдың қатаң мониторингін жасау, тұрғындардың денсаулығын тексеру,  ғарыштық инфрақұрылым обьектілерін пайдалануда бірлескен бақылау жасау, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, Байқоңыр қаласы мен Төретам, Ақай ауылдарының дамуына үлес қосу. 

2 тамызда Ресей Федерациясының премьер-министрі Дмиртрий Медведев «Роскосмос» жетекшісі Владимир Поповкинге сөгіс жариялады. Негізгі айып – өз міндетін қажетті деңгейде орындай алмауы. Алайда, РФ вице-премьері Дмитрий Рогозиннің айтуына қарағанда, бұның «Байқоңырдағы» зымыран тасығыштың құлауына мүлдем қатысы жоқ екен. Бұған дейін болған бірнеше апаттың орын алуына байланысты беріліп отырған сөгіс дейді ол. Сонда қазақ даласын улы гептилмен улап, халқын жарымжан еткенін Ресей тарапы әлі мойындамай отырған секілді. Керісінше, бұл сөгіс қазақстандық делегациямен бірлесіп өткізген жиын барысында Ресейдің ұстанымын дұрыс жеткізе алмағаны үшін берілгенге ұқсайды. 

Есенгүл КӘПҚЫЗЫ 

Серіктес жаңалықтары