СПОРТТЫҚ СУМКАДАҒЫ ІРІ СОМА

СПОРТТЫҚ СУМКАДАҒЫ ІРІ СОМА

СПОРТТЫҚ СУМКАДАҒЫ ІРІ СОМА
ашық дереккөзі
382

 Оның алған парасының көлемі – 116 миллион теңгеге жеткен. Бұндай соманы ғарыш аппараттарының кешенін салуға байланысты өткізілетін тендерде көмектесіп, жеңімпаз атануына ықпал етемін деген уәдемен «Құлагер» құрылыс фирмасынан алған. Аталған кешеннің құны – 15 миллиард теңге. 

Аталған сома шенеуніктің үйінен, қарапайым спорттық сумкадан табылған. Бұл жайында ресми мәлімдеме жасаған ҚР Қаржы полициясының ресми өкілі Мұрат Жұманбай:

– Ғабдуллатиф Мырзақұлов құны 15 миллиард теңге тұратын ғарыш аппараттарының кешенін салуға байланысты тендерлік конкурсты өткізу барысында «Құлагер» фирмасының мүддесіне орай жұмыс істеймін деген уәдемен осы компанияның бастығы Егенбаевтан оның сенімді өкілі Асылбеков арқылы пара алғаны үшін айыпталады, – деді.  

Жедел іздестіру тобы аталған үш адамды да ұстаған. Пара алушы мен арадағы делдал қамауға алынып, пара ұсынушы мырза үй қамаққа жабылған. 

Бұл жоба бойынша, Астанада Ғарыш қалашығы бой түзеуі қажет болатын. Ғабдуллатиф Мырзақұловтың сәуір айындағы КТК телеарнасына берген сұхбатына құлақ түрсеңіз, болашақта қазақ космонавтикасының негізі болатын жаңа кешендер мен ғарыш аппараттарының бөлшектерін жасайтын зауыттар пайда болуы тиіс еді. Алайда, шенеуніктің ірі көлемде пара алуы аталған жобаны кешіктіруге себеп болуда. «Қазғарыш» ұлттық агенттігі мен «Қазақстан Ғарыш сапары» ұлттық компаниялары әзірге бұл оқиғаға байланыс­ты түсінік беруден бас тартып отыр. Бұған дейін дәл осындай дау ғарыш агенттігінің бұрынғы басшысы Серік Тұржановқа қатысты туындаған еді. Оның тұсында авиациялық зымыран-ғарыштық «Есіл» кешені өз жұмысын бастауы тиіс болатын. Өкінішке қарай, ол іске аспады, «Сарышаған» полигоны үшін сатып алынуы тиіс құрал-жабдықтарға арналған тендер заң аясынан тыс өткізілді. Мемлекетке келген зиян 1 миллиард теңгеге жетсе, қазіргі қазақ ғарышының да күні адам қызығарлық емес. Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағалығына Талғат Мұсабаев келгелі де қазақ ғарышы біраз сәтсіздіктерді басынан кешіруде. Бірінші ұшырылған «Қазсат» жер серігі жоғалып кетті, екінші «Қазсат» жер серігі де мардымды жұмыс істемейді. Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан бері бірде-бір ғарышкер ұшырылмады, құрылысына 220 миллион доллар бөлінген «Бәйтерек» зымыран-ғарыштық кешенінің жұмысы тоқтап тұр, улы гептилмен Қазақстан даласын улап жатқан «Протон-М» зымыран тасығыштарына тосқауыл қоя алмай отырмыз, Ресей соңғы құлаған «Протон-М» зымыран тасығышына өтемақы төлеуді әлі аузына алған жоқ. Жаңа даудың осы салада қайта сипат алуы – қазақ ғарышының дағдарысқа ұшырағанының көрінісі іспетті. 

Е. Құмар 

Серіктес жаңалықтары