ОДАҚТЫҢ ҚАЙТА ОРАЛМАЙТЫНЫ ТҮСІНІКТІ

ОДАҚТЫҢ ҚАЙТА ОРАЛМАЙТЫНЫ ТҮСІНІКТІ

ОДАҚТЫҢ ҚАЙТА ОРАЛМАЙТЫНЫ ТҮСІНІКТІ
ашық дереккөзі
379

ТМД, Балтық пен Грузия мемлекеттерінің Бас редакторлар клубы соңғы бір-екі жылда осы аймақтағы сөзұстарлардың басын қосу, ортақ қоғамдық пікір туғызу, көзқарас қайшылықтарын жою, кәсіби тәжірибе алмасу бағытында бірқатар шаруа атқарды. Құрылғанына екі-ақ жыл болған құрылымның үйлестірушісі Захар Виноградов мырза Клубтың бітірген ісінен әлі тындырар шаруасы көп екенін айтады.

– Бас редакторлар клубын құрудағы мақсат не еді? Ниет ақталды ма?

– Бұрынғы кеңестік республикалардың медиаменеджерлерінің басын қосатын құрылым ретінде өзін-өзі ақтады деп ойлаймын. Ресми және бейресми сипатта жүйелі түрде өткізілген кездесулер, бұқаралық ақпарат құралдарының бүгінгі жағдайы туралы талқылаулар мен пікірталастар осындай құрылымның қажеттілігін, өміршеңдігін көрсетіп берді. Меніңше, әртүрлі мемлекеттерден (кейде ішінара бір-біріне достық ниеті аздау елдерден) жиналған адамдар ұлттық деңгейден тыс осы Клуб аясында саяси және басқа да тұрғыда ортақ тіл табысады, бір-бірімен тең дәрежеде сөйлеседі. Әлбетте, Одақтың қайта оралмайтынын бәрі де түсінеді. Әйтсе де, жаңаша, интеллектуалды, кәсіби тұрғыда бірігудің сөкеттігі жоқ. Біз өткізген бір басқосуда Әзірбайжаннан келген бас редактор Гүлнара Мамедзаде: «Біз осы Клуб арқылы кешегі кеңестік кеңістікте интеграцияның болуының заңды екенін дәлелдедік», – деді. Интеграция болуы үшін біз бір-бірімізге тең қарап, құрмет көрсете білуіміз қажет. Бұл қолымыздан келеді деп ойлаймын.

– Ал қолдан келмес не бар?

– Әзірше алдымызға қойған мақсатымыз – Клубтың өзегін қалыптастыру, ТМД мем­лекеттерінің президенттері мен үкімет басшыларымен кездесу ұйымдастыру болатын. Бұл мақсат үдесінен шықтық деп ойлаймын. Әрине, әлі барлық мемлекетке барып үлгірген жоқпыз, бірақ сең қозғалды. Украина, Армения, Белоруссия, Латвия, Қырғызстанда осындай кездесулер ұйымдастырдық. Еуроодақта да болдық, Кавказға да сапарлаттық, Орталық Азияны араладық, екі рет Украинаға табан тіредік. Басқа мемлекеттермен алдағы кездесулер жайлы келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Сонымен қатар алыс шет елдерге де көз тігіп отырмыз. Кездесулер кестесіне қатысты нақты ұсыныстар да алдық. Дегенмен, қазіргі таңда кешегі кеңестік аймақта беделді саясаткерлермен, мемлекет және үкімет басшыларымен кездесулер ұйымдастырумен қатар, осы аймақтағы ақпарат құралдарының бүгінгі жағдайына, анығында, оны зерттеуге көбірек көңіл бөлу керек сияқты. Біз әрі әдіс-тәсілмен көмектесіп, әрі саяси қолдау көрсете аламыз. Меніңше, ең бастысы, біз Сөз бостандығының (бұл сөзді БАҚ-тардың өмір сүруінің өзегі ретінде бас әріппен жазу керек) жағдайын сараптап отыруымыз керек. Бұл салада кешегі кеңістіктің барлық түкпірінде қайшылықтар бар. Бір жағынан, Сөз бостандығын шектеу болса, екінші жағынан, оны шектен асыра пайдалану да байқалады. Арнайы тапсырыспен жалған ақпараттың таратылатын кезі де болады. Бұл орайда Бас редакторлар клубы жала құрбандары болғандарға рухани демеу көрсете алар еді. Бірақ бізге әлі ешкім мұндай шағым түсірген емес. Дегенмен, ондай жағдайдың болу мүмкіндігін де жоққа шығармаймыз. 

– Сонда Клубтың абырой-беделі осындай жағдайларда ықпал етуге жете ме?

– Әрине, барлық мемлекеттерде ықпалы бірдей деп айтуға болмас. Әйтсе де, біз мемлекет және үкімет басшыларымен кездескен елдердің бәрінде біздің клубтың беделі бар екенін айтуға тиіспіз. Бір мысал кетірейін. Украинадағы «Известия» газетінің қағаз нұсқасы шықпайтын болған кезде, біз ел президентіне бұл жағдайға назар аударуды өтініп, үндеу жаздық. Виктор Януковичке рахмет, ол біздің Үндеуімізді аяқасты етпей, сол басылымның бас редакторын президент әкімшілігінде қабылдады. Басылымның қағаз нұсқасын сақтау мүмкін болмады, менің білуімше, ол жерде газет қожайындарының бірі – украиндық олигархпен арада бір кикілжің бар. Дегенмен де, бұл қиындықтар уақытша деп ойлаймын. Украинаның мықты басылымдарының бірі саналатын газеттің қайта жарық көретініне үмітіміз мол. Газет үшін күресті одан әрі жалғастыра береміз. 

Тағы бір мысал. Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаевпен Клуб мүшелерінің кездесуі кезінде осы елдің болашақта алтын, алмаз сияқты пайдалы қазба байлықтарын толықтай өңдеудегі экономикалық мүмкіндіктері туралы әңгіме туындады. Армениядан келген клуб мүшесі Галина Давидян осы кездесу үстінде Қырғызстан президентіне Арменияның зергерлері мен технологияларын пайдалану жөнінде ұсыныс тастады. Әлбетте, екіжақты тиімді әріптестік жағдайында. Ал Алмазбек Атамбаев аз-маз ойланып тұрды да, бұл ұсыныстың тосын, бірақ көңілге қонымды екенін, мұндай мүмкіндікті қарастыратынын айтты. Бұдан не шығатынын білмеймін, бірақ ол өзінің кеңесшілерін армяндық бас редактордың ұсынысын қаперге алуды тапсырды. 

Кез келген үлкен қадам кішкентай адымнан басталатыны белгілі ғой. Біз бір орында тұрмаймыз, ұдайы алға жылжимыз.

– Клубтың соңғы кезде қолға алған істері туралы айтыңызшы?

– Қазіргі кезде біз мемлекет және үкімет басшылары жанындағы ақпараттық кеңестер туралы бірыңғай Ереже жобасын дайындап жатырмыз. Бұл кеңес мемлекеттердегі БАҚ-тың жағдайына сараптама жасап, олардың дамуына қатысты мемлекет басшыларына ақыл-кеңестер беріп, Сөз бостандығын шектеу немесе шектен асыра қолдануға қатысты ақпарат сапасына баға беріп және қай ақпарат құралына қандай көлемдегі қаржылық қолдау керектігін айтып отыратын қоғамдық орган болар еді. Кейбір елдерде осыған ұқсас кеңестер бар, кейбір елдерде атымен жоқ, ал мұндай мәселелерде мемлекеттік қаржылық қолдау, гранттар бөлу кезінде бюрократиялық анархия өркендеп, кәдімгі сыбайлас жемқорлық тамыр жаяды. Біз әрбір мемлекетте оның ұлттық ерекшеліктеріне және заңдарына сәйкес бейімделетін жалпыға орақ Ереже жасасақ дейміз. Ал Бас редакторлар клубының мүшелері осындай құрылымдарға мүше болып, кейбір жағдайда тіпті басқара алады деп ойлаймын. Бұл ойымыз іске аса ма, жоқ па – уақыт көрсетеді. Бір нәрсе анық – біз кешегі КСРО журналистерінің кәсіподағы емеспіз, мұндай құрылымдар бізсіз де жетеді. Біздің көздегеніміз басқа. Біз кешегі кеңестік кеңістікте барлық мағынасындағы Сөз бостандығын қорғауға және оны дамытуға еңбек етеміз.

Дайындаған Көлбай ЖЕҢІС

Серіктес жаңалықтары