Хасан Роухани – иран халқының қалаулысы

Хасан Роухани – иран халқының қалаулысы

Хасан Роухани –  иран халқының қалаулысы
ашық дереккөзі
295

Биылғы ұлықтау рәсімі тұңғыш рет шетелдік мемлекет пен үкімет басшыларының, халықаралық ұйымдар өкілдерінің қатысуымен өтті. Салтанатты рәсім ИИР әнұранымен және Парламент спикерінің ұлықтау бағдарламасын жариялауымен басталғаннан кейін, Құраннан сүрелер оқылды.

Хасан Феридон 1948 жылы Тегераннан екі жүз шақырым жердегі Семнан маңындағы Сорхе қалашығында дүниеге келген. Кейіннен ол өз тегін Роухани яғни «рухани тұлға», «діни тұлға» деген мағынаны білдіретін сөзге ауыстырып алады. Әкесі Асадолла Феридон қарапайым сау­дагер болғанымен саяси белсенді тұлға еді. Ислам революциясы кезінде жиырмаға жуық  рет түрмеге түскен. Ал бауыры – Хусейн Феридон – танымал саясаткер және дипломат, Ислам революциясына белсене қатысушы.

Роухани билікке келгенде көпшілік оның діндар екенін алдымен ауызға алған еді. Тіпті осы діни қызметкерді жақсы реформатор, бірақ әлсіз либерал деді батыс сарапшылары. Роухани 1960 жылы теология бойынша тәлім алады. Жас студент сабағымен қатар заманауи ғылымдарға да көңіл бөле бастайды. Сөйтіп 1969 жылы Тегеран университетіне оқуға түсіп, үш жылдан соң құқық пәнінің бакалавр дәрежесін алып шығады. 

Ал 1965 жылы Иман Хомейнидің уағыздарын жеткізу үшін Иранның түкпір-түкпірін аралап шығады. Оны саяси белсенділігі үшін бірнеше рет темір торға қамайды. Нәтижесінде елден кетуіне тура келеді. Дегенмен Роухани шетелдерде де уағыз айтып, халықтың көзқарасына әсер ететін үгіт-насихаттарын тоқтатқан емес. Кейінірек Имам Хомейни Францияға келгенде, Хасан мырза да сол елге көшіп барады. Ол Шотландияның Глазго қаласында Каледон университетінде құқықтан магис­тратураны тәмамдайды, сондай-ақ философия және психология саласының докторы дәрежесіне ие болады. 

Ирандағы Ислам революциясының жеңісінен кейін Роухани Парламентте қызмет ете бастады. Иран мен Ирак арасындағы соғыс жылдарында ол Қорғаныс жөніндегі Жоғарғы Кеңестің мүшесі болды. Сонымен қатар көптеген әскери қызметтерді атқарды. Солардың бірі – Иран Қарулы күштері бас қолбасшысының орынбасары қызметінде отырды. Елге сіңірген ерен еңбегі үшін Хасан Роухани екінші дәрежелі «Фатх»,  яғни «Жеңіс» медалімен марапатталды. 

Ол саяси қызметте болса да ешқашан ғылымды ұмытқан емес. Мәселен, доктор Роуханидың жетекшілігімен «Стратегия», «Халықаралық қатынастар» және «Халықаралық қатынастарға тегерандық шолу» атты үш кітабы басылып шықты. Ол бірнеше тіл біледі, олардың ішінде араб, ағылшын, неміс және француз тілдерінде сөйлеп қана қоймай, ғылыми еңбектер жазған. 

Иран президенті 1969 жылы отбасын құрған, қазір төрт баласы бар. 

Иранның жаңа президенті өз сөзінде халықты жаңа бейбіт заманға жетелейтіні туралы айтты. «Иранның жаңа үкіметі халықтың талаптарын жүзеге асыру үшін алдағы барлық қолайлы және қолайсыз факторларды халыққа жеткізуге және қиындықтардан өту үшін өзге биліктер мен халықтан көмек алуға талпыныс жасайды», – деді. «Иранның ақылға сай емес ұстанымға ие жаулары болғандықтан, Иран үкіметі жұмыстар мен мәселелерді Ислам республикасы жүйесінің мақсаттарына көңіл аудара отырып, хикмет және ақылдылықпен алға ілгерілетуге міндетті», – деді. Хазірет Аятолла Хаменеи,  сондай-ақ бұрынғы президент Махмуд Ахмадинежад пен Иранның оныншы үкімет делегациясына маңызды істер мен еңбектері үшін алғыс айтып: «Ирандағы ілгерілеу үдерісі тоқтамайды», – деді.

Ақниет ОСПАНБАЙ 

Серіктес жаңалықтары