ҚХР төрағасы Қазақстанға келмек

ҚХР төрағасы Қазақстанға келмек

ҚХР төрағасы Қазақстанға келмек
ашық дереккөзі
311

Әлемдегі озық экономикалы елдің жаңа төрағасы Си Цзиньпин әлем мемлекеттеріне сапарын бастады. Әуелі Ресейге жол жүрген төраға жұбайын ерте барып, әлемнің және ресейлік баспасөз өкілдерінің басты тақырыбына айналған еді. 

Империялар тарихы бастау алатын, Ұлы Қытай қорғанының авторлары атанған елдің бүгінгі тарихы қалай өрбуде? Жаңа төрағаның жаңа стратегиялық бағыттары мен саясаты нені көздейді? 

Си Цзиньпин 2013 жылдың наурыз айында төрағалыққа келді. Халық өкілдерінің бүкілқытайлық жиынында ҚХР төрағасының орынбасары Цзиньпин мырза бірауыздан төрағалыққа сайланды. 59 жасар Цзиньпин мырзаның әкесі – қытай төңкерісінің ардагері, сондықтан көпшілік, яғни саяси ортада оны отбасылық байланыстары арқылы лауазымы өсіп отырды делінеді. Бірақ қазіргі төраға бұл беделінен арылудың жолын оңай тапты. Ол Коммунистік партияның басшылығына келгенде жергілікті БАҚ оны қара халықтың өкілі деп насихаттады. Өз пайдасынан гөрі, халықтың қамын ойлайды деп асқақтатты. Сонымен қатар газеттер оның жемқорлықпен күресті күшейту – басты мақсаты екенін айқындата жазды.  Мемлекеттің төрағасы ретінде алғаш сөзінде партияның алдында шешімін таппаған көптеген мәселелер тұрғанын қадап айтты. 

Сондай-ақ жуырда әскер ісін нақтылауға кірісті. «Біз әскеріміздің қытай Компартия­сына бағынып, сенімді және ымыралас болғанына сенімді болуымыз шарт», – деді Си Цзиньпин. Қытай әскері басшыларының соңғы уақытта жершілдік, жемқорлық,  жұмыс уақытында ішімдік ішуі жиілеп кеткені белгілі болды. Цзиньпин мырза жоғарыда аталған шараларды табанды түрде реттеу үшін кадрлардың орнын ауыстыруға тапсырма берген болатын.  

Екі елдің өзара ынтымақтастығы берік, экономикасы тығыз байланыста. Төрағаның бұл жолғы сапары Бейнеу – Бозой – Шымкент газ құбырының ашылуымен тұспа-тұс келмекші. 

«Бiз iске қосатын алғашқы жоба – «Бейнеу – Бозой – Шымкент» газ құбырының бiрiншi бөлiгi. Қазiр қытайлық әрiптестерiмiзбен Си Цзиньпиннiң 6-8 қыркүйектегі Қазақстанға сапарын талқылап жатырмыз. Жобаны iске қосу салтанатын өткiзу жоспарлануда», – дедi Данияр Берлібаев. 

«Биыл енгізуге тиіс алғашқы жоба – бұл «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырының бірінші телімі. Бәрі жоспар бойынша жүріп жатыр, 2013 жылдың қазанында бұл жобаны іске қосамыз. Қазір жұмыс кестеден ерте жүріп келеді, барлық сынақтар өткізілді», – деді ол. Үстіміздегі жылы «ҚазМұнайГаз» АҚ жалпы құны 1,4 млрд. доллар болатын 2 жобаны пайдалануға беруге тиіс еді – бұл «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырының бірінші телімін іске қосу және Атырау қаласында ароматика өндіру бойынша зауыт құрылысы. 

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қытай Халық республи­касына көктемде ресми сапармен барған болатын.  Сапар кезінде Боао азиялық фо­румы 12-сессиясының жұмысына қатысып, өзге елдерден келген делегаттармен әрі Қытай елінің басшылығымен кездесті. 

Екі ел үшін де маңызы жоғары бір­неше құжатқа қол қойып, инвес­тициялық жобаларға атсалысуға ниетті компания басшыларымен уағдаластық орнатты. Келіссөздер аясы сауда-экономикалық және мұнай саласын­дағы бірлескен жобалардың дамуына оң серпін береді деп күтілуде. 

– Біз Қытай Халық рес­публикасының таяу көршісі әрі дос ретінде мұны кез келген жағдайда қол­дауға және мүмкіндігінше кө­мектесуге дайынбыз. Екі елдің ынтымақ­тастығы артып, стратегиялық әріптестік туралы келісімге қол қойылды. Талай игі бағдарламалар мен бастамалар жүзеге асып, өзара дамудың жаңа деңгейі қа­лыптасты, – дей келіп, бүгінгі нақты көрсеткіштерге тоқталды Қазақстан Президенті. Қазір Қазақстан мен Қытайдың өзара сауда айналымы 25 млрд. долларға же­тіп отыр.  2015  жылға қарай бұл көрсет­кішті 40 млрд. долларға жеткізу жөнін­дегі уағдаластық та бар. 

«Біздің не­­гізгі ынтымақтастығымыз – энергетика саласы. Қытай Халық Республикасы Қазақстан мұнайының 25 пайызын өн­діреді. Осы жылдар ішінде, біздер Қа­зақстан арқылы 40 млрд. текше метрге арналған ауқымды газ құбырын салдық. Өткен жылы менің бастамаммен салын­ған жаңа мұнай құбырымен шамамен, он миллион тонна мұнай айдалды. Қа­зіргі уақытта осы құбырды кеңейту мә­селесі қозғалуда», – деген еді Елбасы. 

Ақниет ОСПАНБАЙ  

Серіктес жаңалықтары