Ұрпақтарға қалдырған хат сияқты...

Ұрпақтарға қалдырған хат сияқты...

Ұрпақтарға қалдырған хат сияқты...
ашық дереккөзі
381

Ал кей бір кезде белгілі бір атау, негізгі ғылыми және практикалық қызметімен қоса, мемлекеттілік пен егемендіктің басты белгілерінің бірі болатыны да бар. Оған еліміз егемендік жариялап, ең алдымен мемлекеттің жаңа атауын Қазақстан Республикасы деп атауы айқын дәлел бола алады. Тек содан кейін еліміздің мемлекеттік рәміздері: Елтаңба, Әнұран, Ту қабылданды. Осындай ерекше жағдайды ескере отырып, Президент 

Н.Ә. Назарбаевтың топонимика ғылымына да көп көңіл бөлетіні көпшілікке мәлім. 

Оған топонимика туралы Президенттің өте дұрыс және орынды пікірі дәлел бола алады. «Жалпы, бізде топонимика әлі де болса онша дамымай келеді ғой деймін. Қазақстандағы барлық жер атауларының сөздігін шығарып, қай атау қандай жағдайда, қандай мағынамен қойылған, ол сөздің түпкі түрі қандай болған дегенді ғылыми тұрғыдан анықтап, көрсету керек. Жеріңе қойылған ат еліңнің ұрпақтарға қалдырып кеткен хаты сияқты ғой». («Егемен Қазақстан», 14.10.2011 ж.).

Президент Н.Ә. Назарбаев бұдан бұрын «Ана тілі» (11.05.2006 ж.) газетіне және де қазақ тілді газеттердің Бас редакторларына берген сұхбаттарында да топонимикаға үлкен мән беретінін, тарихи атауларды қалпына келтірудің, қазақ атауларының орыс тіліндегі нұсқаларындағы транслитерациялық бұрма­лау­шылықтар мен қателерді түзетудің керектігін ескерткен болатын. 

Әрине, топонимиканың қо­ғам өмірінде алатын орны өте зор деп айтуға болады. Өйт­кені адамдардың өмірлік, өндірістік және қоғамдық іс-қимылдары, өзіндік атаулары бар көптеген объектілерден тұратын географиялық ортаның барлық аясында, нақты аумақтық кешендерде өтеді. Сондықтан географиялық объектілердің атаулары барлық уақытта сан-алуан атқарымдарды орындайды, оларсыз ешбір қоғамдық формацияның өмір сүруі қиын­­дыққа соғар еді. Барлық бағытта әр қилы ақпараттармен халықаралық алмасудың өсімтал тасқыны географиялық атау­ларды біздің күнделікті өмірімізге өте қажетті және міндетті атрибуттарға айналдырды. Топонимдер ұдайы толыға және жаңара отырып, өткен қоғамның да, қазіргі қоғамның да жан-жақты сұраныстарына қызмет етті және қызмет етуде, олар тарихтың жалғастырғыш құралы бола отырып, болашақ ұрпақтарға да қызмет етпек.

Ғылыми және практикалық маңызы бар топонимдерден табиғаттың әртүрлігі, таби­ғи ресурстардың бар­лығы не жоқтығы, жер беде­рі құрылымының түр-си­паты, сыртқы пішіндері, ландшафтылардың алашабыр­лығы, әр жердің климат­тық және гидрографиялық ерек­шеліктері, су көздеріндегі судың сапасы мен мөлшері, флора мен фаунаның бұрынғы және қазіргі жай-күйлері туралы, жайылымдардың өнімділігі мен маусымдылығы туралы, белгілі бір аумақтың экологиясының жұтауы, сондай-ақ табиғи және басқа объектілердің өзіндік ерекшеліктері, тұрған орны және басқа елеулі қасиеттері мен белгілері айнадағыдай анық көрінеді және тағы басқадай мағлұматтар алуға болады.

Лексикада бұрыннан тұрақ­талған жергілікті атаулар жаңадан ұйымдастырылған әкімшілік-аумақтық және шаруашылық бірліктерді, елді мекендер мен олардың жеке бөліктерін, жаңадан ашылған пайдалы қазбалардың кен орындарын атаған кезде практикалық сұранымдарды жақсы қанағаттандырады. Топо­нимдердің танымдық және ағар­тушылық маңызы өте зор. 

Еуразияның 5 пайыз аумағын қамтитын Қазақстан жерінің ауданы бойынша дүниежүзінің ең ірі мемлекеттерінің бірі болып табылады және осы көрсеткіш бойынша дүниежүзінде Ресей, Канада, Қытай, АҚШ, Бразилия, Австралия,Үндістан, Аргентинадан кейін 9-шы орын алады. Осындай кеңбайтақ аумақта жасалған, ата-бабаларымыз кейінгі ұрпақтарға мұратқа қалдырып кеткен, миллиондаған эндогендік (жергілікті халық өз тілінде берген) топонимдер халықтың жадында сақталуының арқасында біздің заманымызға дейін жетті. Бірақ, өкінішке қарай, бұл орасан көп атаулар әлі күнге дейін бір жерге толығымен жиналмай, жүйеленбей және жан-жақты зерделенбей келеді. Географиялық атаулардың ең толық жинағын ірі масштабты топографиялық қатарлар қамтиды. Оларды жасаған кезде географиялық атаулармен әрі қарай жүргізілетін жұмыстардың негізі қаланады, сондықтан дүние жүзі елдерінің көпшілігінде географиялық атауларды ретке келтіру, оларды стандарттау жөнінде жұмыстарды ұйымдастыру мен тікелей орындау мемлекеттік топографиялық-геодезиялық қызметке кездейсоқ жүктелмеген.

Географиялық атауларды жинау мен жүйелеу аясындағы Қазақстанда жүргізіліп келген жұмыстар мен олар туралы ақпараттар егемендік алғанша бұрынғы КСРО-да жиналған әлеуетке сүйеніп келді. Қазақ КСР-ындағы географиялық атауларды каталогтау жұмыстары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінде, кейбір министрліктерде, ведомстволарда және ғылыми мекемелерде жүргізілді. Олар мамандандырылған (тақырыптық) тізімдер жасады және оларды оқтын-оқтын жеке анықтамалықтар түрінде басып шығарып отырды. Дәлірек айтқанда, 1989 жылға дейін оқтын-оқтын қайта басылып шыққан бұрынғы Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің «Әкімшілік-аумақтық бөліну» атты анықтамалығында 10,8 мыңға жуық әкімшілік-аумақтық бірліктер мен елді мекендердің атау­лары жинақталды. Ол ұзақ уақыт әртүрлі карталар мен атластарды жасауда және басып шығаруда негізгі нормативтік құжат қызметін атқарады. Бірақ, ол транслитерация тұрғысынан алғанда ешқандай сынды көтермеді. Онда көптеген атаулар бұрмаланып берілді де, жергілікті органдардың сол дұрыс рәсімдемеген қалпында Қазақ КСР Жоғары Кеңесіне тапсырылып, одан кеін оның жарлығымен бекітіліп отырылды. Анықтамалықтың тағы бір кемістігі – ол әрқашанда орыс тілінде басылды да, қазақ тілінде вариант болмады. Және оған жер-су атаулары кірмеді. Анықтамаға кірген қазақ атауларының басым көпшілігі орыс тілінде бұрмаланып, қате жазылып келді. 

Атауларды жинау мен олардың этимологияларын анықтауда қазақ және орыс тілдерінде жазылған табиғи объектілер мен елді мекендер атауларының тізбелері бар арнаулы топонимикалық сөздіктер маңызды роль атқарады. Ғылыми тұрғыдан алғанда жергілікті қазақтың тарихи географиялық атаулары өте құнды, бірақ олар әр түрлі жағдайда жоғалып кетті немесе біртіндеп жоғалуда. Ашық түрде пайдалану үшін шығарылатын карталар масштабтарының іріленуіне байланысты күрт өскен қазіргі кездегі сұранымдарға Қазақстан Республикасының жиналған қолда бар топонимикалық қоры сәйкес келмейді. Ірі масштабты топокарталардан, барлық ведомстволық анықтамалықтардан, тарихи және басқа дерек көздерден жиналған Қазақстан Республикасының гео­графиялық атауларының абсо­люттік ақпараттық қорын құрудың қажеттілігі пісіп жетті. Жергілікті тамыры мен дамуының көпғасырлық тарихы бар қазақ атауларының айтарлықтай бөлігі патша заманында және кеңес дәуірінде үлкен транслитерациялық бұрмалауға ұшырады. Кейде арнаулы жүргізілген зерттеулерсіз атаулардың әуелгі дұрыс, халықтық нысанын анықтау мүмкін емес. Бұл топонимдердің мазмұнын ашуға қажетті. Мұндай топонимдер «дәстүрлі» болған кезде және олар сол қалпында дүниежүзілік карталар мен атлас­тардың беттерінде, ресми халық­аралық құжаттарда бекітіліп қалса топонимикаға үлкен зиян келтіреді. Орыс тілінде бұрмаланған атау­лар өзінің ғылыми-ақпараттық құндылығын жоғалтады, халықтың заңды қобалжуын туғызады.

Сондықтан мемлекеттік тілде міндетті түрде ресми қолдану үшін белгіленген барлық айтарлықтай географиялық объектілердің өзіндік атаулары әртүрлі жағдайларда басқа тілдерде де мойындалуы және халықаралық шарттар мен келісімдерде, мемлекетаралық шекараларды белгілеу мен бекіту құжаттарында, халықаралық, пош­талық, телеграфтық және элек­трондық байланыстарда, интернетте, сондай-ақ БҰҰ-ның халықаралық пайдалануға арналған барлық ресми тілдерінде карталар мен атластар жасалған кездерінде дұрыс транслитерацияланып, бір­ыңғай және тұрақты нұсқада жазылуы керек. Мысалы, өте үлкен мұнай-кен орны орыс тілінде Карашыганак деп дұрыс жазылудың орнына Карчаганак деп қате жазылуда. 

Топонимиканың проблемаларын терең әзірлеусіз және топонимикалық лексиканы, меншікті аттардың номинациясы (аталуы) мен олардың құрылымының заңдылықтарын зерделеусіз географиялық атауларды дұрыс жазуды сәйкестендіру мен стандарттау мүмкін емес. Сондықтан республикада орысша топонимдерді жазудың қазақша дұрыс нұсқасына қоса, қазақша топонимдерді жазудың орысша дұрыс нұсқасын да және олардың көптеген көрсеткіштері жөніндегі сипаттамаларын қамтитын Географиялық атаулардың мемлекеттік каталогын жасаудың қажеттілігі туындады. Ұлттық каталог тек ірі масштабты топографиялық карталардағы барлық географиялық объектілердің атауларын қамтығанда және каталогтың деректерін ең жиі пайдаланатын ұйымдардың нақты сұраныстарын қанағаттандырғанда ғана оңтайлы деп саналады. Каталогты географиялық атауларды белгілеу және олардың ресми жазылуын тексеру үшін картографиялық кәсіпорындар, баспалар, бұқаралық ақпарат құралдары, заң шығарушы, атқарушы органдар, статистикалық және басқа ұйымдар пайдаланады. Каталогтар нормативтік сөздіктерді, карталар мен атластар үшін атаулардың индекстерін және басқа анықтамалық материал­дарын даярлауға және басып шығаруға көмектеседі. Каталогты жасаудың қажеттілігі бір географиялық объектінің атауының және оған қосылатын географиялық терминдердің әртүрлі дереккөздерде әр қилы жазылуын болдырмауға әрі оларды түзетуге байланысты туындады.

Егемендік алғаннан кейінгі жылдары республиканың елді мекендері мен әкімшілік-аумақтар бірліктерінің көптеген бұрмаланған атауларын біртіндеп түзету басталды, көптеген елді мекендердің тарихи атаулары заң бойынша қалпына келтірілді. Ал бірақ бұрмаланған физика-географиялық атаулар ресми түрде қалпына келтірілмей отыр. 

Осылардай маңызды проблемаларды ескере отырып және 1997 жылы қабылданған «Қазақстан Республикасындағы Тілдер туралы Заңын», ҚР Президентінің 1998 жылғы 5 қазанындағы №4106 «Тілдердің жұмыс істеуі мен дамуының мемлекеттік бағ­дарламасы» және 2001 жылғы 7 ақпандағы № 550 «2001-2010 жылдарға арналған тілдердің жұмыс істеуі мен дамуының мемлекеттік бағдарламасы» туралы жарлықтарын орындау мақсатымен ҚР БҒМ-нің География институты Жер ресурстарын басқару жөніндегі ҚР агенттігінің РМҚК «Ұлттық картографиялық-геодезиялық қорымен» (ҰҚТҚ) бірлесіп 2001 жылы «Қазақстан Республикасының географиялық атауларының мемлекеттік каталогын (сөздігін)» жасауға кірісті. 

Каталогтың негізгі деректері есебінде масштабы 1:100000-дық кезекші мемлекеттік топографиялық картада көрсетілген физика-гео­гра­фиялық объектілер мен елді ме­кендердің атаулары алынды. Сонымен қатар География инс­титутының топонимикалық кар­тотекасының деректері, ведом­­ст­валық, статистикалық және басқада мәліметтер пайдаланылды. Каталогта республиканың барлық облыстары бойынша 120 мыңдай жалпы географиялық атаулары (сілтемені қоса есептегенде) қамтылды. Оның 91,7 мыңы жеке географиялық объектілердің атаулары. Соның 32,4 мыңы оронимдер (жота, тау, шоқы, төбе, қырат, үстірт, жол, төбешік, қорған, ойыс, сай, жырасай, шатқал, қолат, өзек, жыра, үңгір, жон, арал, түбек, құм, тереңсай, аңғар, қоныс және т.б атаулар), 27,0 мыңы гидронимдер (өзен, көл, шығанақ, өзен тармағы мен тарамы, ескі арна, құрғақ арна, бұлақ (көз, қайнар, тұма), көлтабан, ұсақ қопа (ильмень), жайылма тармағы (ерік), бөген, тоған, канал, арық, сор, батпақ, құдық және т.б атаулар), 24,6 мыңы елді мекен атаулары, 7,4 мыңы зират, 0,2 мыңы орман-тоғай, 0,2 мыңдайы аумақтық-әкімшілік бірліктер атау­лары.

Каталог қазақ, орыс тілдерінде 32 томнан тұрады. 12 облыс қазақ, орыс тілдерінде бір-бір томнан болса, Қарағанды, Шығыс Қазақстан сияқты үлкен облыстар екі томнан тұрады. Орыс тіліндегі каталог нұсқаларында әуелі қазақ атауларының орыс тілінде дұрыс трансляцияланған формасы, оның жанында қазақша атаудың дұрыс формасы беріледі. Қазақ тіліндегі каталогтарда керісінше әуелі объектінің қазақша атауы, одан кейін орысша дұрыс транслитерациясы беріледі. Бұлардан кейін екі тілді каталогтардың әрқайсысында объектілердің түрі (тау, өзен, көл, елді мекен және т.б), тұрған орны мен ауданы, өзендердің басталатын және құятын жері көрсетіледі. Орыс тіліндегі каталогтарда қысқа ғана бір сөзбен орыс тілінде әр объектінің этимологиясы беріледі. Мысалы, антропороним (кісі атынан қойылған жер атауы), геногидроним (ру атынан койылған су атауы), фитоороним (өсімдік атынан қойылған жер атауы) және т.б. Бұл деректер орыс тілді оқушыларға атаудың мәнін түсіндіруге көмектеседі.

2013 жылға дейін каталогтың мемлекеттік және орыс тіліндегі электрондық және кітаптың нұс­қалары жарық көрді.

Қазақстан Республикасының Географиялық атауларының мемле­кеттік каталогының электрондық болжамы қазіргі заманның дең­гейінде ұдайы қолдауды керек ететін, объектілердің шығу тегі мен тұрған орны, сондай-ақ басқа сипаттамалары көрсетілген, республикада да, шетелде де олардың біркелкі және тұрақты жазылуларын қамтамасыз ететін Қазақстан Республикасының аумағындағы географиялық атау­лардың жүйеленген қоры болып табылады. Биылдан бастап каталогтар масштабы 1:25000 карталар бойынша толықтырылып, түзетіліп ҚР үкіметінің жанындағы Мемоном-комиссиясының бекітуімен қайтадан басылып жарыққа шығып жатыр.

Қазақстанның барлық облыстарын қамтитын, қазақ және орыс тілдерінде шығатын, каталогтарды жасау үшін жаңа нұсқаулықтың керектігі туындады. Өйткені 1971 жылы Мәскеуде жарық көрген, КСРО Министрлер Кеңесінің жанын­дағы Геодезия-картография Бас басқармасының Геодезия, фэротүсіру және картография орталық ғылыми-зерттеу институты, Қазақ КСР ҒА-ның Тіл білімі институты және География секторымен бірлесіп әзірлеген «Қазақ КСР-ның географиялық атауларын орыс тілінде беру жөніндегі нұсқаулығы» қазіргі талапқа сай келмеді. Сондықтан аталған нұс­қаулықтың негізінде География институты, А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты және ҚР жер ресурстарын басқару жөнінде, агент­тігінің «Картография» РМҚК-мен бірлесіп «Қазақстан Рес­публикасының географиялық атауларын қазақшадан орысшаға және орыс атауларын қазақша берудің нұсқаулығын» даярлап бас­падан шығарды.(Алматы, 2002 ж.) Ол кейінгі жылдары респуб­ликада егемендіктің нәтижесі ретінде ұлттық саясат пен тіл идеологиясының аясында болып жатқан тарихи, қоғамдық-саяси оңуы өзгерістерді есепке ала отырып жасалды.

Мұның барлығы ең алдымен ұлттық стандартқа негізделген географиялық атауларды сәйкес­тендірудің халықаралық стандарты талап еткеніндей қазақ атауларын орыс тілінде дәлме-дәл берудің қажеттілігінен туындады. Қазақ атауларын орыс тілінде, сондай-ақ дүние жүзінің басқа тілдерінде қолдануды сәйкестендіруде жаңа нұсқаулық оң роль атқаратынына еш күмән жоқ.

Нұсқаулықты Қазақстан Респуб­ликасы Үкіметі жанындағы Мем­лекеттік ономастикалық комиссия бекіткен (2002 ж). Сондықтан ол Қазақстан Республикасының барлық министрліктеріне, ведомстволарына және мекемелеріне арналған міндетті құжат болып саналады.

С.Әбдірахманов, География институтының аға ғылыми қызметкері, терминология және топонимика тобының жетекшісі; 

А. Макенова, аға инженер 

Серіктес жаңалықтары