Дәрігерге мүлт кетуге болмайды Дәрігерге мүлт кетуге болмайды
Дәрігерге мүлт кетуге болмайды Дәрігерге мүлт кетуге болмайды
Біз көпсалалы аурухананың бүгінгі тыныс-тіршілігін білу мақсатында №7 Алматы қалалық клиникалық ауруханасының бас дәрігері Болатбек Бимендеұлымен аз-кем әңгімелескен едік.
– Болатбек мырза, сіз басшылық ететін №7 аурухана тоғыз жолдың торабында орналасқаны белгілі. Мұнда күндіз-түні медициналық жәрдем сұрап келетіндерде есеп жоқ. Аурухананың бүгінгі беталысы жайында айтып берсеңіз.
– Біздің аурухана еліміздегі ең үлкен аурухананың бірі әрі бірегейі. 1991 жылы іске қосылып, әуелгіде 1000 орынға арналған. Кейін қысқара келе, 750 науқас қабылдауға көштік. Бір ерекшелігі, медициналық көмек жедел әрі эксклюзивті түрде көрсетіледі. Бізге түсетін аурулардың 85 пайызы жедел-жәрдеммен келеді. Атап айту керек, мұнда Қазақстандағы ең үлкен орталық – 200 орындық нейрохирургия бөлімшесі жұмыс істейді. Жалпы, ауруханада 27 бөлімше бар. Оның ішінде 55 пайызы хиругия саласы (травмотология, гинекология, т.б.) бойынша көмек береді. Қалғаны терапияға арналған. Жылына 80 мыңнан астам науқас көмек сұрап келеді. Оның 22 мыңын жатқызып, емдейміз. Оның ішінде 9 мың адамға операция жасалады. Өйткені алдымызға қойылған жоспар бар, соған бөлінген ақша бар. Одан артыққа мүмкіншілік жоқ.
Денсаулық сақтау саласындағы жаңа реформаға байланысты, емделушілер тек Алматы қаласы мен облыстан ғана емес, басқа да өңірлерден де келеді. Бізде қала бойынша бірден-бір эксклюзивті көмек көрсететін нейрохирургия, трансплантация, гематология, эндокринология, нефрология бөлімшелері бар. Көрсеткіштер де жылдан жылға жақсарып келеді. Соңғы екі жылдың ішінде адам өлімін 20-25 пайызға азайттық. Бұл қуантарлық жайт. Білікті мамандарды тартып, оларды тұрақтандыру үшін қолдан келген бар жағдайды жасап жатырмыз. Тиісті құрал-жабдықтар алып, жаңа инновациялық технологияларды енгізуге күш салудамыз. Онсыз көрсеткішті жақсарту мүмкін емес. Алдымызға қойған жұмыс жоспары бойынша әркет етеміз. Жаңа инновациялық технологияның дамығаны соншалық, қазір миға ота жасамай-ақ тамыр арқылы емдейтін тәсіл бар. Міне, біз сол құралға қол жеткіздік. Қазір аурухана туралы халықтың көзқарасы жақсы. Өйткені халыққа көрсетілетін көмектің сапасы маңызды.
– Өзіңіз айтқан жаңа технологияның құлағында ойнайтын мамандар жеткілікті ме?
– Бізде 1300 адам жұмыс істейді. Үлкен ұжым. Университеттердің 15 кафедрасы бар. Біз білім беру мәселесіне қатты көңіл бөлеміз. Өзіміздің қаражатымыз бар, Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасы мен Денсаулық сақтау министрлігі бөлген қаржымен алыс және жақын шетелдерде дәрігерлерді оқытып, білімін жетілдіруге ден қойып отырмыз. Одан бөлек дүниежүзіне белгілі мамандарды шақыртып, шеберлік кластарын өткіземіз. Сапалы қызмет көрсету үшін білім керек. Егер білікті маман болмаса, құрал-жабдықпен ештеңе істей алмайсың. Бүгінде заманға сай құралдардың да тілі бөлек. Онымен жұмыс істеу үшін білім ауадай қажет.
– Қазір аурудың бәрі жер бетіне шыққан заман. Халықтың денсаулығы неге төмендеп кетті? Бұған не себеп? Экология ма, әлде адамның өз денсаулығына немкетті қарауынан ба?
– Негізгі көрсеткіш – адамның өмір сүру жасының ұзақтығына байланысты. Бұл дүниежүзілік критерийге жатады. Демек, мемлекеттің дамыған немесе дамымағандығы осыдан білінеді. Қазақстан халқының орташа өмір сүру жасы жылдан жылға ұлғайып келеді. Қателеспесем, қазір 67 жасқа көтерілді. Осыдан он жыл бұрын 60 жас шамасында ғана болатын. Сондықтан өлім-жітім көрсеткіші азайып, өмір сүру ұзақтығы артты деуге негіз бар. Ал ауру-сырқаудың көбею себебі, бүгінде ауруды анықтайтын жаңа тәсілдер көбейіп кетті. Осыдан 20 жыл бұрын УЗИ аппаратының, компьютерлік томографияның не екенін кім білді? Бұрын дәрігер көзбен қарап, қолымен ұстап қана жобалап диагноз қойды. Оны дәлелдейтін құрал-жабдық болған жоқ. Қазір тіпті молекулярлық деңгейде зерттеуге мүмкіншілік бар. Яғни, әлі келмеген аурудың болу мүмкіндігін зерттеп, гендерін тауып жатыр. Мәселен, науқаста қатерлі ісіктің болуы мүмкін бе, мүмкін емес пе, соны анықтайды. Бұрын кеңес үкіметінде тек рентген, тыңдау құралы ғана болды. Қазіргі бізге келіп жатқан заманауи құралдарынсыз диагноз қою мүмкін емес. Оның үстіне алдын алуға байланысты мемлекеттік бағдарлама бар. Міне, аурудың көбейіп кеткені сондықтан. Сосын «Ауру – астан» деген бар. Біз дұрыс тамақтанбаймыз. Семіздік ауру Америкадан бізге де келді. Артық салмақ – аурудың негізгі себептері. Бұл диабетке шалдықтырады. Жүрек, ми тамырлары тарылады. Халықтың 57 пайызы жүрек, қан тамырлары ауруынан қайтыс болады. Оған холестерин, ішімдік, темекі де әсер етеді. Қазір қозғалыс аз. Көлікпен жұмысқа келеді, кешкісін үйге қайтады, тамаққа тойып алып, ұйқтайды. Бұдан салмақ артады. Қалада тұратын халықтың негізгі ауруы – күйзелістен келеді. Қазір заман бұрынғыдай емес, жұмыс табу да, баланы туып, тәрбиелеу, оқыту да оңай емес. Мұның бәрі – күйзеліс. Әр адам салауатты өмір салтын ұстанып, өзінің денсаулығын сақтауға мүмкіншілік жасау қажет. Сонда ғана көп аурудың алдын алуға болады. Энергетикалық сусындар, компьютер, ұялы телефон, бәрі-бәрінің зияны бар. Ауаның өзі ше?! Қаншама көлік! Алматыда жүріп-тұруға мүмкіншілік болмай қалды. Сондықтан адамның 85 пайызға сау болуы не болмауы өзіне байланысты.
– Әсіресе, жүрек-қан тамырлары ауруы асқынып кетті дедіңіз. Бұл дерт жастар арасында да белең алып барады ғой…
– Бізді үрейлендіретін мәселе – осы. Жүрек, қан тамырлары ауруы жастарға ауыз сала бастады. Қазір 15-20 жастағы қыз-жігіттер де инфарктпен түсіп жатыр. Әрине, мұндай жағдай бұрын болмады деп айта алмаймыз. Ол кезде тек зерттеу мәселесі кемшін болатын. Қазір дер кезінде тексеруге мүмкіншілік бар. Ауырғанды күтіп жүре бермеу керек. Адам баласы 40 жастан кейін ауру болам дегенге дайын болу қажет. Бүгінде қан қысымы көтерілмейтін адам жоқ. Үкімет тегін дәрі береді. Соны да ішпейді. Дәріні тек ауырғанда ғана емес, үнемі ішу керек. Оның еш зияны жоқ. Ал, біз керісінше істейміз. Содан соң қан қысымы 130-150-ге көтеріледі. Қан тамырлары қашанғы шыдасын? Күндердің бір күнінде тамыр жарылып, миға қан құйылады. Дәріні ішіп жүрсе, көп нәрсенің алдын алуға болады.
– Дәрігерлер арасында «Қазақтар ауруханаға өлуге барады» деген түсінік қалыптасып кеткен. Бұл сөздің жаны бар ма?
– Әрине, жаны бар. Көбі дерті асқынған кезде келеді. Әсіресе, ауылда тұратын халықтың денсаулығына қарайтын уақыты жоқ шығар. Оларды да түсінуге болатын шығар. Бала-шаға асырау, жұмыссыздық мәселесі де жүйке жұқартады. Мұны сол ауылда тұрған адам ғана түсінеді. Ауыл мен қаланың айырмашылығы жер мен көктей. Қалалық тұрғындардың емханаға баруға, қаралуға уақыты бар. Мүмкіншілік бар. Ал ауылдағылар өзіне немқұрайлы қарап, бала-шағаның ғана қамын ойлайды. «Алланың қолында, не болады соны көреміз» деп баяғы психологиямен бейқам жүре беруге болмайды. Әрине, бәрі Алланың қолында ғой. Бірақ «Сақтанғанды сақтаймын» дейді Құдай.
– Қарапайым халық әуелі Аллаға, сосын ақ халаттыларға сенеді. Бірақ қазір сіздерге деген сенім қаншалықты деңгейде деп ойлайсыз?
– Қандай медицинасы дамыған мемлекет болсын, кемшіліктер кездеседі. Өйткені, бұл халыққа қызмет көрсететін сала. Сіз қазір қайда барсаңыз да, кілтипан табасыз. Шаштаразға, мейрамханаға барсаңыз, әйтеуір ұнамайтын жағын көзіңіз шалады. Ал біз адамның денсаулығына жауаптымыз. Халық көп жағдайды дұрыс түсінбейді. Ауруы асқынса да, қайтыс болса да, дәрігерден көреді. Дәрігер – Құдай емес. Оның да мүмкіндігі шектеулі. Егер ауруы асқынып, өлуге келсе, дәрігер қалай көмектеседі. Сондықтан халықтың 100 пайыз көңілі толуы мүмкін емес. Риза болмайды да. Себебі, медицина сондай сала. Қолымыздан бәрі келе бермейді. Әрине, қателіктер де жеткілікті. Бұл білімсіздікке байланысты. Бұл жерде фактор көп. Осы саланы талай жыл басқарып келген маман ретінде түсінгенім, келіп түсетін арыз-шағымдардың 80 пайызының негізі бар. Оның 60 пайызы этика, деонтологияға байланысты. Қазір дәрігерлер науқас пен оның туыстарымен дұрыс қарым-қатынас жасай алмайды. Дер кезінде түсіндірмейді. Бір-екі минутын қиып, науқастың жағдайын тәптіштеп айтып берсе, олар да ойланып, ақылдасады ғой. Қанша жерден уақыт жоқ десе де, мәлімет беріп тұру керек. Бірақ, керісінше, шетелде бұл үрдіс жоқ. Сөйлеспейді. Оларды қорғайтын заң бар. Ал бізде заң жоқ. Дәрігерлерді төмпештеп жатады. Сосын ақпарат құралдары үнемі негативті жағын айтады. Бұдан соң халық арасында дәрігерлерге деген кереғар пікір қалыптаспай ма?!
– Дегенмен, «жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды» деген бар. Денсаулық сақтау саласына көңілі толмайтындар көп.
– Еліміздің кейбір телеарналарын тыңдасаң, бәрі қираған, құрыған. Бұлай көрсетуге болмайды. Сол телеарналар біздің қабылдау бөлімге бір күнге камерасын қалдырсыншы. Бір күнде 300-400 жедел-жәрдем келеді. Жол апатына ұшыраған, атылған, құлаған, қан кеткен, пышақталғанның бәрі осында келеді. Мұны кім біліп жатыр? Құдай сақтасын, аурухана бір күнге жабылып қалсыншы, қаншама адам қиналып қалар еді. Міне, біз күн сайын қанша адамның өмірін сақтап жатқанымызды айтпаймыз ғой. Мыңдаған адамның өміріне араша түсеміз. Оның бәрін айтсақ, мақтанғандай боламыз. Ал бір жағдай болса, телеарнадан қайта-қайта беріп, құрдымға апарамыз. Жалпы, тенденция дұрыс емес.
Телеарналарға не керек? Тек қаралауды ғана біледі. Тырнақ астынан кір іздеуге құмар. Кешіріңіз, сіздің әріптестеріңіздің 95 пайызы адал жұмыс істесе, 5 пайызы қай жерді бықсытсам екен деп жүреді. Ал біз 80 мың адам емдесек, одан небәрі он бес шағым ғана түсті. 80 мыңның тек 15-20-сы ғана риза болмай кетсе, бұл жақсы көрсеткіш. Себебі, талай адамның өмірін сақтап қалуға күш саламыз. Дәрі-дәрмектің бәрі тегін. Ай сайын емделушілер арасында анкеталық парақшалар таратып, дәрігерлердің өз ісіне адалдығын тексереміз. Яғни, пара алды ма, дөрекі сөйледі ме, бәрін білуге болады. Науқастан ешқашан да ақша сұрауға болмайды. Бұл үлкен қылмыс. Кез келген тұрмысы жақсы адам қолдан келгенше алғысын білдіреді. Адам жаны үшін барын аямайды. Бұл дамыған мемлекеттерде де бар. Бірақ өзім істеген мекемеде мейлінше жемқорлыққа жол бермеуге тырысамын. Егер ондай дәрігер туралы сыбыс шықса болды, онда дереу жұмыстан босатылады. Себебі, бір дәрігер үшін бүкіл ұжым сорламау керек.
– Гиппократ антына адал дәрігерлер аз ба, көп пе?
– Ант дегеніміз не? Қай мемлекетті алайық, дәрігердің ешқайсысы ант бермейді. Ал бізде дәрігерлер «гиппократтық антына» адал емес дегенді көп ауызға алады. Сонда неге журналист ант бермеуі керек? Адам баласын тәрбиелейтін мұғалім ше? Журналист тырнақ астынан кір іздеп, дәрігерлерді қудалау керек деп кім айтты? Мұғалім сапалы білім бермей, жаман оқушы тәрбиелеу керек деп кім айтты? Құрылысшылар үйді сапасыз салу керек немесе ол үй құлау керек деп кім айтты? Құқық қорғау мекемелері адамға қиянат жасау керек деп кім айтты? Сондықтан кез келген сала маманы «осы мемлекетке, өз мамандығыма адал еңбек етемін» деп ант беруі керек. Дәрігердің кімнен артық-кемшілігі бар? Бұл әр адамның ішкі ары, тазалығы емес пе? Әр адам таза болу керек.
– Жаңа білімсіздік, біліксіздік туралы айтып қалдыңыз. Бүгінде медициналық оқу орындарында білімнің сапасыздығынан біліксіз дәрігерлер дайындалып жатыр дегенді жиі естиміз…
– Білім сапасының нашар екені рас. Көбінің білімі жоқтың қасы. Бізге тәжірибеден өтуге келетіндерді сөзге тартсаң, «үйренгім келеді» дейді. Қарапайым нәрсені білмейді. «Айналайын-ау, 7 жыл бойы не оқыдың?» десең, үн жоқ. Теориясыз тәжірибе, тәжірибесіз теория жоқ. Екеуін бірге ұштастырып жүру керек. Әсіресе, дәрігерге әуелі білім қажет. Біздің жұмысымыз отын шабу, үй сылап, әктеу емес қой. Біз адам емдейміз. Сондықтан мүлт кетуге, қателесуге болмайды. Қазір байқасаңыз, білім сапасының төмендігі медициналық қана емес, жоғары оқу орындарындағы өзекті мәселеге айналған. Бәлкім, дәріс беретін оқытушының білімі төмен бе, оқу бағдарламасының жеткіліксіздігінен бе, әлде оқу орнына қабылданатын мектеп түлектерінің жалпы білімі төмен бе? Әйтеуір, жақсы жағдай емес. Маған мықты заңгер, білікті қаржыгер тауып беріңізші? Бар жерде осы мәселе көсе-көлденеңдейді.
– Демек, мамандықты таңдағанда да «жеті рет өлшеп, бір рет кесу» керек дейсіз ғой…
– Әрине, тап солай. Әсіресе, біздің мамандық адамның өміріне байланысты болғандықтан, үлкен жауапкершілікті талап етеді. Кезінде біз оқуға түскенде медициналық оқу орындарының беделі жоғары еді. Ата-анамыз «Балам медициналық университетте оқып жатыр…» деп басын жоғары ұстап айтатын. Қандай дәреже еді! Тіпті, кейбір ата-ана баласының заңгер не қаржыгердің оқуында оқитынын айтуға ұялатын. Ал қазір, керісінше. Бүгінгі жастар «медицинада оқып жатырмын деуге ұяламыз» дейді. Былай қарағанда, олардың кінәсі жоқ. Өйткені, әлгіндей қаралайтын ақпараттар денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің беделін түсіріп тастады.
– Бұған қарапайым дәрігерлердің әлеуметтік жағдайының сын көтермейтіндігін, жалақының төмендігін қосыңыз.
– Айтпаңыз, 40 мың теңге деген айлық па? Осы жалақы үшін 24 сағат бойы үлкен жауапкершілікті мойныңмен арқалайсың. Мұны көрген жастар келешекте «аз жалақымен қалай жақсы өмір сүруге болады?» дейді де, дәрігер мамандығына барғысы келмейді. Сондықтан әуелі мұғалімдер мен дәрігерлердің беделін көтеру керек. Олардың жалақысы жеткілікті болуы қажет. Олар «қайдан не ішемін, не киемін?» деп ойламауы керек. Ал дәрігердің еңбекақысы мардымсыз, бала-шағасын асырайтын жағдайы болмаса, қысқасы, өз түйткілін шеше алмай, басы қатып жүрсе, ол адамды қалай емдейді? Егер өзінің еңбегіне тиесілі жалақысын алып тұрса, жұмысына да соншалықты көңіл бөлетін еді. Біреудің қолына жалтақтамай, параны да ойламайтын еді. Қазіргі жағдайда ешқандай стимул жоқ.
– Жұмысқа қабылданатын дәрігерге қойылатын басты талап не?
– Үш ай уақыт береміз. Осы мерзім ішінде өзін көрсете алса, жұмысқа қабылдаймыз. Егер бөлім меңгерушісінің пікірі нашар болса, оған орын жоқ. Медицинада туысқандыққа жол беруге болмайды. Кейбіреулер телефон шалып: «Баламды жұмысқа орналастыршы…» деген өтініш жасайды. Аурухана – құқық қорғау, спорт мекемесі емес. Бұл адам емдейтін мекеме. Шын мәнінде қазір сапалы мамандарды табу қиын. Ал, білікті маман дайындау үшін он жыл уақыт керек.
– Көптеген аурухананың ақылы қызмет түрі бар. Тегін медициналық қызметке қарағанда, мұнда науқасқа жіті көңіл бөлетіні белгілі. Жалпы, ақылы бөлім керек пе?
– Кез келген медициналық мекемеде ақылы бөлім бар. Болуы керек. Өйткені біз күн көре алмаймыз. Жалпы, медицина саласы ақылы болмай, адам өз денсаулығына қарамайды. Шетелдіктер неге өз-өзіне қарайды? Себебі, ертең ауырып қалса, өмір-бойы жинаған ақшасын бір күнде бере салады. Ал бізде бәрі тегін. Тегін жатасың, тегін тамақ, тегін ем. Онымен қоймай арызданып кетеді. Егер қалтасынан 200 АҚШ доллары шығатынын білсе, ауруханаға келмейді де. Үйінде дәрісін уақтылы ішіп, дұрыс тамақтануға тырысады. Тіпті, науқастардың ішінде тегін емделгенімен қоймай, дәрігерлерді ұрып-соғатындары бар. Ол аз десеңіз, медбикелерді зорлап кететіндері де кездеседі. Біздің қоғам дәрігердің еңбегін дұрыс бағалай алмай жүр. Шетелдің телеарналарын қарасаңыз, дәрігерлердің өмірі, еңбегі туралы жақсы фильмдер көрсетеді. Ал отандық телеарналардан мамандыққа деген құрметтен туған дүние таппайсыз. Жастар мен жасөспірімдер тек адам өлтіру, зорлық-зомбылықтан тұратын жатжұрттың киносын тамашалап мәз. Неге дәрігер туралы фильм түсірмеске? Білсеңіз, дәрігер-хирург 50-53 жас өмір сүреді. Оны кім айтып жатыр? Олар да еңбектің үстінде жүріп өмірден озады. Адамның өміріне жауап беру оңай дейсіздер ме? Бәрі стресс. Дәрігердің көпшілігі қан қысымы ауруына шалдығады, жүрегі ауырады. Тіпті, хирург өз міндетін атқарып жүріп, «гепатит с, в» ауруын жұқтырып алады. Ол аз десеңіз, жұқпалы ауруы меңдеген науқастардың ішінде жүріп, туберкулез жұқтырып, қайтыс болып жатқандары бар. Мұның бәрін кім ескеріп жатыр? Тек қана жамандауға бармыз. Сөйте тұра, аяқ астынан балтыры сыздаса, дереу дәрігерге жүгіріп келеді.
– Денсаулық сақтау саласында бүгінге дейін түрлі реформа қолға алынды. Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі, «Салауатты Қазақстан», «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламалары мен онкологиялық аурудың алдын алуға байланысты кешенді бағдарламасы жүзеге асуда. Жалпы, медицинадағы өзгерістерге көңіліңіз тола ма?
– Қай салада болсын, кез келген реформаның жақсы және жаман жағы бар. Нәтижесін де беріп жатыр. Оның жақсы жағы – әр адамға дәрігер, емхана таңдауға мүмкіндік туды. Бұрын шалғайдағы ағайын бір аудан, облыстың көлемінен шыға алмайтын еді. Қазір қалаға келе алады. Сосын қазіргі бәсеке заманында бас дәрігерлер менеджмент саласын меңгеріп, ақша тарта білуге ұмтылуы керек. Сол арқылы клиниканы жақсы деңгейге көтеріп, пациенттер шақыруға болады. Жаңа жүйе – ақша тартуға бейімделген реформа. Қазір бұрынғыдай жұмыс істесең де, істемесең де ақша аласың деген әңгіме жоқ. Бәрі сапаға келіп тіреледі. Егер дәрігер ретінде сапалы жұмыс істесең, науқасты жақсы емдесең, халықтың өзі-ақ сенің ауруханаңды таңдайды. Бұл бір жағынан жарнама. Әрі ақылы түрде емделетіндер көбейеді.
– Болатбек мырза, ұжымы үлкен аурухананың бас дәрігері болу оңай емес. Соған қарамастан, күрделі операцияларға қатысуға уақыт табады екенсіз…
– Өзім хирургия саласының маманы болғандықтан, бәрін қадағалап отырамын. Шама-шарқымша ота жасауға қатысамын. Жастарға керек жерінде ақыл-кеңес айтамын. Қазір біздің ауруханада өлім-жітім азайды. Бұған дейін Оңтүстік Қазақстан облысы Денсаулық сақтау департаментінің бастығы, Қызылорда облысы Денсаулық сақтау басқармасының бастығы қызметін атқардым. А.Н. Сызғанов атындағы ғылыми-зерттеу хирургиялық орталығында 20 жыл еңбек еттім. Мұның бәрі маған үлкен мектеп болды.
– Бүгінде №7 клиникалық ауруханада трансплантациялық ота жасау жолға қойылып жатыр екен. Нәтижесі қандай?
– Біз бұл істі бастап кеттік. Бір жылда бүйрекке 33 ота жасадық. Құдайға шүкір, бәрі сәтті өтті. Көбі туысқандық донор арқылы жүзеге асты. Ал мүрделік трансплантацияға келсек, бұл адамның психологиясына байланысты. Егер рұқсатын берсе, біз науқастарға көмек беруге дайынбыз. Өмір болған соң, адам түрлі апаттық жағдайға ұшырайды. Жастай көз жұмады. Сондай кезде туысқандарынан рұқсат сұраймыз. Қазақстан бойынша соңғы бір жылдың ішінде осы жолмен үш-ақ рет ота жасалды. Екеуі Астанада, біреуі Алматыда. Сол үш жағдайда да ағза мүшесін орыс ұлтының өкілдері берді. Ал өзіміздің қазақтар көбіне рұқсатын бермейді. Ағза мүшесін о дүниеге алып кеткеннен не пайда? Бір адам үш-төрт науқастың өмірін кем дегенде он бес, жиырма жылға созады. Оның ішінде қаншама жастар бар. Донорды зарыға күтіп өмірден өтіп кетеді. Сондықтан марқұмның туыстары ағза мүшесін берсе, соның өзі үлкен сауап. Егер сенің жақын адамыңның жүрегі, бауыры, бүйрегі басқа адамның кеудесінде соғып тұрса, одан артық қандай сауап керек? «Мына адамның ағзасында менің бауырымның жүрегі соғып тұр!» деген керемет емес пе? Сол үшін ғана өмір сүруге болады ғой. Адам бәріне түсіністікпен қарау керек. Сондықтан ақпарат құралдары айта беру керек. Бұл бағытта діни имамдарға қарағанда, шіркеу қызметкері жақсы жұмыс істейді. Мәселен, Еуропадағы шіркеулердің маңдайшасында: «Сенің мүшең Құдайға керек емес. Оны осы жердегі адамдарға қалдырып кет…» деп жазылған. Міне, бізде де сөйту керек. Егер мешітте: «Ағза мүшеңді отандастарыңа, бауырыңа тастап кет! Бұл үлкен сауап!» дегенді жазып, іліп қойса, мешітке баратын жастар түсінетін еді. Имамдар жұма күнгі уағызда айтса, халық та бірте-бірте дайындала беретін бе еді, кім білсін?! Қазіргі кезде, ең бастысы, адамдардың қолдауы қажет болып тұр. Елімізде бауыр ауруларына шалдыққан 1200-ден астам адамның өміріне қауіп төніп тұрса, 1300-ге жуық адам – жүрек, 2 мыңдай науқас бүйрек трансплантациясын қажет етуде.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Динара Мыңжасарқызы