КТК-ның «бешбармағы» несі?
КТК-ның «бешбармағы» несі?
Ол үшін екі жұп жарысқа түседі. Қай жұптың етінің дәмді дайындалғанын сарапшылар сараптап, жеңімпазды анықтайды. Мұның бәрі жақсы. Мәселе, бағдарламаның атауында. Бағдарламаға ат таңдарда ұйымдастырушылар дұрыс ойланбаған сияқты. Әлде, қазақтың ұлттық тағамының тарихын білмейді…
Қазақтың ұлттық тағамына «бесбармақ» деп ат берген патшалық Ресей болатын. Олар қазақтарды төмендету үшін осылай атаған. Ондағы мақсаты – «жабайылар тамақты қолдарымен жейді» деп келеке еткені. Қазақты кемсітіп әдейі берген атты енді бүгін бармағын жалатып, жарнама жасап, көшеге іліп жүрміз. Миллиондаған адам көретін телеарнаның бағдарламасына кіргізіп, насихаттап жүрген де өзіміз. Намысымыз жоқ! Қорланбаймыз!
Бағдарламаның атауын «Бешбармақ» депті. Қазақтар бес санын «беш» демейді, «бес» дейді. Сонда олардың айтып отырған «бешбармағы» қай бармақ? Ұлттық тамақтарын қолмен жейтін қазақтар ғана ма? Өзбектер де палауын қолмен жейді. Палауларын қолмен жейді екен деп, өзбектер өз палауын «бесбармақ» деп атамайтын шығар. Тіпті, үндістердің де тамақты қолмен жейтінін фильмдерінен жиі көріп жүрміз.
Ал «КТК» телеарнасының «бешбармағы» несі? Әрі бадырайтып қойып, «бешбармақты көріңіздер» деп жарнамалап жүр. Намыс қайда? Бұл бағдарламаны ары қарай жалғастырар болса, атын өзгерткені абзал. Әйтпесе, қазақтың намысына тиетін мұндай бағдарламаларды көрсетуді тоқтатқанымыз жөн.
Назрахмет ҚАЛИ,
зейнеткер
Алматы қаласы