Қара түнек құшағында

Қара түнек құшағында

Қара түнек құшағында
ашық дереккөзі
295
Жас шамасы 10-11-лерде. Жұпыны киімі мен сәби бетіне түскен әжім табы баланың көп қиындық көргенінен сыр шертіп тұрғандай. Есімі – Жорик. Жорик басқа өзі құралпы балалардай емес, ойнағаннан гөрі аптасына бір рет шіркеуге келуді әдетке айналдырған. Сондағы қолынан бар келетіні көзін жұмып, аузын жыбырлатып Құдайға құлшылық қылу. «Жаратқан Жаббар иеме, Иисус Христосқа, Құдайдың ұлына айтамын, жар бол, күнәларым болса кешір! Барлық әулие-әмбиелер сендердің жатқан жерлерің жарық болсын, шарапатыңды тигізе гөр! Әке-шешеме арақ берме, оның орнына ақыл бер. Менің Таисия тәтем мен Роман ағама денсаулық бер. Олар үйде ертең өтетін сот процесін уайымдап отыр, онда менің тағдырым шешіледі дейді. Бәрін жақсы өткізе гөр. Сенен көп нәрсе сұрап отырған жоқпын ғой… Сенгенім де, тілеуім де, тірегім де Сен… Өтінемін…». Сөйтті де Жорик ана-мен баланың суреті бар иконаға қарап, бетін сипады. Шығып бара жатып қасиетті әкейдің қолындағы крестті сүйіп өтті. Бұл оның көңілі соқса ғана істейтін әдеті. Былтыр алғаш келген кездері шіркеуге кірсе болды жылайтын. Қазір жыламайды, керісінше шіркеуден қайраттанып шығады. Жорик бүгін де шіркеуден шығып, Таисия тәтесінің үйіне қарай беттеді. Таисия тәтесі жақсы, мейірімді. Онымен осы шіркеуге келіп жүргенде танысқан. Өзінің баласы жоқ Таисия Жорикті бірден мейірімді жүрегіне жақын тартты. Әлі есінде, екеуі отырып көп жылап, шер тарқатысқан. Ол баланың сұмдық сөзіне сенді. Өзімен бірге барып үйіндегі жағдайын көзімен көрді. Ертеңіне Жориктің мұғалімдерімен де сөйлесті. Сөйтіп баланы қолынан жетектеп өзінің үйіне кіргізіп алды. Жорик үйіне бара жатып жол бойындағы әкесі мен шешесі тұратын үйге соғып, жағдайларын білмек болды. Қопа көліне жақын орналасқан Жориктердің бұл үйі нағашы жұртынан қалған мұра. Әкесі сауында мұны күнде жыр ғып айтып отыратын. Өмірі жөндеу көрмеген лашықтың жай-күйі не болушы еді, бірер жылда құлап та қалуы мүмкін деп ойлады сыртына қарап. Дарбазаның есігін ашып, аула ішінде біраз тұрды. Біртүрлі кіруге жүрегі дауаламай тұр. «Мүмкін олар қатты ауырып жатқан болар? Мүмкін оларға менің көмегім қажет болып тұрған шығар? Ал мен жылы үйде, тамағым тоқ жатырмын…» Бұл Жориктің өзіне күніне жүз рет қоятын сұрағы. Үйдің ішінен анасының қар­қыл­дап күлген даусы шықты. Түсінікті… Жорик күмәннан арылып өзінің қатулы қалпына түсті. Жоқ… Бұл үйге енді аяқ баспайды. Ұмытады алқаш әкесі мен шешесін. Үйде бәз-баяғыдай жынойнақ болып жатыр екен. Еш­теңе өзгермепті. Анасы терең ұйқыдан жаңа тұрған. Олар үнемі сөйтеді. Түс ауа ұйқыларынан тұрып, оразаларын ашар-ашпастан арақ ішеді, сол ішу таңғы сағат бестерге дейін жалғасады. Ондайда анасы далада қыс болса да, жаз болса да, қарамайды, Жорикті үйден қуып жібереді. Баласының үйге кіріп келгенін көрген анасы құдды бір әбжылан көргендей, қолын шошайтып, қар­қылдап күле бастады. Ана­сы­ның осы бір қарқылдап күлген дарақы даусы Жориктің ең қорқынышты түстерінде де дегбірін қашырып, тыным таптырмайды. Абырой болғанда қою қараңғылық құша­ғында болар, басқа отырғандар бұған мән де берген жоқ. Әкесі аяғы аспаннан келіп үйдің бір бұрышында әлі қорылдап ұйқтап жатыр. Жорик алба-жұлба әкесін бір мезет аяп та кетті. Ауырады ма, соңғы кездері Жорикті танымайтын болып жүр. «Сен кімсің?» дейді оған.  Сұмдық-ай, үлкендер неге өз-өздерін осыншама азапқа салып,  арақ ішеді екен? Бала болса да өткен жылы әке-шешесіне ерегісемін деп алқаш болып кете жаздағаны бар. Ол кезде өзінен үш-төрт жас үлкен апасы Настя тірі болатын. Настя, Нас­тя… Настяны есіне түсіруі мұң екен Жориктің жүрек тұсы шымырлай бастады. Апасы Настямен бірге жақсы өмірді армандаушы еді. Амал не, Нас­тя арақтың құрбаны болып кетті… Ол кезде де әке-шешесі өкіртіп ішетін, бірақ ара-арасында естерін жиып, бірер күн үйге қарайтын. Настяның өлімінен кейін олар күн құрғатпай ішіп кетті. Ата-анасы бір ішсе апталап, айлап ішеді. Жазды қойшы, қыста қиын, үй суық. Жорик ондайда сабағына бармайтын. Қарынның қамымен қаланың қуыс-тесігін, автошина бекеттерін шарлап, отқа жағатын тамызық, көлік доңғалағының резеңкелерін іздейді. Темір-терсек тапса, оны өткізіп, тамаққа жұмса деп қуанып анасына беретін. Бірақ анасы талай рет ол ақшаны Жориктің көзінше араққа жұмсаған. Мұндай әділетсіздікті көрген Жорик апасы Настя екеуі шарасыздықтан ащы судан қалағандарынша сатып алып, тойғандарынша ішуді әдетке айналдырды. Содан кейін құлаған жерлерінде түней салатын әдет тапты. Мүмкін бұл жаман әдет жалғаса беруші ме еді, кім білген… Бір күні мектептен келсе есіктің алдында «Жедел жәрдем» көлігі тұр. Дәрігерлер  Настяның арақтан қатты уланғанын айтып, жансыз денесін мүрдеханаға алып кетті. Кейін әжесі мен ата-анасы төртеуі барып Настяны қара жердің қойнына берді. Содан кейін ата-анасының ауыздары арақтан құрғамады. Тұрып та, жатып та ішті. Сау болған кездері Жориктің есінде жоқ. Жорик керісінше сол оқиғадан кейін арақ ішуін қойып, қатты тұйықталып кетті. Бір күні олардың үйлеріне шіркеу қызметкерлері келді. Өздерімен бірге тамақ, киім-кешек әкеліпті. Қасиетті әкей Жорикпен сөйлесіп, қолынан жетелеп шіркеуге алып барған. Ол күн Жориктің ең бақытты күндерінің бірі ретінде есіне сақталып қалды. Келесі барғанда Таисия тәтеймен танысты. Содан кейін Жорик тәтесіне қатты бауыр басып қалды. Сабағын да жөндеді. Бүгінде жақсы оқиды. Күнара мектепке келетін Таисия тәтейге мұғалімдері Жорикті мақтайды. Мұндайда Жорик күлімдеп, өзін бақытты адам ретінде сезіне бастайды. Тәрбие сағатында Жорик алғаш рет орнынан тұрып, болашақта өмірдегі әділетсіздікпен күресу үшін әскери адам боламын деп сыныптастарына уәде берді. Өзі алдына сондай мақсат қойды. Таисия тәтей Жорикті ең алғаш көрген күнін ұмытпайды. Ол жас баланың жалбарынып тұрып құдайдан сұраған тілегін естіп қалған еді. Өзінен аумайтын, бойы тапал сары баланы қолынан үйіне жетектеп келгенде күйеуі Роман да қатты таң қалған. Бүгін екеуі әкелі-баладай, бірі-бірінен ажырамайды. Кішкентай болса да Жорик қатты уайымшыл. Таисия мұны  бесіктен белі шықпай жатып көрген қиындықтарының табы деп ұғады. Таисия расында да Жорикті Жаратқанның өзіне берген сыйы деп санап, балам дейді. Бүгінде тек оны заңдастырып алудың бар мүмкіндігін қарастырып жүр. Ол оңай шаруа емес екен. Ең алдымен баланың тірі ата-анасы бас тартуы керек. Қанша жерден ішкіш болса да, кім өз еркімен баласынан бас тартады? Өзі ішкіштерді жек көреді. Бірақ Жориктің әке-шешесінің алдарына барып аяқтарына жығылуға дайын. Таисия өз өтінішімен Көкшетау қалалық білім бөліміне барды. Сөйтіп арнайы қамқорлық органының Жориктің ата-анасын әкелік және аналық құқынан айыру туралы талабы Ақмола облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына келіп түсті. Сот Көкшетау қалалық білім бөлімі ММ талабын толықтай қанағаттандырды. Бүгінде Жорик өзінің жаңа отбасында, қайғысыз, қызықты өмірін бастауда. (Оқиға кейіпкерлерінің  аттары өзгертілді).

Айсұлу Рүстембек,

Ақмола облыстық сотының  баспасөз хатшысы

Серіктес жаңалықтары