Ұлт рухы – ұлттық тарихта

Ұлт рухы – ұлттық тарихта

Ұлт рухы – ұлттық тарихта
ашық дереккөзі
187

Бұған дейін Төл тарихын жазуда өзгеде кеткен есесі бар қазақ ұлты үшін бұл тақырыптың төркіні бөлек, орны ерекше. 

Кеше «Нұр Отан» ХДП Орталық аппаратында бір топ тарихшы ғалымдар, сая­саттанушылар мен партия белсенділері «Қазақстан жастарын жаңа патриоттық рухта тәрбиелеуде ұлттық тарихтың ролі» атты дөңгелек үстелде бас қосып, осы тақырыпта ой бөлісті. 

«Қазақстан-2050» Стратегиясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жас ұрпаққа патриоттық тәрбие берудің маңызын атап көрсетті. Осы орайда, «Нұр Отан» ХДП саяси ұстанымын партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек айтып өтті. «Бүгін дамудың жаңа деңгейінде бәріміз бірігіп, ынтымақтастық негізінде бар жетістіктерімізді нығайтуымыз қажет. Елбасы «Біз мемлекеттілігіміздің рухани мәселелері экономикалық, материалдық мәселелерден ешбір кем бағаланбайтын даму кезеңіне келдік. Рухани дамуда негізгі рольге әрқашан интеллигенция ие» деген. Сондықтан өздеріңізге белгілі, партияның негізгі құжаты, қоғамда талқыланып отырған саяси доктрина жобасында зиялы қауымның  ролі ерекше жазылған. Ахмет Байтұрсынұлы «Рух ұлы мақсат, ұлы мұрат үстінде керек» дегендей жастардың бойында рухты оятып, дамытуда тарихи мұраның, зиялы қауымның ролі зор. Сол үшін ел тарихын зерделеудің мәні ерекше. Олай болса, зиялы қауымның, тарихшылардың ролін күшейту керек. Бұл орайда партия тарапынан барынша қолдау көрсетілетін болады», – деді ол. 

Тарихты зерделеуде тарихшы мамандарға деген мемлекеттік көзқарас та, оларға қойылатын талап та өзгеретіні анық. Мемлекет тарихы институтының директоры Бүркіт Аяған қазіргі заманғы тарихшының бет-бейнесі ерекше екеніне тоқталды. Ол – «архивті білетін, шет тілдерін жақсы меңгерген, сонымен қатар маңызды теориялық тұжырым жасай алатын» маман. Бұл – Тарихшыға деген тың көзқарас. Осы орайда, Мемлекет тарихы институты басшылығы бірқатар жоба бойынша шетелдің озық университеттерінде білім алған жас тарихшыларды әріптестікке шақыруы құптарлық іс. 

Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы Ханкелді Әбжанов тарихты халық құрайтынын айта келіп, оның ішінде тұлғаның роліне айрықша тоқталды. «Жастардың еңсесін көтеретіндей тарихи зерттеу, тарихи іс-шаралар қолға алынғаны дұрыс. Мысалы, «Олимпиада чемпионы Бекзат Саттархановтың атын Астанада неге ұлықтамасқа? Жалпы, елдің атын шығарған ерлерді белгілі бір аймаққа ғана телудің қажеті қанша?» деген сұрақтарды ортаға тастаған ғалым ұлтты тәрбиелейтін тұлғаларға тарихи көзқарас қалыптастыру қажеттігін айтты.

Дөңгелек үстелде ұлттық тарихты зерделеу мәселелерін насихаттауда бұқаралық ақпарат құралдарының ролі де сөз болды. Саясаттанушы Айдос Сарымның айтуынша, соңғы кезде елдегі орыс тіліндегі басылымдарында тарихқа қатысты мақалалардың саны артқаны байқалады. Қазақ басылымдары үшін тарихи тақырыптағы материалдар таңсық емес. Бұрынғы деңгейде жазылып келеді. Бірақ орыс тіліндегі тарихи материалдардың сапасы күмән туғызады. Біріншіден, олардың дені –  ақпараттық сипаттағы материалдар. «Орыс тіліндегі материалдардың екінші бір үлкен легі мемлекеттік хатшының өзін мадақтауға арналып кеткендей, – дейді Айдос Сарым. – Ал шын мәнінде халықты ойландыратын, толғандыратын, ғылыми ортада жақсы бір ізденістерге итермелейтін мақалалар некен-саяқ». Сондықтан саясаттанушы «Халық – тарих толқынында» деген айдармен берілетін мақалаларға қойылатын талапты күшейтуді ұсынды. Ал «жүрдім-бардым мәселе қозғалған ортаңқол мақалаларды осы айдарға телу арқылы Тарих тақырыбын жер қылып жатырмыз», – дейді ол. 

Тарихты зерделеуде, оны тың көзқараспен жазуда әлі талай талқылау, көп ізденіс керек. Бәлкім, кеңірдек жыртар айтыс-тартыс пен түрлі көзқарас қайшылығы да болар.

Ең бастысы, сең қозғалды. Қазақ өз тарихын өзі жазуға кірісті.  


«Нұр Отан» ХДП төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек:

– Өткен жылдың соңында Мемлекет басшысы, партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» стратегиясында негізгі даму бағыттарын жариялады. Жыл басынан бастап партия төрағасының тапсырмасы бойынша, аймақтарда депутаттармен бірлесе отырып, арнайы құрылған жұмыс тобы партия доктринасының жобасын әзірледі. Бұл құжат партияның ата заңы деп айтсақ болады. Доктринада партияның негізгі құндылықтары айқындалған. Елбасы партияның он бесінші съезі биыл 18 қазанда өтетіндігі туралы қаулыға қол қойды. Жалпы, осы съезге дайындық барысында келесі аптада доктринаның жобасы партиялық газеттерде, электрондық сайтта жария етіледі. Содан кейін біздің жоспарымыз бойынша, доктрина жобасы көпшіліктің арасында талқыланып, осы съездің қарауына ұсынылатын болады. 

Гүлбиғаш ОМАР

Астана 

Серіктес жаңалықтары