«Селтикті» сан соқтырған кеншілер

«Селтикті» сан соқтырған кеншілер

«Селтикті» сан соқтырған кеншілер
ашық дереккөзі
185

Ақ ниетті Алаштың арманы мен үміті алдаған жоқ. Ақыры ұрпақтан ұрпаққа аңыз етіп айта жүрер жеңіске жас Астанамызда – ғажайып «Астана-аренада»  қол жетті. 

Биыл қазақ футболына – 100 жыл! Осынау айтулы мерекені ұлан-асыр той етіп атап өтуге жайшылықта жайбасар қазақ футболшылары да анттасып, намысы мен жігерлерін қайрады ма, осы жылы бұрын-соңды қол жетпеген биіктерді бағындырғанын футбол сүйер әрбір жанкүйер өз көзімен көруде. Тұлпарларының төрт тұяғымен жарты әлемді дүрілдеткен далалықтардың ұрпақтары Еуропаның көз сүйсінген жасыл алаңдарында жеңіспен ойнақ салуда. 

Осыдан сәл уақыт бұрын Пав­лодардың «Ертісі» София қала­сының атақты «Левски» футбол клубын екі ойын  нәтижесі бойынша 2:0 есебімен есеңгіретіп ұтқан соң Болгарияда бұрын-соңды болмаған шу көтерілген болатын. Еуропа лигасында осыған дейін аты шығып көрмеген «Ертістің» Болгарияның  ғана емес, бүкіл Еуропаның маңдай алды командаларының бірі «Левскиді» естен тандырғанына ешкім сене алған жоқ. Іле-шала өз қызметінен кетуге өтініш берген «Левски» командасының бас жаттықтырушысы Николай Митов: «Бәріне мен кінәлімін. Бұл менің жеке трагедиям. Біз осындай әлсіз командаға тізе бүктік», – деп мәлімдеді.

 Осы жолы Астанаға  жеңіс үшін келген әлемге әйгілі «Селтик» командасы  да жерге қарады. «Селтиктің» аты «Селтик» қой, оны жеңу ойда болмағаны да рас. Тіпті, командамыз ірі есеппен ұтылып, жерге қарап қалмасақ екен деп тіледі іштей жанкүйерлер. «Шахтер» осы ойында ұтады деушілер бар болса, олар нағыз фантазерлер немесе футболдан еш хабары жоқ бейсауат біреулер. Тіпті, «Шахтердің» бас жаттықтырушысы Виктор Кумыковтың өзі де: «Селтик» – ұстаз, біз – шәкіртпіз. Ұтылсақ, жерге қарайтын жайымыз жоқ», – деген. «Шахтер» еш дау­сыз ұтты. Ұмытылмастай жеңіс! 31 жасар Финонченко 12-минутта  «Селтиктің» қақпасына ғажайып гол соқса, 77-минутта жиырмадан жаңа асқан жас пері Сергей Хижниченко баспен жеңіс добын соқты. 

2:0! Ей, тәжірибе мен бұла жастық әйгілі кельттердің жауырынын әдемілеп жерге тигізді!

Қарымта ойын бір аптадан соң Глазгода өтпек. Алыс Астанадан есеңгіреп қайтқан кельттер оған дейін есін жия ма? Екі ойын қорытындысы бойынша «Шахтердің» жеңіске жетуге мүмкіндігі мол-ақ.

Виктор Кумыковтың «Егер біз «Селтикті» ұтатын болсақ, онда мен темекіні тастаймын!» деген уәдесі бар. Екі ойын қорытындысы бойынша нәтижені айтқаны ғой. Темекіні тастаса, тастасыншы Виктор Валютович! 35 жыл армансыз шекті ғой сол шылымды. 

Бүгін Ақтөбеде «Ақтөбе» командасы Киевтің атақты «Динамосын» қабылдайды. Жанкүйерлер Ақтөбеден жанға жайлы хабар күтпек.

Серіктес жаңалықтары