Көптің көңілін күпті еткен...

Көптің көңілін күпті еткен...

Көптің көңілін күпті еткен...
ашық дереккөзі
268

Ол ол ма, ресми Мәскеудің ығына жығылғаны соншалық, орыс тілінің қолданыс аясының тарылмауы үшін бар мүмкіндікті жасап бақты. 

Кедендік одақ мәселесіне қатысты талай басқосуда көбіне ресейлік тараптың мүддесі қорғалса да, қалған екі елдің өз уәжін ашып айтуына мүмкіндігі бола бермейтін. Бұған Минскіде, Санкт-Петербор қалаларында өткен мемлекет басшылары мен үкіметаралық келіссөздерді мысалға келтіруге болады. Дәл осындай алқалы жиында тек Ресей Белоруссия арқылы Қазақстанға, басқа мемлекеттерге кедендік баж салығынсыз өтетін тауардың күннен-күнге артқанын айтып көңілі толады. Нарықты Ресей мен Белоруссияның тауары жаулаған соң, отандық өнім тұншықпағанда қайтсін? Ал өзіміздің «бренд» деп санайтын бірді-екілі тауарды екі елге шығара алдық па? Көбіне саясаттан гөрі, экономикалық тұрғыдан тиімді делінген Кедендік одақтың қазақ тарапы үшін ұтымды тұсы қайсы?  

Бүгінге дейін Кедендік одақтың олқылығы туралы жақ ашпаған Белоруссия президенті Александр Лукашенко таяуда Ресейді ашық түрде айыптады. Осы мәселе жөнінде арнайы баспасөз мәслихатын өткізген ол «Ресей Белоруссияны алдап соқты» деп мәлімдеді. «Кедендік одақтың аты болғанымен, заты жоқ.  Себебі, Ресей осы жоба іске қосылған кездегі мойнына алған міндеттерін орындауға асықпады. Ол аз десеңіз,  Белоруссия өндіретін тауарларды Ресей нарығына жібермеу туралы бұйрық та бар», – дейді ол. Сондай-ақ, Лукашенко: «Егер Кедендік одақ бүкіл әлемдегі экономикалық одақтардың шарттары қабылданған принциптерге негізделсе, онда Белоруссия үшін жаман болмас еді. Бізді алпауыт құбыжық Ресей тұншықтырып тастайды, біздің нарығымызды жаулап алады» деп қорықпаймыз. Үш мемлекет құрып отырған Кедендік одақ та үлкен кеңістік – 170 миллион халық. Бірақ тараптардың ешқайсысында тауарларды шектеу, қолдан тосқауыл жасау деген болмауы керек. Анығын айтқанда, Белоруссияның Ресей мен Қазақстан нарығында жұмыс жасауына Мәскеу қарсылық танытпауы тиіс», – деген пікірін нықтай түсті. 

Белоруссия президенті А.Лукашенко 2009 жылы, яғни Кедендік одаққа өтер тұста әбігерге салған «қант соғысы» мен «сүт соғысын» да еске алды. Сол кезде Ресей тарапы «Белоруссия өндіретін сүт өнімдері стандартқа сай емес» деп орынсыз айыптаған болатын. Осылайша, іштегі шерін тарқатқан белорусь басшысы Кедендік одақта үш мемлекеттің құқы бірдей, дәрежесі тең деген алдарқату әңгіменің күлпаршасын шығарып, Ресейдің өктем саясат жүргізіп отырғандығын ашық айтты. 

Украина Кедендік одаққа асықпайды

 Кедендік одақтың көшбасшысы ретінде белсенді қимылға көшкен Ресей бұл топтың қатарынан Украинаны көргісі келетіні әу бас­тан белгілі. Алайда, өзіндік талаптары мен міндеттері бар бұл мемлекет әзірге ырыққа көнер емес. Бұған дейін «Кедендік одаққа кіруіміз мүмкін» деп келген украиндық биліктің пікірін сан мәрте өзгерткенін бекершілік деуге болмайды. Себебі, мұның астарында «Жеті рет өлшеп, бір рет кес» деген саясат жатқаны айтпаса да түсінікті. 

Саяси және экономикалық мүдде тұрғысынан келгенде Ресейдің кейбір мемлекеттерге тісін батырып жүргені рас. Оған күні кешегіге дейін ресейлік нарықтан грузин өнімдерінің сатылуына тыйым салып, тұншықтырып келгені нақты мысал бола алады. Ал жақында Ресей мен Украина арасында басталған «сауда соғысы» маңайдағы көрші елдерге де салқынын тигізе бастады. Бұл дау қайдан шықты? Оған дәлел боларлық негіз бар ма? 

Ресей шілде айының аяғында украиндік «Roshen» кәмпит өнімдерінің елге тасымалдануына тыйым салды. Арнайы тексеру нәтижесі бойынша, сүтті шоколадтың құрамынан «бензопирен» атты улы зат табылған көрінеді. Жағымсыз ақпарат жерде жата ма?  Ә дегеннен-ақ бүкіл әлемге тарап үлгерген жаңалыққа үрке қараған кейбір мемлекет жалма-жан кәмпит өнімдеріне зерттеу жүргізе бастады. Солардың қатарында Қазақстан да бар. Бір-екі күндікте Қырғызстан Денсаулық сақтау министрлігі, Экспертиза және аурудың алдын алу департаментінің директоры Толо Исакова тексеру барысында «Roshen» кәмпит өнімдерінен қандай да бір зиянды заттың табылмағанын мәлімдеді. «Зертханада жүргізілген сараптама нәтижесінде «бензопирен» анықталған жоқ. Біз мұнымен қоса, улы зат – күшәла, қорғасын, мырыш элементтерінің бар-жоғын зерттеп, адам ағзасына қауіп келтіретіндей ештеңе таппадық. Сондықтан да халық аталмыш компанияның өнімдерін еш уайымсыз тұтына беруіне болады», – деді. Айта кету керек, Астана және Алматы қалаларындағы тексеру шарасы да тауарда зиянды заттың жоқтығын растады. 

Отандық өнімін қызғыштай қорғаған украиндық белсенділер Ресей Федерациясы елшілігі алдына наразылық шараларын ұйымдастырды. «Украинадан қолыңды тарт!» деген жазуы бар үнқағаз бен парақша ұстаған олар билікке украин тауарларының сатылуына шектеу қойған Ресейді де дәл солай жазғыру керектігін және елге ресейлік өнімнің кіруіне тыйым салу қажеттігін жеткізуге тырысты. Наразылық шарасы кезінде ресейлік шәй мен шоколадты жұрт алдында өртеп жіберіп, күлін елшілік алдында қалдырып кетті. 

Ал, осы жағдай туралы Жоғары Рада депутаты Александр Мирный баспасөзге берген сұхбатында: «Біріншіден, Ресей бізге деген өзінің шынайы бет-пердесін көрсетті. Екіншіден, зауыт және кәсіпорын иелері бұл жағдайдан кейін жаңа технологияға біржола көшетін болды» десе, депутат Виталий Кличко: «Мәселенің төркіні «тауар соғысына» келіп тіреліп тұр. Сондықтан да Украина әзірге ең басты ойыншы ретінде өз мүддесін ғана көздейтін ресми Мәскеу басқаратын Кедендік одаққа кіруге асықпауы керек. Өкінішке қарай, жұртты себепсіз дүрліктірген бұл жағдай Ресейдің ТМД-дағы өз серіктестерімен күштің тілінде ғана сөйлесуге дағдыланып қалғанын тағы бір мәрте дәлелдегендей болды», – деп кесіп айтты. Жоғары раданың тағы бір депутаты Геннадий Москаль: «Сауда соғысының» басты себебі Януковичтің Тимошенконы бостандыққа шығарғысы келмеуінде жатыр. Ал Путинге Тимошенконың түрмеден шыққаны керек. Неге десеңіз, 2009 жылы газға қатысты қол қойған құжаттың салдарынан жеті жылға сотталған Тимошенконың алдында өзін айыпты санайды», – деген болжам жасапты.    

Әрине, кәмпит өнімдерінен басталған даулы мәселе екі мемлекет басшыларын алаңдатса керек, Янукович пен Путин телефон арқылы сөйлесіп, мән-жайды ретке келтіруге келісті. Бұдан соң  Мәскеуге РФ бірінші вице-премьері Игорь Шуваловпен кездесуге Украинаның бірінші вице-премері Юрий Бойко бастаған делегация шұғыл ұшып келіп, даулы мәселе екі елдің кеден қызметі басшыларының тоқетер пікірінен кейін шешілетіндігін айтып, тарқасты. Бір қызығы, сол сәтте-ақ Ресей Федералды кеден қызметінің басшысы Андрей Бельянинов украиндық импортерлер алдында кешірім сұрап, «Кеден Ресей Федерациясының экономикалық мүддесі тұрғысынан әрекет етті» деп әңгіменің ашығына көшті. Қалай десе де, Ресей саясатының мәні түсінікті. Империялық астамшылдығы басым мемлекет Украина Кедендік одаққа кірмей тынышталмайтын сияқты. Ал Қырғызстанның таңдауы қайда бұрылады? Кедендік одаққа кіруге Қырғызстан мемлекеті де талпынып отыр. Мұны қолдап отырған Ресей тарапы бірнеше рет келіссөз жүргізіп тастады. Бірақ та бүгінгі таңда қырғыз бауырлар да таяқтың екі ұшы барын сезіне бастаған. «Кедендік одаққа енсек, әуелгіде қиындықты бастан өткеріп, уақыт өте келе экономикамызды тұрақтандырып алатын шығармыз» деп бір болжаса, енді бірде: «Егер Ресей бізге адамгершілік тұрғысынан қарым-қатынас жасағысы келсе, онда неге еліміздің байлығын жымқырған тұңғыш президентті жасырып отыр?» деген сауалды төтесінен қояды. Әзірге Ресей Украинамен арадағы түйткілді мәселені шешіп әуре. Ал Қырғызстан не десе де, ресми Мәскеу үшін оңай шағылатын жаңғақпен тең…  

Айдос Сарым, саясаттанушы: 

– Жақында ғана Ресейдің Украинаны Кедендік одаққа тарту туралы құпия құжаттары жарияланды. Ішінде сан-алуан тәсілдер мен технологиялар көрсетілген. Кешегі «Roshen» кәмпиттеріне тыйым салу да, соның бір жолы. Алдымен мұқатып, нарығынан айырып, артынан «әріптес, акционер болайық, сонда Ресейде саудаң жүреді» деп компанияның құрамына кіріп алу. Украиндықтар осының салдарын жақсы түсініп отыр, халқы да белсенді қарсыласып жатыр. Біз мынаны ұғуымыз керек сияқты. Түбі Кедендік одақтың еш болашағы жоқ. Бірақ, Ресей осыны пайдаланып айналасындағы барлық нарықтарды жаулап алмақ. Ал барлық маңызды деген нарықтарды жаулап алсаң, одан артық билік пен бақылаудың қажеті де шамалы. Егер компанияларың Ресей кәсіпкерлерінің қолына өтіп кеткен болса, сенің билігің де ештеңе істей алмайды. Яғни, Кедендік одақ ең алдымен қазақ нарығын жаулаудың орыс үшін аса өтімді, тиімді жолы. Апта сайын Ресей өзінде шығаратын тауарларды өткізу үшін Кедендік одақ аясындағы баж, кеден салықтарын өсірумен келеді. Біресе шыны, біресе қондырғылар, біресе тағы басқасы. Мысалы, осының арқасында елімізде сатылатын орыс автокөлігінің саны артып келеді. Қулықпен, қысыммен орыс мәшинелерінің сатылымы 80 пайызға өсіп, елде сатылған екі мәшиненің бірі ресейлік мәшине болды. Пайда ма? Таза пайда. Осы арқылы өз өнеркәсібін қолдап отыр. Сапасы – нөл, шашылып қалатын дүниесін өткізіп жатыр. Ресейдің «Сбербанк» деген банкі нарығымызға баса көктеп кіруде. Ондағы депозиттердің саны мен сомасы тез арада өсіп кетті. Бұл өте ірі банк, оның бағаны да төмендетіп, жұмысының сапасын биік деңгейде ұстап отыруға мүмкіндігі бар. Бірақ ертең өз мақсатына жетіп, нарықты алған соң бағасын өсіретіні белгілі. Бір-бірлеп майда-шүйде банктерді сатып алып, ертең нөмірі бірінші банкке айналуы әбден мүмкін. Дәл осы тәсілмен Ресей қазақтың теміржолын алмақшы. «Аэрофлот» «ішкі рейстерге» кіргісі келіп, жанталасып жатыр. Ертең арзан рейстер жіберіп, сапалы ұшақтары бар «Эйр Астананы» мұқатып, оны да сатып алу ниеттері бар. Қазір мысалы Арменияның авиациясы Ресейге өтіп кетті. Бізді де сол сияқты қылмақ. Демек, одақтастық дегеніміз ең алдымен Ресей капиталының экспансиясын қамтамасыз ету құралы. Есесіне Ресей біздің бірде-бір компанияға жеңілдік жасамайды. Біздің тауарларды ішкі нарығына өлсе де жібермейді. Бұл айдан-анық! Бұған не істеуге болады? Менің ойымша, қоғам оянып, бейбіт наразылық акцияларын үнемі, тұрақты өткізіп тұруымыз керек. Қолдан келіп жатса, Ресей тауарларынан бас тартуымыз керек. Аз да болса өз өнімдерімізді алып, өз өндірушілерімізді қолдағанымыз жөн. Әрбір нысанымызды, кәсіпкерімізді қызғыштай қорғап, белорусь, украин, қырғыз әріптестерімізбен белсенді қарым-қатынас орнатып, соларға да рухани, адами, азаматтық көмегімізді көрсету. «Көп түкірсе – көл» демекші, кешегі Ресей отарлары болған мемлекеттер бірігіп, белсенді саяс­ат жүргізіп, бір-бірінің тауарларын қолдап жатса, құба-құп. 

Серіктес жаңалықтары