ҚЫЗЫЛОРДАНЫҢ ӘУЕЖАЙЫ ҚАЙТА ЖАҢҒЫРТЫЛАДЫ
ҚЫЗЫЛОРДАНЫҢ ӘУЕЖАЙЫ ҚАЙТА ЖАҢҒЫРТЫЛАДЫ
Осыдан кейін әуе қақпасы үлкен сыйымдылықтағы
ұшақтарды қабылдап, өз мүмкіндігін молайтқан еді. Енді Қызылорданың
әуежайы заман талабына сай қайта жаңғырудың алдында тұр. Облыс әкімі Қырымбек
Көшербаевтың бастамасымен әуежайда жаңа терминал – аэровокзал салу ісі қолға
алынбақ. Бұл дегеніңіз, Сыр елінің соңғы уақыттағы серпініне жаңа қырынан дем
беретін батыл қадамның көрінісі деуге болады.
Құрылысы осы күзде
басталады деп жоспарланып отырған нысан жаңа сипатта іске қосылғанда әуе
тасымалының қызметі қазіргіден анағұрлым арта түседі. Ал ондағы жаңғырту
жұмыстары толық жүзеге асқанда халықаралық мәртебе беруге мүмкіндік мол.
Қазіргі жағдайда бұл
әуежай арқылы 22 рейс орындалады екен. «Қорқыт ата әуежайы» авиакәсіпорны
акционерлік қоғамының бас директоры Қалқаман Дөңсебаевтың айтуынша, «Эйр
Астана» және «Скат» компанияларының сыйымдылығы үлкен ұшақтарымен өткен жылы
72,3 мың жолаушыға қызмет көрсетіліпті. Биылғы жартыжылдықтың өзінде әуежай
қызметін 41,1 мың жолаушы пайдаланған. Әуе тасымалындағы бұл көрсеткіш алдағы
уақытта еселене түспек. Сондықтан облыс әкімдігі мен «ҚазГермұнай»
компаниясының ортақ мәмілеге келіп, меморандумға отыруы Қорқыт ата әуежайының
мүмкіндігін кеңейтетін болады.
Нақтырақ айтсақ,
жасалған келісімге сәйкес мұнай компаниясы халықаралық талаптарға сай келетін
терминал салуды жүзеге асырады. Компания сағатына 250 жолаушыны жібере алатын
терминал құрылысына 150 млн. теңге көлемінде қайтарымсыз қаржы бөлмек. Ал жаңа
терминал халықаралық мәртебе алудың мүмкіндік көзі. Халықаралық әуе қатынасына
құлаш ұру, әрине, жолаушылар тасымалының артуы ғана емес, бұл дегеніңіз
облыстың әлеуметтік-экономикалық өсіміне, инвестициялық тартымдылығына жол
ашатын үлкен қақпа болып саналады. Өз кезегінде алыс-жақын шетелдерге баратын
қызылордалық жолаушылар не Сыр өңіріне келушілер артынып-тартынып жолай ат
ауыстырмай, тікелей табан тірейтін болады. Білуімізше, осы ретте Қызылорда
арқылы Стамбулға, Үрімші, Құлжа, тағы басқа ірі қалаларға, сонымен қатар
Душанбе, Ташкент арқылы тұрақты рейс орнайды.
Жалпы, салынатын
терминалдың аумағы 9200 шаршы метр. Онда заманауи үлгідегі қонақүй, дәмхана,
байланыс, мәдени-тұрмыстық қызмет түрлері қамтамасыз етілмек. Әуежайды
жаңғыртудағы басты жетістік, жолаушылардың ұшаққа мініп, түсу қызметінде озық
техника – екі телескоптық трап жұмыс жасайтын болады. Ал аэровокзалда 120
орындық көлік тұрағы салынса, оның 28 орны ресми қызметшілерге арналған.
Осындай және 28 орындық автотұрақ коммерциялық негізде жұмыс жасайды. Қысқасы,
әуежай әлемдік стандарттарға сай қызмет үлгісінде жасақталатын болады.
Бұл шын мәнінде, үлкен
әрі маңызды жоба. Бұл ретте оған «Игілік» корпоративтік қоры арқылы бюджеттен
тыс көздерден қаржыландыру жағы да қарастырылып отыр. Қазір жобаның
техникалық-экономикалық негіздемесі мен жобалау-сметалық құжаттары әзірленуде.
Белгіленген тәртіпке сай мемлекеттік сараптамадан өткізіліп, ол қыркүйек айында
толықтай дайын болмақшы. Жобаны іс жүзінде бастап кету үшін облыс басшылығы
тарапынан ҚР Көлік және коммуникация министрлігіне республикалық бюджет
қаржысын нақтылау барысында әуежайдың құрылыс-монтаж жұмыстарына қаржы бөлуіне
ұсыныс та беріліп қойған. Алдын ала есептеулерге қарағанда, жобаның құны 5,8
млрд.теңгені шамаламақ.
Айта кетерлігі жуырда
«Қорқыт ата» әуежайы авиакәсіпорнының мамандары Алматыға арнайы барып,
құрылысты жобалаушы «Turkuaz Іnvest» ЖШС-мен болашақ жолаушы терминалы,
автокөлік тұрақтарының және инженерлік жүйелердің орналасу жайын және бір
пысықтап қайтқан. Өз кезегінде жобалаушы кәсіпорын құжатты ҚР Көлік және
коммуникация министрлігінің Азаматтық авиация комитетіне салалық қорытынды
алуға ұсынған.
Қуат Шарабидинов
Қызылорда облысы