ЖАТ ЖЕРДЕ «ЖАЗЫҚТЫ» БОЛҒАНДАР

ЖАТ ЖЕРДЕ «ЖАЗЫҚТЫ» БОЛҒАНДАР

ЖАТ ЖЕРДЕ  «ЖАЗЫҚТЫ» БОЛҒАНДАР
ашық дереккөзі
210

Сәуір айында АҚШ-тың Бостон қаласында болған террактілік жағдайға кінәлі деп айыпталған ағайынды Царнаевтардың кішісіне қатысты сот әлі біраз уақытқа жалғасатын түрі бар. Әу бастан лаңкестік әрекетті этникалық шешен, АҚШ-тың азаматтығын алған ағайынды Царнаевтар жасады деген ақпарат бойынша істің ақ-қарасы тексеріліп жатыр. Ағасы Тамерлан жарылыс кезінде, полициямен қақтығыста жараланып көз жұмғандықтан, бар кінә інісі Джохарға тағылуда. Кейбір мәліметтерге сүйенсек, оған өлім жазасы тағайындалуы мүмкін. 

Бұл мәселеде бізді алаңдатып отырған – екі қазақ студентінің жайы. АҚШ Федералды тергеу қызметі ағайынды Царнаевтар туралы егжей-тегжейлі тексеру амалдарын жүргізгенде оның Қазақстаннан білім алуға барған Азамат Тәжаяқов пен Диас Қадырбаевпен дос болғандығын айтып, бірге түскен суретін жариялады. Мұнымен қоса Диас Қадырбаевтың әлеуметтік желідегі парақшасындағы «Terrorist №1» деген жазуы бар көлігінің жанында түскен суреті де тергеушілердің ойын сан-саққа жүгірткен. 2011 жылдан бері Массачусетс-Дартмаус университетінде бірге оқитын үш студент өзара достық қарым-қатынаста болған екен. Тергеушілердің айтуынша, Қадырбаев, Тәжаяқов және Филлипос үшеуі Царнаевтың бөлмесіне барып, рюкзакты, ноутбукты, фейерверк, «бомба жасауға қатысы бар болуы мүмкін» деген қауіппен вазелин салынған құтыны да ала кетіп, қоқыс салатын жәшікке тастаған. Осылайша, Бостондағы қазақ студенттерi Азамат Тәжаяқов пен Диас Қадырбаев «Царнаевтың әрекетiн жасырмақ болып, сөз байлас­ты, тергеудi шатыстырмақ болып, заттай айғақтарды жойды» деп айыпталған болатын. Егер АҚШ соты бұлардың айыпты екенін растаса, Тәжаяқов пен Қадырбаев 5 жылға сотталып, 250 мың доллар көлемiнде айыппұл төлеуi және депортациялануы мүмкін. Қазіргі кезде Азамат Тәжаяқовтың әкесі Әмір Исмағұлов баласымен бірге. Оның ақпарат құралдарына берген пікіріне қарағанда, АҚШ федералды соты қазақ студенттерінің айыпты екенін растайтын нақты дерек келтірген жоқ. Сондықтан да олар ақталып шығады деп сенеді. «Ұлымның жазықсыз екенін дәлелдеу үшін ештеңеден аянбаймын. Тыңдалымға дейінгі уақыт үш айға созылып кетті. Адвокат ауыстырып, сот тыңдауына дайын болмағандықтан, бірінші біз шегердік. Осы үш ай бойы прокурорлар «бес жылға келісіңдер» деп бізді қыспаққа алды. Азамат пен Диас жазықсыз болғандықтан, алғашқы күннен олардың мұнысына келіспедік. Оларға «айыпты алып тастаңдар» дедік. Ешқандай мәмілеге бармадық, сондықтан олар Үлкен алқаға жүгінуге мәжбүр болды. Біз бес жылға келіспеген соң олар 20 жылға бір-ақ шығарды. Бұл тартыс енді алқабилер сотына дейін барып, ұзаққа созылатын болды», – дейді Азаматтың әкесі. Келесі сот тыңдалымы қыркүйек айында өтуі мүмкін. 

Динара Мыңжасарқызы

Серіктес жаңалықтары