СӨЗ ТӘРБИЕСІ ҰМЫТ ҚАЛҒАНДА...

СӨЗ ТӘРБИЕСІ ҰМЫТ ҚАЛҒАНДА...

СӨЗ ТӘРБИЕСІ ҰМЫТ ҚАЛҒАНДА...
ашық дереккөзі
380
Кітап жөнінде автор: «Бұл ғұмырнамалық кітапқа енген журналистік өмір жолымда жазған әр жылғы мақалалар, эсселер мен жазбаларда адамдардың жақсы қасиеттері, ұлағатты істері, жаны мен жүрегінің қуанышы, бақытты өмірі, сондай-ақ, қилы-қилы кезеңдерде белең алған қылмыстық хал-ахуал, сыбайлас жемқорлық, қатыгездік пен озбырлық, жеке адамға қарсы қылмыстар, құқық бұзушылық, қоғамда қалыптасқан өзге де келеңсіз көріністер әңгіме арқауына айналып отыр», –  деп жазады. Расында да, «Адамдар. Жылдар. Тағдырлар» кітабының негізгі өзегі осы. Ұзақ жылдар бойы атқарған журналистік қызметінде өзі көрген, өзі куә болған автор сыр шерткен оқиғалардың куәсі боласыз кітап арқылы. Аталмыш кітапқа негіз болған дүниенің бірі – құқық тақырыбы. Құқық тақырыбына кез келгеннің тісі бата бермейді. Әрі прокурорлардың өмірі мен қызметі де көп адамға таныс емес. Оның үстіне, құқық саласында жүргендердің көбі ашылып әңгіме айта бермейтіні тағы бар. Осы тұрғыдан келгенде, автор прокуратура саласында жүрген жандардың  көптеген игі істерін қаламына арқау етеді. «Құқық тақырыбына қалам сілтегенде әрбір айғақ, қылмыстық іс әрекет нақты көрсетілуі тиіс. Бұл ауадай қажет нәрсе. Алматы қалалық прокуратурасының баспасөз хатшысы болған жылдары бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған дүниелерім еліміздің Бас прокуратурасы тарапынан көбіне ең үздік жарияланымдар қатарында бағаланды. Бұл көп ізденістің, қамтыған тақырыптың төңірегінде түбегейлі әңгіме қозғаудың түпкі нәтижесі деп ойлаймын. Бұл орайда газеттің екі тілде бірдей сапалы шығуына аты жөні аталған қала прокурорларының жанашыр болғанын, шапағаты тигенін ерекше айтқым келеді», –   дейді автор. Құқық тақырыбында қалам тербейтін журналистер көп емес, ілуде біреу шығар. Бүгінгі қоғамда қылмысқа жастарымыз не үшін барады. Оның бірнеше себебі бар. Әуелгі себеп, жұмыссыздық. Қалтасында көк тиыны жоқ, кәсіп етпейтін жастың оңай жолмен ақша табуға тырысатыны сөзсіз. «Қылмыс жасап жүргеннің бәрі негізінен жастар. Ал оларға тәрбие беру ісі тым осал, бетімен жіберілген. Осы сәтте ерте кезде бір ақсақалдың айтқан сөзі ойға оралады. Ол кісі тәрбиенің үш тармағын атаған екен: біріншісі – құрсақ тәрбиесі, екіншісі – ананың емшек сүтімен баратын тәрбие, үшіншісі – сөз тәрбиесі. Біз осы ұлағаттан едеәуір жырақ кеткен, өмірден артта қалып қойған тәріздіміз». Кітап алты бөлімнен тұрады. Оның алғашқы бөлігі құрықталған қылмыстар туралы болса, қалған бөлімдері тіршілікте кездескен қилы-қилы қиянат, елдің бүгіні мен ертеңіне алаңдау және тарам-тарам тағдырлы жолдар жөнінде жазылған жайлар мен автор туралы пікірлер өрілген. Сонымен бірге, прокурорлармен баспасөзде жарық көрген сыр сұхбаттарын да осы кітаптан табасыз. Әңгіме соңында елге сыйлы ақсақал Сейілбек Шаухамановтың мына бір ғибратты сөзімен аяқтағымыз келіп отыр. «Адам баласына екі нәрсе қымбат. Біріншісі – денсаулық, екіншісі –  уақыт. Бұл екеуінде ақыл-ойдың үлкен жемісі жатыр. Соның арқасында ой-қыр демедік, біраз жер жүрдік. Бәрін өмір үйретеді. Данышпан болып ешкім тумайды. Көпті көрдік, көп ақыл айттық. Осыны ұстанған адам қор болмайды. Жақсы, баянды істі – мақтадық, кері тартқан жаман қылықты – сынға алдық. Одан залал шеккен адам болған жоқ. Кейінгі ұрпақ үлгі аларлық көп жұмыстар атқарылды. Шүкір, қазір барын базар етіп жатқан жағдайымыз бар. Міне, мына қолыңызға ұстап отырған Итеннің екінші кітабы да сол өткен күндердің ұмытылмас бір белгісі, еске түсер бір белесі тәрізді партия және кеңес жұмыстарына басшылық жасағандардың, түрлі салаға қатысты қызмет аясының тұтқасын қолында ұстаған адамдардың, прокурорлардың іс-тәжірибелерін зерттеген әрі егжей-тегжейлі білетін және олардың маңдайтер төгіп атқарған қыруар жұмыстары жайлы сыр шертеді. Қысқаша айтқанда, Итен Қарымсақұлы өзінің осы ғұмырнамалық кітабындағы көп ой-тұжырымдары арқылы қаламы қылыштай, мінезі құрыштай, сегіз қырлы, бір сырлы, талғамы мол, талабы күшті қаламгер екенін мейлінше айқын танытып отыр», – дейді. Білікті журналистің, қарымды қаламгердің қолтаңбасын білдіретін «Адамдар. Жылдар. Тағдырлар» кітабы уақыттың, бүтін бір қоғамның үнін сездіретін сүбелі еңбек дегіміз келеді.

Гүлзина БЕКТАС

Серіктес жаңалықтары