«ЖАҢА ҚУН» ДЕГЕН НЕ?

«ЖАҢА ҚУН» ДЕГЕН НЕ?

«ЖАҢА ҚУН» ДЕГЕН НЕ?
ашық дереккөзі
257

Кеше ұйқымнан ояна сала, теледидарды қостым. Таңертеңгілік көңілашар бағдарламалардың легі көрсетіліп жатыр екен. Әдеттегідей «Қазақстан» ұлттық телеарнасында «Таңшолпан», «Хабар» телеарнасында «Жаңа күн». Тұра тұрыңыз, теледидардың жоғарғы жағындағы жазу қате ме, әлде мен ұйқылы-ояумын ба? Жоқ, қателеспеген екенмін, «Жаңа қун» деген баттиып жазылған атауды мен ғана емес, отбасы мүшелері де көріп, таң қалысты. Мектепте оқитын кішкентай қызым атасына: «Ата, телеарнадағы апайлар мен ағайлар да сауатсыз ба? Неге «Жаңа қун» деп жазып қойған?» деген сауалдың астына алды. Атасы да жетістірген жоқ: «Е-е, қызым-ау, қазір сауатсыздардың қолы ұзын заман ғой. Әйтпесе, білдей бір телеарнада қызмет атқаратын тілшілер қазақ тілінің заңдылықтарын білмесе, не істеп жүр? Осы қатені көретін са­уатты қазақтілді маман болмағаны ғой…» деп күрсінді. 

Атасы мен немересінің осы әңгімесін естіп, ыңғайсыз жағдайда қалдым. Телеарнадан мұндай өрескел қатені көру кез келген адамды ұялтады екен. Қалай десек те, бұл басқа-басқа, «Хабардың» жіберетін қатесі емес еді. Байқаусызда кеткен қате болса да, оның тигізер зардабы көп. Мемлекеттік тіліміздің қолданыс аясын кеңейтеміз деп аласұрып жатқанда, мына түрімізбен қазақ тіліне мұрын шүйіре қарайтын бәзбіреулерге күлкі болған жоқпыз ба? Әрбірден соң мұның астарынан елге, ұлтқа, тілге деген құрметіміздің қаншалықты екені көрінбей бе?

Біз «Хабар» телеарнасының «Жаңа қун» бағдарламасын ертең де қарап көреміз. Егер қате сол күйінде тұрса, бұған бей-жай қарауға болмайтын шығар…  

Д. ДҮРМӘН

Серіктес жаңалықтары