ЖАҚСЫ КӨШЕНІ ЖАМАЙ БЕРЕТІНДЕР

ЖАҚСЫ КӨШЕНІ ЖАМАЙ БЕРЕТІНДЕР

ЖАҚСЫ КӨШЕНІ  ЖАМАЙ БЕРЕТІНДЕР
ашық дереккөзі
253

Қоңыр күз де келді. Қарбаласқа толы жаңа оқу жылы жақындап қалды. Бірақ Алматы қаласында көлік кептелесі мәселесі әлі шешімін тапқан жоқ. Көктем, жаз мезгілінде басталған жол жөндеу жұмыстары негізінен күзге таяу бітуі тиіс. Бұл заңдылық. Өкінішке қарай, біздің жол жасаушылар өте сылбыр қимылдайды. 

Бауыржан Момышұлы-Райымбек көшесіндегі айналма жолдың біткеніне де аз уақыт. Бұдан соң Райымбек көшесін кеңейту жұмысы басталып кетті. Шамасы үш айдың жүзі болды, әлі сол мысықтабандаумен жүр. Күн сайын жұмысқа келіп-кету мұңға айналды. Райымбек даңғылындағы көлік кептелісі қозғалысты баяулатып тастайды. Ал бұл кептеліс балаларды мектепке апарып, әкелуге де зардабын тигізетіні айтпаса да түсінікті. 

Осы менің таңым бар. Өткенде әл-Фараби даңғылымен келе жатсам, жұмысшылар мұнтаздай, әдемі көшенің асфальтін қырып тастапты. Құдай-ау, қаламыздағы ең әсем көшені таяуда ғана пайдалануға берген жоқ па? Оны несіне қырғыштап, жасай береді? Одан да ойлы-шұңқыры көп Төле би көшесін жамамай ма? 

Жыл сайын Алматы қаласының жолдарын жөндеуге бюджеттен қыруар ақша көзделеді. Соған қарамастан қаланың жолына сын көп айтылады. Әсіресе, қар еріп, көктем басталғанда көлік жүргізушілер жыларман болады. Сонда бөлінген қаржы қайта кетіп жатыр? 

Алматы қаласында түрлі қаржылық компаниялар көп. Демек, қалалық бюджет өзін-өзі жабады. Соған сай жолды да бүтіндеп, сақадай-сай етуге болмай ма? Ұсақ көшелерді былай қойғанда, қоғамдық көлік, жолаушы көп жүретін кейбір маңызды көшелердің өзі жөндеуді талап етеді. Ақша игерілмей жатыр екен, сол көшелерді жамауға жұмсау керек. Ал пайдалануға берілгеніне көп бола қоймаған көшені қыра бергеннен не шығады? Одан халыққа келіп-кетер пайда жоқ. Әкімдіктің қала тұрғындарына жаны ашыса, басталған жол жөндеу жұмыстарын тезірек аяқтап, әлгіндей ойлы-шұңқыры көп көшелерді бүтіндеуге кірісуі керек.  

Ж.Таласұлы

Серіктес жаңалықтары