ЗАҢДЫ ҚҰРМЕТТЕП ҮЙРЕНУГЕ ТИІСПІЗ

ЗАҢДЫ ҚҰРМЕТТЕП ҮЙРЕНУГЕ ТИІСПІЗ

ЗАҢДЫ ҚҰРМЕТТЕП ҮЙРЕНУГЕ ТИІСПІЗ
ашық дереккөзі
272

Қазақстан құрамасы Мексикада таэквондадан өткен әлем біріншілігіне қатысқан болатын. Бірақ спорттық ойыннан кейін елге беталған ойыншы Азамат Теңізбаевтың үстінен бір жолаушы «жыныстық қатынасқа итермеледі» деп арыз түсіреді. Сөйтіп, Лондонның Хитроу әуежайында құқық қорғау өкілдері еліміздің 18 жасар азаматын тұтқынға алады. 

Аяқ астынан басы дауға қалған спортшы осы әрекеті үшін Лондон сотына жауап беруде. 23 тамызда өткен бірінші тыңдалымда қорғау жағы Теңізбаевтың кінәні мойындау қағазын ағылшын тілін білмегендіктен толтырып жібергенін дәлелдеп шықты. Осыған байланысты, заңгерлер Қазақстан азаматын кепілдікпен босату туралы өтініш беріп, қанағаттандырылған болатын. Екінші отырыс 5 қыркүйекте өтпек. 

Азамат Теңізбаевтың әкесі Талғат Тілешев: «Ұйықтап жатқанда баланың қолы ағылшын қыздың денесіне тиіп кеткен. Оны да бір құдай біледі, тиді ме, тимеді ме, дәлелденген жоқ. Ал сол кезде менің ұлымды қолдайтын, қорғайтын ешкім болмаған. Не куәгерді де, ешкімді араластырмаған», –  дейді. Бұл оқиғаны естіп, аң-таң болған әке баласының бапкерінің, не Таэквондо федерациясының өкілдерінің бірі де қалмай, елге ұшып кеткеніне іштей наразы. Қазір Азамат Теңізбаевтың ісін еліміздің Сыртқы істер министрлігі де қолға алып, отандасымыздың мүддесін білікті адвокаттар қорғайды дегенді айтуда. Соңғы ақпарға қарағанда, Азамат Теңізбаев Лондондағы Фелтхам тергеу изоляторында отыр. 

Бұл бірінші жағдай емес. Осыдан тура 2 жыл бұрын да дәл осыған ұқсас оқиға АШҚ-та тіркелген еді. Онда арнайы бағдарлама бойынша білім алып жүрген 20 жастағы Жанболат Бақытбекұлына 11 жастағы қызға әдепсіздік әрекет көрсетті деген айып тағылды. Бірақ кейін отандасымыз ақталып шыққан болатын.  Ал, Теңізбаевтың кінәсі мойындалса, ол бұдан кейін ешқандай спорттық жарыстарға қатыса алмайды. Оның бетін әрі қылсын, бұл біздің еліміздің спорт саласына қара таңбамен тең.

Демек, еліміздің азаматтары шетелге шығады екен, сол мемлекеттік әдеп, этика, адамның жеке мәдениетіне байланысты тәртіптерімен танысу керек сияқты. Тіпті, ол елдің заңымен таныс болса да артықтық етпейді. Әрине, «әр елдің заңы басқа, иттері қара қасқа» деген осы. Шетел көшеде кетіп бара жатқан қызды көз қысып немесе ысқырып тоқтататын Қазақстан емес. Мұнда әсіресе, қызбалаға жөн-жосықсыз сөйлеу, күлу мүлдем жат нәрсе. Сондықтан да сырт елге шыққысы келетін немесе шығып жүрген азаматтар өзі бағыт алған мемлекеттің қарапайым тәртіптерін шолып шыққаны абзал. Барлық нәрсе ұсақ-түйектен басталады. Және елімізден барған азаматтардың да көбінің істі болуына осы болмашы жайттар себеп. 

 Уәлихан ҚАНАЕВ

Серіктес жаңалықтары