978
СӘДУАҚАС ТЕМІРБЕКҰЛЫ ТЕМІРБЕКОВ
СӘДУАҚАС ТЕМІРБЕКҰЛЫ ТЕМІРБЕКОВ
Қазақтың ұлттық ғылымы тағы бір аяулы ғалымынан айрылды. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің профессоры, мемлекет және қоғам қайраткері Сәдуақас Темірбекұлы Темірбеков 83 жасқа қараған шағында дүниеден озды. Ол 1978 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінде Ғылым және оқу орындары бөлімі меңгерушісінің орынбасарлығына шақырылып, 1979 жылдың желтоқсан айында осы бөлімнің меңгерушісі қызметіне тағайындалды. Екі мәрте Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланған.
Темірбековтің ғылымда қалдырған ізі аз емес. Оның артында мәдениеттану саласында жазған алпыстан астам құнды, ғылыми және бірнеше оқу-әдіснамалық сипаттағы сүбелі зерттеу еңбектері қалды. Бүгінде республикамыздағы жоғары оқу орындарының оқу жүйесі мен ұлттық мәдениетті жетілдірудегі орасан зор еңбектері студенттердің рухани игіліктеріне айналуда.. Университеттен тәуелсіз елімізге лайықты қаншама түлектерді тәрбиелеп шығарған. Қазар сол шәкірттері халық шаруашылығының барлық салаларында қызмет етіп, еліміздің гүлденуіне өз үлестерін қосып келеді.
Сәдуақас Темірбековтің азаматтығы да өз алдына бір әңгіме. Өткен ғасырда Қазақстанды Колбин басқарған кезеңде ол қуғын-сүргінге түскен ұлт тұлғаларын қорғау жағында болды. Академик Өмірбек Жолдасбековтің жазықсыз жаладан басына іс түскенде жанынан табылып, қолынан келген жақсылығын аянып қалған жоқ. Сол бір қиын-қыстау кезеңде басқалар сияқты тайқып кетпей, шын достықты, шынайы жанашырлықты көрсете білді.
Ол өмірінің соңғы кезінде де ұстаздық жұмысынан қол үзген жоқ. Халқымыздың көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, тұлғалары туралы естеліктер жазып, кейінгі ұрпақтарға ұлағатты істерін үлгі етті. Біз білетін Сәдуақас аға ұлттық тарих пен ұлттық әдебиеттің де асқан білгірі еді. Қай кезде де азаматтық арын жоғары ұстап, ел мүддесі үшін аянбай еңбек еткен жанның есімі ешқашан да ұмытылмайтыны анық.
М.Серікбаев, ардагер геолог
М.Қалдыбай, жазушы
К.Адырбекұлы, жазушы