"Болашаққа" 427 үміткер ие болды

"Болашаққа" 427 үміткер ие болды

"Болашаққа" 427 үміткер ие болды
ашық дереккөзі
354

Шетелде маман даярлау тәжі­ри­бесін ұйымдастыру респуб­ликалық
комис­сияның кезекті отырысында қа­­рал­ды. Мемлекеттік хатшы Марат Тәжиннің
төрағалығымен өткен оты­­рыста «Болашақ» халықаралық сти­пендиясының
үміткерлері белгілі болды. 

Комиссияның шешімі бо­йынша
биыл 1090 стипендия беру жоспарланған. Жыл басынан бері соның 299 үміткері
анықталған. Үміткерлер жаңа ережеге сай іріктелді. Соңғы конкурстық іріктеуге
700-ден астам үміткер қатысып, комиссия назарына 400 үміткер ұсынылды. 

– Үміткерлердің
құжаттарын қарап, қыркүйек-қазан айларында олар­дың шетелдердегі таңдаулы оқу
орын­дарына дер кезінде жеткізілуіне жағдай жасауымыз керек. Стипендианттарды
іріктеп қана қоймай, олардың шетелдерде жан-жақты білім алуларына барлық жағдай
жасауға міндеттіміз, – деді мемлекеттік хатшы. 

Сонымен «Болашақ»
стипендиясына 427 адам ие болды. Оның ішінде магистратура бағдарламасы бойынша
– 224, докторантура – 8, тағылымдамадан өтуге 195 жас үміткер алынды. Бұл
көрсеткіш өте аз, десе де соңғы жылдары өрістеп келе жатқан бағдарламаның
стипендия иегерлері алдағы жылдары көбейе түспекші. 

– Еліміздің жалпы
мемлекеттік және өңірлік сипаттағы нақты мұқтаждығын мейлінше толық есепке ала
отырып, кадрлар даярлау үдерісінде айқын бағытты қамтамасыз ету қажет, – деді
мемлекеттік хатшы. Бүгінде шетелде маман даярлау арқылы елімізде барлық
салаларды жетілдіру, жаңа технологияның тілін білетін мамандарды даярлау уақыт
күттірмейтін шара. Стипендияларды тағайындау белгіленген мамандықтар тізімі бо­йынша
жүргізілді. Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің мақсатты өтініміне
сәйкес, Қазақстанның индустрияландыру картасына енген кәсіпорындарда жұмыс
істейтін 66 инженер-техник қызметкердің Германияның жетекші өнеркәсіп
орталықтары мен зауыттарының базасында тағылымдамадан өтеді. 

Стипендия берілген
мамандық­тардың қатарында медицина саласынан үміткерлер де бар. «Саламатты
Қазақстан» мемлекеттік бағдар­ламасын іске асыру барысында 20 медицина
қызметкері АҚШ, Австрия, Франция, Израиль және Ресей сияқты денсаулық сақтау саласы
озық мемлекеттердің мамандандырылған орталықтарында біліктілігін арттыратын
болады. Сонымен қатар тұңғыш рет ауылшаруашылығы саласының 18 ғылыми қызметкері
Ұлыбритания, Қытай және Ресейде білімін толықтырады. 

Жоғары оқу орындарының
оқытушылары да мамандықтары бойынша білімін толықтырады. Назарбаев
университетінің 15 оқытушысы Финляндияда білімін ұштаса, арнайы және жоғарғы
оқу орындары, мектепте ағылшын тілінен сабақ беретін 37 мұғалім Ұлыбритания,
Швейцария және АҚШ университеттерінде даярлықтан өтеді. 

Ұлыбританияның төрткүл
дүниеге түгел хабар тарататын Би-Би-Си корпорациясында, Ресей мен Оңтүстік
Кореяда «Хабар» АҚ, «Қазақстан» РТРК және «ҚазМедиа» орталығының 22 маманы
тағылымдамадан өтеді. Олардың басым бөлігі бейнеоператорлар мен бейнеинженерлер
стипендиясының иегерлері. Ал тарихшылар мен археологтардан құралған 5 маман
Кембридж, Букингем және Брунель университеттеріне аттанады. 

Спорт және дене
шынықтыру ісі жөніндегі агенттіктің мақсатты өтінімі бойынша еліміздің 12
бапкері мен менеджері Ұлыбритания мен Сочидегі Халықаралық олимпиада
университетінің базасында оқиды. Олардың қатарында олимпиада чемпионы Серік
Сәпиев те бар. Ол Лондондағы Брунель университетінде спорттық менеджмент
бойынша білім алады. Елімізден білімін шыңдауға аттанатын үміткерлердің
көпшілігі – Ұлыбританияға баратынын байқадық. Дүниежүзі бойынша үздік білім
беру жүйесі мен даярлық орталықтарының осында орналасқаны белгілі. Бұл екі ел
арасындағы тығыз қарым-қатынастың айқын дәлелі.

Отырыс барысында
шетелде кадр даярлау мәселесін жетілдіру шаралары қаралды. Сондай-ақ стипендия
үміткерлерін сабақ басталғанға дейін жеткізіп, орналастыру жағы тапсырылды. 


Ақниет Оспанбай

Серіктес жаңалықтары