«Қазақ елі» қашан оқытылады?
«Қазақ елі» қашан оқытылады?
Ол өз сөзінде: «Патриот сөзі – ұлы сөз! Отансүйгіштік – өз Отанына деген махаббат. Отаншылдық – ұлттық рәміздеріміз бен рухани құндылықтардың негізінде жатыр. Халқыңды сүй, тіліңді құрметте. Отан отбасынан басталады», – деді.
«Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» 22 оқушымен жүздескен Елбасы тарихты танып, өткенді бағалай білу керектігін баса айтты. Ол үшін алдағы уақытта мектептерде арнайы «Қазақ елі» пәні де енгізілу қарастырылуда екен. «Өз тарихымызды, түп-төркінімізді білуіміз керек, сондықтан «Қазақ елі» пәні оқытыла бастайды. Халқыңның бастауларын, тарихын білмесең, қалай шын сүйесің? Өйткені тарихты ары жалғайтын өзіміз. Тарих тура бізден басталады. Сондықтан «Қазақ қайдан шықты?» деген сауалға жауап бере білуіміз керек», – деді Елбасы.
Кездесу барысында Президент оқушылардың сұрақтарына да жауап берді.
«Кейбіреулер, егер сен өз еліңді, өз халқыңды шын құрметтесең, онда басқаларды ешқашан құрметтемейсің деп санайды. Бұл – ең сорақы нұсқасы! Мұны қаперде ұстау керек», – деген ол тарих парақтарынан мысал келтірді: «Немістер өткен Дүниежүзілік соғысқа: «Германия тек немістер үшін» деген ұранмен шықты, өздерінің нәсілі – арийлік асыл, ал өзгелер осы ұлттың құлы болуға тиіс деген түсінікпен аттанды. Бұл Германияның өзін апатқа ұшыратты. Тек солардан ғана 9 миллиондай адам, бүкіл әлем бойынша – 56 миллион адам, сол кезде біздің бәріміз өмір сүрген Кеңес Одағынан 26 миллион адам қаза тапты. «Осының бәрі не үшін?» деген сауал туындайды», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сондай-ақ, Елбасы жастарды білім алуға шақырды. «Білім – аламан бәйге іспеттес. Оның шыңын бағындыру тек талпынғанның еншісінде ғана. Білімді мыңды жығатын заман туғаны әркімге белгілі. Сондықтан елдің ертеңін көркейтем десең, бар біліміңді ортаға сал. Оқы да, тоқы, ғылымға бет бұр. Қазақстан инновациялық үрдістерден қалыс қалмауы тиіс екенін ұмытпау керек». Елбасының пікірінше, жатыпішер жалқау емес, өз Отанының гүлденуі үшін ерінбей тер төккен жан – нағыз патриот. «Отансүйгіштік дегеннің сан алуан түсінігі бар. Әркім әртүрлі түсінеді. Бірақ тек Отанына еңбек еткен адам ғана патриот! Жұмыс істемейтін кержалқаулар патриот бола алмайды. Бұл сендер, жасөспірімдер үшін – оқып, білім алу. Жұмыс істеп жүргендер үшін – қандай жұмыс істесе, сол жұмысында абыройлы қызмет жасап, жоғары дәрежелі маман болу, сыйлы болу», – деді ол.
Әрине, табысқа қол жеткізу үшін денсаулықтан асқан байлық жоқ. Ол үшін спортпен шұғылданып жүрген абзал екенін ортаға салды. Спортқа ерекше көңілмен ден қоятын Елбасы қарапайым кеңестерін де айта отырды. Ол бүгінгідей жастарды шырмап алған интернеттің пайдасы мен зиянын да ұмытқан жоқ. Ғаламтордың кітап оқу мен ауызекі араласудың орнын толтыра алмайтынын ұмытпау керектігін еске салды. «Егер білгілеріңіз келсе, менің күнделікті кестем мынадай: 6 жарымда тұрамын да, тура бір сағатты дене жаттығуларына арнаймын. Жаттығуды ауыр фитнеспен аяқтаймын. Бәлкім, бұл маған ендігі қажет те емес шығар, бірақ мен осыған үйреніп қалдым. 45 минутты аэробикаға бөлемін, оның кезінде жүрек соғысы 110-ға дейін жетеді. Содан кейін фитнес, артынша, суға шомылу. Содан соң жұмысқа жол тартасың. Жексенбіде бір күн демалыс. Осындай ырғаққа бой үйретіп алған соң, онсыз өмір сүре алмайсың!» деп оқушыларды спортқа шақырды. Осылайша, Елбасы азат елдің ұландарының бойында отансүйгіштік сезімін нығайтты.