ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ ТӘУЕЛДІЛІК ҚҰРСАУЫНДАҒЫ ҚЫРҒЫЗДАР

ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ ТӘУЕЛДІЛІК ҚҰРСАУЫНДАҒЫ ҚЫРҒЫЗДАР

ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ ТӘУЕЛДІЛІК  ҚҰРСАУЫНДАҒЫ ҚЫРҒЫЗДАР
ашық дереккөзі
215

Қырғызстанның тәуелсіздік мейрамы қарсаңында, 30 тамызда  осы мемлекеттегі Ресей Федерациясының төтенше және өкілетті елшісі Андрей Крутько таяу арада  Қамбар-Ата  1-ГЭС-інің құрылыс жұмыстары басталатындығын мәлімдеді деп хабарлайды қырғызстандық CA-NEWS ақпарат агенттігі. 

«Қырғыз Республикасының тәуелсіздік алғаннан бері гидроэнергетика саласында аса ірі обьектінің құрылыс жұмыстарын бастау туралы келіссөзге қол қойдық. Ал Жоғары Нарын ГЭС-і сарқырамасының құрылыс жұмыстары басталып та кетті» делінген мәлімдемеде. 

Аймақтағы ықпалын тағы айқындады

Ресей Орталық Азиядағы бес мемлекет аумағындағы геосаяси мүдделері үшін жан алып, жан беруде. Кейбір саяси сарапшылардың пікірінше, Қырғызстандағы екі төңкеріс те Путиннің қолымен көселген от көрінеді. Өйткені Ресей Федерациясы үшін Қырғызстанның тым батысшыл саясат ұстануы, американдық әскери әуе базасының «Манас» әуежайына мықтап ірге тебуі ұнамаған. Бұрынғы президент Құрманбек Бакиевпен арада жасалған келіссөздер негізінде Ресей Қырғызстанға қаржылай түрде көмектесіп, Қырғызстанның Ресей алдындағы қарызын кешіруге, Қырғызстанның «Манас» әуежайынан американдықтарды шығарып, орнына Ресей әскерилерін енгізуге және гидроэнергетика саласында бірлесе қимылдауға уәделескен. 2009 жылы Қырғызстан мен Ресей Нарын өзеніндегі сарқырама мен қуаттылығы 1,9 гигаватт тұратын Қамбар-Ата 1-ГЭС-тің құрылысын бірлесе салуға мемлекетаралық келісімге қол қояды. Ресей тарапы жобаны жүзеге асыру үшін, 1,7 миллиард доллар көлемінде несие бөлуді жоспарлады. Жоба аясында «Қамбар Ата – 1-ГЭС» ресей-қырғыз бірлескен компаниясы құрылған. Оның 50 па­йыз акциясы «Интер РАО ЕЭС» компаниясына тиесілі болған. Алайда Бакиев режимінің құлатылуына орай, бұл келісім жүзеге аспады. Өйткені Бакиев Путинге берген уәдесін орындауға ұмтылмады әрі екіжүзді саясат ұстанып, америкалық әскери базадан да айрылғысы келмеді. Оның дәл осы екіжүзділігі Бішкектегі екінші төңкеріске жол бастады дейді қауесетқұмарлар. 

Бакиевпен салыстырғанда, Атамбаев уәдеге берік екендігін танытуда. Америка басшылары екі ел арасындағы келіссөздерді созуға қанша тырысса да, оларды 2014 жылы Қырғызстан аумағынан шығуға мәжбүрлеп отыр. Ал Қырғызстанда гидроэнергетикалық проблемаларды шешеміз деген желеумен, өңірдегі ең ірі ГЭС құрылысын салу жұмыстары басталып кетті. 2012 жылдың қыркүйегінде Бішкекке Ресей президенті Путин ресми сапармен келді. Осы сапар барысында екі ел басшылары Қамбар Ата ГЭС-1, Жоғары Нарын сарқырамасы ГЭС құрылысы және оны жүзеге асыру жөнінде жаңа келісімге келді. Бірінші келісімде Қамбар Ата ГЭС-1 құрылысын салу және жүзеге асыру мәселесі мен көршілес елдердің энергожүйесіне электрэнергиясын экспорттауды қамтамасыз ететін бірнеше желінің электр тасымалдау мәселелері қаралды. Екінші құжатта төрт бірдей гидроэлектростанциясының құрылысын салу мен жүзеге асырылуы мәселесі қаралған. Олар – Жоғары Нарын сарқырамасындағы Ақбұлы ГЭС-і, Нарын ГЭС-1, Нарын ГЭС-2, Нарын ГЭС-3. Осы жылдың ақпан айында бұл құжат Қырғызстанда, мамыр айында Ресейде ратификацияланды.  Қырғыз депутаттары бұл құжаттың шикі екенін айтып, оған қол қоюдан бірнеше рет бас тартқан. Олардың алға қойған басты талабы – қырғыздың ұлттық мүддесінің қорғалмауы. Қамбар ата ГЭС-ін пайдалану туралы келісім бойынша, Қырғызстан Ресейге энергетикалық тұрғыдан тәуелді болып қалады деген уәжді жиі көлденең тартқан. Бұл ретте Ресей саясаттанушылары Қырғызстан бұл келісімге келуі арқылы, өңірдегі әлеуметтік проблемалардың біразын шешеді деген пікірде. Ең әуелі Қырғызстан Қазақстан мен Өзбекстанға энерготәуелділіктен құтылады. Егер осы ГЭС-тердің құрылысы межелеген уақытта аяқталса, Қырғызстан тек өз елін ғана емес, көршілерін де электрэнергиясымен қамтиды. Бұл – экономикасы шатқаяқтаған қырғыздың қолындағы жалғыз байлық. Осы құрылыстардың салына бастауы жұмыссыздық жайлаған елдің халқын жұмыспен қамтуда да таптырмайтын жоба. Қазірдің өзінде 1500 адам жұмыспен қамтылған. Ресей ГЭС құрылысына кететін қаржының барлығын өз мойнына алып отыр, бұл ретте шығынның тең жартысын – өздері бюджеттен шығарса, екінші жартысын – Бішкекке бөлінген жеңілдетілген несие арқылы бөлу көзделген. Алайда Қырғызстан Жоғары Нарын сарқырамасындағы 25 па­йыз үлесін шығынды өтеу мерзімінде Ресейге басқаруға беруге міндетті. Яғни ГЭС-тің 75 пайыз акциясы Ресейге өтеді және көршілерге экспортталатын электрэнергия Кремльдің уысында болмақ. 

Алғашқы ГЭС 2016 жылы пайдалануға берілуі тиіс. Екі жақтың өкілетті ұйымдары ретінде «ИНТЕР РАО ЕЭС» ААҚ мен Қырғызстан тарапынан «Электр станциялары» ААҚ қатысады. Олар бірлескен «Қамбар ата ГЭС-1» ЖАҚ-ын құрады. Олардың жарғылық капиталындағы кіріс тең дәрежеде бөлінуі тиіс. «Қамбар ата ГЭС-1»-ді Нарын өзенінің орта ағысында салу жоспарланып отыр. Бұл ГЭС жылына 5 миллиард кВтсағ электрэнергиясын өндіреді деп болжануда. Төрт станцияның жалпы қуаты – 191 МВт, электрэнергиясын өндіруі жылына орта есеппен 1 миллиард 55 миллион киловатт-сағат. Жобаның құны шамамен – 425 миллион доллар. Әр обьектінің салыну уақыты – үш жылға созылады. 

Мүдделердің қақтығысы

Ресейдің Қырғыз гидроэнергиясына дендей енуі – іргелес жатқан көршілерін де, мұхиттың аржағындағы Американы да бейжай қалдырар емес. Ең әуелі бұл жобаға Қырғызстанның құдайы көршілері – Өзбекстан мен Қазақстан қарсылық танытты. Өйткені Нарын және Сырдария өзендерінің жағасына салынғалы отырған, ГЭС-тер аталған елдердің трансшекаралық өзендеріне зиянын тигізеді деп есептейді олар. 2012 жылғы қыркүйек айындағы келіссөз кезінде Путин аталған елдерге бұл жобаға қатысуға мүмкіндіктері бар екендіктерін айта отырып, бірге жұмыс істеуге шақырды. Аталған жобалар жүзеге асырылғаннан кейін, Қытай мен Қазақстан Қырғызстан электрэнергиясын сатып алуды жоспарлап отыр. Сол үшін өздері электр желісінің құрылысына қатысқылары келеді. Сондай-ақ, Қазақстан «Кемин-Алматы» электр тасымалдау желісі құрылысын салмақ. Басқа да энергетикалық жобаларға қатысуға мүдделі. Алайда Өзбекстан бұл мәселенің аяғы жақсылыққа бастамайтынын бірнеше рет ескерткен. Қырғызстан билігі өзбекстандық әріптестерін бір үстелдің басында отырып, келісім өткізуге қанша шақырса да, олар ешқандай келіссөзге келуге құлықты болмай отыр. Путин екі ел арасындағы келіссөздер барысында аталған жобаның көршілердің геосаяси мүддесіне қайшы келмеуін қадағалау қажеттілігін айтты. Сол себепті де Қырғызстанның Нарын өзенінің төменгі ағысындағы елдермен санас­пауына болмайтын болды. Қамбар ата ГЭС-1 құрылысы Өзбекстан мен Қазақстанның экологиясына қаншалықты кері әсерін тигізетінін сараптайтын трансшекаралық талдау қажеттігі туындап отыр. 

P.S. CASA-1000 жобасы бойынша, Оңтүстік Азияға Қазақстан аумағы арқылы электр экспорттау жасау көзделуде. Демек Қырғызстандағы су энергиясын пайдалану арқылы, Ресей Орта Азиядағы өз ықпалын күшейтпек.  Бұл жобаны саясаттанушылар геосаяси жобаға балап отыр. Өйткені Кремль бұл жобаны жүзеге асыру арқылы, аймақтағы бүкіл гидроэнергияны уысында ұстайтын болады. Сарапшылар Ресейдің Қырғызстанға қаржылық-экономикалық экспансияны бастап кеткенін айтып бағуда. Қамбар ата ГЭС-і толығымен Ресейдің қолына өтеді. Яғни, Қырғызстанның су-энергетикалық ресурстары біртіндеп Ресейдің қолына өтіп жатыр. Сөйтіп, осы ресурстардан түсетін пайда қырғыз халқын айналып өтеді деген сөз. Халықтың негізгі байлығы – су, электр және энергияға үстемдік ету арқылы Ресейдің қолына саяси және экономикалық тетіктер көшеді. 

Серіктес жаңалықтары