МҰНАЙШЫЛАР ҚАЛАСЫ МЕМЛЕКЕТ НАЗАРЫНДА

МҰНАЙШЫЛАР ҚАЛАСЫ МЕМЛЕКЕТ НАЗАРЫНДА

МҰНАЙШЫЛАР ҚАЛАСЫ  МЕМЛЕКЕТ НАЗАРЫНДА
ашық дереккөзі
232

Облыс орталығы – Ақтау қаласы Маңғыстау түбегіндегі ең ірі қала. Халқының саны да Жаңаөзен тұрғындарынан бірнеше есе көп. Жаңаөзен көлемі мен халқының саны бойынша екінші орында, бірақ мұнайшылар қаласының инфрақұрылымы республиканың өзге шағын қалаларымен салыстырғанда тәуір. Жас қаланың мұнайшылар мекені аталуы да тегін емес. Аймақта бірнеше мұнай кеніштері орналасып, жергілікті халықтың жұмыспен қамтылу көрсеткішін төмендетпей отыр. Өйткені қаланың іргетасы қаланғанына небәрі – 45 жыл. Кеңес одағы тұсында 40 мың тұрғынға арналып салынған қалашық бүгінде ТМД елдері мен таяу шетелден келген оралмандардың есебінен халқының саны тез өсіп, 127 мыңнан астам халқы бар қалаға айналды. Оның үстіне соңғы жылдары қалада табиғи өсім көрсеткіші әжептәуір жоғарылаған. Әрине, мұндай жағдайда қаланың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің төмендейтіні белгілі. Оның артында жөндеу көрмеген жолдар, ескірген инфрақұрылым, абаттандыру мен көгалдандыру, жұмыссыздық тәрізді қордаланған мәселе шаш-етектен. 

«Маңғыстау облысының Жаңаөзен қа­ласын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған кешенді жос­пары» бағдарламасының аясында Теңге ауылында 320 орынға арналған балалар бақшасы мен Жаңаөзен қаласының халыққа қызмет көрсету орталығынан «Қазақстанның тұрғын үй-құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамының қалалық бөлімшесі ашылды. Сондай-ақ  білім ошақтарын күрделі жөндеуден өткізу және жаңа мектеп салу ісі де қарқынды жүргізілген болатын. Нәтижесінде Теңге ауылында 900 орынға арналған мектеп пен Жаңаөзен қаласының «Бостандық» жаңа ықшамауданында 624 оқушыға арналған орта мектеп қолданысқа берілді. 

Мұнайшылар қаласында жаңа өндіріс орындары да пайдаланысқа беріліп жатыр. Жаңаөзен қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу комбинаты, Рахат кентінде жаңа үлгідегі өрт сөндіру депосы, қонақүй кешені, «Шаңырақ» әмбебап базарының құрылыстары қызу қарқынмен жүргізілуде.

Моноқалаларды дамыту тізіміндегі 27 қаланың бірі – Жаңаөзен. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың  тапсырмасымен жүзеге асырылған «Моноқалаларды дамыту» бағдарламасы бойынша жұмыстар Жаңаөзен қаласында өткен жылы бастау алған. Бұл бағдарлама негізінде 2012 жылы республикалық бюджеттен 477 миллион теңге бөлінді. Бөлінген қаражат есебінен қаланың орталық бөлігінде орналасқан «Самал» ықшамауданында, «Көктем» шағын ауданында жартылай қалаішілік жолдарды ауыстыру, күрделі жөндеу және қайтадан қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Осы ықшам аудандардағы 2 ойын алаңшасы мен №5 және №18 орта мектептерінде спорттық ойын алаңшалары пайдаланылуға берілді.

Биыл «Көктем» ықшамауданын абаттандыруға республикалық бюджеттен бөлінген 220,9 миллион теңгеге 3818 шаршы метр асфальт жабындысы бар алаңқай мен жаңадан автокөлік жолы салынды. Достық пен Қосқұлақов көшелеріндегі қалаішілік автокөлік жолдарын күрделі жөндеуге 2013 жылы республикалық бюджеттен бөлінген 196,5 миллион теңге игерілу үстінде. Жаңа бағдарламада Жаңаөзен қаласының әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдарын дамыту қарастырылды. Осыған орай Жаңаөзен қаласының, Қызылсай мен Теңге ауылдарының жер телімдеріне 340,7 миллион теңгеге жасақталған жобалық-сметалық құжаттама бойынша инженерлік желілерге құрылыс жұмыстары аяқталып, нысандар жобасы қабылдануда. 

Өңірлердегі жұмыссыздық мәселесін шешу бірінші кезекте. Кәсіпкерлікті қолдау шаралары осы мәселені шешудің алғышарттары. Кәсіпкерлікті қолдау мақсатында Жаңаөзенге инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдарды дамытуға республикалық бюджеттен 115 миллион теңге бөлініп, қаланың өндірістік аймағынан өндірістік алаң құрылысы үшін жалпы ауданы 30 гектар жер телімі берілді. Мұнда орта есеппен 25 кәсіпкердің жиһаз цехы, ұн комбинаты, нанобетон шағын зауыты, шина жөндеу цехы және тағы басқа шағын кәсіпорындары орналасып, 400-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланған. 

Мемлекеттік бағдарламалардың нәтижесінде еңсесін көтерген Жаңаөзен қаласынан жаңа сипатты байқауға болады. Өйткені өңірді дамытудың басты талабы – жол салу болса, қаладағы қатынас жолдарының барлығына күрделі жөндеу жүргізіліп, басқа да инфрақұрылымды дамытуға жол ашылып отыр. 

Ақниет БЕЙІМБЕТҚЫЗЫ

Маңғыстау облысы

Серіктес жаңалықтары