АҢҚАСЫ КЕПКЕН АУЫЛ

АҢҚАСЫ КЕПКЕН АУЫЛ

АҢҚАСЫ КЕПКЕН АУЫЛ
ашық дереккөзі
278

Талас ауданының Ойық ауылындағы ауыз судың жыры биыл біржола шешілетін сияқты. Құрылысы 2010 жылы басталған нысан жауапсыз мердігердің кесірінен үш жылдан бері қараусыз қалып, жұмыс тоқтап тұрғаны белгілі. Ауыз су жүйесін жүргізу құқығын ұтып алған «СК Биік асулар-2006» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құны 223 млн. 809 мың теңге болатын жобаның біраз қаржысын текке шашқан екен. Соның кесірінен қайтадан бюджеттен қаржы бөлініп, смета құны 422 миллион теңгеден асып жығылды. Оған қоса, билік компанияға тағы біраз мүмкіндік берді. Сол кезде жасалған қосымша келісімшартқа сәйкес, құрылыс жұмыстары былтырғы қазан айында аяқталуы тиіс болатын. Алайда мердігер жер қазу жұмыстарында қиындық туындағанын айтып хат жолдап, келісімшарт мерзімін қайта ұзартуға тура келеді. Бірақ бұл жеңілдіктерге қарамастан 152 миллион 271 мың теңге қаржы бәрібір игерілмей қалды сол жылы. «СК Биік асулар-2006» қосалқы мердігер жалдап, құрылыс-монтаж жұмыстарын 2012 жылдың желтоқсан айында толық бітіремін деген құрғақ уәдесінде де тұра алмады. Тіпті, қосымша жалдаған субмердігері «КазСтройИндустрия» серіктестігіне де тиісті қаражатын бөлмей қойған. Теңге тұрмақ тебен ине де көрмеген бұл фирма жұмысты амалсыз тоқтатып, өз жөнімен кетті. Жалпы, бас мердігер құрылыс-монтаж жұмыстарының тек 65 пайызын орындаған боп шықты.  

Талас аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің бастығы Әлия Мыңбаеваның айтуынша, мемлекет қаржысын талан-таражға салған мердігерге қатысты облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты 9 сәуірде шешім шығарыпты. Сот оны жосықсыз мердігер деп танып, тапсырыс беруші мекемеден алдын ала алып қойған 70 миллион теңгеден астам қаржыны қайтаруын міндеттеді. Бұл қаржыны «ертерек» аударып жібергені үшін аудан әкімдігі сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің сол кездегі басшысы Б.Байболов орнынан да алынған болатын. Өкініштісі сол, құрылыс фирмасы уақытты барынша созып, елді әуре-сарсаңға салуды мақсат етті ме, әйтеуір сот шешіміне наразылығын білдіріп, аппелляциялық шағым түсірді. Одан жеңілген соң кассациялық арыз берді. Одан да ұпайы түгелденген жоқ. Өз әрекетінің дұрыс еместігін жақсы біле тұра, үкімді жоққа шығару үшін тынымсыз шағымдана беру қарызды қайтаратын уақытты барынша алыс­тату мақсатында жасалып отырған сияқты. Ал құрылыс сол аяқталмаған күйі қаңтарылып қала берді.

Дегенмен, аталған бөлім де қарап жатпай, жуырда қайта конкурс жариялапты. Тамыз айында жеңімпаз анықталды. Бұрын осы нысанда қосалқы мердігер болған «Нұрбах» серіктестігі бүгінде жұмысты жалғастыруда. Әзірге бұл мекеме 137 миллион теңгенің жұмыстарын атқармақ. Бұл қаражат нысанды толық пайдалануға беруге жеткіліксіз, әрине. Дегенмен, оған дейін «СК Биік асулар-2006» қарызын қайтарса, қайтадан қосымша келісімшарт жасалып, мердігер түгел бітіретін болады. 

Су құбырының жалпы ұзындығы 35,7 шақырым болса, соның 20,1 шақырымы – су желісі. Магистральға – 129, қызмет көрсететін желілерге – 500 құдық орнатылуы тиіс. Біз ауылдағы құрылыс нысанына барғанымызда жұмысшылар құдық орнатуға қажетті бетон «сақиналарды» түсіріп жатты. Екі экскаватор мен бір көтергіш кран, бір гидроұсақтаушы техника қызу еңбек үстінде екен. Жұмысшылар сервистік желілерге құдық орнатуға жаппай кірісіп кеткен. Осы ауылдың тұрғыны, бригадир Қайрат Ошақбаев бұның алдындағы мекемеге де жалданып жұмыс істегенін айтты. «Қос мердігерді еш салыстыруға келмейді», – дейді ол.  

– Өткен үш жылда «СК Биік асулар-2006» жарытымды іс бітірген жоқ. Басшылығы Астана қаласында болған соң ба екен, әйтеуір бір ай жұмыс істесе, үш-төрт ай тоқтап тұратын. Шаруа енді ғана бір ретке келді. Мұнда жалпы 25 адам еңбек етуде. Көпшілігі – осы ауылдың азаматтары. Өзім әр күніме 2 мың теңге еңбекақы аламын, – дейді ол. 

Қызығы сол, «СК Биік асулар-2006» компаниясы жалдаған күзетші Е. әлі күнге дейін осындағы дүниеге бас-көз болып жүр. Ол су жиналатын мұнара маңындағы қоршалған аумақты үнемі сыртынан құлыптап, жұмыскерлердің айтуымен ғана ашып береді екен. Ел түскі асқа кетсе де, үйіне қайтса да аңдып отырып, жетіп келіп жауып кетеді, таңертең ашып береді. Әу баста тіпті ешкімді аттап бастырмай қойған екен, кейін жаңа мердігердің келгенін естіп, жұртты кіргізіп тұруға келісіпті. Өзінің әлгі фирмадан жалақы алмағанына да біраз болған көрінеді. Соған қарамастан алаңға жан жуытпай, жаңа келген мердігердің еңбеккерлеріне әрбір құрал-сайманды тек арнайы өтінішпен, тізіммен береді. Жұмыскерлердің айтуынша, мұны ол қалайда жұмыс берушісіне жағып, жалақы алу мақсатында істеп отыр. Басшысымен хабарласып, есеп беріп отырады екен. «Әрине, жауаптылық – жақсы қасиет. Бірақ, оны көзден таса қылмауға тырысып, жоғалтып алсақ, сабыла іздеп жүргеніміз. Күніміз күзетшіге қарап қалды ғой, бір шара қолданбаса болмайды», – дейді олар. Экс-мердігердің жұмысқа әлі де иелік етіп отырған себебін аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің бастығы Әлия Мыңбаева былай деп түсіндіруге тырысты:  

Бұрынғы мердігердегі дү­ниелерді пайдалану үшін сол фирманың өкілі келіп, өзі куә болып, бізге өткізуі шарт. Ал, олар кісі жібермей отыр. Бұл қарауылды өкіл ретінде қатыстырып, бар сайманын қабылдап алуға қақымыз жоқ. 

Сондықтан, әзірге жағдай осы күйінде қала беретін сияқты. 

Өзге облыстан келген мер­дігерлердің ішінде жауап­кершілік жүгін сезініп, жұмысын ықтиятпен атқарғандары кемде-кем. Жергілікті аймаққа үйренісе алмай ма, әлде өздеріне осы қолайлы ма, кім білсін. «СК Биік асулар-2006» компаниясының қитұрқылығы болмағанда Ойық ауылына ауыз су осыдан екі жыл бұрын келіп қояр еді. «Нұрбах» ЖШС жұмысты желтоқсан айына дейін бітіргенімен, бәрібір экс-мердігер қарызды қайтармай, нысан толық пайдалануға берілмейді. Сондықтан, ойықтықтар ең бері дегенде келесі жылы ғана сапалы ауыз суға қол жеткізуі мүмкін. Нысан ел игілігіне берілгеннен кейін де проблемалар туындамасына ешкім кепілдік бере алмасы тағы анық. Мысал келтіре кетсек, «Ақбарыс» компаниясы құрылысын бірнеше жылға созған Ақкөл ауылындағы ауыз су жағдайы әлі де мәз емес. Жүйе жаңадан жүргізілсе де, ақкөлдіктердің 80 пайызы ғана ауыз сумен қамтылған. Онда да арнайы кесте бойынша тәулігіне бірнеше сағат қана беріледі. 

Жанат ҚАПАЛБАЕВА 

Жамбыл облысы, 

Талас ауданы  

   

Серіктес жаңалықтары