МИТИНГІДЕ МҰҒАЛІМДЕР СӨЗ АЛМАҚ...

МИТИНГІДЕ МҰҒАЛІМДЕР СӨЗ АЛМАҚ...

МИТИНГІДЕ  МҰҒАЛІМДЕР  СӨЗ АЛМАҚ...
ашық дереккөзі
233
Мәселен, былтыр 5-11 сыныптарында қазақ тілі аптасына бес сағат, ал қазақ әдебиеті бір сағат оқытылған. Ал жаңа оқу жылынан бастап қазақ тілі үш, қазақ әдебиеті бір сағат ретінде белгіленген. Алайда, Білім және ғылым министрлігінің сайтындағы оқу жос­парында қазақ тілі бір сағатқа қысқартылған делінгенмен, тәжірибеде екі сағатқа кеміп  кеткен. Осы орынсыз өзгерісті енгізген министрліктің нені басшылыққа алғаны әлі күнге белгісіз. Әлде, 1-сыныптан бастап енгізілген ағылшын тілі қазақ тілін ығыстырып жатыр ма? Орыс сыныптарындағы қазақ тілі пәнінің сағатын азайтуға қандай мәжбүрлік бар? Тіпті, баласы орыс мектебінде оқып жүрген орыстілді ата-аналардың өздері бұған қарсы. Олардың айтуынша, қазақ тілі пәні өз деңгейінде оқытылмайды. «Оқулықтардың сапасы төмен. Ең бастысы, ұстаздардың мемлекеттік тілге селқостық танытуы және оқушыларға ешқандай талаптың қойылмауы салдарынан балаларымыз мемлекеттік тілді толық білмей шығып жатыр», – дейді кейбір ата-ана. Қазіргі кезде орыс сыныптарында оқитын оқушылардың қазақ тілінде сайрап кеткені кемде-кем. Мұндағы балалар үзілісте бір-бірімен орыс тілінде сөйлеседі. Мемлекеттік тілде тіл қатсаң, «Не понимаю» деп шыға келеді. Бүкіл қоғам болып дабыл қағудың орнына, осынау ауыр жағдайды одан әрі күрделендіре түспек секілді бұл шешімді қабылдаған көрмәдіктер. Бүгінгі жағдайда орыс сыныптарында қазақ тілі сағатын азайтуға ешқандай негіз жоқ. Керісінше, сағат санын көбейтудің орнына, үзілгелі тұрған шетін мәселені жіңішкертіп барамыз. Мемлекеттік тілді меңгермегендер келешекте қоғамымыздың толыққанды мүшесі бола алмайтынын қаперге алмағанымыз ба? Әрбірден соң осы арқылы «2020 жылы мектеп түлектерінің 95 пайызы таза қазақ тілінде сөйлейді» деген Елбасының саясатына қарсы шығып жатқан жоқ па аталмыш министрліктегілер? Білім және ғылым министрі қызметінен оқу жылының басында босап қалған Жұмағұлов мырза қазақ тілі мұғалімдерінің ашуын арқалап кеткенін біле ме екен? Бұл олқылықтың орнын жаңа министр Аслан Сәрінжіпов қалай толтырады? Дегенмен, министрдің жүрегі Отаным деп соғатын болса, бұл мәселеге бейжай қарамайды деген сенім бар. Білім және ғылым минстрлігінің жаңа оқу бағдарламасына қарсылық білдіріп жатқан тіл жанашырлары мектептердегі қазақ тілінің сағат санын азайту мәселесін Тілдер мерекесіне орай, 22 қыркүйекте Алматыда өтетін митингіде көтермек. Мұнда әсіресе, орыс сыныптарына қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беретін мұғалімдердің жанайқайы ащы естілетін болады. Шырылдаған ұстаз қауымының даусы билікке сол кезде ғана жететін шығар, кім білсін? Ернар Мәсәлім, ҚР Білім беру ісінің үздігі:  – Орыс сыныптарында қазақ тілі сағатының қысқаруын кез келген адам дұрыс емес деп айтады. Өйткені бұған дейінгі бес сағаттың өзі аздық ететін еді. Ал оны азайту дұрыс емес. Орыс сыныбындағы балалар қазақша сөйлеп кеткен жоқ. Үйренген де жоқ. Аптасына бес сағат оқыса да, 11-сыныпты бітірген басқа ұлт балалары әліпті таяқ деп білмейді. Әлі күнге қазақ тілінде сөйлеуден тартыншақтайды.  Бұл жерде бірнеше мәселе бар. Бірінші, жан-жақтан ағылатын ақпараттың бәрі орыс тілінде. Яғни, ақпараттық экспансия басым. Екінші, білім саласындағы басты мәселе – әдістемелік жағынан кемшілік көп. Оқулықтың сапасы сын көтермейді. Мамандар жетіспейді. Үшінші, қазақ тілін оқытуда IT технологияларды көбірек пайдалану керек. Мәселенің бәрін кешенді түрде қолға алсақ та, шешілмей жатыр. Неге?  Мәселен, қазақ-түрік лицейлерінде оқитын қазақ, орыс балалары алдымен түрік тілін біліп шығады. Өйткені олардың әдістемесі, мамандары мықты. Және тілді жүйелі түрде оқытады. Бір айта кетерлігі, бізде қазақ тілін меңгеру үшін алдымен грамматиканы, содан кейін ғана сөйлеуді үйретеді. Күрделі тіл категориясын жаттатқызып, сөйлеуге мән бермейді. Соңғы жылдары енгізілген өзгерістің өзі ешқандай әдістемелік тұрғысына сай емес. Орыс тілі қазақ тіліне механикалық түрде аударылады. Ал, әлгіндей лицейде бірінші сөйлеуге, сосын грамматикаға басымдық береді. Ағылшын тілінде де солай. Сондықтан министрлік бұл мәселеге бақылауды күшейту керек. Меніңше, орыс сыныптарына тек қазақ тілі мен әдебиеті пәнін ғана емес,  басқа да гуманитарлық пәнді (тарихты, т.б.) оқытса деген ұсынысым бар. Сонда балалардың сөйлеуіне жақсы болар еді. Ғалия Әміртаева, «Ар-намыс» ұстаздар мен оқытушылардың қоғамдық бірлестігінің төрайымы: – Біз осы мәселе жөнінде әуелі баспасөз мәслихатын өткізіп, қоғамдық тыңдау жүргізгелі жатырмыз. Біздің Үкімет маманды пайдаланудың жоспарын дұрыс жасамай отыр. Бұдан бұрын қазақ тілін үйретеміз деп, әр сыныпқа аптасына бес сағат бөлінген болатын. Сол кезде қазақ тілі пәні мұғалімдері керек болды. Қазір бұл екі-үш сағатқа азайды.  Бүгінде олар жұмыстан босап қалуда. Бұл өте қиын мәселе. Айналып келгенде, қазақтың басына таяқ боп тиіп жатыр. Ауылдан келген қазақтың қыздары мен жігіттері қалада пәтер жалдап, жұмыс істеп келді. Енді олар тіптен қиналатын болды. Екіншіден, қазақ тілі оқулықтары мен бағдарламасы сәйкес келмей отырғандығын айтқан мұғалімдер мен ата-ана жыларман күй кешуде. Яғни, мұғалім қолындағы жоспар бойынша оқулықты рет-ретімен емес, әр жерден алып оқытады. Ал бұған ата-ана: «Неге тақырыпты рет-ретімен өтпейсіздер?» деген наразылығын білдіруде. Сабақ басталмай жатып, қаншама шағым түсіп үлгерді. Еліміздің басқа облыстарынан да ұстаз қауымы хабарласып, қазақ тілі сағатының азаюына қарсы екендіктерін айттты. Жанна Серікбайқызы, ОҚО, Отырар ауданы, Шәуілдір ауылы, Жамбыл атындағы мектеп лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:  – Қазіргі көтеріліп отырған мәселе үш тұғырлы тілдің 12 жылдық мектеп бағдарламасына ену барысында жүзеге асады. 12 жылдық білім беру стандартына көшкенде бейімдік білім беру жүйесі басты назарда болады. Мұнда оқушыларды екі салаға бөліп оқыту көзделген. Біріншісі, қоғамдық-гуманитарлық салада қазақ тілінің сағаттары баяғы қалпынша қалған. Ал екінші саласы – жаратылыстану-математикалық ғылымдарға бейімделген оқушыларға арналған қазақ тілі сағаты 1 сағатқа қысқарған. Осыдан келіп үлкен мәселе туындайды. Қазақ тілі оқулығын қайта жазуға тура келеді. Себебі бірінші саладағы оқушыларға қазақ тілін тереңдетіп оқыту керек те, ал екінші саладағы оқушыларға қазақ тілінің функционалды қасиеттерін, шешендік сөз өнері мәдениетін, мәтінмен жұмыс жүргізу сияқты жалпылама дайындау керек. Ал бұл мәселе әлі де болса жан-жақты зерттеуді қажет етеді. Елімізде мемлекеттік тіліміз қазақ тілі бола тұрып, ана тілді өскелең ұрпаққа ертеңгі болашаққа бөліп-жарып оқыту идеясын құптамаймын. Мұрат Елемес, Фейсбук қолданушысы:  – Орыс мектептерінде қазақ тілі өте нашар оқытылады. Бұған негізгі себеп, ҰБТ кезінде қазақ тілінен жинаған балының есепке алынбайтындығы. Сосын мұғалімнен де талап етілмейді. ҰБТ-да қазақ тілі  негізгі пән ретінде есептелмей, ешкім де қазақ тілін үйренуге тырыспайды. Оған деген қажеттілік болмайды. Мектеп директорлары әр оқушыдан математиканы, орыс тілі мен Қазақстан тарихын меңгеруді талап етеді. Ал орыс тілінің орнын қазақ тілі неге баспайды? Сонда ғана қазақ тілінің оқытылу деңгейін көтере аламыз. Ал әзірге ҰБТ-да қазақ тілі міндетті пән ретінде есепке алынбаса, басқа ұлт өкілдері үйренуге талпынбайды. Сол күйі қазақ тілі ешкімге керек болмай қалады.

Динара Мыңжасарқызы

Серіктес жаңалықтары