1648
« АЙНАЛДЫМ, АҚТӨБЕМ!» ҮЗДІК ӘНДЕР ҚАТАРЫНДА
« АЙНАЛДЫМ, АҚТӨБЕМ!» ҮЗДІК ӘНДЕР ҚАТАРЫНДА
Қазақ поэзиясының көш басында келе жатқан қазақ қыздарының бірі талантты ақын, ақтөбелік Гүлсамал Аймаханованың есімі бүгінде дүйім жұртқа етене таныс. Ата-бабалар арманы болған еліміздің Тәуелсіздігі, еліміздің егемендігінің жиырма жылдығына арналған Бейбітшілік және Келісім сарайында өткен мерекелік концертте ақын құрбымыздың «Айналдым, Ақтөбем!» әні ерекше аталып өткені де ел есінде.
Жерлестерінің әнұранына айналған сол бір ән Ақтөбе қаласының 130 жылдығына арналған «Жаңа ғасырға – жаңа ән» атты бәйгеге қатысқан 30 әннің ішінен үшінші орынды жеңіп алғаны да ақын шығармашылығындағы туған жер, өскен өлкеге деген шексіз махаббатын танытатын болса керек.
Қасиетті туған жердің топырағынан нәр алған, саумал салқын ауасынан шабыттанған Гүлсамал Аймаханова Алтын заң күні өз жерлес оқырмандарымен тағы да кездесіп, жырдан шашу шашты. Қаладағы Президент паркінің алаңында өткен бұл кеште «Айналдым, Ақтөбем», «Туған қалам», «Ақтөбе» сияқты жергілікті сазгер Қ.Қосжановтың әндерімен қатар, ақынның сөзіне жазылған «Сағыныш», «Тіршілік», «Жыр киесі», «Дүние жаралғалы», «Өмір қарашасында», «Таза рай», «Бақыт кілті», «Ақтөбем – Әнім», «Ақтөбенің шамдары» сынды тамаша әндерін тамылжыта жеткізген орындаушылар да көпшілік көңілінен шыға білді.
Жасылы жайлаудай жайнаған,
Бағында сандуғаш сайраған.
Жастықтың аялап арманын,
Жанартау жалыны қайнаған, – деп жырлаған ақынның шабытты да таза мөлдір бұлақтай сезімдері оның әрбір өлең-толғауларынан аңқып тұрады. «Ақтөбем… құт береке асырған…» деп тебіренген талантты ақынның әлі де өз туған халқына берері таусылмасын!
Таңсұлу АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ