ЭКС-ТӨРАЙЫМ АСТАНАҒА ЖЕТКІЗІЛДІ

ЭКС-ТӨРАЙЫМ АСТАНАҒА ЖЕТКІЗІЛДІ

ЭКС-ТӨРАЙЫМ  АСТАНАҒА ЖЕТКІЗІЛДІ
ашық дереккөзі
155

Елімізде 2009 жылы өткен жалпыұлттық халық санағының соңы шым-шытырыққа айналып кеткені белгілі. Қазақ халқы үлкен үміт күткен ауқымды шараға мемлекеттен 1 млрд. 144 млн. теңге бөлінген болатын. Алайда, бұл қаржы діттеген жеріне емес, санаққа жауапты басшылардың қалтасына кеткен. 

Әуелгіде Статистика агенттігі төрағасының екі орынбасары Нұрман Баянов пен Бірлік Меңдібаев санаққа бөлінген қаржының 764 млн. теңгеден астамын жымқырған деген айыппен қамауға алынған болатын. Бiр қызығы, 183 млн. 300 мың теңгенiң құрал-жабдықтарын сатып алып, құжат бойынша 144 млн. 900 мың теңге етiп жаздырған жас басшыларға жол көрсеткен «Киiк» фирмасының құрылтайшысы Серiк Тұржанов та бюджет қаражатын ұрлауға ықпал еткенi үшiн ұсталған-ды. Бір шидің шыққанын сездірген бұл хабар мәселені тереңірек зерттеуге итермелегені рас. Ал, орынбасарларының қылмыстық әрекеті әшкереленіп жатқанда, Статистика агенттігінің сол кездегі төрайымы Анар Мешімбаева өз еркімен отставкаға кетіп, іле-шала ізін суытып үлгерген еді. Бас прокуратура оның мемлекет қаржысының жымқырылуына тікелей қатысы барын айтып, ауыз жиғанша Түркияда бой тасалап жүргендігі анықталды. Бұдан соң Мешімбаеваға интерпол арқылы халықаралық іздеу жарияланғаны есте. Көп ұзамай қашқын ханымның Біріккен Араб әмірліктерін паналағаны белгілі болды. Екі ел арасында экстрадициялау мәселесі түпкілікті қарастырылмағандықтан, қылмыскерді елге қайтару оңай еместігі айтылды. Алайда, Мешімбаеваны елге әкелуге бар күшін салған Қазақстан тарапы жуық арада оның оралатындығын тілге тиек етіп, халықты сендірген. Сонымен не керек, экс-төрайым біраз елді кезіп жүріп, Ресейден бір-ақ шықты. 

Жақында Бас прокуратураның баспасөз қызметі Статистика агенттігінің экс-басшысы Анар Мешімбаеваны қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін Мәскеуден Астанаға жеткізілгенін хабарлады. Оны Ресейден еліміздің құқық қорғау органдарының өкілдері алып келген. ҚР бас прокуратурасы ақпан айында Ресей Бас прокуратурасына Мешімбаеваны Қазақстанда қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін беру туралы сұрау жолданған. Нәтижесінде Қазақстан қаржы полициясының халықаралық тапсырысы бойынша Ресей ІІМ қызметкерлері А. Мешімбаеваны Мәскеуде 6 ақпан күні ұстаған болатын. 

Қазір Мешімбаева Астана қаласындағы ІІД Уақытша ұстау изоляторында қамауда. Қылмыстық істі тергеуді Қазақстан Республикасы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі жүргізетін болады. 

Елден үш жыл бойы қашып жүрген ханымның тығырыққа тірелген тұсы осы. Мешімбаева ханым шындықты бүркелемей ашып айтса, осы жұмбақ іске қатысы бар болуы мүмкін біраз лауазымды тұлғаның аты аталуы да ғажап емес. 

Динара Мыңжасарқызы

Серіктес жаңалықтары