КРЕМЛЬ ЕРЕВАНҒА КҮШ КӨРСЕТТІ МЕ?

КРЕМЛЬ ЕРЕВАНҒА КҮШ КӨРСЕТТІ МЕ?

КРЕМЛЬ ЕРЕВАНҒА КҮШ КӨРСЕТТІ МЕ?
ашық дереккөзі
158

Қазір халықаралық қауымдастық Сирия мәселесімен қоса, Арменияның сыртқы саяси бағытын аяқасты өзгерткенін талқылауда. Бұл өзге түгіл Арменияның өз халқы үшін де тосын сый болды. Өйткені Армения бұған дейін Еуроодақпен ынтымақтастықты қолдап келген және Еуроодақтың «Шығыс әріптесі» жобасының аясында еркін сауда әріптесі болуға дайындалып жатқан болатын. Және бұл келісім шарт биыл Вильнюсте қараша айында өтетін жиында өз күшіне енеді деп жоспарланған. 


ЕУРОПА ЕРЕВАНҒА ЕСКЕРТУ ЖАСАУДА…


Арменияның сыртқы саяси бағытын аяқасты өзгерткенін ресми Брюссель Ресейдің Арменияға жасаған қысымының нәтижесі деп түсінеді. Еурокомиссияның өзара тату көршілік саясаты және оның кеңейту жөніндегі мәселелер бо­йынша өкілетті елшісі Штефан Фюле Ереванда өткен Брюссельдің «Шығыс әріптесі» бағдарламасына мүше елдердің сыртқы істер министрлерінің кездесуінде Арменияның Еуропа одағы елдерімен еркін сауда айналымын жасау туралы келісіміне нүкте қойылады деген мәлімдеме жасаған:

– Арменияның соңғы шешіміне орай, ассоциативті мүше болу туралы келісім мәселелері бұдан былай күн тәртібінен алынады. Сондықтан да, Арменияның Еуроодақпен қарым-қатынасын басқа салада нығайту жолдарын қарастыру керек, – деген ол. 

Сонымен қатар, ол ресми Мәскеуге өзге мемлекеттердің ішкі ісіне қысым жасамауды ескертті. Штефан Фюле «Шығыс әріптесі» елдеріне Брюссельмен арада жасалған келісімдерді бұзып, Кедендік одаққа мүше болуға итермелеудің дұрыс емес екенін атап өтті. 

– Біздің әріптестерге қысым жасалған жағдайда Еуроодақтың көмегіне және қолдауына ие бола алады. Ынтымақтастық – Еуроодақта құр көпірме сөз емес! Армения КО елдерімен ортақ шекараға ие емес. Сол себепті де біз ол елмен әлі де сарабдал саясат жүргізуді мақсат етеміз, – деді ол. 

Украиналық www.zn.ua сайтына сұхбат берген Арменияның Ұлттық қауіпсіздігінің бұрынғы министрі, Concord саяси және құқықтық зерттеулер орталығының жетекшісі Давид Шахназарян Ресейдің алдағы қарашадағы Вильнюс саммитінде Еуроодақпен еркін сауда аймағын құрудан бас тартып, Кедендік одаққа мүше болуы үшін барлық ықпал ету тетіктерін іске қосқандығын айтады. 

«Арменияның сыртқы саяси курсында аяқасты жаңа бағыттың пайда болуының жалғыз себебі бар. Ол – Кремльдің өлшеусіз қысымы. Ол бірнеше бағытпен өрбіп отыр. Біріншіден, ресейліктердің Бакуді Таулы Карабах үшін соғысқа итермелеуі. Ресей Әзірбайжанға миллиардтаған қаруды тасығанын армяндар көріп-білмей отырған жоқ. Соңғы кезде Ресей Әзірбайжанға – 1 миллиард доллардың қаруын тасымалдады. Екіншіден, Арменияның өз ішінде ішкі саяси жағдайды тұрақсыздандыру қаупі. Бұл жайында Ресей дипломаттары ашық мәлімдеме жасаған жоқ па? Демек, Ереванды егемендігін қауіпсіздікке айырбастауға түрткі болған жайттар жеткілікті» дейді ол. Еуропалық халықтық партия (ЕХП) өздері қабылдаған резолюциясында Ресейдің Еуроодақтың «Шығыс әріптесі» елдеріне жасап жатқан қысымы – ЕО пен Ресейдің қарым-қатынасына кері әсерін тигізетін болады» деген мәлімдеме таратады. «Сол себепті де, ЕХП Ресейдің егеменді елдердің тепе-теңдігіне, мемлекет арасындағы тату ынтымақтастық пен ішкі ісіне қол сұғу мен қоқан-лоққы көрсетуді тоқтатуға үндейді» делінген онда. 

Арменияның бұл қадамын сонымен қатар, Еуроодақтың өзге де елдері сынға алған. Литваның Сыртқы істер министрі Линас Линкявичюс қазір Брюссельдің Ереванда оның бұдан былайғы мақсатын түсіну үшін кеңестер өткізіп жатқанын айта отырып, егерде Армения Кедендік одақты таңдау шешімінен бас тартпаса, ЕО-пен еркін сауда аймағын құра алмайтындығын жеткізген. Немістің DW газетіне сұхбат берген Неміс экономикасы Шығыс комитетінің атқарушы директоры Райнер Линднер: «Армения мен Еуроодақ биыл жыл соңында еркін сауда аймағын жасақтау туралы келісімді 2013 жылдың шілдесінде аяқтады. Вильнюста қараша айында аталған келісімге қол қойылу қажет болатын. Сондықтан да оның аяқасты басқа бағытты таңдап шығуы біз үшін тосын сый болды» деген ол Еуроодақтың ішкі нарығы 500 миллион тұтынушыдан тұрса, Кедендік одақтың ішкі нарығын 165 миллион тұтынушы ғана пайдаланатынын еске салды. Оның үстіне Армениямен сау­да қарым-қатынасында Еуроодақ елдері мен Армения арасында өте төмен дәрежеде кедендік баж салығын жасақтауға қол жеткен болатын. Енді оны КО елдерінде қабылданған жоғары кедендік тарифтермен теңестіруге тура келетінін ескертеді. 


КЕДЕНДІК ОДАҚ АРМЕНИЯҒА НЕ БЕРЕДІ?


Ресейдің бірінші вице-премьері Игорь Шуваловтың сөзіне сүйенсек, Арменияның Кедендік одаққа енуі жөніндегі келіссөздер 2013 жылдың қазан айында басталмақ. Ресей сарапшылары мен ақпарат құралдары Арменияның бұдан ұтатыны көп деп дабыл қаға бастағалы бір айдай уақыт болды. Сарапшылар Ресейден тасымалданатын табиғи газдың бағасы төмендейтінін, ІЖӨ-нің (ішкі жалпы өнім) 4 пайызға артатынын, халықты жұмыспен қамтамасыз етудің күрт көтерілетінін, мұнай өнімдерінің бағасы төмендейтінін және Армения үшін аса маңызды болып саналатын темір жолдың абхаздық бөлігі ашылуы мүмкін екендігін сөз етеді. Бұның барлығы халықтың тұрмыстық деңгейінің жақсаруына әкеліп соғады екен-мыс. Алайда, ресейлік сарапшылар бұған дейін Кедендік одаққа мүше елдердің әлеуметтік жағдайының күрт төмендеп, халық тұтынатын тауарлардың 15-20 пайызға күрт өскенін ескеріп отырған жоқ. Сарапшылардың санауынша, 2015 жылға қарай Ресей Кедендік одақтан 400 миллиард доллар, Белоруссия мен Қазақстан – 16 миллиард доллардан алатын болады. Қытайдан Еуропаға тасымалданатын жүк тасымалының мерзімі төрт есеге дейін азаяды, әрбір мүше елдердің ІЖӨ – 15 пайызға артып, бұл қосымша – 0,4-0,5 триллион долларды береді. 


ӘЗІРБАЙЖАН САЯСАТКЕРЛЕРІ АЙРАН-АСЫР 


Естеріңізде болса, Ресей Әзір­байжанды Кедендік одаққа енуге мәжбүрлеп, 10 күн мұрсат берген болатын. Алайда Әзірбайжан басшылығы бұған әлі күнге дейін келісімін берген жоқ. Сол себепті де РФ президенті Путин екі ел арасындағы аумақтық келіспеушілікті пайдалана отырып, Арменияны өздеріне қаратып алды дейді сарапшылар. Бакулік саясаттанушылар Кедендік одақ елдерімен ортақ шекарасы жоқ Арменияның бұл үрдіске қосылуы қалай жүзеге асады деп айран-асыр. Олардың пікірінше, Ресей кез келген сәтте, достарын және одақтастарын жолға тастап кете алады. Назарбаев пен Лукашенко – КО-тың ешқандай пайда әкелмейтінін біле тұра, оны қолдауға мәжбүр. Сондай-ақ, сарапшылар бұл істе Таулы Қарабах мәселесінің маңызды рөл ойнайтынын айтады. Арменияның да кілт бұрылуының сыры осында. 

Есенгүл КӘПҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары