ШЕНЕУНІК БОЛУ — ҮЛКЕН СЫН

ШЕНЕУНІК БОЛУ — ҮЛКЕН СЫН

ШЕНЕУНІК БОЛУ — ҮЛКЕН СЫН
ашық дереккөзі
197

Қоңыр күз келіп жетті. Мемлекеттік қызмет сала­сындағы реформалардың ал­ғашқы қорытындылары жария болар уақыт келді. Мамыр айында өткен сынақ нәтижесінде «А» корпусының үштен бірі осы күзде жаңартылатыны жайлы бұған дейін жазған едік. 

Дүйсенбі күні Орталық коммуникациялар қызметінде арнайы брифинг өткізген Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің төрағасы Әлихан Бәйменов қазірдің өзінде жаңа реформаның ауыз толтырып айтарлықтай нәтижелері бар екенін айтты. Мысалы, былтырғы жылмен салыстырғанда биыл мемлекеттік қызметтегі ішкі ауыс-түйістер саны күрт азайған. 2012 жылдың екінші тоқсанында шамамен 3,5 мың шенеунік орынтақ ауыстырса, биыл осындай мерзім ішінде қызмет ауыстырғандар саны небары 65 екен. «Заңнамалық деңгейде мемлекеттік органның бірінші басшысы ауысқан кезде кадрлардың «командалық ауысуын» азайту  үшін ауысу тәртібінде тағайындауға арналған мүмкіндіктер қысқартылды. Олар тек қана мемлекеттік органдар ішінде, сондай-ақ Президент белгілеген жағдайларда ғана жүзеге асырылады. Қалған барлық тағайындау байқау негізінде ғана жүзеге асырылады», – дейді Ә.Бәйменов. 

Бұдан былай мемлекеттік қызметке орналасуға талап білдірген азаматтар әуелі Қазақстан заңнамаларынан тест сынағынан өтіп, оны ойдағыдай тапсырған жағдайда арнайы сертификатқа ие болады. Осыдан соң ғана талапкерлер іріктеу байқауына қатыса алады. 

Агенттік төрағасы мемлекеттік органдарда байқау өткізу уақытының үш есе қысқартылғанын айтып өтті.

Бұдан басқа, мемлекеттік қыз­меткерлердің арасында олардың өз жұмысын тыңғылықты атқаруға ынталандыру мақсатында арнайы бағалау жүйесі енгізіліп отыр. Әрбір шенеунік жыл бойы тындырған шаруа ауқымына, атқарған жұмысының нәтижесіне орай лайықты бағасын алып отырмақ. Сыйақы тағайындауда, мансапқа ұсынуда шешім қабылдауға осы бағалау нәтижесі айтарлықтай әсер етпек. Тіпті шенеуніктер арасында «Үздік мемлекеттік қызметкер» арнайы төсбелгісі енгізілмек. Әлихан Бәйменовтің айтуынша, мұндай төсбелгіге мемлекетік қызмет саласында 15 жыл қатарынан мінсіз жұмыс істеген, өз саласын өркендетуге үлес қосқан азаматтар ие болады.  

Ал жұмыс нәтижесі бойынша теріс баға алған шенеуніктер жыл соңында аттестациялаудан өтуге тиіс болады. Осылайша, мемлекеттік қызметке орналасу ғана емес, оны абыроймен атқарудың өзі – сын болмақ.

Тағы бір жаңалық, бұдан былай 23 маусым – мемлекеттік қызметкерлер күні болып белгіленді. 

Гүлбиғаш ОМАР

Серіктес жаңалықтары