КӨКШЕТАУДАН КЕЛГЕН ӘКІМ

КӨКШЕТАУДАН КЕЛГЕН ӘКІМ

КӨКШЕТАУДАН КЕЛГЕН ӘКІМ
ашық дереккөзі
284

Облыс әкімдері бірінен соң бірі Астанаға ат арылтып келіп, журналистердің сұрақтарына жауап бере бастады. Бұл науқан өткенде Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың есебімен басталған болатын. Кешегі аптада Ақмола облысының әкімі Қосман Айтмұхаметов елордадағы Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз залына келіп, бір сағатқа жуық уақыт бойы республикалық және аймақтық ақпарат құралдарының сұрақтарына жауап берді.

Алпыс минутқа жуық уақыт ішінде Қосман Айтмұхаметов отыз сұраққа жауап­ берді. Астанаға іргелес жатқан облыстың тыныс-тіршілігі елорда тұрғындарына таңсық емес. Мұны әкімге қойылған сұрақтар төркінінен де анық аңғаруға болатын: Астананың төңірегіндегі елді мекендерге ауыз су жеткізу, газ құбырын салу, жол құрылысы, үй салу үшін жер телімін бөлуге қатысты түйткілдер ашық айтылды. 

Ақмола облысы – Қазақстандағы егісті аймақтардың бірі. Әкім биыл 5 миллион тонна бидай жинауға уәде беріп отыр. Шындығында, егер ауа-райының қолайсыздығы кедергі болмаса, жиналатын астық көлемі 7 миллионнан асуы мүмкін. Биыл бұл аймақта 4 миллион 700 мың гектар жерге егіс егілген. Оның 4 миллион 248 мың гектарына – бидай, 380 мың гектарына арпа себілген. Қосман Айтмұхаметовтің айтуынша, ораққа 10 мыңға жуық комбайн түскен, 57 астық сақтау қоймасы дән қабылдауға дайын.

Шындығында, Астананың Ақмола облы­сының дамуындағы маңызын айтқанда, облыстың елорда өміріндегі орнын ескермеу әділетсіздік болар еді. Ақмола облы­сы ауылшаруашылығы өнімдерімен Астананы қамтамасыз етіп отырған бірден-бір аймақ. Сондықтан облыста өсімдік шаруашылығымен қатар мал шаруашылығын дамытуға айрықша көңіл бөлініп отыр. Егіс себуде әртараптандыруға мән берілсе, төрт түлік өсіруде асыл тұқымды мал өрбітуге ден қойылмақ. Елбасының азық-түлік белдеуіне қатысты берген тапсырмасы да бар. «Тапсырманы жүзеге асыру мақсатында соңғы жылдары 47,5 млрд. теңгеге 75 жобаға жан бітті. Ағымдағы жылдың өзінде 13,2 млрд. теңгеге 16 жобасы іске асырылу үстінде. Осындай тиянақты қадамдардың нәтижесінде астаналықтарға ет жеткізу бойынша 43 пайызға, сүт 38 пайызға, картоп 77 пайызға, жұмыртқа 97 пайызға жетіп отыр. Жыл аяғына дейін көрсеткіштерді тағы да көтеруге мүмкіндік бар», – дейді облыс басшысы. 

Әкімнің айтуынша, облыс 2017 жылғы ЭКСПО көрмесіне дайындық жұмысынан тыс қалмайды. «Біз әрқашан да осыған дайын болуымыз керек. Қазір Шортанды–Бурабай курортты аймағында кешенді бағдарлама жүзеге асырылып жатыр. Бұл туристік инфрақұрылымды одан әрі жетілдіруге мүмкіндік береді. 2017 жылға дейін ондаған жаңа нысандарды пайдалануға ұсынамыз. Жаяу жүргіншілер, атпен саяхат және вело серуенге арналған жолақтарды іске қосамыз. Жаңа туристік маршруттар ашу көзделген. Сонымен қатар Астана маңындағы елді мекендерде этноқалашықтар салу туралы жоба дүниежүзілік көрмеге дайындық жөніндегі мемлекеттік комиссияның қарауына ұсынылды. Целиноград, Аршалы және Қорғалжын аудандарында қазақ халқының тарихы, салт-дәстүрі мен мәдени құндылықтарын қалың көпшілікке паш ететін арнайы жобалар жүзеге асырылмақшы. Бүгінде аталған бағытта дайындық жұмыстары басталып та кетті. Тағы бір атап өтер жайт, өздерінің жобаларын ұсынып, әлемдік шараға белсенді қатысам деген ақмолалықтар да бар»,– деді Қ.Айтмұхаметов. 

Әкімге қойылған өткір сұрақтардың бірі – аймақта мемлекеттік тілді қолдану деңгейіне қатысты болатын. Іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізу 64 пайыз екенін айтқан әкімнің қазақ, орыс тілдеріне бірдей жетік екені көп жайттан хабар бергендей. Облыс басшысы жергілікті жиналыстардың бәрін тек қазақша өткізетінін айтты. Әйт­се де, Ақмола облысында жер-су аттарын қазақшалау мәселесі күн тәртібінде тұр­ға­ны­ мәлім.

Обалы нешік, әкім қойылған сұрақ­тардың ешқайсысынан жалтарған жоқ. Табысты жариялау жөніндегі сұраққа жауап беріп тұрып, айлығының 600 мың теңге екенін де жасырмады.

Брифингте Қосман Айтмұхаметов 5-6 қазанға жоспарланған хан Абылайдың тойы туралы сүйінші хабарды жеткізумен абыройлы болды. Былтырғы жылдары Алаштың айбарлы ханының 300 жылдығы республикалық деңгейде атап өтілмеуі ақпарат құралдарында, қоғамдық ортада көп айтылғаны белгілі. Алдағы той осы олқылықтың орнын толтыратындай деңгейде ұйымдастырылып отыр. Той шаралары Көкшетау қаласында Абылай ханның ескерткішіне гүл қоюдан басталмақ. Сол күні кешке қазақ эстрада жұлдыздарының гала-концерті жоспарланған. Екінші күнгі бағдарламада жоспарланған «Абылай хан және оның тарихтағы ролі» атты конференция жұмысына шетелдік және жергілікті білікті ғалымдар шақырылған. Көкшетау қаласының ипподромында айбарлы ханның тойына арнап ат жарыстары ұйымдастырылады. Одан басқа «Тәуелсіздіктің ұлы рухы» атты театрландырылған көрініс қойылады. 

Гүлбиғаш ОМАР

Астана 

Серіктес жаңалықтары