ҚОҚАН ХАНДЫҒЫ ТУРАЛЫ БІР ҚАЙЫРЫМ

ҚОҚАН ХАНДЫҒЫ ТУРАЛЫ БІР ҚАЙЫРЫМ

ҚОҚАН ХАНДЫҒЫ ТУРАЛЫ БІР ҚАЙЫРЫМ
ашық дереккөзі
3272
XIX ғасырдың басында Қоқан хандығы Қазақстанның оңтүстік облыстарын, атап айтқанда, қазіргі Қызылорда қаласы мен оның шығыс аудандарын, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстарының жерін, Алматы облысының батыс аймағын басып алып, оларды елу бес жылдай өз құзырында ұстады. Бір өкініштісі, осы кезеңнің шынайы тарихы әлі күнге дейін толық ашылмай, тым көмескі күйінде қалуда. Қазақ халқының өткенін баяндайтын барлық тарихи әдебиеттер мен зерттеулер жинақтарында да аталмыш кезеңнің сипаты — «Оңтүстік Қазақстан жерін 1808-1864 жылдар аралығында Қоқан хандығы жаулап тұрды» дейтін жалпылама берілген мағлұматтан аспайды. Бекназаров, Наливкин, Вильяминов-Зернов, Назаров, тағы басқа ғалымдар мен жазбагерлердің осы мәселеге қатысты естеліктері де белгілі бір баяндаулардан аттап кете алмайды. Яғни, олардың  ешқайсысы біз сөз етіп отырған хандықтың қазақ даласын қалай жаулағаны жөнінде көңіл көншітерліктей  деректер келтірмейді. Осындай шолақ-шолақ деректерге ден қойсақ, Қоқан басқыншылары біздің далаға шабуылдағанда жергілікті қазақтарды мал сияқты қайырып ала салған тәрізді, болмаса олар келгенде әр шаһарлардың қақпалары өзінен-өзі ашыла салғандай әсерде қаласың. Расында, қоқандықтар біздің өлкені қалай жаулады, қандай тәсілдермен басып алды? Сонымен қатар, сол шақта оңтүстік қазақтарының жай-күйі мен тұрмыс тіршілігі қай деңгейде еді? Қазақтар оларға қай деңгейде қарсылық көрсете алды? Жалпы, Қоқан хандығы деген – қандай хандық? Ол қалай пайда болды және оның қазақ даласын жаулаудағы мақсаты нендей мүдделерден туындады, ол елді қандай хандар басқарды, сондай-ақ сол кездегі тарихта оның алар орны бар ма? Сөз басында айтайын: бүгін біз көтеріп отырған кезең тарихына қатысты кезінде Қоқан хандарының жеке хаткерлері жазып қалдырған, ал бүгінде Ферғана, Наманған, Ташкент, Санкт-Петербург мұрағаттары мен кітапханаларында шаңбасты болып жатқан нақты да дәл жәдігер дереккөздер өте мол. Оған қоса, сол заманның тарихын жазып қалдырған ферғаналық авторлардың, мәселен, Мырза Каландардың «Тарихи-и-Омар хан», Мұхаммед Хәкімнің «Мұнтаһәп ат-тауарих», Молда Нияз Мұхамедтің «Тарихи-и Шахрух», Әбу Убайдуллахтың «Құласат әл-ахуал», Мұхамед Салықтың «Тарихи уәлаят Ташканд» атты еңбектерінде аталмыш хандық туралы көптеген мағлұматтар бар. Әрі ондағы мәліметтер талай дүдәмал даталар мен күдікті фактілердің, болжам мен қисын бойынша жазыла салынған деректердің түп тамырын айқындап, ажыратып береді. Әлбетте, қай халықтың жазбагері немесе зерттеушісі болса да кейде болған уақиғалар мен өткен тарихтың болмысын өз халқының мүддесіне орайластыра жазатыны бар. Солай болғанмен де ондайлар, бәрібір, түбі ақиқат шеңберінен алшақтап кете алмайтыны тағы рас…

 

Хандық қалай құрылды?

 

Қазақта көне тайпалар аттарын жеке-жеке кісілер есімдеріне айналдырған, одан соң өте тар ұғымда айтылғанымен, астарында орасан мән-мағына жатқан жүздік, рулық құрылымдарды ауызша қалыптастырған шежіре бар. Сол шежіреде Ұлы жүз Ақарыстың үшінші ұрпағы Төбе бидің төрт баласының бірі Меркіден – Мыңжүз, Қьрықпанжүз деген рулары тарайды деп көрсетілген. Ары қарай олардан ұрпақ таратпайды да, екеуінің жұрты қашғарлық ұйғырлар мен өзбектерге сіңіп кеткен деп келте қайырады. Расында, түбі түркі тектес халықтар қатарына жатып, арғы тегі қазақтармен тамырлас болған мыңжүз бен қырықпанжүз XV ғасырдың аяғында Жетісу мен Қашғар өңіріндегі Моғолстан хандығы ыдыраған кезде ассим- илияциялық жолмен бір жағы — ұйғыр, бір жағы – өзбек эт- ностарына сіңісіп кеткен. Бұл екеуі өзбек пен ұйғырдың басқа тайпаларымен араласып, ХV-ХVІП ғасырлар аралығында Ферғана жазығы мен Қашғар арасын жайлаған. Уақыт өте келе, өзбек арасындағы мыңжүздер (мингілер) санының көптігімен және билікке кұмарлығымен үстем тайпаға айналған. Байырғы өзбек-тәжік жазбагерлері мыңжүзді — «Минка юз», (кейінгі тарихшылардың жазуынша – минг, менгі) қырықпанжүзді — «Қарақпин юз» деп жазған. Олардың жазуы бойынша, кейін үлкен хандыққа айналған, бастапқыда бектік (ұлыс мағынасында) аталған Қоқанды алғаш құрған Ерезеноғлы Шахрух бек осы мыңжүз (минка юз) тайпасының Тобағыш тармағынан шыққан. Қазіргі ғылыми айналымдағы осы бір мәлімет – нақты тарихи дерек боп есептеледі. Шахрухтың кезінде бұл өлке Бұқар хандығына бағынышты еді, әрі мұндағы қышлақ-кенттерге Сейіт әулетінен тараған қожалар үстемдік құратын. ХҮІІІ ғасырдың басында Бұқар билеушісі Убайдулла Ферғана жазығындағы жұртқа қатты қысым жасайды. Бұған наразы болған мыңжүз-менгі тайпасының көсемдері өздерінің соңдарына басқа да ферғаналық жұрттарды ілестіріп, әмірліктен тәуелсіз болу әрекетіне кіріседі. Наразы жұрттың көсемдері әп дегенде-ақ өздеріне басшы етіп, Шахрухты таңдайды. Бірақ Шахрух не Шыңғыс ханның, не Абрасиаб әмірлерінің ұрпағы емес-ті. Сондықтан да сол кездегі қалыптасқан қоғамдық жүйе бойынша, хан атануға немесе әмір атануға қақы жоқ-ты. Дегенмен оны жақтаушы жұрттың көсемдері мен ақсақалдары Шахрухтың шыққан тегін Ақсақ Темірдің ұрпағы Бабырмен байланыстырған «Алтын бесік» аңызын ойлап тауып, елге жария етеді (Бұл туралы қырғыз жазушысы Т. Қасымбековтің «Сынған қылыш» атты кітабында кеңірек әңгімеленген). Сөйтіп ол Бабырдың ұрпағы ретінде танылып, Бұқардан бөлінген жеке бектіктің бегі боп сайланады. Бұл уақиға – хыжраның 1123 жылы, ал біздің санақпен 1709 жылдың қара күзінде іске асқан. Шахрухтың бектік туы астына жұртты алғаш ұйыстырған жері — Марғұлан уалаятына қарасты Қоқан қышлағы. Алған бетінен қайтпайтын, қатал да ержүрек әрі сөзге шешен Шахрух бек айналасы аз жылдың ішінде жан-жағындағы Марғұлан, Наманған иеліктеріндегі жерлерді тартып алып, Қоқан бектігінің билігін нығайтады. Және де басып алған жерлеріне сонау Қашғария мен Қысарда жатқан өзіне туыс мыңжүз бен қырықпанжүздің мыңдаған өкілдерін шақырып орналастырады. Шахруқтан соң билік басына келген оның ұлы – Әбдірахым (билік құрған уақыты –1721-1734 жылдар) бектіктің шекарасын одан ары кеңейтіп, Хоженд, Әндіжан, Каттақорған шаһарларын және де Самарқан мен Жызақ өңірлерінің оңтүстік аймақтарын өзіне қар- атты. Одан кейінгі бек болған Әбдірахымның інісі – Әбдікерім (1734-1750) Ош өлкесін жаулап алады. 1740 жылы бектіктің арнайы резиденциясы ретінде Қоқанның қақ ортасынан өте үлкен сарай салдырады, сондай-ақ оның сыртын қоршатып, биіктігі үш құлаш қамал тұрғызады. Осыдан бастап бұл қала бектіктің ресми астанасы болып орнығады. Әбдікерімнен соң билік құрған Әбдірахман небәрі бір жыл ғана бектік құрды. Оны алмастырған Елдана бек (1751-1770) үлкен саясаттың адамы болыпты. Ол Ферғана жазығындағы ірі-ірі шаһарлардың билеушілеріне ықпалы күшті қазақ, тәжік, ұйғыр, өзбек, құрама билерін өзіне тартып, солар арқылы бектік аумағын кеңейтеді. Оның кезінде Қоқан бектігі (1758 жыл) Бұқар мен Хиуа тарапынан жеке ел ретінде танылды. 1765 жылы ол қазақ иелігіндегі Ташкентке жорық ұйымдастырды. Алайда Абылай хан жетекшілік еткен қазақ сарбаздарынан жеңіліп, кері шегінді. Елданадан кейін бектік лауазымын ұстаған Һәм Қоқан тарихында айтулы із қалдырған Нарбота бек те (1770-1799) Ташкент шаһары мен оның айналасын жаулап алмақ ниетпен екі рет бұл маңға баса-көктеп кіреді. Осынау уақытта Ташкент шаһары төрт бекініске бөлініп, билікті бір-бірінен бейтарап төрт билеуші құзырында ұстайтын. Бірақ төрт бекіністің де билеушілерін бір ортаға ұйымдастыра білген Төле бидің кенже ұлы, Ташкенттің Шайхантәуір бөлігінің биі Қожамжардан тұмсығы бұзылып, жорығы сәтсіздікке ұшырайды. Есесіне, ол қазіргі Тәжікстанның шығыс облыстарын құзырына қаратады да, XVIII ғасырдың аяғына таман Қоқан бектігі бүкіл Ферғана жазығына билік орнатып, оған Ферғана, Әндіжан, Ош, Каттақорған, Наманған, Марғұлан, Шұсты, Қасансай, Ұратөбе, Өзгент қалалары қарайды. Әлбетте, бір талассыз нәрсе – мұндай жетістіктің бәріне жеке билікті аңсаушы – Шахруқ бек ұрпақтары жанкешті жорықтар арқылы қол жеткізеді. «Қоқан хандығына қатысты жазбалар» атты жинақтағы деректерге сүйенсек, Нарбота бек хижраның 1212 жылы (1799) қайтыс болады да, оның орнына екінші баласы Әлім бектіктің тағына отырады. Ол таққа отырғанда оның туыстары өзара билікке таласып, Әлімге қарсы көтеріліс бастайды. Осының кесірінен бектіктің бірлігі әлсірейді. Ферғанада осындай аумалы кезеңді пайдаланып қалмақшы болған әрі бектіктің біраз жерін басып алуды ойлаған Ташкент билеушісі Жүнісқожа Әлімнің құзырындағы өлкеге соғыс ашады. Жүнісқожа мұның алдында ғана (1798 жылы) Ташкентті Қожамжар бас болған қазақ билігінен тартып алған-ды. Өзбек тарихшыларының жазуынша, түбі қашғарлық ұйғыр Жүнісқожа Қоқанға қарсы сегіз мыңдық әскермен аттанады. Ташкенттен шыққан әскер Піскент, Ахангараннан өтіп, Бегебадқа жетеді. Жүнісқожаның ойы — тау етегімен жүріп отырып, Қоқанға Бегабад, Хоженд арқылы тиіспек болған. Бірақ дер кезінде құлақтанған Әлім бек Бегабад үстіндегі Қандыр асуында Жүнісқожа әскерін он екі мың сыпай топтанған қолмен қарсы алады. Үш күнге ұласқан соғыста Жүнісқожа қирай жеңіледі де, Ташкентке шегінеді. Бұл уақиға біздің санақпен 1801 жылы еткен. Бұдан кейін Әлім бек бес-алты жыл бойы Ферғана жазығындағы ішкі қырқыстарды ретке келтіріп, бектіктің шекарасы мен билігін орнықтырады. 1806 жылғы ерте көктемде Нарботаның билігі уақытында Бұхар хандығына қарап кеткен Хоженд қаласын қайта басып алады. Бұл жеңіске мастанған ол, өзін хан жариялап, Қоқан бектігін Қоқан хандығы деп өз хаткерлеріне ресми түрде жазғыза бастайды. Баяғы Әбдікерім тұрғызған қала қорғанын бұздырады да, аумағын кеңейтіп, биіктетіп, жаңадан салдырады. (Жеті қақпалы осы қорған 1920 жылға дейін бұзылмай тұрған). Расында, осы кезден бастап оны сыртқы елдердің бәрі хандық деп мойындайды. Әлім өзін хан деп жариялаған шақта Қоқан иелігінде 15 шаһар болған. Әскер саны 80 мыңнан асқан. Өзінен төменгі билік сатыларына өте сенімді адамдарын тағайындаған Әлім 1806 жылы күзде Жүнісқожа иелігіндегі Ташкентті шабады. Оны 20 мыңдық әскерімен үш-ақ күнде жаулап алады. Сөйтіп, бүкіл Ташкент уәлаятыңдағы (бұған Жизақ, Шардара жерлері де қосылған) қазақ, өзбек, құрама жұртына қарасты қалалар мен қыстақ-ауылдар Қоқан хандығының иелігіне өтеді. Әлбетте, ілкі заманнан Орта Азиядағы ең жазиралы өлке атанған, Қытай мен Қашғардың, Үнді мен Парсы елдерінен келетін керуендер өтетін, қазіргі тілмен айтқанда, экономикалық аса маңызды Ферғана өңірінде Қоқан тәрізді жеке елдің пайда болғанын көрші хандықтар, әсіресе Бұқар әмірлігі қаламағаны анық. Бірақ Қоқан жеке бектік құруға әрекеттеніп жатқан уақытта Бұқар мен Хиуа сыртқы басқыншылар тарапынан жапа шегуде еді. Хиуа Аралдың солтүстігінен таяп келе жатқан орыс басқыншыларына алаңдаулы болатын. Бұқар болса, түрікпен жерін көктей өтіп, өздеріне жиі-жиі қауіп төндірген Иран шахы Нәдір бастаған қызылбастардың беттерін қайтарумен әлек боп жатты. Ташкент пен оның айналасындағы қазақтар шаһардың жеке билігіне ұмтылған Жүнісқожаның, қала берді, тау асып келген қырғыздармен оқтын-оқтын шайқасып, өз тыныштықтарын қамтамасыз ету жолында күресуде-тін. Осындай жәйттерге байланысты жеке елдік мүдде жолында әрекетке кіріскен қоқандықтарға кедергі келтірер ешкім болмады. Анығын айтқанда, оның жеке ел болып қалыптасуына тарихтың өзі осындай ыңғайлы сәтті тудырып берді. Ал Әлім хан тұсында хандық ретінде нығайған соң жан-жағындағы елдердің бәрі онымен санасатын болды. Қоқан билеушілерінің түп-тамыры Шыңғыс ханнан, болмаса Ақсақ Темірден тарамаған. Соған қарамастан, олар Шыңғыс пен Темір ұрпақтарының билік жүйесіне еліктеп, оның негізін қалаған Шахрухтан бастап соңғы ханы Құдиярға дейін атадан немесе әкеден балаға ауысқан билік сатысын ұстанды.

 

Билік құрылымы

 

Қоқанда қалыптасқан берік мемлекеттік құрылым болмаса да, өздеріне тән билік жүйесі бар-ды. Барлық билік бектің (кейін ханның) қолында болды. Оның жарлықтары мен пәрмендері бұлжымас заң түрінде қабылданды. Бектікте екінші адам болып бас уәзір саналды. Бектік кезінде әр билеуші төрт жыл сайын бас уәзірді алмастырып отырды. Бек сарайында бас уәзірден бөлек әрқайсысы белгілі бір салалық – әскер, дін, елшілік, қазынашылық, шаһарлармен қатынас, ішкі тәртіп жұмыстарына басшылық жасайтын алты уәзір қызмет атқарды. Әскербасы, яғни бас қолбасшы – әмір-ләшкер, жаяу әскер мен зеңбірекшілердің басшысы – найып, атты әскерді басқарушы – ынақ, хан әкімшілігінің жұмыстарын реттеуші – есік аға, бек пен уәзірлердің кеңесшісі – аталық, ханның жеке күзетшілерінің бастығы – кешіктенбашы, сарай шаруашылығының басшысы – дәстүрханшы атанды. Осылардың барлығы бек (хан) кеңесіне кірді. Осы дәрежеге жеткен адамдардың барлығы алдымен бектікке еңбек сіңіріп, мыңбасы деген шенге қол жеткізуі ләзім-ді. Бұған себеп – Шахрух алғаш бектікті құрған шақта әскерінің саны мың адамды құрапты. Әскерді басқарған Шахрух алғашқыда бек емес, мыңбасы атанған. Соған орай кейін Шахрух құзырына нешеме иелікті қаратып, әскер санын бірнеше мыңға жеткізсе де, «мыңбасы» атағы маңызын жоймай, елдегі барлық шенді басшыларға осы атақтың қоса берілуі – хандық құлағанша бұлжымас тәртіпке айналған. Бұлардан кейінгі сатыда шаһар хәкімдері, дінбасылары (қазы-кәлән), даруға-хәкімдердің сарайларының, рабатханаларының диуанбектері, күндізгі және түнгі күзетшілерінің басшылары – кептеуілбашылар мен торғауылбашылар, шаһар әскерінің басшысы – пансатбашылар (кейде бұларды құрбашылар деген), бек (хан) пен шаһар хәкімдерінің жеке һәм шұғыл тапсырмаларын орындайтын арнайы шеріктің басшысы – паруанашылар тұрды. Бұлардың бәрі бектің жеке пәрменімен тағайындалатын. Мұндай құрылым Бұқар мен Хиуа хандықтарындағы билік жүйеге ұқсатылып құрылған еді. Әлім ханның ісін жалғастырып, Қазақстанның қазіргі шартты түрде оңтүстік аймағы деп аталатын өңірлеріне билігін толық орнатқан Омар хан 1814 жылы бектік кезіндегі билік жүйесіне біраз өзгерістер енгізіп, бас уәзір мен екінші сатыдағы уәзірлер деп аталатын лауазымды жояды. Оларға сарай даруғалары деген шен береді. Бірақ атқаратын жұмыс түрлері өзгертілмейді. Үлкен қалалардың билеушілерін де –даруға, майда шаһарлардың қожаларын – хәкім деп атау туралы жарлық шығарады. Ташкентке хандықтың маңызы жағынан екінші қаласы деген мәртебе беріп, оның билеушісін құшбегі (қосбек, яғни екінші бек деген мағынада) деп атайды. Ханның өзі алыстағы Қоқанда отырған соң хандық құзырына жаңа өткен қазақ даласындағы әлеуметтік һәм саяси жағдайды үнемі бақылап тұруды және ол жерлердегі шаһар даруғалары мен хәкімдерін, сонымен бірге далалық датқаларды да өз бетінше тағайындауды Ташкент құшбегісіне жүктейді. Датқалар демекші, хандықта датқалық жүйені де алғаш енгізген Омар хан. Осы жерде датқалықтардың қандай құрылым, ал датқалардың кім болғанын айтудан бұрын мына нәрсені де тілге тиек ете кеткен жөн. Бұрын қазақтарға хандармен қатар жүздер мен ру-тайпалардың билері билік жүргізетін. Төбе билер хан кеңесшілері болып табылатын әрі өз қарамағындағы жұрттың қамын күйттейтін. Оларға сол жүздердегі тайпа билері бағынысты болса, тайпа билеріне ру, ауыл билері қарайтын. Бұл – далалық жұртты ұйыстырып отыру үшін өз кезінде пайдаға асқан жүйетін. Х1Х ғасырдың басында Қазақстанның оңтүстігінен тыс аймақтарын орыс отаршылдары генерал-губернаторлыққа бөліп, ел билеудің жаңа құрылымын ендіруге кірісіп жатқанда, Омар хан да басып алған қазақ даласына Қоқан хандығының үкіметтік құрылымын енгізді. Үлкен шаһарлар мен ірілі-ұсақты қала-кенттерге бір-бір даруға-хәкімдерді тағайындады. Даруғалар билейттін үлкен шаһарлар қатарына – Шымқала (Шымкент), Түркістан, Әулиеата жатса, Сайрам, Ақмешіт, Қазалы, Созақ, Меркі, т. б. тәрізді кенттер хәкімдер билік ететін ұсақ қалалар саналды. Әр шаһар мен ұсақ саналған қала-бекіністерде арнайы әскер тобы тұрды. Шаһар-қалаларға бір де бір жергілікті қазақ даруға-хәкім боп тағайындалмады, ал оларға қарасты өңірлер датқалықтарға бөлінді. Мысалы, Шымкент шаһарына – 7, Әулиатаға – 7, Түркістанға – 4, Меркіге – 4, Қазалыға – 4, Созаққа – 2, Сайрамға – 2 датқалық бағынды. Бұл аймақтағы датқалықтарға датқа болып, тек қазақтар тағайындалды. 1814-1864 жылдар аралығында қазақ жерінде 39 датқалық, ал оларға әр жылдары әр рудан тағайындалған датқалардың саны 82-ге жетіпті («Қоқан хандығына қатысты жазбалар жинағы», №3 тізім). Датқалар тікелей даруға-хәкімдерге, ал даруға-хәкімдер Тәшкен құшбегісіне бағынды. Датқаға лайықты адамдарды даруға-хәкімдер іріктегенімен, оны тағайындап, бекіту – Тәшкен құшбегісінің құзырында болды. Ол кездегі адамдардың саны дәл бүгінгідей мол болмағанын және ауылдардың бір-бірінен қашықтау, жайыла орналасқанын ескерсек, бір датқалықтың көлемі қазіргі бір ауданның аумағына парапар келген әрі оған бәрін жинап санағанда үй саны 3000-3500 болатын 40-45 ауыл қараған. Датқалық басшылары датқа атанған. Датқа атауының мағынасына келсек, ол – көне соғдылықтардың тілінде – дутхоу, яғни кіші аймақтың хәкімі деген лауазымды білдірген. Кейін өзбек тілінде де шендік дәрежені білдіріп, дотхо түрінде енген. 18 ғасырдағы Қоқан бектері бұл шенді өз құзырындағы белгілі бір адамдарға беріп келсе, Омар хан 1814 жылдан бастап қазақтар арасындағы беделді кісілерді де датқа тағайындауға әмір еткен. Датқалардың міндеті – хандық мүддесі үшін қызмет етуден тұрған. Хан мен құшбегінің, шаһар басшыларының жарлық-пәрмендерін ел арасында орындату, жұрттан хандыққа жиналатын алым-салықты уақытында жинау, хандық қалаған мезгілде құзырындағы ауылдардан әскер топтастырып беру сияқты қызметтер олардың басты міндеттеріне кірген. Уақытысында ел арасында қазақ мүддесі үшін өздеріне шен-шекпен берген қоқандықтарға қарсы қол бастап, соғыс салған датқалар да көп болған.

 

Хандықтың күйреуі

 

1709 жылдан 1876 жылға дейін өмір сүрген Қоқан хандығына 29 билеуші билік етті. Олардың ішінде алты-ақ ай немесе бір-ақ жыл хан болғандары да бар. Бұның барлығына ішкі қырқыстар себеп болды. Хандармен біресе тату, біресе қату болған ұлт, шаһар көсемдері өз ықпалын, дегенін жүргізуге тырысып, сәл нәрсеге бола, бүлік ұйымдастырды, көтеріліс бастады, ақырында күштісі әлсізін аяусыз жазалаған қырғынға себепші болды. 1845 жылдан кейін хандықта саяси белсенділіктері артқан қыпшақ пен қырғыз көсемдері Мұсылманқұл мен Атабек Қоқанға, Ташкентке бірнеше рет шабуыл жасап, бір кездері өздері хан сайлаған Құдиярды тақтан тайдырды, оны қолдаушыларды қуғынға түсірді. Мұндай уақиғалар елдің саяси тұрақтылығына аса зиянын тигізді. Бірақ мұның бәріне хандардың осалдығы, елдік мүддеден гөрі қарақан бастарының қамын ойлайтын таяздығы, жақын адамдарына опасыздығы, қала берді, өзімен ниеттес қауымның ғана сөзін сөйлеп, саясатты да солардың ығына қарай жүргізетін қылықтары әсер етті. Билеушілердің барлығы Шыңғыс хан, болмаса Ақсақ Темір ұрпақтары тәрізді тақ үшін туған-туыстары мен аға-інілерін өлтіруден тайынбады және көбісі осындай қатыгез жолмен билік басына келді. Мемлекетті дамытуға, заманға орай ғылым-білімге құлаш ұрмады, тек дін-шариғат жолын тірек етті. Сөйте тұра, адамшылыққа жат небір сорақы қылықтарға белшеден батты. Осынша жыл өмір сүрген, тек сарай қазынасы ғана дүние-мүлікке толған бұл хандық орыс басқыншыларына қарсы бір де бір айтулы қарсылық көрсете алмады. 1860 жылы Ұзынағаш түбінде дарынсыз да мешкей құшбегі Қанағатшаһ басқарған жиырма мыңдық қол, саны мыңға жетпейтін Колпаковскийдің отрядынан масқарасы шығып жеңілді. Сол жылы полковник Циммерманның 500 адамдық қолы Тоқмақ пен Пішпек қамалдарын быт-шыт қылды. Қоқан мылтығы мен зеңбірегі орыстардың қаруы алдында дәрменсіз екені айқын көрінді. 1864 жылы көктемде генерал Черняев бастаған орыс әскері Әулиеата, Меркі, Қордай бекіністерін қалпақпен ұрып алғандай, оп-оңай басты. Сөйтіп Шымкентке таяды. Бұл кезде Ақмешіттен (Ақмешітті орыстар 1853 жылы жаулап алып, оған Перовск деген ат берген болатын) шығып, аз уақытта Жаңақорған, Созақ, Түркістанды жаулаған Веревкиннің он зеңбірегі бар 800 адамдық отряды да күнгей жақтан Шымкентке жақындаған. Екі отряд Арыс жағасында түйісіп, 22 қыркүйек күні Шымқаланы алды. 1865 жылдың 16 маусым күні Черняев Тәшкенді, 1866 жылы Жызақты орыс иелігіне қаратты. Содан 1876 жылға дейін, яғни генерал Скобелев Наманған, Марғұлан, Әндіжан, Қоқан қалаларын басып алғанша, Қоқан хандығы тек Ферғана жазығында ғана өмір сүріп тұрды. Бір қайғылысы, осы соғыстарда Қоқанның әскер сапына сыпай ретінде алынған қаншама жас қазақ опат кетті. Не десек те, Орта Азияның кейінгі тарихында орны бар Қоқан хандығына билік еткен 29 билеушінің тарихта аты қалғандары санаулы-ақ. Бірақ, бәрібір, олардың аттары соңғы ұрпаққа ізгі істерімен, дана саясатымен емес, қанішерлігімен, қатыгездігімен, даңққұмарлығымен, тойымсыз дүние­қоңыздылығымен қалды. Бұлардың қатарына – Шахрух бек, Елдана бек, Нарбота бек, Әлім, Омар, Мәдәлі, Шералы, Құдияр (аракідік үзілістермен бес рет хандыққа сайланған), Мәллебек сияқты хандар жатады. Айтпақшы, хан болмаса да, 1862-65 жылдары ханнан асып билік құрған қыпшақ Әлімқұлдың да бұ хандық тарихынан ойып алар орны бар. Осы Әлімқұлдың ойында не болғанын кім білген, бір тарихи деректерде ол Қоқан хандығын Қыпшақ хандығына айналдырам деген ниеті болғаны жайында мәлімет кездеседі. Кеудесінде бізге беймәлім бір арманы болған да шығар, бәлкім… Қорыта айтқанда, мемлекеттiк нышаны қарабайыр, ал үкiметтiк жүйесi қатаң да орнықты болмаған, барлық саясаты зұлымдық пиғылға ұласқан Қоқан хандығы қазақтарға өзiнiң 55 жылдық басқыншылық кезеңiнде көп зардап шектiрдi. Орта ғасырға тән зұлымдық әрекеттi көп ұстанған ол хандық қазақтың демографиялық, әлеуметтiк мәселелерiне көп зиян келтiрдi. Өздерi қырып салған қандастарымыздың орнына Ферғана, Наманған, Марғұлан өңiрлерiндегi қышлақтар тұрғындарын Шымқала, Сайрам, Түркiстан, Иқан, Әулиеата, Созақ қалаларына көшiрiп, жатжұрттықтардың урбанизациясын қолдан жасады. Орта ғасырлық мешеулiктен арылмай, хаостық тұрпатта өмiр сүрдi. Бұл хандық қазақ жерiн түстiгiндегi туыс елi — Бұқардан, солтүстiгiнен жылжып келе жатқан орыс отаршылдарынан қызғанып, өзiмiздiң бауырымызға мәңгiлiк басып аламыз деп ойлаған. Алайда, қаруы жойқын орыс отаршылдары келгенде қамқор боламын деген қазақ даласын бiр жыл да қорғап тұра алмай, қайта өзi күйреудiң жолына түстi. Отаршылдық идеологиясының уағызшылары «орыстар қазақтарды зұлым қоқандықтардан құтқарып, бейбіт өмір сыйлады, өркениетке сүйреді» дейді. Рас, орыстар қоқандықтарға қарағанда бізді өркениетке бір табан болса да жақындатты. Бірақ олардың да қазақққа шектірген зәбірі көп-ті, бейбіт өмір сыйлағаны да жалған. Біз со кезде түлкі талауынан құтылып, арыстанның жемтігіне айналған ел болдық… Иә, халқымыздың басынан қандай замандар өтпеді деңіз. Сол заман тұрғысынан қарасақ, қазақтың тәуелсіздік алуына әлі талай уақыт бар еді…

МОМБЕК ӘБДӘКІМҰЛЫ,

жазушы

Серіктес жаңалықтары