«ТОМПАҚ» КӨРЕРМЕНДЕРГЕ ЖОЛ ТАРТТЫ

«ТОМПАҚ» КӨРЕРМЕНДЕРГЕ ЖОЛ ТАРТТЫ

«ТОМПАҚ» КӨРЕРМЕНДЕРГЕ ЖОЛ ТАРТТЫ
ашық дереккөзі
529

Аталмыш кинотуындының ресми тұсаукесері Шымкентте өтті. Қонақ ретінде келген «Балапан» телеарнасының директоры Ләйлә Сұлтанқызы мен өнертанушы Гүлнар Амангелдіқызы, сондай-ақ фильмнің режиссері Батырхан Дәуренбеков және «Сақ» киностудиясының директоры Нұриддин Пәттеевтер «Томпақ» туралы тілшілер қауымының сұрақтарына кеңінен жауап берді.

Соңғы кездері анимациялық фильмдер жасау жөнінен шымкенттіктер алдына жан салмай келе жатқаны белгілі. «Жебе», «Сақ», «Оңтүстік фильм» секілді киностудиялар балаларға арналған бірнеше жаңа, қызықты мульт­фильмдер түсірді. Олардың туындылары әртүрлі додаларда жеңімпаз атанып, сыншылардың жоғары бағасын ала білген. Алайда тек анимациялық фильмдер жасаумен ғана шектелуді жөн санамаған олар кино түсіруді де қолға алып отыр. Аталмыш «Томпақ» сериалы соның айғағы. «Сақ» киностудиясының директоры Н.Пәттеевтің айтуынша, бұл еліміздегі ғана емес, бүкіл ТМД аумағындағы балаларға арналған алғашқы сериал екен. 

«Балапан» телеарнасы арқылы 14 қыркүйектен бастап көрсетіле бастаған көп сериялы көркем фильм 30 минуттық 12 сериядан тұрады. Фильмнің сюжеті былайша өрбиді: Оңтүстіктің бір ауылында тұратын үш балақай сиқырлы бір түнде көрші атайдың алма бағына ұрлыққа түседі. Алма ұрлап қашқан 2 сыныпта оқитын үш дос Тасболат, Берік пен Есет ойнап жүріп ауыл сыртына шығып кетеді. Кенет аспаннан бір жарық сәуленің жерге қарай зымырап келе жатқанын көріп, алып-ұшып жетіп барса, кометаға соғысып, жерде қирап жатқан ұшатын табақшаға кезігеді. Ес-түссіз жатқан, жатпланеталық баланы тауып алып, түн ішінде ауылындағы ешкім тұрмайтын көршінің үйіне апарып, жасырады. Оған «Томпақ» деп ат қояды. «Томпақ» балалармен дос болып, үйреніскен соң үш достың өмірінде адам сенгісіз ғажап оқиғалар басталады. Бірақ балалардың құпиясын өтірікке жаны қас сынып старостасы Жасмин біліп қойған соң, олардың арасындағы талас өрши түседі. Шиеленіске толы фантастикалық сериалдың соңында балалар Томпақтың өз планетасына оралуына көмектесіп, бір-бірімен қимастықпен қоштасады…

Фильмің режиссері әрі сценарийін жазған Батырхан Дәуренбеков басты рөлдегі үш балақайды Шымкенттегі жалпы білім беретін мектептерден іздеп жүріп зорға тауыпты. Айтуынша, барлығы сабағын беске оқитын үлгілі балалар. Басты рөлдердің бірінде ойнайтын оқушы қыз Жасмин режиссердің өз перзенті екен. 12 сериялы болғанымен, фильм аз-ақ уақыт ішінде түсіріліп біткен. Сәуір айында басталған түсірілім небары 5 айға созылып, тамызда аяқталыпты. Фильмге сондай-ақ сықақшы Жүсіп Ақшораев, Жұлдызай Дүйсенбі, әнші Нұрлан Еспанов  та түскен. 

«Сақ» киностудиясының директоры Н.Пәттеев егер фильм көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп, ұсыныстар түсіп жатса, фильмнің жалғасын түсірмек ойымыз бар дейді. Оның сөзін қостаған Ләйлә Сұлтанқызы да министрлік тарапынан қосымша қаржы қарастырылса, елдегі алғашқы балалар сериалының жалғасы міндетті түрде түсірілуі мүмкін деген ойын айтты.

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ

Серіктес жаңалықтары