КЕНИЯДАҒЫ ҚЫРҒЫН
КЕНИЯДАҒЫ ҚЫРҒЫН
Әлемдік қауымдастықты дүр сілкіндірген кениялық терроршылар 62 адамның өмірін жалмап, 200 адамның өміріне қауіп төндірді. Тек қыркүйектің 24-інде ғана Кенияның астанасы Найроби қаласының ең ірі супермаркеттерінің бірі «Уестгейтті» басып алған зұлымдардан тазалаудың мүмкіндігі туды.
«Уестгейтті» кениялық «Аш Шабаб» террорлық ұйымының жандайшаптары қыркүйектің 21-інде басып алған еді. «Бір топ бейтаныс адам «Уестгейтке» басып кіріп, бірнеше гранат лақтырып, оқ атқан» делінеді мәлімдемеде. Қаза тапқандардың арасында – кениялық танымал радио жүргізуші Рухилла Адатиа, африкалық белгілі ақын Кофи Авунор, Кения президентінің тумаласы Ухуру Кениаты қалыңдығымен болған екен. Сондай-ақ, зардап шеккендер мен қаза тапқандардың арасында Ұлыбритания, Франция, Канада азаматтары да болған. ҚР Сыртқы істер министрлігі онда Қазақстан азаматтары болуы мүмкін деген де ақпаратты таратқан.
Таратылған мәлімдемелерге қарағанда, өткен сенбіде басталған қантөгісте терроршылар мұсылманмын дегендерді және Мұхаммед пайғамбардың анасының атын білгендерді ғимараттан шығарып жіберген де, өзге өкілдеріне оқ жаудыра бастаған. Олар өздерінің бұл қылығын Кенияның «Аш-Шабаб» ұйымына қарсы халықаралық операцияға араласқаны үшін кек алуымыз деп түсіндірген.
Орталық сауда үйін басып алуға – 10-15 жандайшап атсалысқан. Полиция осы іске қатысы бар деген 10-нан астам күдіктіні ұстағандығын жеткізген. Кения Сыртқы істер министрлігі қылмыскерлер арасында Ұлыбритания, АҚШ азаматтарының да бар екендігін мәлімдеген. Алайда АҚШ бұл ақпаратты әлі растаған жоқ. Сауда үйін босату операциясы кезінде Кения күштік құрылымдары Сауда орталығына тығылған 6 кісінің көзін жойған. Тағы бес адамның қолға түскені баяндалады. Сонымен бірге терроршылар арасында әйел адамның болғаны, болмағаны жөнінде пікірталастар өршуде. Көптеген ақпарат құралдары бұл қырғында ұлыбританиялық Саманта Льютуэйттің де қатысқаны туралы ақпарат таратқан. Ол 2005 жылғы Лондондағы метродағы жарылысты ұйымдастырғандардың бірінің жесірі, қазір іздеуде. Кениялық билік биылғы наурыз айында оның Сомалиге қашып келгендігі жайында мәлімдеген. Кения полициясы оның кепілге алынғандардың бірі болуы да мүмкін деген болжам айтады.
Экономикалық сарапшылар Найробидегі сауда үйінде болған қырғын елдің ІЖӨ-іне кәдімгідей зиянын тигізетінін айтады. Өйткені бұл елдің экономикасы туризмге тәуелді, Кения – экваторлық Африка елдерінің арасында америкалық ірі әскери көмекті алатын мемлекеттердің бірі. Бұл әскери көмек терроризмге қарсы бағытталған. Сомалидің оңтүстігінде 2011 жылдан бастап, Африка одағы контингентінің әскери құрамында 4 мың кениялық қызмет етеді. Олар негізінен исламистерге қарсы операцияларға қатысады. «Аш-Шабаб» террористік тобы Кения билігіне қарсы шабуылды ертеден бастаған әрі «әл-Каидамен» байланысы бар. Куәгерлердің айтуынша, олар мұсылмандарды босатып жіберіп, Алланың ақ жолын ұстамайтындармен күресіп жүргендігін мәлімдеген.
Дәл осындай қанды оқиға Кенияда 1998 жылы Найробидегі Америка елшілігінде болған еді. Ол кезде жарылыс салдарынан 200 адам қаза тапқан. 19 жылдан кейін қайталанып тұрған бүгінгі қырғынды әркім әр саққа жүгіртуде. Дегенмен, ең бастысы қарапайым тұрғындардың жапа шегіп, балалар мен аяғы ауыр әйелдердің саясат құрбанына айналғаны ізгі адамдардың жүрегін ауыртады екен.
Есенгүл КӘПҚЫЗЫ