«ҮЛКЕН ТЕРРОРДЫ» ҰМЫТУҒА БОЛА МА?!.

«ҮЛКЕН ТЕРРОРДЫ» ҰМЫТУҒА БОЛА МА?!.

«ҮЛКЕН ТЕРРОРДЫ» ҰМЫТУҒА БОЛА МА?!.
ашық дереккөзі
512
. Сол жылдың 20 желтоқсанында партияның тапсырмасы бойынша ішкі контрреволюциялық жаулардан пролетарлық революцияны  қорғау деген желеумен жазалаушы орган – ВЧК құрылып, оны Феликс Эдмундович Дзержинский басқарды. 1922 жылы 6 ақпанда бұл ұйымның құрылымы ГПУ болып өзгертіліп, оған тағы да Дзержинский жетекшілік етті. 1924 жылы 21 қаңтарда бұл орган ОГПУ болып қайта құрылып, әр жылдары Феликс Дзержинский, Вячеслав Менжинский, Генрих Ягода төрағалық етті. Бұл күштік құрылым 1934 жылы 10 шілдеде  НКВД болып қайта құрылды. Сталин «Үлкен террорды» 1937, 1938 жылдары, әсіресе Ежов пен Берияның қолдарымен жасап, ұлан-байтақ КСРО-ны қанға батырды. Біз бүгін газет оқырмандарының назарына кезінде Сталиннің «темір комиссары» атанған Николай Иванович Ежов туралы сараптама материалымызды ұсынып отырмыз. Николай Иванович Ежов өзінің анкетасында 1895 жылы Санкт Петербург қаласында металл балқытушы жұмысшының отбасында дүниеге келгенін жазған. Бұл өтірік еді. Шынын айтсақ әкесі Иван Ежов Литвадағы әскери қызметтен соң сонда қалып, жергілікті ұлттың қызына үйленген, ұлы өмірге келген жылы Сувал губерниясындағы Мариамполь уезіне қарасты Вейвер селосында тұрыпты. Үш жылдан соң әкесі Мариамполь қалалық учаскесінің жергілікті басқарушысына тағайындалған. Сол қалада Николай үш жылдық бас­тауыш училищені бітіріп, 1906 жылы тігіншілік кәсіпшілікті үйрену үшін Петербургтегі туысы А.Г.Шляпниковтың қамқорлығына жіберілген. Шляпников 1901 жылдан партия мүшесі, Питер жұмысшыларының арасында беделі зор, белді большевик. 1916 жылдан РСДРП ОК-нің Орыс бюросының басшысы, ақпан төңкерісінде Петроград партия ұйымының жетекшісі, Оңтүстік және Кавказ майдандарында революциялық әскери кеңестің мүшесі болған. Кейіндеу Кеңес үкіметінің Еңбек халық комиссариатының құрамына еніп, содан кейін кәсіподақ пен шаруашылық жұмыстарға белсене араласқан жан. Николай соның ықпалымен Путилов зауытына жұмысқа тұрып, революциялық идеяларды бойына сіңіреді. Ол 1915 жылы өз еркімен патша армиясына алынады. Тула қаласындағы 76-шы жаяу әскер батальонында дайындықтан өткен соң, Солтүстік Батыс майданындағы 172-ші Лидскі жаяу әскер полкіне аттандырылған. Сол жылдың 14 тамызында жеңіл жаралануына байланысты тылға жіберіледі. Ал 1916 жылы комиссия оның бойының тым аласалығынан әскери қызметке жарамсыз деп тауып, Витебскідегі артиллерия шеберханасына бағыттайды. Николай мұнда күзетші, уақыт өте келе құжаттарды толтырушы қызметін атқарған. Ежов 1920 жылы толтырған анкетасында РСДРП қатарына 1917 жылы 5 мамырда қабылдандым деп жазған. Ал 1927 жылғы анкетасында 1917 жылдың наурызында өттім деп уақытын ұзартыпты. Бұл да өтірік еді, әсілі большевиктердің өтірік айтуы олардың өмір салтына айналған әдет сияқты еді. Ежов азамат соғысы жылдарында өз еркімен Қызыл Армия қатарына алынып, курсанттар мектебіне әскери командир болып тағайындалады. 1919 жылы Петербург түбінде Юденичке қарсы соғысып жатқан бірқатар әскери бөлімдердің комиссары ретінде ұрысқа араласқан. Кейіндеу 2-ші радио­телеграф құрамасының базасындағы радио мектебінде әскери комиссар қызметіне ауысады. Базада отандық радиотехникаға зор үлестерін қосқан А.Дикарев, К.Иванов, А.Шмидт, Л.Виткевич секілді білікті мамандар жиналған еді. Бір ғажабы Ежов өзімшілдігінен бұл ұжымға сіңісіп, біте қайнасып кете алмаса керек. Мамандардың пікірлерімен санаспай өз дегенін жасауға әрекеттенумен болды. База бастығы А.Углов 1920 жылы 2 ақпанда әскери комиссар Ежовқа қызметін талап деңгейінде атқара алмағаны үшін қатаң сөгіс жариялаған. Оның есесін Ежов кейін НКВД халық комиссары болған кезінде қайтарды. Углов пен оның қызметтес жолдастарын түгел «халық жауы» атандырып, аттырып жіберген. Сол жылдарда мансапқор Ежов қызмет бабымен өзінің жедел өсуі үшін екіжүзділік, талай қитұрқы әрекеттерге барады. Тіптен бірге туғанын да танымай кеткен жайлар болған. Соның бір айғағы ұзақ жылдар бойына әкесіндей қамқорлығын көрген А.Г.Шляпниковты да құрбандыққа шалып жібергенін біреу білсе, біреу білмес. Шляпниковтың қоғамға өзіндік көзқарасы бар еді. Ол 1920-1922 жылдары кәсіподақ жиналыстарында қоғамдағы нақты саяси жағдайларды талқылай келіп, лениндік платформаға қарсы «жұмысшы оппозициясын» құрған. Сол кезде-ақ ұйымның ұстанған бағыты айыпталып, оның басшысы қатаң сынға ұшырайды. Кейінірек Ежов оған қол ұшын берудің орнына, керісінше 1937 жылы НКВД халық комиссары ретінде Шляпниковқа «халық жауы» деген айып тағып, сот үкімімен атқызып жіберген болатын. РКП(б) ОК-нің ұйымдастыру бюросының шешімімен Ежов 1922 жылы 10 ақпанда Марийскі облыстық партия комитетіне жауапты хатшы қызметіне тағайындалады. Ол мұнда жергілікті ұлт ерекшеліктеріне қырын қарап, автономиялық облыстың бірқатар басшыларымен алғашқы күннен-ақ қақтығысқа түседі. Сегіз айдан соң еңбек демалысына шығып, содан кері оралмаған. 1923 жылы 2 сәуірде РКП(б) ОК-нің ұйымдастыру бюросы оны Қазақстан республикасындағы Семей губерниялық партия комитетінің жа­уапты хатшысы етіп жібереді. Бірақ Николай Ежовтың қабілеті тәжірибе мен білім жағынан ақсап жатты. Өмірден көргендерін шолақ қорытатынына Қазақстан Республикасы Президенті мұрағат қорындағы құжаттармен танысу барысында, көз жеткізуге болады. Оның өз қолымен толтырған анкеталарында білімі жөніндегі сұраққа «өздігімнен оқыдым» деп жауап берген. Кейіндеу обкомның жауапты қызметкері кәртішкесіне «Бастауыш мектептің 9 айлығын бітіргенмін» деп жазған. Ал «Қандай тақырып бойынша дәріс оқи аласыз?» деген сұраққа: «РКП тарихы және революциялық қозғалыс, саяси экономия, марксизм философиясы бо­йынша» деп жазғанына таңданбасқа шара жоқ. Бірақ, алдыңғы доңғалақтың ізін соңғысы да баспай ма. Мұндай өздігінен оқып, өкіметті басқарғандар қатарына И.Сталин, Л.Каганович, К.Ворошилов, С.Буденныйды да жатқызуға болады. Ежовтың қай ұлт өкіліне жататыны жөнінде де алыпқашпа, әрқалай пікірлер бар. Партия конференциясының біріне делегат ретінде толтырған анкетасында ұлы орыс халқының өкілімін десе, жауапты қызметкер кәртішкесіне өзін «…литвамын, орыс, поляк тілдерін де толық меңгергенмін», – деген. Ежов Семейде өзін жорта іскер жан ретінде көрсетіп бақты. Екі аптадан соң-ақ яғни 1923 жылдың 18 сәуі­рінде Өскемен мен Бұқтырма комитет­теріне барып, жұртты тұқыртып алу мақсатымен тез ашуланғыш, үкімет ісі үшін жанын да аямайтындай мінез таныта білді. Алайда ол мұнда да ұзақ тұрақтаған жоқ. 1924 жылдың мамырында РКП(б) Қырғыз обкомына ұйым­дастыру бөлімінің меңгерушісі болып ауыстырылды. Семейліктер одан құтылғанына қуанғандары соншалық, мінездемесіне «…бізден өте жақсы ұйым­дастырушы кетіп барады», – деп жазған. Бірақ сондай мінездеме бергендерге де Ежов кейін жазалаушы билігі қолына тигенде «халық жауы» айыбын тақты. Ол Қазақстанда істеген алғашқы жылдарда біреуді біреуге айдап салатын қитұрқы әрекетке барды. Солай жергілікті ұлт өкілдерінен құралған партия ұйымдары топтарының арасына жік салып, жағдайды асқындырып жіберді. Олар бірін-бірі түсінісе алмайтын жағдайға жеткен кезде, «бөліп ал да, билей бер» тәсіліне ашық кіріскен. Респуб­ликада кадрларды іріктеп орналастыруда қарсыласушы топтардың өкілдерін басшылық орындарға ұсынып, ішкі күресті бұрынғыдан бетер шиеленістіре түсті. Ежовтың бұл тәсілінің астарын әуелгіден түсінбей қалған Қырғыз-қайсақ обкомының жауапты хатшысы В.И.Нанейшвили кейін басшылыққа иелік етуден қалды. Оның обкомға басшы болып келгеніне тоғыз ай-ақ болған еді. Елдегі ахуалды әлі толық білмейтін. Оның үстіне Ежовтың жаңашылдық тәсілін орталық қолдап жатты. 1925 жылы наурызда РКП(б) ОК қабылдаған қаулысы бойынша Қазақ өлкелік партия комитеті құрылып, елеулі өзгерістер енгізілді. Алғаш рет оның секретариаты құралып, бірінші – В.Нанейшвили, екінші – С.Қожанов, үшінші – Н.Ежов хатшылыққа сайланды. Сондай-ақ Ежов ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі қызметін де қоса алып жүрді. Үш айдан соң, яғни 1925 жылы маусымда В.Нанейшвили Мәскеуге қайта шақыртылады. Сол жылдың 12 қыркүйегінде республикаға Филипп Исаевич Голощекин жетекшілікке келгенше, арадағы үш айда Ежов өлкеге жеке басшылығын жүргізіп, ойындағысын жүзеге асыруға тырыс­ты. Ұлттық кадрлар жинақталған партия ұйымдарындағы қоғамдық мәселелерге ұлттық мүдде тұрғысынан қарап, оң шешуге бейімделгендерді қалайда биліктен ығыстырып жіберуді қолға алды. Тәжірибесі мол, таза қазақ коммунистеріне әрқалай желеумен жала жабуды ұйымдастырған. Солай өлкенің жағдайын жақсы білетін білікті ұлттық кадрларды басшылық қызметтен ерікті-еріксіз кетіріп жатты. Ежовтың бұл үрдісі Голошекин келген соң тіптен асқынып кеткен. Сұлтанбек Қожановтың ұлт мәселесі жөніндегі ұсыныстары оларға ұнамай, оны жоғары басшылық құрамынан қалайда ығыстыру жағын қарастырумен болды. Олар Қожанов пен Сәдуақасовтың арсындағы қақтығыстарын жіті пайдаланып бақты. Ежов 1926 жылдың басында С.Қожановты Голощекинге қайта-қайта сынатып, Мәскеуге ауысуға мәжбүрлеген. Екеуі топтық күресті ұйымдастыра отырып, Т.Рысқұлов, С.Меңдешев, Н.Нұрмақов, М.Мырзағалиев, С.Сейфуллин, С.Шариповты және т. б. ұлттық идеологияны жақтаушы «солшылдар» деп атап, қызметтен қуғындауды бастайды. Соңынан топшылдармен күрес дегенді шығарып, бұл істі Орталық және Өлкелік бақылау комиссиясына тапсырған. Ұлттың жапа шеккен жауапты қызметкерлері Ежовтың ұйымдастыру тәсілінің жөнсіздігін айтып, Мәскеуге шағым хаттар түсіреді. Ол алғашқыда аса мән бермесе де, кейіндеу қатты сескеніп, өзі туғызған тығырықтан жол тауып шығу үшін Мәскеуге бірнеше рет барады. Сталин, Молотов және Кагановичтің аттарына арнайы хат жазып, Қазақстанда топшылдық күрестің кең жайылып кеткенін, алдағы уақытта олардың орыс белсенділерімен қақтығысып қалу қаупі бар екенін ескертіп, кадрларды төменгі тап өкілдерінен жиі-жиі ауыс­тыруды, «солшыл» мен «оңшыл» топтардың екеуімен де қарсы күресті аяусыз жүргізуді ұсынған. Төменгі таптың сауаты нашар өкілдеріне өз ықпалдарын жүргізу оңай. Олар қалай қарай бұрсаң, солай жүреді. Ежовтың ұсынысы орталықтан қолдау та­уып, «Ақ жол» газетін ұлтшылдық бағыт ұстанған деген желеумен жапты. Редакция мүшелері Ж.Аймауытов, М.Дулатов, И.Тақтабаев,Ж.Ақбаев секілді білімді мамандарды қуғындады. Ежов содан кейін-ақ М.Тұнғаншин, С.Сәдуақасов, Н.Байдилдин, А.Кенжин және т.б. «солшылдар» мен «оңшылдар» өкілдерінің соңдарына жарық күнде шам алып түсіп, қызметтерінен босаттырып, саяси биліктен кетірді. Ал Николай Ежов НКВД халық комиссары тағына отырысымен, олардың бәріне ең жоғары жазаны қолданды. Қанды қасапқа ұласқан 1937-1938 жылдары бәрін де атқызып жіберді. Тарихқа енген үлкен террор Қазақстанда осылай бас­талды. Ежов осындай бірді-бірге соқтыратын айлакерлігімен Мәскеудегі орталықтың директиваларын мүлтіксіз орындаған болып шыға келді. Оның бұл «іскерлігін» Сталин жоғары бағалап, 1927 жылы ВКП(б) ОК-не қызметке шақыртады. ВКП(б) ОК ұйымдастыру және орналастыру бөлімінің меңгерушісі И.М.Москвин қарамағындағы Ежовқа былай деп сипаттама берген. «Мен Ежовтан асқан өз ісіне аса берілген жанды білмеймін. Оған тапсырма берсең артынан тексермей-ақ қойыңыз. Ол сіздің ойыңыздағыдан да артық орындайды. Шынымды айтсам, Ежовта бір ғана елеулі кемшілік бар. Ол тоқтайтын жерде өзін тежей алмайды. Кейде бір тапсырманы орындай алмай қалатын жағдайлар болады. Ондайда тоқтау керек қой. Ал Ежов тоқтамайды. Кейде оны тоқтату үшін өзің араласасың». Иосиф Сталин 1928 жылы қаңтарда Сібірге іс-сапармен барып, Новосібір, Барнауыл және Омбы қалаларын аралап өтті. Өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы басшыларымен кездесті. Сол кездесулерде қазақстандықтар да болған. Сталиннің негізгі мақсаты өлкені астықты аймаққа айналдыру, сондай-ақ ерікті, еріксіз коллективтендіру саясатын жүргізуді жүзеге асырудың шараларын қарастыру еді. Көсемнің жанында жолбастап жүрген Ежов, Қазақстандағы жергілікті ұлт пен ауылшаруашылығы мәселелері бойынша аса білгір кеңесшідей көрінді. Аласа бойлы, дене бітімі еңкіштеу, шашын артына шалқайта қайырған, көкшіл көзді Ежов өзіне шын берілген жандай. Сталин оның Қазақстандағы «солшыл» мен «оңшылдарға» қарсы белсенді күресінен бұрыннан да хабардар. Соған қарап, әккі көсем оның аяушылықты білмейтін қатыгез екенін байқап, алдағы уақытта «кадрларға жасалатын жазалау шараларын» жүзеге асыратынның нақ өзі екенін аңғарды. Солай көктен іздегені жерден табылды. Көсем 1929 жылы оны КСРО Жер жөніндегі халық комиссары етіп тағайындап, қызметін жоғарылатады. Арада бір жыл өткен соң ВКП(б) ОК-нің кадрларды ұйымдастыру және орналастыру бөлімінің меңгерушісі болады. Ал Москвин ВСНХ төрағасының орынбасары қызметіне ауыстырылған. Партияның XVI сьезінде делегат, ал XVII cьезде ОК мүшелігіне сайланды. Содан бастап оның тасы өрге қарай барынша жылдам домалайды. Ұйымдастыру бюросының мүшесі, ОК өнеркәсіп бөлімінің меңгерушісі, Партиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары, Коминтерн Атқару комитетінің мүшесі. Ал 1935 жылы ВКП(б) ОК хатшысы, Партиялық бақылау комитетінің төрағасы қызметтеріне тағайындалған. Партиялық және мемлекеттік аппараттарда оның ықпалы күннен-күнге арта түседі. Оның есте сақтау қабілеті өте күшті еді. Сондай-ақ ептілігімен ең жоғары басшылықта жасырын түрде болып жатқан жайлардың өзінен де хабардар болатын. Көсемнің столына баратын кез келген жеке істер Ежовтың қолынан өтіп, оларға өзінің көзқарастарын жымын білдірмей ендіріп отырды. Оның осы бір ептілік қасиетін бағалаған Сталин 1935 жылы НКВД органының жұмыстарын бақылауды тапсырды. Ежов жазалаушылар ұйымының табалдырығын осылай аттады. Кадр мәселесінде тәжірибе жинақ­тап қалған ол Зиновьев пен Каменевтің сот процесіне дайындық барысына белсене араласып, тергеу ісіне қатысып, сол бойда тергеушілерге тікелей тапсырма беріп отырған. Тіптен түнгі уақыттарда тергеу кабинеттеріне келіп, тергеушілердің айыпкерлерді қалай мойындатып жатқанын бақылап тұруды жаны сүйді. Бұрын айыптарын мойындамай келген жандардың сағын сындырған тергеушілердің әдіс-тәсіліне қызыға қараудан жалықпайтын. Осындай іс-әрекеттерімен Сталиннің көзіне түсе білген Ежовтың НКВД халық комиссары қызметіне тағайындалуы күтпеген жай емес еді. 1936 жылы 25 қыркүйекте Сочиде демалып жатқан И.Сталин мен А.Жданов Мәскеудегі В.Молотов, Л.Каганович және басқа да Саяси бюро мүшелерінің аттарына шұғыл жеделхат жолдайды: «Ежов жолдасты жедел түрде НКВД халық комиссары етіп тағайындау жөн әрі орынды деп білеміз. Троцкишілдер мен зиновьевшілерді әшкерелеуде Ягода өз міндетін орындай алмады. Аса маңызды істі жүзеге асырудан ОГПУ 4 жылға кейін қалып қойған. Бұл туралы НКВД-нің өкілдері және барлық партия қызметкерлері айтып жүр». Ежов өзіне қауіп төндіреді дейтін жандарды ұнатпайтын. Солардан құтылу үшін бірден жазалау ісіне кірісті. Әуелі Ягоданы, содан кейін орынбасарлары мен іскер қызметкерлерді және облыстардағы басқармалардың басшыларын қызметтерінен босатып, «халық жауы» ретінде көбісін бақилыққа аттандырып жіберді. Органнан 5 мыңнан астам адам қызметінен босатылып, 1200 тәжірибелі чекист тұтқындалып, атылып кетті. Олардың орнын ешқандай тәжірибесі мен дайындығы жоқ, шаш ал десе бас алатындар басты. НКВД басқармаларындағы 24 мың қызметкердің тек 301-і ғана жоғары білімді еді. Ежов НКВД-ні солай тазалай отырып, оның аппаратын барынша кеңейтті. 1937 жылы ВКП(б) ОК-нің ақпан-наурыз пленумы қарсаңында Николай Ежовқа Мемлекеттік қауіпсіздіктің бас комиссары атағы беріледі. Бұл атақ Кеңестер Одағы маршалымен тең дәрежеде болатын. Әккі көсем оны мансап пен атақтың буалдыр буына еліктіріп, соның қолымен от көседі. Сол пленумда Сталин қортынды сөз сөйлеп, Қазақстан Өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы Левьон Мирзоянды кадр мәселесінде большевиктік талаптарды өрескел бұзғаны үшін қатты сынға алды. Мирзоян Қазақстанға өзімен бірге Әзірбайжан мен Оралдан бірнеше мамандарды ертіп барып, басшылық орындарға қойған болатын. Сталин: «Айталық, Мирзоян жолдас басқа жерге қызмет бабымен ауысқанда әлгі «құйыршықтарын» тағы солай қарай тасып жүре ме? Жергілікті жердің кадрларын неге пайдаланбайды?», – деді. Кеңестер Одағында халық шаруа­шылығын дамыту жоспар арқылы жүзеге асырылған. Сол сияқты «Халық жауларын» әшкерелеу де алдын ала жос­парланып, іске асырылды. 1937 жылы 30 шілдедегі Сталиннің, № 00447-ші бұйрығымен Кеңестер Одағы бойынша 258950 адам бірінші және екінші категория бойынша жазалануы керек. Бұл жоспар республикаларға, өлкелерге, облыстарға бөлініп, НКВД-ға «халық жауларын» іздеп табу тапсырылды. Қазақстан Өлкелік партия коми­тетінің бюросы 1937 жылы 17 қара­шадағы мәжілісінде кеңес­терге қарсы репрессияланған элемент­тер­дің санын қосымша арттыру жөнінде шешіміне байланысты қаулы қабылдаған. Сол бойынша бірінші категорияға жататын 1650 адамды: соның ішінде Алматы облысынан 300, Оңтүстік Қазақстан мен Ақтөбе облыстарының әр қайсысынан 150, Қостанай мен Солтүстік Қазақстан облыстарының әр қайсысынан 200, Қарағанды облысынан 250, Шығыс Қазақстаннан 400 адам ату жазасына кесілуі тиіс, екінші категория бойынша 2600 адам: оның ішінде Алматы облысынан 500, Оңтүстік Қазақстан мен Қарағанды облыстарының әр қайсысынан 300, Шығыс Қазақстаннан 350, Солтүстік Қазақстаннан 550, Ақтөбе облысынан 150, Батыс Қазақстаннан 200 адам жазалануы керек. Бұл аз болғандай құжаттаға «резерв» бағанында бірінші категория бойынша 350, екіншік категория бойынша 400 адам тағы репрессиялануы шарт. Үлкен террор кезінде адамдар тағдыры осылай алдын ала жасалынған жоспар бойынша шешілді. Март Пленумның күн тәрібіне екі мәселе қойылды. Біріншісі – Бухарин мен Рыков туралы. Екіншісі – КСРО Жоғарғы Кеңесі сайлауына партия ұйымдарының дайындығы. Пленумда Н.Ежов контрреволюциялық орталықтардың шпиондық-зиянкестік іс әрекеттері туралы хабарлама жасай отырып, Н.Бухарин мен А.Рыковтың қылмыстық істеріне тоқталып, барынша қаралап бақты. Осылай ол «кеңестерге қарсы троцкистік оңшыл блок» деп аталған істі жүргізуге алғашқы қадамды үлкен мінберден жасады. Бұл кезде халықаралық ахуал да жақсы емес еді. Германияда Адольф Гитлер бастаған фашистік үкімет пен оның шығыстағы одақтасы Жапония империалистері әлемді жаулап алуға ұмтылған кез. Жапония көршілес жатқан Қытайдың біраз жерін жаулап та үлгерген. Сталин мен Ежов осы халықаралық жағдайды ұтымды пайдалана білді. Ел ішіндегі идеялық қарсыластарына, репрессия жасау үшін «герман шпионы», «жапон шпионы» және т.б. жалаларды ойлап тауып, қолдан «халық жауы» жасады. Сталин Ежовты еркіне жіберді. Ол құтырған иттен бетер жазықсыз жандарды «шпионсың», «ұлтшылсың» деген айыптарды мойындарына қиып салып, жөн-жосықсыз жазалау тәсілдерін қолданды. 1937 жылы елде 7 одақтық саяси тұтқындарға арналған түрме, барлық облыс орталықтарынан абақтылар мен түрмелер ашылып, 50-ден астам ГУЛАГ лагері ұйымдастырылған. 420 еңбекпен түзеу колониясы мен 50 кәмелетке жасы толмаған балалар колониясы жұмыс істеді. ГУЛАГ бастығына М.Берман тағайындалып, Ежовтың оң қолы болды. ВКП(б) ОК-нің ақпан-наурыз пленумынан кейін Сталин НКВД органдарына тұтқындалғандарға тергеу амалдары кезінде күш қолданудың барлық түрлерін пайдалануға пәрмен берді. Үлкен террорға айналған бір жыл он айда Ежов репрессияны барынша кең көлемде жүргізіді. Мұны халық кейін «ежовтық» кезең деп атап кетті. Ежов көсемге: «Біз тінтімеген бірде-бір қараңғы бұрыш, бірде-бір үңгір қалмайды. Халық жаулары барлық таса жерлерден темір сыпырғымен сыпырылып тасталады», – деп уәде берді. Орын алған жаппай террорлық әрекеттер заңдылықты белден басып, заңсыздықты орнатты. Тұтқындарға ойдан жала жабылды, тергеу мерзімі он күнге дейін қысқартылып, олардың заңды түрде қорғалуына мүмкіндіктер берілмеді. Шығарылған үкім қайта шағымдануға жатпады, ату жазасы сол бойда орындалды. 12 жасар баланы да қылмыстық жауапқа тартып, ату жазасына дейін қолданып жатты. НКВД-нің жаппай тұтқындауы кезінде сот органдары ұсталғандарға үкім шығарып үлгере алмай жатқан кездері де болды. Бұл мәселені жеделдетудің жолын Л.Каганович оңай шешіп берді. Ол сот органынан бөлек «маңызды кеңес», «үштік», «екілік» деп аталатын жазалаушыларын ұсынып, оларға өлім жазасына кесу құқығын беруді ұсынды. Ал В.Молотов тізім бойынша жазалауды ұсынып, оны жетілдіре түсті. Сол кезде «үштіктің» кейбір қалаларда екі сағат уақыт ішінде 800-ге дейін істі қарап, жазаға тартқаны тарихтан мәлім. Мұрағатта прокуратура қызметкерлерінің өлім жазасына кесілгендердің фамилияларын ажыратып үлгере алмай жатырмыз деп жоғарыға шағым түсіргенін дәлелдейтін құжаттар да бар. Ал Сталин НКВД-нің іс-әрекетін күн сайын қадағалап, қатаң тапсырмалар беріп отырған. «Жолдас Ежов, тексте мен «ар» («арестовать!» деген сөз. К.А.) деп таңба салғандар әлі тұтқындалмаса, шұғыл түрде қамауға алыңдар. И.Сталин». Мұндай тапсырмалар күн сайын түсіп отырған. Ежов жоғары лауазымды қызметкерлер тобының тізімін көрсеткенде Сталин өз қолымен: «Тексеріп уақыт өткізудің қажеті жоқ, бірден тұтқындау керек» – деп бұрыштама жазған. Ежовтың Сталинге жазған көптеген жазбаларынан мына бірін көрсете кетсек. «Жолдас Сталин, Әскери сот қарауына ұсынылатын төрт тізім жазбасын бекітуіңізді сұраймын. 1. №1 тізім (жалпы). 2. №2 тізім (бұрынғы әскери қызметкерлер). 3. №3 тізім (НКВД-нің бұрынғы қызметкерлері). 4. №4 тізім (халық жауларының әйелдері). Бәрін бірінші категория бойынша жазалауға санкция беруіңізді өтінемін. Ежов». Бірінші категория – ату, екінші категория – 10 жыл еңбекпен түзету лагеріне айдау. Тарихшы Д.Волкогоновтың мәліметі бойынша отызыншы жылдары 3,5 миллион тұтқын лагерлерде жазасын өтеген. Ал ГУЛАГ-та 22 жыл өмірін өткізген француз Ж.Росси отызыншы жылдарда тұтқында болғандар санын 16 миллион деп көрсетіп, оның 7 миллионын әрқалай тәсілмен жоқ қылғанын жазған. Соңғы жылдары тарихшы ғалымдар ГУЛАГ-ты зерттеу барысында мынандай қортындыға келген: Ежовтың кезінде 4 миллион адам репрессияға ұшырап, оның жартысы мәңгілікке көз жұмған. Халыққа қарсы жасалынған геноцидке Ежовтың қосқан үлесі осындай. Ол 1937 жылы шілдеде Ленин орденімен марапатталды. Орденді кеудесіне тағып тұрып Ежов: «НКВД-да қызмет етудің өзі жоғары награда. Кеңес өкіметінің жауларына қарсы осынау қысылтаяң шақта халық бізге сенім артып отыр. Олардың бізге қойған талабы да жоғары. Халық НКВД қатарында қызмет ететін адамды отанға, халқына, партияға, үкіметіне, партия көсемі Сталин жолдасқа жан-тәнімен берілген, қажет болса солар үшін өмірін де қиятын ең сенімді большевиктер деп біледі. Біздің ең басты мақсатымыз да халық сенімін ақтау», – деген болатын. Ежов Қазақстанды да көзден тасада қалдырған жоқ. Өзі танитын қызметкерлердің түгелге жуығын ауыр жазадан шет қалдырмады. Ол НКВД халық комиссары болумен қатар ВКП(б) ОК-нің хатшысы қызметін де қоса атқарып жүрді. Осылай оның құзырында партиялық билік те болды. 1936 жылы Қазақ өлкелік комитеті орталыққа алғашқы жарты жылдықта 43 троцкишіл-зиновьевшіл контрреволюционерлерді әшкерелеп, партиядан шығарғандары жөнінде баяндаған. Мұндай қарқын жазалауға тойымсыз Ежовты қанағаттандырмады. Ол партия қатарындағыларды «халық жауы» ретінде көптеп әшкерелеуді барынша талап етті. 1937 жылдың басында Қазақстан партия ұйымдарынан 1836 адам партия мүшелігінен шығарылып, қуғындауға түсті. Ал жыл соңына дейін 10 мыңнан астам адам репрессияға ұшырады. 1938 жылы тағы 16 мыңға жуық жазықсыз жандар қуғын-сүргіннен жапа шекті. Жалпы 1935-1938 жылдар аралығында партиядан шығарылып, тұтқындалғандар саны 30387 болса, солардың 4602-сі «халық жауы», 3942-сі кулактар мен ақ гвардияшылар, 8 мыңнан астамы троцкишілдер, 9800-не ұлтшылдар деген айып тағылды. Ежов Қазақстан облыстарындағы НКВД басқармаларының бастықтарын кезекпен шақырып, ұлтшыл ұйымдарды әшкерелеуді қатаң түрде талап етіп, бағыт-бағдар беріп отырған. 1937 жылдың мамырында Ақмола және Қарағанды істері бойынша жазалау шаралары жүргізіледі. Ақмола округтік партия комитетінің хатшысы М.Гатауллинге ұлтшыл-фашист айыбы тағылады. Ал маусым айында Қарағанды облыстық атқару комитетінің төрағасы А.Асылбеков, обкомның екінші хатшысы Н.Нұрпейісов сондай айыппен түрмеге жабылған. Сол жылы Мәскеуде РСФСР Совнарком төрағасының орынбасары Т.Рысқұлов пен КСРО ВЦИК хатшысының орынбасары Н.Нұрмақов тұтқындалады. Маусымның соңында Азық-түлік халық комиссарының орынбасары К.Сармолдаев, шілдеде КазЦИК-тің төрағасы Ұ.Құлымбетов, айдың соңында КазКСР СНК жанындағы өнер жөніндегі басқарма бастығы Г.Тоғжанов, Марксизм-ленинизм ғылыми-зерттеу институтының директоры Ә.Лекеров, Қазақстан компартиясы ОК баспа және баспасөз бөлімі бастығының орынбасары А.Розыбакиев, қыркүйек айында Д.Сәдуақасов пен И.Құрамысовты партиядан шығарып, тұтқындаған. Мәскеуден Ә.Бөкейханов пен С.Қожановтың қолдарына кісен салынды. Бұлардан басқа қаншама партия және кеңес аппараттарының қызметкерлеріне, жазушылар мен журналистерге, тарихшыларға «халық жауы» таңбасы таңылып, атылып, Сібірге айдалып жатты. Бәрібір ұсталған жазықсыз жандар Ежов үшін аз сияқты болды. Әсіресе басшылықтағы кадр­ларды тұтқындау жағы кемшін деп, 1938 жылы Қазақстанға НКВД басшысы етіп, С.Реденсті жіберген. Соның жетекшілігімен республика басшылары құрамын тұтқындау жұмыстары толық аяқталды. Ежовтың үлкен террорды ұйымдастырудағы қанішерлік еңбегі Сталин тарапынан әрдайым жоғары бағаланып отырды. 1937 жылдың қазанында ВКП(б) ОК Саяси бюросына кандидат болып сайланса, қарашада КСРО Жоғарғы Кеңесіне депутаттыққа кандидат болып ұсынылды. Желтоқсан айында ол сайлаушылармен кездесу кезінде: «НКВД халық комиссары міндетін атқару мен үшін үлкен құрмет, жеңіл әрі қызықты жұмыс болды», – деп бөсті. «…Кеңестерге қарсы «оңшыл-троцкистік блоктың» сатқын буржуазиялық ұлтшылдары Кеңестер Одағы халықтарының достығына жік салмақшы болды. Олар біздің ерікті отанымызды бөлшектегісі келді. Бірақ олардың қаскөйлік-шпиондық іс-әрекеттері Н.И.Ежов басқарған сталиндік Ішкі істер халық комиссариатының даңқты кеңестік барлаушылары дер кезінде әшкереледі». «Большевик» журналының әр санында Ежов осылай дәріптеліп отырылды. Көзіне қан толған Ежов НКВД-ның өзінен бұрынғы басшысы Г.Ягоданың кебін өзі де киетін кезеңнің жақындап қалғанын сезген жоқ. 1938 жылы Сталин елде жүргі­зілген «Үлкен террор» арқылы өз мақ­сатын жүзеге асырып, қауіпсіз­дігіне көзін әбден жеткізген соң, Ежов­тай жендеттің қажеті болмай қалды. Басшылықтың жоғары эшелонынан оның ісін жалғастыратын басқа кадр­ды таңдай бастады. Сондай-ақ Сталин үлкен террорға байланысты бар кінәні НКВД бастығы Ежовқа аударып, өзі сүттен ақ, судан таза болу жағын қарастырған. Сол мақсатпен НКВД жұмысын тексеру жөнінде құрамында Г.Маленков, В.Молотов және Л.Берия бар комиссия құрады. Саяси бюро шешіміне байланысты НКВД-нің құпия құжаттарына қол жеткізу үшін Л.Каганович Ішкі істер халық комиссары орынбасарлығына Л.Берияны ұсынады. 1938 жылы қарашада ВКП(б) ОК мен КСРО СНК «Жазалаушы органның жұмысын реттеу мен органға таза кадрлар алу туралы» екі қаулы қабылдайды. Саси бюродан соққан салқын желді сезінген Ежов сол жылдың қараша айында өз өтініші бойынша НКВД халық комиссары қызметінен босайды. Кезінде КСРО Су транспорты халық комиссары А.Пахомовты «халық жауы» атап, атқызып жіберген Ежовқа сол қызметті қоса атқару тапсырылған еді. Ежов НКВД басшысынан түскенімен сол қызметінде қала береді. Ежов НКВД-дан кетісімен оның орынбасарлары мен жауапты қызмет­керлері тегіс атылған. Бірақ Ежовтың өзін Сталин жазаға тартуға асыққан жоқ. Қайта ол 1939 жылы наурызда өткен ВКП(б) ОК-нің XVIII сьезінде президиум төрінде отырды. Алайда Ежов алғашқы соққыны сол сьезден кейін, ОК-тің жаңа құрамын сайлау кезінде алды. Осыған байланыс­ты Одесса обкомының бірінші хатшысы, сьезд делегаты Е.Фельдманның естелігінен үзінді келтіре кеткен артық болмас. «ОК-тің жаңа құрамын сайлау жүріп жатты. Алғашқыда бұрынғы құрамдағы адамдар аталынып, қайта ұсынылып, оларды бәрі бір кісідей қолдау табумен болды. Төрағалық етуші А.Андреев тізімде кезекті тұрған Николай Ежовты атап, көпшілікке: «Қандай пікірлеріңіз бар?», – деген кез­де жұрт бірінен соң бірі: «Ежовты жақсы білеміз. Ол сталиндік халық комиссары, қарсылығымыз жоқ», – деп қолдарын көтеріп жатқанда Сталин күтпеген жерден төрағадан сөз сұрады. Мінберге көтеріліп: «Ежов, сен қайда отырсың? Қане, мұнда кел!», – деп шақырды да: «Сен қалай ойлайсың? Сен ОК-ке өзіңді мүше болуға лайықтымын деп санайсың ба?», – деп зілді үнмен сұрақты төтесінен қойды. Ежов мұндай сұрақты көсемнен күтпесе керек. Әуелгіде сасып қалып, артынша өзінің партияға берілгенін, көсемге адал қызмет еткенін айтып біраз бұлталақтап бақпасы бар ма. Сталин киіп кетіп: «Ендеше айтшы, Фриновский, Шапиро, Рыжов, Федоров кім болды?». Ежов қалбалақтап: «Мен олардың қылмыстық істерін өзім ашып, бұл халық жауларын сізге баяндаған болатынмын», – дей бергенде Сталин оның сөзін тағы бөліп жіберді. «Сен маған кеш баяндадың. Соған дейін не болғанын білесің бе? Қастандық жасалынды. Олар Сталинді өлтіргісі келді». Содан кейін тиран оны ала көзімен атып, кінәні үйіп-төкті. Көсем: «Сенің асығыстығыңнан, шектен тыс белсенділігіңнен қаншама адал жандар өмірден өтті?», – дей келіп, Ежовқа «Кет!» деп мүштек ұстаған қолын сілтеді де, залда отырған көпшілікке қарап: «Жолдастар, мұны ОК-ке мүше етіп қалдыруға бола ма?.. Мен білмеймін… Менің күмәнім бар. Әрине сіздер ойланыңыздар… Сіздер қалай қарасаңыздар да менің оған күмәнім бар», – деп мінберден түсті». Биліктің биік шыңына жылдам шыққан Ежовтың одан құрдымға құлауы да сондай тез болды. Көсемнің осы сөздері сол күн­нен бас­тап Ежовты саясаттан мүл­дем шеттетіп тастады. Бірақ оны бірден тұтқындаған жоқ. Транспорт наркоматындағы қызметін жалғастыра берді. Бірақ еңсесі езіліп, әлдеқалай алаң күй кешкен. Ол өзін тұтқындайтындарды күн сайын күтті. Сол күн оның басына 1939 жылдың сәуір айында туды. НКВД қызметкерлері пәтеріне кірген бойда: «Келдіңдер-ау әйтеуір. Мен сендерді ұзақ күттім!», – деп, бар демін бір-ақ алып, жинала бастаған. Баспасөзде оның тұтқындалғаны туралы хабар жарияланған жоқ. Ежов Мәскеу түбіндегі Расторгуевтегі НКВД-нің арнайы түрмесіне жабылды. Мұнда аса қауіпті қылмыскерлер отырғызылып, оларға өте нашар жағдай жасалынған. Ол отырған камераның тарлығы соншалық, тек тұруға және отыруға ғана болады. Сасық ауасы тұншықтырып жібереді. Тергеушілер бұрынғы халық комиссары Ежовтан жауап алу кезінде өзі білетін күш қолдану тәсілдерімен қинаған. Бәлкім сол кезде ол өзінің қаншама жазықсыз жандарды қалай азапқа салып, отбасын ойрандағанын ойланып, қатты өкінген де шығар. Күзде болған сот оны ату жазасына үкім етті. Үкім қабырғаға тұрғызып қойып, орындалуы керек еді. Бірақ оның тұруға мұршасы болмағандықтан 1940 жылы 1 сәуірде камерада атты. Бейкүнә жандардың қаны бір кездері бүкіл КСРО-ны қанға бөктірген жендетті жіберген жоқ. Бірақ… Оның НКВД-ғы орнын Л.Берия басты.

Көлбай АДЫРБЕКҰЛЫ 

Серіктес жаңалықтары