ӘЙЕЛІМ ҚАЗАҚ ӘНҰРАНЫН ҮЙРЕНІП ЖҮР

ӘЙЕЛІМ ҚАЗАҚ ӘНҰРАНЫН ҮЙРЕНІП ЖҮР

ӘЙЕЛІМ ҚАЗАҚ ӘНҰРАНЫН  ҮЙРЕНІП ЖҮР
ашық дереккөзі
200

Қазанның 3-і – Федеративті Германия үшін маңызды күн. 1990 жылы дәл осы күні Федеративтік Германия мен Социалистік Германияның арасындағы қабырға құлап, екі ел қайтадан табысқан болатын. Немістер бұл күнді салтанатты түрде атап өтеді.  Осы күнге орай Германияның Алматыдағы Бас консулы Михаэль Граумен
әңгімелесудің сәті түскен еді. Біздің әңгімеміз Германиядағы сайлау,
Қазақстанмен қарым-қатынас тағы басқа да мәселелер тұрғысынан өрбіді. 


«3 МИЛЛИОН НЕМІСТІҢ 2,3 МИЛЛИОНЫ ГЕРМАНИЯҒА ОРАЛДЫ»


– Ертең екі Германияның қосыл­ға­нына 23 жыл толмақ. Германия осы бір айтулы күнді қалай атап өтеді? 

– Германияның федералдық дәстүріне орай, «Герман бірлігі күні» жыл сайын федерацияның әрбір өлкесінде тойланады. Биыл салтанатты жиын Германияның оңтүстік-батысында орналасқан, Франция мен Швейцария шекарасындағы Баден-Вюртемберг федералдық өлкесінің астанасы Штутгартта өтеді. Онда жылдағыдай Бундестаг пен Бундесраттың қатысуымен ресми жиын және бүкілхалықтық дәстүр­лі салтанат өтпек. Сонымен бірге Берлин мен Бранденбург қақпасында жыл сайын бүкілхалықтық мейрамдар ұйымдастырылады. Ал Қазақстандағы неміс дипломатиялық өкілдіктерінде – Алматыдағы Бас консулдық пен Астанадағы елшілікте бұл күнге орай жыл сайын дәстүрлі қабылдаулар өткізеді. 

– Екі Германия қосылғаннан кейін, әлемнің түкпір-түкпірінде жүрген немістер тарихи отанына ағыла бастады. Қазақстан үшін шеттегі қандастарын көшіріп алып отырған мемлекет ретінде сіздердің тәжірибелеріңіз қызық. Бұл мәселе қалай реттелді? Қазір жалғасын табуда ма? 

– 1763 жылы шілденің 22-сінде Ресей патшайымы ІІ Екатерина «Шақыру манифестісі» туралы Жарлық шығарып, шетелдіктерді Ресейге шақырған болатын. 2013 жылы осы Қаулының қабылданғанына 250 жыл толып отыр. Қоныс аударушылар Ресей экономикасына мықты үлес қосады деген үміттер нәтижесін бермей қойған жоқ. Олар Еділ бойында (Волга) және Қазақстанға қоныс аударғаннан кейін, халықтың оларға деген көзқарасы, құрметі ерекше болды. 

Еділ бойындағы немістердің Германияға оралуы екі Германияның қосылуынан басталған жоқ. Бұл процесс одан бұрын қолға алынған еді. Әрине, бұл өте қиын болды. Кеңестер одағының бақылауы күшті болатын. Соған қарамастан, Германияға оралушылардың саны аз емес еді. Ішкі істер министрлігінің мәліметіне сүйенер болсақ, қазіргі сәтте Германияға оралғандардың жалпы саны 2,3 миллион. Біздің есебіміз бойынша шетелдерде әлі 700 мыңдай неміс өмір сүреді. Бізді қуантатыны сол, ТМД елдерінен оралған немістер өте тыңғылықты, ұқыпты және еңбексүйгіш болды. Соның арқасында неміс қоғамында өз орнын тауып, өте табысты түрде кіріге алды. Германия оларға қырғиқабақ соғысы аяқталғанға дейінгі бастарынан кешкен репрессияның өтеуі ретінде қолдау көрсетті. Сол себепті де, 2004 жылға дейін оларға ұзақ уақыт экономикалық қажеттіліктеріне орай әлеуметтік төлемдер төленіп келді. 2004 жылдан бері қарай келетіндерге аз мөлшерде әлеуметтік көмектер төленеді. 

– Немістерді қолдау және олардың азаматтығын алу проблемасы қалай жүзеге асырылды?

– Ол кезде Германияның шетелдердегі елшіліктерінде көші-қон проблемаларымен айналысатын тұрақты бір штат болды. Ол адам ерекше сарапшы атағына ие еді. Германияға қайтқысы келетін этникалық немістің құжаттарын дайындап, Германияға аттандыратын. Ең әуелі олар неміс тілінен емтихан тапсыратын еді. Сосын оларға Германия азаматтығы бірден берілді. Қазір ерекше сарапшылар Германияның ТМД елдеріндегі елшіліктерінде жұмыс істемейді. Өйткені Германиянға қайтушылардың саны күрт төмендеп кетті. Олар жылына бір рет ТМД елдеріндегі елшіліктерге барып, кеңес беріп қайтады. Егер Германияға қайтуға ниет білдірген өтініштер болса, оны қарап, әлгі адамның неміс екендігін айқындайды. Менің ата-анам Қазақстанның Павлодарынан көшіп келген бір отбасымен араласты. Өте жақсы, кішіпейіл адамдар еді. Германияға қоныс аударғандарына риза, жақсы кірігіп кетті. ТМД-лық немістердің Германияға сіңісуі Африка мен Түркиядан келген мигранттармен салыстырғанда, өте тез және сапалы жүргізілді. 

Бәлкім сіздің тіліңіздің ұшында «Неге шетелдегі немістерді Германияға шақырдыңыздар?» деген сауал тұрған шығар. Ең әуелі бұрынғы Кеңестер одағында өмір сүрген немістер Батыс Германиядағы немістерден гөрі екінші дүниежүзілік соғыста көбірек зардап шекті. Олар осы зардабы үшін өтемақы алуға құқылы еді. Өйткені олар депортацияға ұшырады, қоныс аударылған жерінен ешқайда шыға алмады. Тіпті соғыс аяқталғаннан кейін де, Еділ бойына қайта орала алмады. Соғыстан кейінгі жылдарда да немістер көбірек қысымға ұшырады. 

– Ал шетелдегі немістерді қолдау ісі қалай жүзеге асырылады?

– 2012 жылы желтоқсанның 6-сында Берлинде Герман-Қазақстан үкіметтік комиссиясының 10-шы отырысы болып өтті. Онда Қазақстанда одан әрі қала бергісі келетін немістердің мәдениеті мен этникалық біртектілігін сақтау туралы мәселе талқыланды. Бұл комиссияны екі елдің вице-министрлері басқарады. Әрі жыл сайын кездесу өткізіп тұрады. Осы кездесулерде Германия өз қандастарына қандай көмек көрсете алатыны жайында әңгімелер жиі өрбиді. Қазақстанда қазақстандық немістердің «Возрождение» атты қоғамы бар. Осы қоғамда Экономикалық қарым-қатынас министрлігінің өкілі жұмыс істейді. Біздің үкіметтік комиссиядағы қабылдаған шешімдеріміз осы «Возрождение» қоғамы арқылы іске асырылады. Негізінен Германияның Сыртқы істер министрлігі этникалық немістер үшін тіл курстарын ұйымдастырады. 

«АНГЕЛА МЕРКЕЛЬ КЕЛЕСІ КАНЦЛЕР БОЛМАУЫ МҮМКІН»


– Жақында Германияның Бундестагына сайлау болып өтті. Бұл жолы да жеңіске Ангела Меркельдің партиясы қол жеткізіп отыр. Көптеген демократиялық мемлекеттерде ел басқаратын азаматтар екі сайлау­дан кейін биліктен кетеді. Сіздерде неге олай емес? Ангела Меркель ханым үшінші мерзімге сайлана ма?

– Ол әлі үшінші мерзімге сайлана қойған жоқ. Қазір жаңа Үкімет әлі жасақталмады. Жаңа Үкімет жаңа сайланған Бундестагтың алғашқы отырысында жасақталатын болады. Ол отырыс – сайлаудан кейін бір айдың ішінде өткізілуі тиіс. Ангела Меркель үшінші мерзімге сайлануы үшін Бундестагтағы депутаттардың басым көпшілігі дауыс беруі керек. Оның партиясы қазіргі жағдайда басым дауысқа ие бола алмады. Оның 3-4 дауысы жетпейді. Демек ол Бундес­тагта аз дауысқа ие болған бір партиямен одақтасуы керек. Қазір партиялар арасында келіссөздер басталып кетті. Ангела Меркельдің партиясымен кім одақтасуы қажеттігі талқылануда. Оның үшінші мерзімге сайлануы әбден мүмкін. Бірақ, ол әлі белгісіз. Германияда Парламенттік билік салтанат құрған. Президенттік демократия – Америка мен Францияда. Ол елдерде президент – атқарушы биліктің тізгінін ұстап отыр. Германияда да Федералды президент бар. Қазіргі президентіміз – Иоахим Гаук. Ол заң бойынша екі мерзімге ғана сайлана алады. Оның өкілеттігі Ұлыбритания королінің өкілеттігі секілді. Ол мемлекетті басқармайды. Президент кейбір заңдарға қол қояды, кейбір шет мемлекеттерге ресми сапармен барады. Яғни оның президенттік өкілеттігі тек презентативтік сипатқа ие. Ал Федералды канцлердің шектеулі мерзімі жоқ. Канцлердің іс-әрекетін парламент бақылайды. Ал парламенттің бақылауы сондай күшті, сол себепті де мерзімді шектеу туралы мәселе күн тәртібіне шыққан емес. Егер Бундестаг депутаттары оған жеткілікті дауыс бермесе, оны орнынан алып тастауы да мүмкін. 

– Сіздіңше, келесі канцлер кім болуы мүмкін? 

– Қазір Бундестагқа 4 партияның өкілдері сайланды. Негізінен бес партия деп айтуға болады. Алайда олардың бірі екіншісімен бір одаққа біріккендіктен, партиялардың тізімін төртпен шектеп отырмыз. Меркель ханымның Христиан-демократиялық және социал демократиялық одағы мен өзге үш партияның жинаған дауысын салыстыратын болсақ, Ангела Меркельдің партиясы үш дауысқа аз жинап отыр. Үш партияның бірі – бұрынғы Социалистік Германияның коммунистік партиясы. Қалған екі партия Коммунистермен одақ құруға қарсы. Демек, олардың да дауысы Христиан-демократиялық және социал демократиялық одағының дауысына жетпей қалуы мүмкін. Сарапшылар осы жолы да Ангела Меркельдің канцлер болуын жоққа шығармайды. Меніңше, Ангела Меркельдің партиясы Жасылдар мен СПД партиясының бірімен коалиция құратын болады. Шын мәнісінде тек екі федералды канцлердің бірнеше рет сайлануына мүмкіндік болды. Бұл бірінші канцлер – Конрад Аденауэр, ол 1949 жылы канцлер болып сайланған, содан 1953, 1957 және 1961 жылдары қайта сайланған еді. Екіншісі – Гельмут Коль 1982/1983 жылдан, 1987, 1990, 1994 жылдары қайта сайланды. Екеуі де Ангела Меркельдің христиан-демократиялық одағының жетекшілері болатын. 

– Естуімізше, биылғы Бундестагқа тегі түрік 11 азамат сайланған екен. Жалпы мигранттардың Германия саясатына араласуына көзқарасыңыз қалай? 

– Неміс азаматтығына қол жеткізген адамдардың барлығы барлық Германия азаматтарына берілген құқыққа ие бола алады. Олардың көбі – саясатта, экономика мен мәдениетте біраз нәтижеге қол жеткізген. Германия демократиясы үшін бұл тұлғалардың саясатта өз орнын тапқаны маңызды. Бұндай адамдар Герман қоғамына ене бастаған немесе Германия азаматтығын алуға ойланып жүрген өзге де мигранттар үшін үлгі бола алады. Соңғы жылдары неміс азаматтығын алу үрдісі біршама жеңілдетілді. 

Германия саясаты жаңа азаматтарының елдің саяси өміріне араласуына шектеу қоймайды. Қоныс аударушылардың жыл сайын артып отыруына байланысты, босқындардың зардап шегуіне орай, әртүрлі мемлекеттердегі әлеуметтік қарым-қатынастардың артуына орай, әртүрлі мәдениеттерге тамырын жіберген адамдардың қоғам өмірінде өзінің үлесін қоса алатындығы қуантады. Германияның демографиялық жағдайы жас және таңдаулы мамандардың келуіне зәру және соңғы жылдары олардың Германияға келіп, тұрақтану процесі жеңілдетілген. 

Мен Бундестагта қанша этникалық түріктің бар екенін нақты білмеймін. Алайда бұл адамдар өздері Германияның азаматтығын қалай алу қажеттігін басынан өткізген, Германияның әлеуметтік өміріне бейімделе білген және саясатта өздерін таныта білген адамдар. Сондықтан бұл адамдар өздерінің соңынан келген мигранттарға қол ұшын созатын болады. 

– Сайлауда электронды дауыс беру құрылғылары пайдаланыла ма? 

– Электронды дауыс беру тәжірибесі алғаш рет Германияда 2005 жылғы Бундестаг сайлауында 80000 сайлау учаскесінің 2000-ында пайдаланылды. Федералды конституциялық сотқа берілген шағымнан кейін, 2009 жылы Конституциялық сот сайлауда электронды дауыс беру құрылғыларын пайдалану сайлаушылардың конституциялық құқығын бұзады деп табады. Өйткені бұнда манипуляцияны бақылауға алудың мүмкіндігі жоқтығы байқалады. Сөйтіп 2013 жылғы қыркүйектің 22-сінде электронды дауыс беру құрылғылары пайдаланылған жоқ. 

Тек хат арқылы дауыс беру әдісі пайдаланылады. Бұл Германиядан тыс жерлердегі неміс азаматтары үшін жасалған. 

«АЛМАТЫ – ГЕРМАНИЯНЫҢ ЕҢ ІРІ САУДА ӘРІПТЕСІ»


– Германия – әлемнің үздік демократиялы мемлекеттерінің бірі. Жалпы Қазақстандағы демократиялық өзгерістерге қандай баға берер едіңіз?

– Германияның демократиясын жоғары бағалағаныңыз үшін рахмет! Батыстық одақтастары мен өзінің демократиялық күшін жұмылдыра білуінің арқасында Германия екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін, демократиялық жолға қайта түскен болатын. Мен – дипломатпын. Сол себепті де мен өз елім туралы көп нәрсені айта аламын. Мәселе Қазақстан тұрғысынан келгенде, ол Қазақстанның ішкі ісі. Елдегі саяси және қоғамдық мәселелерді қалай шешетінін қазақтар өздері біледі. Мен Германия туралы не айтсам да, қалай айтсам да жарасатын секілді. Германия демократиясы өз халқының қолдауына ие. Оған негіз де жоқ емес. Әуелі Германияда билік құрылымдарын бөлуде тепе теңдік бар, тәуелсіз юстиция, балама билікті паш ететін партиялық жүйе, жүйелі түрде өткізіліп тұрған сайлаулар, азаматтардың тең құқығы, адам құқығының сақталуы және әлеуметтік қорғалу деңгейінің жоғарылығы секілді факторлар халықтың билікке сенімін нығайта түседі. 

– Екі елдің сауда және мәдени қарым-қатынасы жайында не айтасыз? 

– Алматы – Германия экономикасының Қазақстандағы орталығы ғана болып қоймайды, сонымен бірге Орталық Азиядағы ең ірі сауда орталығы. Мұнда Германияның сауда-өнеркәсіп палатасы бар және Германия фирмаларының 200-ден астам өкілдіктері жұмыс істейді. Олардың ең ірісі – Siemens, Bosch, Thyssen және Lufthansa. Германия банкілерінің аймақтың басқа да елдерінде өкілдіктері бар. Германия экономикасының негізгі мүддесі – халықтық шаруашылық, дәл осы салада кәсіппен айналысудың жақсы мүмкіндіктері жасалған. Жыл сайын Германия-Қазақстан «Экономика және сауда» жұмыс тобының жиыны өткізіліп тұрады. 

Қазақстан – Германияның Орталық Азиядағы ең маңызды сауда әріптесі. Екі елдің сауда айналымы – 6 млрд. еуроны құрайды. Мұнайдың арқасында Қазақстан үшін сауда тепе-теңдігі жасқы сақталған. Германияға мұнай тасымалдаушы елдердің арасында Қазақстан төртінші орынға ие. Германияның Қазақстанға құйған инвестициясы 1 млрд. еуродан асады. Біздің негізгі бағытымыз – өндіруші мемлекетпіз. Сондықтан біз индустрия, кәсіпорынды дамытуға күш саламыз. Жақында мен Германия-Қазақстан бірлескен екі кәсіпорнының ашылу салтанатына қатыстым. Біреуі – Алматы облысында, екіншісі – Шымкент қаласында. Біріншісі, темір жол рельстерін құрастыратын бекіткіштерді өндірсе, екіншісі, арнайы насостарды өндіруге арналған. Оны уран өндірісінде де пайдалануға болады. Бұл кәсіпорындар технологияны Қазақстанға әкеледі және мамандарды даярлайды. Әрбір бірлескен кәсіпорын Германияның келесі кәсіпорындары үшін жарнама болатыны айқын. 

Мәдениет саласына келетін болсақ, Алматыда Германияның мәдени мекемелерінің барлығы дерлік орналасқан. Олар әртүрлі мәдени шаралармен айналысатын, тілдік курстар ұйымдастыратын Гете атындағы Институт, Қазақстан университеттерінде сабақ беретін лекторлар және ақпараттық орталықтармен алмастыратын Германия академиялық алмасулары қызметі, Қазақстан және шетел мектептерінде неміс тілін үйретуге қолдау көрсететін Германия ведомствосы, т.б. Германия академиялық алмасулары қызметі Германияда оқуға стипендия бөлетіндігін ерекше атап өткім келеді. Сондай-ақ, бұл орталық Германияда Қазақстанның «Болашақ» бағдарламасымен оқитын стипендиаттарды қолдаушы әріптес. Әрі Алматыда Қазақ-неміс университеті бар. Бұл университетте көлік логистикасы, энергетикалық және экологиялық техника, экономикалық ақпарат пен телематика мамандықтары үйретіледі. Оқу барысында Германияда тәжірибеден өтуге болады. Сөйтіп қос дипломға ие болуға мүмкіндік бар. Бұл дипломға ие мамандар Қазақстанмен қатар, Германияда да жоғары сұранысқа ие. 

– Қазақстан халқына тілегіңіз… 

– Адам өз досына әлемдегі бар жақсылықты тілейді ғой. Мен осы уақытқа дейін кездестірген қазақстандықтарды көз алдыма елестетсем, өз мәдениетін, ұлтын сүйетін, оптимист жандар есіме түседі. Сол себепті де, қазақстандық дос­тарыма өздерінің мәдени және табиғи құндылықтарын жоғары бағалап, сақтай білсе екен. Сол арқылы өздерінің ашықтығын, табиғилықтарын бүкіл әлемге паш етіп, достар таба білсе екен деп тілеймін! Қазір менің әйелім Қазақ консерваториясына барып, Қазақ әнұранын үйреніп жүр. Алдағы «Герман бірлігі күнінде» болатын салтанатты қабылдауда осы әнді айтатын болады. 

– Рахмет! 

Әңгімелескен 

Есенгүл КӘПҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары