КҮНГЕЙГЕ КҮЗ КЕЛСЕ, ШАРУА ҚЫЗАДЫ

КҮНГЕЙГЕ КҮЗ КЕЛСЕ, ШАРУА ҚЫЗАДЫ

КҮНГЕЙГЕ КҮЗ КЕЛСЕ,  ШАРУА ҚЫЗАДЫ
ашық дереккөзі
186

Таяуда мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев оңтүстік өңірге жасаған сапары барысында мұндағы жұмыссыздық мәселесінің оң шешіліп келе жатқанынан хабардар болып, істелініп жатқан бірқатар шаралардың куәсі болып, өңірдің даму қарқынын жоғары бағалаған. Олай ететін себеп бар. Өйткені Оңтүстік Қазақстан облысындағы жұмыссыздардың саны небары 5,5 пайыз ғана.

Бұл әрине, алдымен «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының жемісі. Сондай-ақ ертеден жер емген аймақтағы ағайынның туабітті еңбекқорлығын да атап өткен жөн болар. «Бірді екі, екіні жеті» қылуда күнгейдегі ағайынның шеберлігі мен шыдамын ел біледі. Президент сөз реті келгенде: «Менің еңбек қоғамы деп айтып жүргенім осы ғой, еңбек етпесең болмайды», – деуі де бекер емес. Назарбаев Оңтүстік Қазақстанға сапарында индустриалды-инновациялық жобаларды да салмақтады. Сорғы шығаратын зауытта болды, шарап өндіретін кәсіпорынды көрді. Жайқалған жүзім алқабына барды. 

Қашаннан  жеміс-жидек өсіріп,  елді көкөністен тарықтырмайтын  өңір биыл жаңа индустрияның  негізін салды. Аймақтағы жүзімдіктерден жыл сайын  65 мың тонна  өнім жиналатын. Бірақ  жемістің  ортаңқол  сұрыптары дастарханға қоюдан  басқа кәдеге жарай қоймайтын. Енді, міне, «Caspian Foods» серіктестігі  таңдаулы жүзім сұрыптарын  сәтті  жерсіндіріп,  өте сапалы шарап  түрлерін дайындай бастады. Мұндай бірегей өндіріспен елдегі  әзірге бір де бір өңір мақтана алмайды, тіпті Орта Азия аймағында  кәсіпорынға балама  жоқ. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақ­стан Республикасының Президенті: 

«Үш жыл бұрын Францияда жүргенде шарап шығаратын зауытта болып, ішінде тұрып ойладым. Неге біз де осындай шарап шығармаймыз деп. Содан  осы жерге келдік. Мына жер  дала болатын. 600 гектар алма, 300 гектар жүзім, 300 гектар жаңғақ егіп, зауыт салып, ең үздік шарап шығаруға дайынбыз. Бұл –Қазақстанның бүкіл жүзім өсіретін қауымына үлгі».

Қысқа мерзімде  бос жатқан жер жайқалған жүзім  алқабына айналды. Алғашында  Францияның Бордо провинциясынан әкелінген  көшеттер  кеуіп кете ме  деген күмән  көптеу болатын. Күдік кейін сейілді. Жеке кәсіпкер Рашид Сәрсенов: «Бұл – өте ерекше өндіріс. Өйткені  жүзімнің әр түбі күндіз-түні бақылауда. Арнайы зертханамыз бар. Бұл зертхана  жапырақтардың өсімі қалыпты ма,  жетілмей қалған көшеттер жоқ па, бәрін мұқият зерттеп, сараптап  отырады. Тұқым жинау циклінің өзі шарап дайындалғанша, 84 операциядан тұрады. Бірегей өндіріс дейтінім содан», – деп ағынан жарылды. Шаруашылыққа қарасты   600 гектар аумақта жүзімнің сегіз түрі өсіріледі. «Ркацителли» мен «Саперави» өзімізде бұрыннан бар. Ал қалған алтауы – Каберне Фран, Каберне Совиньон, Совиньон Бланш, Шардоне, Мускат Оттонель, Вионьеден француздар өте жоғарғы сапалы шарап сүзеді. Отандық өнім де солардың бірінен кем түспейді. Өнімнің біріне  Елбасы «Қазақстандық элиталық шарап»,  қысқа қайырғанда, «КЭФ»  деген атау  берді. Мұндай шырынның дәміне өте кірпияз дегустаторлардың  өзі  мін таға алмайтын түрі бар. Көп ұзамай қазақстандық  шараптар әлемдік брендке айналады. 

«Бүгінде біз алға қойған басым міндеттердің бірі – әр өңірдің әлеуетін ашу. Астық егумен солтүстік өңірлер айналысады, олар соған маманданған, қандай жағдайда болмасын сапалы егін болады. Шығыста алтын мен күміс, орталықта мыс, батыста мұнай өндіріледі. Оңтүстік облыстар бүкіл елді көкөніспен қамтамасыз етіп, өнімдерін шетелге де экспорттайды. Бұған қоса, оңтүстік өңірде жүзім шаруашылығы дамып жатқандықтан, біз енді шарап өнімдерін шығарумен де барынша белсене айналыса аламыз», – деген еді Елбасы әңгіме барысында.

 Шаруашылық  биыл 540 тонна   жүзім жинапты. Жылына  2 миллион литр  шарап дайындауға әлеуеті жететін көрінеді.  Зауыттың бір маусымдағы  қуаты  – 3000 тонна, қоймасында бір мезгілде 3  миллион литр  шарап сақтауға болады. Облыс әкімі Асқар Мырзахметов: «Осыны көріп отырғандар жүз рет естігенше, бір рет көріп, халықаралық стандартқа сай өз бизнесін дамытады деп ойлаймын», – деген ойын айтты. Сапалы  шараптардың  құны нарықта жүз доллардың  шамасында   екенін ескерсек, зауыттың өнімділігі  жылына, тіпті, 3 миллион литр алкоголь  ашытуға жетеді. Ендеше, нарық  сапалы   өнімді  бағалап, саудалауға ниет  танытса, отандық кәсіпкерлер  жаңа нарықты бағындыруға жеңін түріп отыр.


«Мақтаны азайтып, суды үнемдеу керек»


Өткен аптада ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары, өңірлік даму министрі Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапарымен Оңтүстік Қазақстан облысына келген болатын. Вице-премьер бірқатар маңызды нысандарды аралап шығып, шаруалармен кездесті. Басқосу барысында 2014-2016 жылдарға арналған егістік алқаптарын әртараптандыру жоспары жан-жақты талқыланып, диқандар да өздерінің ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.

Бақытжан Сағынтаев Оңтүстіктегі сапарын облыстың ең шалғайдағы ауданы – Мақтаралдан бастады. Қазір мұнда мақта терімі қарқын алып келеді. Мамандар биылғы өнімнің түсімі жоғары болады деп отыр. Әр гектардан 30 центнерден өнім жиналуы мүмкін дейді осы саланың басы-қасында жүргендер.

Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Ибадулла Үмбетаев: «Біз суды үнемдеу технологияларын, жер, қор үнемдеу әдістерін қолданысқа ендірдік. Соның нәтижесінде ауданда бұрынғы өнімділік 28 центнер болса, биыл ол 30 центнерге жетті», – дейді. Мақта танаптарына Шардара қоймасынан су жеткізу мақсатында машиналық су жіберу станциялары бой көтерген болатын. Вице-премьер сол үш станцияның бірін аралап көрді. Жергілікті жұрт та кездесуге көптеп жиналды. Олар «су жетіспейді, мәселе жылдан жылға күрделеніп бара жатыр» деп ақтарылды.

Шаруалардың бұлайша шырылдауы бекер емес. Диқандар су тапшылығының зардабын талай жылдан бері тартып келеді. Сондықтан, аймақтағы егістік алқаптарын әртараптандыру – өзекті мәселе. Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша жергілікті әкімдік осыған бағытталған іс-шаралар жоспарын әзірлеп, Үкімет қарауына жолдайтын болады. Сондай-ақ, алдағы уақытта аудандағы 100 мың гектарға жуық мақта алқабын біртіндеп ықшамдау қолға алынбақ.

Бақытжан Сағынтаев: «Мақта алқабының көлемін азайтатын болсақ, онда су да үнемделер еді. Былайша айтқанда, бір оқпен екі қоянды атамыз. Оның үстіне алмадан, бақшадан келіп жатқан пайда мақтадан әлденеше көп болып тұр», – деп өз ойын ортаға салды. Расында машақаты көп мақта ғана емес, бау өсіріп, бақша дақылдарын егудің де пайдасы көл-көсір екенін аймақ шаруалары да бағамдап үлгеріпті.

Осы кездесу барысында, сондай-ақ, бірқатар маңызды мәселе сөз болды. Солардың ішінде ауданға шеттен келетін электр қуаты бағасының қымбаттауы, су ұңғымаларын дұрыс пайдалану жайы да бар. Сапар соңында Бақытжан Сағынтаев Шардара су электр стансасының жұмысымен, осындағы Арнасай бөгетінің гидротехникалық құрылыстар кешенін қайта жаңарту жобасының нақты іске асырылуымен танысты.

350 мыңдай халқы бар Мақтарал ауданы халқының негізгі күнкөріс көзі – мақта өсіру болып табылады. Үстіміздегі жылы ауданда ауыл шаруашылық дақылдары 137 мың гектарға орналастырылған, оның ішінде мақта алқабының көлемі 94 мың гектарды құрайды. Өткен жылы алынған 264,8 мың тонна мақтаның 17 пайызы комбайнмен терілсе, биылғы жоспарланған 270-280 мың тоннадай мақта шикізатының 30 пайызын комбайнмен теру көзделуде екен. Жалпы мақталық алқаптардың көлемін кеміте отырып, алынатын өнімділікті көтеру бойынша жұмыстар жүргізілуде. 


ІРІ ҚАРАНЫ АСЫЛДАНДЫРУҒА ЕРЕКШЕ МӘН БЕРІЛУДЕ

Елімізде ірі қараның басы жыл санап өсіп келе жатқанын байқамау мүмкін емес. Дегенмен еті мен сүтінің сапасы көңіл көншітпейді. Сондай-ақ, салмағы мен беретін сүтінің көлемі де мүлде аз. Демек, ірі қараларды қолдан ұрықтандыру арқылы асылдандырумыз қажет-ақ. 

Бұл пікірмен Оңтүстік Қазақстан облысының фермерлері де келіседі. Соңғы үш жылдан бері Зеңгі баба төлін асылдандыру ісі өңірімізде қарқынды түрде қолға алына бастады. Мәселен, 2011 жылы 85 мың, 2012 жылы 130 мың, ал биыл өңіріміздің ауылшаруашылық мамандары асыл тұқымды ірі қара 150-160 мыңға жеткіземіз деп отыр. Ол мақсатты орындау үшін облыстық бюджеттен қыруар қаржы бөлініпті. Дегенмен, үш жыл бойы жасалған асылдандыру ісі облыста бар болғаны, 3 пайызға жеткенін көрсетіп берді. «Бұл мал шаруашылығымен айналысатын өңіріміз үшін тым төмен көрсеткіш», – дейді облыс әкімінің бірінші орынбасары Берік Оспанов. Мәселен, біздегі бір ірі қарадан жылына 2 мың литр ағарған сауылса, шетелде сиырлардың кейбір түрлері 32 мың литрге дейін ағарған береді екен. Сондықтан өңірдегі жалпы көрсеткішті ең болмағанда 5 мың литрге дейін, асыл тұқымды мал басын 40-50 пайызға дейін жеткізуге барша бақташы мүдделілік танытуы тиіс. 

Берік ОСПАНОВ, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары: 

«Қазіргі таңда бюджеттен ақша бөліп, облыстағы бар ірі қараны тегін ұрықтандырып беріп отырмыз. Яғни, ірі қарасы бар кез келген шаңырақ қолындағы ірі қараның санына қарай 100 пайыз толық субсидия ала алады. Мысалы, үйде 5 сиырыңыз болса, соған 10 мың теңгенің көлемінде ақша бөлінеді. Оның ішінде ұрық бағасы мен ұрықтандырушының жұмысы және т.б. бар. Қолдан асылдандыру процесі аяқталысымен, келесі жылға жаңа тұқымды төл алу мүмкіншілігі пайда болады». 

Асылдандыру ісінде облыстың басшылары сүт және ет өнімдерін молайтуды көздеп отыр. Сондықтан аталмыш пилоттық жоба да осы бағыттарда жұмыс істейтіні белгілі. Ол үшін «Әулиекөл», «Ақбас», «Алатау» сынды отандық бұқалардың ұрығы кәдеге асырылып жатыр екен. Осы тақырыпты дамытуды көздегендер өткен жылы Ресейден асылдандыру жұмыстарымен айналысатын «Московское» ААҚ-ның басшыларын арнайы шақыртып, аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары, ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімдерінің бастықтары болып бас қосып, семинар кеңес өткізген-ді. Ресейлік мамандар өз иелігіндегі бұқалардың түрлі тұқымын біздегі фермерлерге жарнамалап, ірі қараларды ұрықтандыру процесінің қыр-сырын жете түсіндіруге тырысқан болатын. 

Еске сала кетсек, оңтүстікте 194 қолдан ұрықтандыру бекеті жұмыс істейді. Олардың 146-сы жекеменшік болса, 48-і коммуналдық меншікте. Мамандар мұндай бекеттердің саны былтыр 264-ке артқанын айтады. Ал қолдан ұрықтандыру жұмыстарының сапасын арттыру мақсатында «Тассай» білім тарату орталығында облыс бо­йынша 120 техник-ұрықтандырушылар білі­мін жетілдіріп, сертификат бо­йынша жұмыс жасауда. Мамандар ірі қараларды қолдан асылдандыруға кемінде 10 жыл қажет дегенді алға тартады. Бұл ретте олардың қоректену жүйесі де маңызды рөл ойнайтыны анық. Пилоттық жоба ретінде қолға алынған істі көп болып қолдаса, асылтұқымды мал басы көбейеді деген сенім бар. Айтпақшы, пилоттық жоба алғаш рет өткен жылы Түлкібас пен Төлеби аудандарында кеңінен іске асырыла бастады.

Жоғарыда атап өткеніміздей, Оңтүстік Қазақстан облысында төрт түлiктi қолдан ұрықтандыруға басты назар аударылып отыр. Сайрамдық мал шаруашылығының мамандары да бұл үрдiстен шет қалмай, мүмкiндiктердi мейлiнше тиiмдi пайдаланып қалуды жан-жақты ойластырыпты. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлiмiндегi мамандардың айтуынша, әр ауылдық округте барлығы 27 қолдан ұрықтандыру тiрегi салынған. Оған облыстық бюджеттен 108 миллион теңге бөлiніпті. Сүт және ет өндiру бағытында жұмыс атқаратын шаруашылықтарға орасан мiндеттер жүктелiп отыр. Әсiресе, малды асылдандырудың бағыт-бағдары жүйеленбек. 

Сайрам ауданының мал ша­руашылығы саласының дамуына бақылау жасап, басшылық ететiн мамандардың айтуынша, қазiр «Ем-Нұр» ЖШС Ақбұлақ ауылындағы «Шиги и Ко», сондай-ақ «Қуаныш МК» жеке шаруашылықтары, Қаратөбедегi «Алтын дән» серiктестiгi, Көлкент ауылындағы «Абдуғаниев» жеке кәсiпкерлiк ұжымы, Қарасу ауылдық округiндегi кәсiпкер Т.Бөрiбекованың шаруа қожалықтары «Фуд-мастер» серiктестiгiне сүт өткiзiп келедi. Екi арада сенiмдi байланыс орнаған. 

Мамандар iрi қараның өнiмдiлiгi жоғары «Гольштино-фриз» және кәдiмгi қарала сиырлардың тұқымын асылдандырудың тиiмдiлiгi зор екендiгiне шүбә келтiрмейдi. Үкiмет те төрт түлiктi асылдандыру бағытында шаруаларға арнайы субсидия бөлiп отырғаны жайдан-жай емес. Қазiр сапа мәселесi алдыңғы орынға қойылуда. Әрине, бұл орайда дистрибьютерлiк орталықтардың атқаратын шаруасы қомақты. Ал, еттi мал шаруашылығы бағытында «Сыбаға» бағдарламасы біраз игілікті тiрлiктiң басын қайырмақ. Қазiрдiң өзiнде Қайнарбұлақ және Құтарыс ауылдарындағы мал өсiретiн шаруалар бiрiншi кезекте ет өндiру бағытының көшiн бастап үлгерiптi. Бұларда түлiктiң төлi енесiнен ажыратылмай бағылады. Мұның өзi уызына жарыған төлдiң ширақ жетiлiп, өнiмдiлiгi жоғары мал санын көбейтуге мүмкiндiк беруде. 

Дәурен Әбдіраманов

Оңтүстік Қазақстан облысы

Серіктес жаңалықтары