КҮЗГІ НАУҚАННЫҢ ШЕШУШІ СӘТІ
КҮЗГІ НАУҚАННЫҢ ШЕШУШІ СӘТІ
Биыл Сыр елінде 74004 гектар алқапқа күріш егілді. Ала жаздай дала қосын дүбірге бөлеген диқандар енді міне, күзгі ырзықты жинаудың шешуші сәтіне келді. Мамандардың айтуынша, орта өнім гектарына 45,9 центнерден айналып отыр. Аймақтың күрішті өңірінің бірі – Сырдария ауданына қарасты шаруашылықтар 17920 гектар жерге Сыр маржанын отырғызған болатын. Күзгі егін жинау науқанына жұмыла кіріскен еңбекшілер өнім жинауды ұтымды ұйымдастырып, мезгілінде аяқтамақ. Өйткені ауданда егілген күріш толықтай дестеге салынып, 92,8 пайызы бастырылған. Аудан бойынша гектарына 49 центнерден өнім келуде.
Аудан әкімінің орынбасары Б.Лекеровтың айтуынша, «Шаған жер» ЖШС күріш егісін аяқтап, астық тауларын тұрғызды. Биыл 2700 гектар жерге күріш егіп, бүгінде осыншама жердің астығын дестеге салып та, бастырып та болған серіктестік еңбеккерлері әр гектардан 50 центнерден өнім жинаған. Елжанды шаруалардың ішінде Серік Әуезов 544 гектар жердің күрішін дестеге салса, комбайнер Серік Шалабаев 13800 центнер астық бастырған. Ал астық тасымалдаушылардың көш басында тракторшы Ермек Балықбаев тұр.
Осындай іргелі ұжымның бірі «Мағжан и К» ЖШС-нің де егінші-механизаторларының ерен еңбектерін айта кету керек. Айталық, күрішші Болат Темірбеков өзі еккен 35 гектар жердің әр гектарынан 79 центнерден өнім алып, ел несібесін молайтуға қомақты үлесін қосты. Осылайша, сырдариялық диқандар “Алтын күз” мерекесіне үлкен тарту-жоралғымен келгелі отыр.