ЕСКІ КӨЛІКТЕР КӨРІКТІ ҚАЛАҒА КІРМЕЙДІ

ЕСКІ КӨЛІКТЕР КӨРІКТІ ҚАЛАҒА КІРМЕЙДІ

ЕСКІ КӨЛІКТЕР КӨРІКТІ ҚАЛАҒА КІРМЕЙДІ
ашық дереккөзі
263

Кеше Ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен Алматы қаласының VIII Азаматтық форумы өтті. Мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар арасындағы өзара әріптестікті кеңейту, қоғамның өзекті мәселелерін бірлесе шешуге арналған форумның биылғы тақырыбы – Алматы таңдауы – жасыл экономика. 

Қоршаған ортаны қорғау мен сапалы экологиялық өмірді қамтамасыз ету – қай тараптың да басты міндеті. Жасыл экономика алдағы ЭКСПО-2017 көрмесінің де негізгі міндеті, яғни балама қуат көздері мен табиғатқа қауіпсіз өндіріс пен табиғи таза өнім көздерін табу. Форумға Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов, Қазақстанның азаматтық альянсы президенті Нұрлан Ерімбетов және Жасыл экономика мен G-Global дамыту бойынша коалицияның ғылым және инновация жөніндегі директоры Сергей Ивлев, сондай-ақ ҮЕҰ төрағалары қатысты. 

Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов форумды ашып, халықты қасиетті Құрбан айт мейрамымен құттықтады. ҮЕҰ маңыздылығы мен міндетін атап өтті. «Бұл форумда қаралатын мәселе еліміздің үшінші секторын дамытуға атсалысу. Алматы қаласы қашаннан да азаматтық белсенділіктің үлгісі, баянды бастамаларымен белгілі. Республикадағы 25 мың ҮЕҰ-ның 5 мыңнан астамы біздің қаламызда. Жасыл экономика – стратегиялық жоспар, бұл еліміздің таңдауы – болашақ энергиясы. 2017 жылы Алматыда универсиада өтетіні белгілі, біз оған дайындықты бастап кеттік. Бүгінде Алматыда екі спорт сарайы салынуда, оның екеуінің де құрылыс заттары мен технологиясы жасыл экономика талаптарына сай. Үкіметтік емес ұйымдармен қоян-қолтық жұмыс істеу, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау мақсатында форумға тың жобалар мен ұсыныстар қойылды. Оларды қаржыландыру, жобаларын өндіріске енгізу бойынша іріктеп аламыз», – деді қала әкімі. Солардың бірі – Friendly Energy жеке компаниясының бас директоры Санжар Алин энергия үнемдейтін жобаларды таныстырды. 

Энергия үнемдеу трансформаторын алдын-ала қойылған қондырғыға орнату арқылы үнемдеу жүргізіледі. Ол қалай жүзеге асады? Қажетсіз кедергілерді шектеп, алып тастап отырады.  Бүгінге дейін біз 7 пайызға дейін энергия үнемдей алдық, бірақ бұл ең төменгі нәтиже. Ал «АлматыГорСвет» компаниясымен бірлесіп, алюминий сымдары арқылы 10 пайызға дейін үнемдеу жасадық. Екінші ұсынған жобамыз – агроөнімдердің қалдықтарын қайта өңдеу арқылы жылу мен жарық беретін құрылғы. Ол қамыс, шөп, құрғақ, кесілген ағаш, жапырақ қалдықтарын бірнеше кезеңнен тұратын өңдеуден кейін түйіршіктер алынады. Бұл жоба оңай жүзеге аспайды, өйткені біз қалдықтарды пайдаланатындықтан және пештерді орнату үшін жергілікті билік органдарының демеуі қажет. 

Сондай-ақ қаламызда қоршаған ортаға зиянсыз экотаксилер жүре бастайды. Бұдан өзге 200 қоғамдық көлік қала көшелеріне енгізілсе, жаңа жылдан бастап олардың саны арта түспек. Алматы метрополитенінің жолаушылар саны күннен-күнге артып келе жатқандықтан, Сайран мен Мәскеу бекеттерін іске қосу 2014 жылға белгіленіп отыр. «Жасыл экономиканы қолдау барысында жеңіл рельсті, дыбыссыз трамвай жүргізіледі. Бұл жоба Еуропа банкінің тендері арқылы жүзеге асырылады. Ал сырттан келген көліктерге арнайы автобекеттер мен тұрақжай салынады. Экологиялық бекеттер 70 мың көлікті тексеру барысында оның 17 мыңына айыппұл салған. Ол 70 миллион теңгені құрады», – деді Есімов мырза. Бұдан былай экологиялық талаптарға сай келмейтін, сырттан келетін, жалпы ескі көліктер қалаға кіргізілмейтін болады. 

Ақниет ОСПАНБАЙ 

Серіктес жаңалықтары